Атырау облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ брифингінде атап өткендей, Индер ауданында Жайық өзені шектік деңгейден 11 см-ден асып түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жайық өзенінің жағасында орналасқан ауылдарда тәулік бойы кезекшілік пунктері ұйымдастырылды», – деді спикер.
Махамбет ауданында Жайық өзені шекті деңгейге жақындап келеді: бүгінгі таңда су деңгейі – 848 см, шегі – 850 см, жалпы ұзындығы – 65 шақырым, орташа биіктігі – 2,5-3 м. Бөгеттерді көтеру және нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Жарсуат және Құрылыс ауылдарында қорғаныс бөгеттерінің бойында тәулік бойы кезекшілік пунктері орнатылды», – деп толықтырды Руслан Жұмағазиев.
Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі – 490 см, шектік деңгейі – 550 см. 4 мамырға жоспарланған 250,7 шақырым бөгеттің 249 шақырымы салынды.
Ал Жылыой ауданының Құлсары қаласында соңғы тәулікте 78 үйден су сорылды, бүгінде 27 үй су астында қалып тұр Сорылған судың жалпы көлемі 4 млн текше метрден асады. 1860 нысанға дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ қаланы санитарлық тазарту жалғасуда, соңғы тәулікте 500 тонна қоқыс шығарылды.
«Соңғы тәулікте 16 тұрғын үй мен 3 коммерциялық нысан электр қуатына қосылды. 4 мамырға дейін азаматтардан залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 2 818 өтініш қабылдады, зардап шеккен 3 657 адамға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді», – деп нақтылады өңір өкілі.