Сол бір сұрапыл жылдары ер-азаматтармен қатар майдан даласына аттанып, ерліктің озық үлгісін көрсеткен нәзік жандыларымыз да аз болмапты. Оның ішінде қару асынып, жау әскеріне қарсы тұрған қыздардан бөлек, оқ пен оттың арасында жаралы жауынгерлерге дәрігерлік көмек көрсеткен қарлығаштарымыз қаншама.
Бүгінде олар жайында жазыла да, айтыла да бермейді. Дейтұрғанмен жаралы жауынгерлерге жарық сыйлаған мұндай нәзік жандыларымыздың еңбегі ерен. Соның бірі – Сыр өңірінің қызы, соғыс және еңбек ардагері Рәзия Ысқақова.
Рәзия Шәкенқызы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келіпті. 1936 жылы жеті жылдық мектепті тәмәмдап, Шымкент қаласындағы Медициналық училищеде фельдшер мамандығын алады. Алайда соғыс өрті тұтанып, бейбіт өмірде мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндік қалмайды.
Таңдаған мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі болар, ол небәрі 19 жасында майданға өзі сұраныпты. Осылайша, 1941 жылдың қазан айында соғысқа әскери фельдшер болып аттанады.
Қайсар қыз Украина майданында көзсіз ерліктің үлгісін көрсетті. Алғашқы күннен генерал-полковник П.Рыбалко қолбасшылық еткен даңқты танк армиясының 55-бригада құрамында фельдшер болып, талайды ажалдан арашалағаны айтылады. Көзкөргендердің айтуынша, батыр қыз қарша бораған қорғасын оқтың арасынан талай жаралыны емдеп, екінші өмір сыйлаған. Бұл жайында сол кездегі дәрігерлік қызмет бригадасының бастығы, майор Банусловскийдің жазбаларынан да кезіктіруге болады. Онда фельдшер қыздың жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен оның экипажын құтқарғаны айтылады. Оның ішінде 4 экипаж мүшесі мен жаралы 15 адамы бар делінген. Бұл Сандомир шайқасында болса керек.
Ержүрек дәрігер қыз Сталинград, Курск шайқасына, Харьков, Киев және Варшаваны азат етуге де атсалысқан. Ақырғы айқас – Берлинді алу операциясының да куәгері болыпты. Соңғы шайқастың өзінде қарша бораған оқтың ортасында жүріп, 44 жаралы жауынгерге медициналық көмек көрсетіпті. Осылайша, соғыс жылдарында бас-аяғы 400-ден аса жауынгерді ажалдан құтқарып, ерлігі ел есінде қалды. Тіпті, қажет кезінде жаралы адамға өз қанын да құйған сәттері болғаны айтылып жүр.
Рәзия Ысқақованың соғыс кезінде көрсеткен ерен еңбегі елеусіз қалмады. Кеудесіне «Қызыл жұлдыз» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» секілді көптеген медаль тағылды. Бертін келе 1975 жылы Халықаралық Қызыл Крест комитетінің «Флоренц Найтингейл» медалі табысталыпты. Бұл Сырдың қайсар қызының ерлігіне берілген ең жоғары марапат саналады. Олай дейтініміз, мұндай марапат Кеңес Одағы бойынша 26 медбике, Қазақстаннан 5 фельдшерге ғана берілген. Солардың қатарында Сыр қарлығашының табылғаны көпшіліктің көңіліне мақтаныш сезімін ұялатады.
Қазір Рәзия Ысқақованың есімі Сыр елінде ұлықталып, ерен еңбегі туған ауылы Жаңақорған халқының жүрегінде мәңгіге сақтаулы. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде қаһарманның майдан даласында өткізген сын сәттерінен мағлұмат беретін тың деректер де аз емес.
«Рәзия Ысқақованың ерен еңбегін кеңінен дәріптеу назардан тыс емес. Батыр апамыз ауданға қарасты Красный Звезда совхозының Жайылма учаскесінде 1922 жылы дүниеге келген. Соғысқа әскери фельдшер болып аттанған жерлесіміздің әрбір соқпақты жолдары оңай болмады. Мұны сол кезден жеткен көне құжаттардан аңғаруға болады. Қандай қиындықты да қайсарлығымен жеңе білген медицина қызметі лейтенантының ерен еңбегі дер кезінде еленді деп айтуға болады. Ең бастысы, оған Халықаралық Қызыл Крест комитетінің «Флоренц Найтингейл» медалі табысталды. Ержүрек дәрігер апамыз 2010 жылы дүниеген өтті. Десе де, оның ұлт болашағы үшін жасаған ерліктері өскелең ұрпақтың жадында мәңгіге сақталары сөзсіз», – дейді бізге Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Ажар Жанаева.
Жалпы, сұрапыл соғыс кезінде Жаңақорған ауданынан майдан даласына 4 949 жауынгер аттаныпты. Оның 2 660-ы елге аман-есен оралса, 2 289 боздақ майданда ерлікпен қаза тапқан. Соның ішінде соғыс және еңбек ардагері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Рәзия Шәкенқызының есімі төрткіл әлемге мәлім десек артық айтқандық болмас.
Қазір Сыр топырағынан шыққан дәрігердің өмір жолы мен ерліктерінен сыр шертетін құнды құжаттар Лондон мен Мәскеудегі музейге қойылған. Сондай-ақ еліміздегі Көкшетау мен Шымкент қаласындағы мұражайларда да көптеген мәлімет бар. Бұдан өзге, сол кездегі танк бригадасының командирі, генерал-полковник, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Давид Абрамович Драгунскийдің Сырдың батыр қызы жайында жазған «Роза – дочь казаха» деген повесінен де тың мәліметтер табуға болады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы