Қылқалам ұшындағы құрмет

Мыңдаған шаңырақтың үмітін өшіріп, жауқазындай жас жүректерді зар жылатқан сұрапыл соғыс жылдар өтседе санадан өшкен емес. Қан майдандағы ата-бабаларымыздың батырлық пен ерлік істері ел жадында сақталып келеді.

Өткен тарихтың бүгінгі ұрпақ санасында жаңғыруына кітаптар, кинофильмдермен қатар, соғыс тақырыбындағы суреттер мен портреттердің де қосар үлесі аса зор. Бүгінгі әңгіме қылқаламымен қан майданда жауға қарсы айқасқан ауылдас ардагер жауынгерлердің портреттерін салып шыққан суретші туралы болмақ.

Соғыс ардагерлерінің өр рухы мен кескін-келбеті ерекше із қалдырып, бала қия­лын қияға самғатқан суретші Ибрагим Исенов ауыл ардагерлерінің суретін салып шығуға бала кезден-ақ бел буыпты. Зеренді ауданына қарасты ат төбеліндей ғана Қызылсая ауылынан түлеп ұшқан белгілі суретшінің алғашқы тырнақалды туындысы да Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған екен. Ауыл мектебінің оқушыларымен кездесуге келген батырдың сол кездесуде айтқан сөздері суретшінің құлағында әлі күнге дейін сайрап тұрғанын айтады. 

– Рейхстагтың төбесіне ту тіккен, батыр Рақымжан Қошқарбаев біздің Қызылсая ауылына келгенде мен небәрі 9-сыныпта оқитынмын. Елдің еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін клубқа жиналды. Ерлігіне ел сүйсінген хас батыр болғанымен Рақымжан аға өте қарапайым кісі екен. Еш кеуде керіп мақтанбастан болған жайды бүкпесіз баян етті. Рейхстагтың төбесіне ту тіккен сәтін ерекше тебіреніспен тыңдадық. Батырдың әңгімесінен рухтанып сол күннен бастап Рақымжан Қошқарбаевтың, Бауыржан Момышұлы сияқты батырлардан бас­тап, ауыл ардагерлерінің суреттерін сала бастадым, – дейді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Исенов. 

Қиялына қанат біткен сол бала арманымен соғыс тақырыбындағы суреттерді салуға кіріседі. Қылқаламынан қазақтың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сияқты отты бейнелер туады. Арқалық қаласында Педагогикалық институттың Көркемсурет факультетін бітірген соң да өзі мақсат еткен ауылдас ардагерлердің суретін салу ойынан шықпайды. 

– Ол кезде ауылда ардагер өте көп болатын. Жүзге жуық болды ғой деймін. Соғыс ардагерлері бар, тылда еңбек еткендері бар, барлығы 64 адамның суретін салып шықтым. Портреттерді ауыл мектебінің музейіне сыйға тарттым. Аттай қалап сатып алғандар да болды. Бірқатарына жағдайына қарап тегін де тараттым.  Қазір ағайын-туыстары алып кеткендері де бар екен. Мына кенепке салынған сурет соғыс ардагері – Молдаш ағамыздың суреті. Әлі есімнен кетпейді. Менің әкемнің көзін көрген кісі. Ол кезде 8-9-сынып оқитын кезім. Сол кездегі сәнге қызығып, шашымды өсіріп, шалбардың балағын кең етіп киіп жүргенмін. Мені шақырып алды. «Сен кім баласысың?» Әкемді білсе де сұрап тұр. Атын айттым. «Шашың мен балағыңды қысқартқаның жөн, – деді. Сөйтті де басыма кір сабынды жағып, шашымды ұстарамен тақырлап алып тастады. Айтқан өсиеттері әлі күнге құлағымда тұр», –  дейді Ибрагим Исенов. 

Ауылдас майдангерлердің тұтас галереясын салған суретшінің айтуынша, аядай ғана Қызылсая ауылынан екі бірдей «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері шыққан. Бірі соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы мұғалім болып қызмет еткен Малкен Айтпаев болса, екіншісі Қайыркен Сәдуақасов.  

Суретші кейбір суреттерді бірнеше жыл бойы салғанын да атап өтті. Мәселен, «Самғау» деп атаған тағы бір суретті салуға 20 жыл уақыт жұмсапты. Суреттің алғашқысына кенептің бетіне бір жасар баласының қолының таңбасы салынған. Одан кейін екіншісіне ұлының 20 жастағы алақан таңбасы басылыпты. 

– Суретті бас-көз жоқ бірден сала салмайсың. Бір уақыт бір жерін салсаң, содан кейін уақыт өте келе қиялыңнан тағы бір дүние қосасың. Міне, бұл суретті «Самғау» деп атадым. Суретте баламның өсіп еліне қызмет етер жақсы азамат болып өсуін тілегенмін. Міне, қазір Медициналық институттың екінші курсында оқып жүр.  Жақсы азамат болып өсіп келеді, – дейді Ибрагим Исенов. 

Бүгінде үш мыңнан астам туындысы жарыққа шыққан суретшінің еңбектері  Қазақстан, Марокко, Испания, Грекия, Германия, Мальта, Корея, АҚШ сияқты ондаған мемлекетке жол тартыпты. Суретші көп жағдайда өз еңбегінің кей кездері қолды болып кеткенін де жеткізді. Мәселен, Арқалық қаласында болған сурет көрмесіне жіберген суреттері сол күйі қайтып оралмапты. 

– Тұтастай бір үлкен сурет топтама ішінде эскиз-нобайлары да бар 1 500 суретім кетті. Күні бүгінге дейін ішім ашиды. Кейде түсіме де кіреді. Тағы бір суреттерім Грузия еліне кетіп, сол күйі оралмады. Мұның бәрі үлкен еңбек қой, – дейді суретші. 

Суретші кейінгі буынға білген-түйгенін үйретпек мақсатта Краснояр селосының «Көкше» мәдениет үйінде оқушыларға арналған өнер студиясын ашқан. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. 

– Қазір бейнелеу өнеріне қызыққан балаларға арнап, өнер студиясын ашып жұмыс жүргізудемін. Тәрбиелеген  12 шәкіртім грантқа оқуға түсті. 6 бала республикалық байқаулардан жүлдегер болып оралды. Балаларға акварельден бастап майлы бояуға дейін, ермексаздан бастап балшыққа дейінгі барлық саты бойынша білгенімді үйретудемін. Қазіргі балалардың мемлекеттік тілді білмей жататынына қамығамын. Сондықтан балаларға қазақша сөйлеуін талап етемін. Шәкірттерім сабағымда бәрі қазақша сөйлейді, – дейді Ибрагим Исенов. 

Қылқалам шебері елдің амандығы мен береке, бірлігі ең алдымен аға буынның ақыл-парасатына байланысты екенін айтады. Сондықтан да, қазір «Әже», «Ана» тақырыптарын салуды қолға алған. Суреттерінен батырлық пен парасаттылық, ізгілік пен қамқорлықтың табы көрінетін суретші алдағы уақытта елдің өткені мен бүгіні жайлы сыр шертетін суреттер салмақ ниетте. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы