Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Закир Сафиуллин (63 келіге дейін) 2020 жылғы олимпиада ойындарының лицензиясы үшін жекпе-жекті жеңіп, Қазақстан құрамасының жетінші жолдамасына қол жеткізді, – деп хабарлайды Vesti.kz.
33 жасар қазақстандық боксшы ирандық Ашкан Резайені төрешілердің бірауыздан шешімімен ұтты. 2020 жылғы олимпиада спортшының мансабында алғашқы олимпиадасы болады.
Жартылай финалда қазақстандық боксшы Иорданиялық Обад Мохаммед Мұстафа Алкасбехпен кездеседі. Ол төрешілердің бірауыздан шешімімен Тәжікстаннан келген Баходир Усмоновты ұтқан болатын.
Қазақстан бұдан бұрын бокста 2020 жылғы олимпиада ойындары-үшін алты лицензия алды: ширек финал кезеңіндегі жекпе-жектерін Абылайхан Жүсіпов (69-ға дейін), Надежда Рябец (75-ке дейін), Әбілхан Аманқұл (75-ке дейін), Бекзад Нұрдәулетов (81-ге дейін) және Василий Левит (91-ге дейін) Қамшыбек Қонқабаев (91-ден жоғары) ұтты. Олимпиада лицензиясы үшін Сәкен Бибосынов (52-ге дейін) жұбаныш кездесуінде бақ сынайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, кейбір салмақ дәрежелерінде қосымша жекпе-жек арқылы 2020-ға шығуға мүмкіндік бар. Мамыр айында Парижде әлемдік іріктеу турнирі жоспарланған. Оған өңірлік іріктеу арқылы жолдама ала алмағандар қатысады.