Жеңіс күні қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарихшы Сабырхан Смағұловпен өз еркімен ұрысқа сұранып шыққан ұлы аруларымыз жайында әңгімелескен едік.
– Сабырхан аға, қазақ жерінен қанша ару соғысқа сұранып барғаны белгілі ме?
– Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде қазақ халқының қыздары да соғыс ауыртпалығын ер-азаматтарымен қатар көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданға сұранып, әскери комиссариатқа хат жазған қазақ қыздары өте көп. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа қатысуға өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан екен. Ал Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінің өзінде-ақ 3 000 өтініш түскені айтылады. Сонымен қатар Алматы қаласының сол кездегі тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш тіркелген. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамада болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып майданға аттанған, шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк те қазақ даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының батыры Марина Рожкова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтеріліп, ерен ерлік көрсетті. Жаудың үрейін ұшыратыны соншалық оларды немістер «Түнгі мыстандар» атағанын білеміз. Басқа да әскери ұшқыштарымен қатар жаудың казармаларын, блендаждарын, қару-жарақ қоймаларын атқылап талқандады. Кеңес Одағы кезінде ол кісінің ерлігі өз дәрежесіне сай бағаланған жоқ. Осы себепті 2004 жылы Президенттің Жарлығымен Хиуаз Доспановаға Халық қаһарманы атағы берілді. Сонымен Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болған Сапарбекова Жауһария Насырқызы да асқан ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34 жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта қыз-келіншектері Корск түбіндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапатқа ие болды.
– Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры атағын алған 95 қыз-келіншектің арасында Орталық Азиядан біздің Әлия мен Мәншүк қыздарымыз бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін осы қос батырымыз жайында қандай тарихи деректер анықталды?
– Сол кезде ортақ Отанымыз деп майданға аттанған Әлия мен Мәншүк қазақ халқының намысын қолдан берген жоқ. Дегенмен осы секілді өзге де батырларымыздың өмір тарихынан саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған ақтаңдақтарымызды көреміз. Тәуелсіздік алғаннан бері бұрмаланған тарихымыз бен ақтаңдақтарымызды айқындап келе жатырмыз. Соның біріне мысал келтірер болсам, ол – Әлия Молдағұлова. Оның шын аты-жөні Сарқұлова Әлия Нұрмағанбетқызы болуы керек. Ал өзінің азан шақырып қойған аты Ілия болатын, кейіннен құжаттарда Әлия болып кеткен. 1920 жылдардың аяғы 1930 жылдардың басында сталиндік репрессия заманы Әлия мен Мәншүктің де отбасын айналып өтпеген. Соның бір көрінісі әкесі – Нұрмағанбет байдың ұрпағы ретінде қуғын-сүргінде болған. Ал шешесі Маржанды 1933 жылы ашаршылық кезінде азық-түлік табу үшін қызы Әлия мен ұлын ертіп картоптың масағын теріп жүргенінде күзетші атып өлтірген. Кейіннен әкесі оның денесін тауып алып жасырынып жүріп, Қобданың маңындағы Құрайлы деген өзен бойында жерлеген екен. Кейіннен ол тапталып, бейіті белгісіз болып қалған. Әлі күнге дейін Әлияның шешесінің сүйегі де табылмаған. Бір кездері журналистер ауылдастарының атынан бұл мәселені де көтерген еді. Мінекей, әкесі қуғын-сүргін құрбаны болған, шешесін атып өлтірген.
Одан кейін Әлияның туған күніне де қатысты әртүрлі мәлімет кездеседі. Бір деректер бойынша, 1924 жылы 15 қазанда туған десе, екінші бір деректерде 20 сәуірде, 25 маусымда дүниеге келген деп жатады. Мұның бәрі де сол құжаттардың жүйеленбеген, бір ретке келтірілмегенінен. Тіпті, Әлияның өзінің де сүйегі де табылған жоқ. Соңғы шайқасы Ресейдің Псков облысы Новосокольники қаласы Казачиха деревнясында болған еді. Шайқаста Әлияның өзі 78 неміс әскерін атып өлтірген екен. Соның жартысына жуығын мерген, яғни снайпер ретінде, ал қалғандарын Холм қаласында және осы Новосокольники қаласында қоян-қолтық шайқаста жер жастандырған болуы керек. Казачиха деревнясындағы ауыр шайқаста рота командирі қаза тапқанда Әлияның өзі бөлімшені шайқасқа бастаған. Аяусыз шайқаста өлім аузында жатса да өзін жаралаған неміс офицерін атып өлтіреді. Осылайша, Әлия ерен ерлікпен қаза тапқан. Кейіннен оны бауырластар зиратына жерлеген. Міне, бір ғана Әлияның өмір тарихында осындай ақтаңдақтарымыз бар.
– Мәншүк Мәметованың да өмірінде осындай жайттар кездесе ме?
– Әрине, оның да әке-шешесі қиын жағдайда күн кешкен. Сол себепті де ол әкесінің бауыры Ахмет Мәметовтың қолында өсті. Бастапқыда «Моншағым» деп еркелеткен де, кейіннен құжатта «Мәншүк» деп жазылған екен. Бертін келе ол Алматы қаласында 28-мектепте 7-8 жыл білім алып, одан соң мединститутта оқыды. Соғыс басталған тұста өзі майданға сұранып, Фрунзе ауданындағы әскери комиссариатқа өтініш жазады. Сталиндік қуғын-сүргін Мәншүк Мәметованың да отбасын қамтыған. Өзін бағып-қаққан, әкесіндей болған Ахмет Мәметов те 1938 жылы «Халық жауы» атанып, репрессияға ұшыраған. Ал анасы мұғалім, ғалым болса да «Халық жауының» әйелі ретінде қуғынға ұшыраған. Ал әкесі – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі. Мәншүк өз өтінішінде: «Менің әкем де, шешем де, бауырларым да жоқ. Мені майданға алуларыңызды өтінемін», – деп жазады. Оның да соңғы шайқасы 1943 жылы қазан айында сол Псков облысы маңында Невель қаласының түбіндегі майданда пулеметші ретінде қаза тапты. Қазір Әлия мен Мәншүктің жатқан жерінің арасы 50-60-тай ғана шақырым. Әлия Ленинград майданында, ал Мәншүк екінші Балтық аймағындағы 22 армия 54 атқыштар бригадасының 4-батальонында жүріп ұрыста оққа ұшты.
– Бұдан біз не түйеміз?
– Сонау қиын-қыстау кезеңдерде батырларымыздың да отбасына репрессия таңбасы басылған еді. Демек, бұл осымен тоқтап қалмауы керек. Қазақ қыздарының ерлігін түбейгейлі зерттеуінің арқасында да біз бір танк экипажында болған төрт бірдей қазақ қыздары жайында білдік. Ресейдің өзінде де мұндай жағдай, яғни тұтас әйелдерден тұратын экипаж болмаған екен. Соңғы жылдары Президенттің тапсырмасымен қуғынға ұшыраған азаматтарымыздың тарихы қайта тексеріліп жатыр. Олардың қандай жазаға ұшырап, қандай кінә артылғаны бәрі архивтерден алынып, зерттелуде. Соның арқасында қос жұлдызымызға балаған батыр қыздарымыздың да отбасы жайындағы мәліметтер әлі де айқындала түседі деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Камила ЕРКІН