Жүрегі жылы азамат

Әр адам шыр етіп дүниеге келгенде Алланың әмірімен маңдайына тағдыры жазылады екен. Бірақ сол тағдырдың болашақта қандай болатынын ешкім сезбейді. Оны бір ғана жаратушы иеміз ғана біледі дейміз.

Әке қаны, Ана сүтімен бойға дарыған даналығы да, дарындылығы да оны биік мақсаттарға жетелейді. Жасынан арманшыл болған бала кейін қандай тұлға болып қалыптасса да, қандай биіктерге шықса да, тіпті өмірде сәтсіздікке ұшыраса да маңдайына жазылған тағдырдың тауқыметін бастан кешетіні де рас.

Алайда ақылды адам өз тағдырына қо­жайын. Тал шыбықтай түзеліп, өмірге қа­дам басқан сайын Алланың берген не­сібесін өзі іске асырып, керегіне жарата ала­тынын жас кезінде жете сезіне бермеуі де мүмкін. Дүние есігін ашқан әр адамның өмір­ге келген күнінен бастап қалыптасуы, ата-анасының берген тәлім-тәрбиесі, қоршаған ортасының әсері, өсе келе алған білімі, жеткен жетістігі маңдайға жазылған тағдырдың объективтік көрінісі болып көп­шіліктің назарына ілінеді. Бір сөзбен айт­қанда, адамның нағыз азамат болып қа­лыптасуы, оның алдына қойған мақсат-мұ­раттары ел-жұрттың көз алдында өркен жая­ды. Халықтың құрметіне, елдің мақ­та­нышына айналады. Ал тұлға болып қа­лыптасуы – Отан үшін өлшеусіз сіңір­ген жансебіл еңбегінің жемісі. 

Менің осы ойыма өзек болған кейіп­керім – ұлтымыздың ар­дақ­ты азаматы, қазақ еліне еңбегі сіңген бел­гілі мемлекет және қоғам қайраткері, ай­тулы тұлға Қайрат Мәми. Қайрекең ту­ралы көпшілік өмірде жолы болған, ба­сына бақ қонған, тағдыры жақсылыққа жол ашқан ардақты азамат дейді. Солай да шығар. Мұнымен қатар Қайрат Әбдіра­за­құлын осындай абырой биігіне жеткіз­ген жетістіктердің артында оның терең білімділігі, ақыл-парасаты, іскерлігі, ең­бек­қорлығы, ыстық қайраты мен иманға толы жылы жүрегі тұр.

Қайрат Әбдіразақұлымен таныс­ты­ғым ертеде елімізге «КазГУ» деген аты­мен әйгілі болған, бүгінгі әл-Фараби атын­­­­­­дағы Ұлт­тық университетіміздің Заң фа­куль­те­тінде бірге оқыған кезден бас­талды. Елі­мізге заңгерлер дайындайтын бұл фа­куль­тетке 1976 жылы оқуға түсуге талаптанған аби­туриенттер саны өте көп болды. Бір орын­ға оннан аса үміткер бақ сынасқан едік. Біздің жолымыз болып, сол жылы Қа­зақтың ұлттық универ­си­те­тінің Заң фа­культетінің студенті атан­дық. Шексіз қуанышқа бөлендік. 

Дәл сол жылы Заң факультетінде қазақ жә­не орыс тобы құрылған еді. Бірақ қазақ то­бына бөлінгендер қазақ тілінде оқыған жоқ. Біздің ұрпақ тек орыс тілінде білім алып, заң және құқықтық, өзге де пәннің барлығын орыс тілінде ғана оқып тү­сінуі­міз­ге тура келді. Керісінше, қазақ тобын­да­ғы студенттерге орыс тілін оқытатын, ал орыс тобындағы студенттерге ағыл­шын, неміс тілдерінде сабақ беретін. 

Біз осылайша әр топқа бөлініп білім алдық. Қайрат Әбдіразақұлы орыс то­­бының жетінші тобында оқыды. Шаш өсіру мәнері бөлек, толқынды шашы құ­лақ-шекесін жабыңқырап тұратын, той­ған қозыдай томпиған сүйкімді, сәнді киі­­­нетін. Өзін салмақты да сабырлы ұс­тай­тын біртоға жігіт ортамызда ерекше кө­рінетін. Қазір сол жас жігіттің бол­мы­сына ой жүгіртсем, Қайрекең өзін бола­шақ­тағы қол жеткізетін биік белестеріне, ай­қын мақсаттарына студент кезінде-ақ дайын­даған екен ғой деп ой түйемін. «Із­ден­ген жетер мұратқа» демекші, алдағы тұр­ған заңгерлік қызметтің аса жауапты ісі­не, білімділік пен біліктілікті, адалдық пен әділдікті талап ететін өмір сынағына жас кезінен дайын болғанын кейіндеу тү­сіндім. 

Бес жылдан соң Заң факультетін бі­тірген түлектер жан-жаққа бөлініп, елі­міз­дің түкпір-түкпіріне кете бардық. Қай­рат Әбдіразақұлы Алматы облысы Жам­был ауданының жігіті еді, ректорат жолдамасымен сол кездегі Гурьев облыс­тық сотына жіберілді. Мен Нарынқолдан болатынмын. Жолдама бойынша Қоста­най облыстық атқару комитетінің әділет бө­ліміне келдім. Осылайша, жан-жаққа та­рап, еңбек деген ұлы майданның орта­сынан бір-ақ шықтық. 

Қазіргі Атырау облыстық сотында Қайрат Әбдіразақұлының азамат болып, заңгер болып қалыптасуы, қызметтегі өсу жо­лы басталды. Біраз жылда өзінің білікті ма­ман, адал азамат, әділ судья екенін көр­сете білген Қайрекең алдымен облыстық сот­тың алқа төрағасы, содан кейін облыс­тық соттың төрағасы болып қызмет атқар­ды. Халқымыз «Өзі жақсы адамға бір кі­сі­лік орын бар» дейді. Сол өңірдің халқы, оны­мен қоян-қолтық араласып бірге қыз­мет істеген әріптестеріне Қайрат Әб­діра­зақұлы тек білікті маман, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы ғана емес, ақылы мен алғырлығы, қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі кестенің өрнегіндей ұш­тас­қан, байсалды да байыпты азамат ретінде өзін жақсы қырынан таныта білді. Мұны Атырау елі зор сүйіспеншілікпен әркез ес­ке алады.

Қайрекеңнің ауылдасы академик Тө­леген Қожамқұлов сол Атырау еліндегі ерен еңбегіне сүйсіне келіп: «Қандай жағ­дай болмасын бәрін ақылға салып, елмен де, басшылармен де тіл табысып еңбек ете біл­ді. Көптеген дос-тілектес тапты, жар­қы­­рап сәулеленген таңы атты. Қайрат қыз­метін бастаған жер Сүйінбай Аронұлы: «Бүр­кіттей түрі түксиген, бақ қонып қы­дыр жайлаған, мыңдап бие байлаған, мың­дап түйе айдаған...» дей келе, Қайрат сол елдің, ол жұрт Қайраттың қадіріне жетті. Қайрат құнарлы жерге түскен асыл дақылдай терең тамыр жіберіп, биікке бой тү­зеді, көкке қол созды» деп бағалаған екен. Расында, Атырау елі Қайрекеңді әлі күн­ге дейін өздерінің перзенті деп са­най­ды. «Жақсыда жаттық жоқ» деген, міне осы емес пе?!

Қайрекеңмен қызметтес болу маған екі мыңыншы жылы бұйырды. Осы жыл­дың сәуір айынан бастап Жоғарғы Соттың су­­­дьясы қызметіне келген едім. Қайрат Әб­діразақұлы сол жылдың қыркүйек айының басында Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Сотының Төрағасы болып та­ғайын­далды. Осы кезден бастап ол кі­сі­мен үзеңгілес әріптесі болып бірге жұмыс іс­тедім. Еліміздің ең жоғары сот билігінің бас­шысы ретінде әрі заңгер ретінде терең  тани бастадым. Қайрекең ал­ғаш­қы күн­нен бастап өзін ұйымдастыру қа­білеті жо­ғары, білікті де мықты басшы еке­нін бір­ден көрсетті.

Олай дейтінім, Қайрат Әбдіразақұлы Жо­ғарғы Сотқа төраға болып келген кезде еліміздің сот жүйесіне қатысты ауқымы кең реформалық өзгерістер, оған қатысты қабылданған көптеген заң өзгеше бағытта өрістеген еді. Ол туралы сол кезде талай рет айтылды да, жазылды да. Бұл – терең тұрғыдан зерттеп, зерделейтін өз алдына бөлек тақырып. Осы ретте Қайрекеңмен бірге қызмет істей жүріп көп нәрсені үй­рен­генімді, оқып білгенімді, әріптестері­мен жұмыс істеудегі ол кісінің ерекшелік­тері мен жақсы қасиеттері туралы ой­ларым­ды ортаға салайын. 

Қайрат Әбдіразақұлының бір ерек­шелігі, қандай іске қатысты болсын, ұзақ-сонар әңгіме айтпайтын. Әр жұмыстың өз уақытында мұқият орындалуына көп әрекет жасайтын талапшыл басшы екенін бірден білдіретін. Алдына қандай іспен бар­саң, нақты да қысқа сөйлегеніңді та­лап ететін. Өзі де сұрақтарды өте қысқа және дәл қоятын. Жоғарғы Соттың пле­нар­лық отырысында қабылданатын қау­лы­ларды талқылағанда өзінің терең білім­ділігінің арқасында қаулыдағы ең негізгі кө­теріліп отырған мәселені дөп басып, сол мәселеге баяндамашының және пле­нар­лық отырыстың назарын тура аудар­та­тын. Барлық мән-жайды иненің көзінен өт­кізген жіптей қадағалап отыратын. 

Қайрат Мәми бірінші рет Жоғарғы Соттың Төрағасы болып келгенде елі­міз­дегі сот билігін және оның тәуелсіздігін кү­­­­шейтуге бағытталған реформалық іс-ша­ралар жаппай етек алған кезең еді. Ел­басының Жарлығымен еліміздің сот жүйе­сіне кезең-кезеңімен жүзеге асыра­тын сегіз басым міндетті таяу арада орын­дау жүктелген болатын. Осы басым мін­дет­тің біріне менің де атсалысуыма тура келді.

1998 жылы Қазақстан Республи­ка­сы­ның Конституциясына өзгерістер ен­гі­зіл­генін жалпы жұрт жақсы біледі. Конс­ти­ту­цияның 75 бабына сай Қазақстан Рес­публикасында қылмыстық істерге бай­ла­ныс­ты сот әділдігін атқаруға алқа билер де қатысуы көзделген еді. Алайда сот әділ­­дігін атқарудың бұл түрі бірден іске аса қоймады. Алқабилерді қылмыстық іс­тер­ге қатыстырып қарауды жүзеге асыру шаралары тек Қайрат Әбдіразақұлы Жо­ғарғы Соттың Төрағасы болып келгенде жаңа­ғы сегіз басым міндеттің бірі болып ен­гізілді. 

Бұдан бұрын, яғни 1999 жылы тамыз айын­да Алматы қалалық сотының құрыл­ғанына 30 жыл толуына орай халықаралық конференция ұйымдастырылған болатын. Осы конференцияда мен Алматы қалалық сотының судьясы ретінде Қазақстанда құ­ры­латын алқабилер соты туралы өз ой­ларымды ортаға салған едім. Ол кезде Қай­рат Әбдіразақұлы бұл конференцияға Әділет министрінің вице-министрі ре­тін­де қатысып отырды. Осы конференцияда алқабилер соты туралы айтқан пікірлерім ол кісінің ойында сақталып қалған болуы керек, төраға болып келген соң-ақ мені ка­бинетіне шақырып, алқабилер сотына қатысты пікірімді сұрады. Мұқият тыңдап бол­ған соң Қайрат Әбдіразақұлы: 

 – Мемлекет басшысы белгілеген сегіз ба­­сым міндетте көрсетілгендей, бүгін бол­ма­са да, ертең Президент Әкімшілігі ал­қа­­билер сотын құру туралы мәселені кө­тере­ді. Ал біз оған бүгіннен бастап дайын болуымыз керек. Жедел жұмыс тобын құ­рып, алқабилер сотына байланысты мә­селелерді талапқа сай шешуіміз керек. Алдымен алқабилерді қатыстырып, сот әділ­дігін атқаратын мемлекеттердің тәжі­ри­белерін зерттейік. Одан соң алқабилер со­ты туралы заң жобасын жасауға кірі­сейік. Алқабилер соты сот билігінің әділ­ді­гін, оның тәуелсіздігін күшейтудің бір­ден-бір жолы, – деді. Қанша дегенмен де алқабилерді сот процесіне қатыстыру біз­дің бұрынғы билер сотының үлгісіне жа­қын келетін төреліктің бір түрі екенін жақ­сы сезіндік. Алқабилер ұлттық түсі­ні­гі­мізге, пайымдауымызға қайшы келмей­тін, кешегі білікті билеріміз салып кеткен әділ билік жолын сот ісінде жаңаша ұс­тануы­мызға үлкен мүмкіндік берді. Ал­қа­билер атауы да халықтың көңілінен шы­ғып, жүрегіне жылы тиді. 

Осы басқосудан кейін-ақ Жоғарғы Сот алқабилер сотын құруға бел­се­не кірі­сіп кетті. Қайрат Мәми Жоғарғы Сот және жергілікті сот судьяларын әлде­не­ше рет алқабилер соты бар шетелдерге, со­ның ішінде Америка Құрама Штат­тары­на, Еуропаның біраз мемлекетіне, Ре­сейге алқабилер сотының тәжіри­бе­сі­мен таны­суға, зерттеп білуге жіберді. Ол кі­сінің бастамасымен алқабилер сотына қа­тысты халықаралық ғылыми-практи­ка­лық кон­ференциялар өткізілді. Алқа­би­лер соты туралы алғашқы заң жобасы дайын­далды. Бұл жоба еліміздегі заңгер­лер қауым­дас­тығында кеңінен талқы­ла­нып, қызу пікір­таластар туғызды. 

Негізінен, әлемдік сот тәжіри­бе­сін­де алқабилерді қатыстырып іс қараудың екі формасы қалыптасқан екен. Оның біріншісі – англо-саксондық түрі. Бұл үлгі бойынша алқабилер қылмыс жа­са­ды деп айыпталған адамның кінәлі не­месе кінәсіз екенін өздері ғана шешіп, ше­шім қабылдайды. Ал екіншісі – кон­ти­нентальдық түрі. Бұл үлгіде алқабилер адам­ның кінәлі немесе кінәсіз екенін кә­сіп­тік судьяның қатысуымен бірге оты­рып шешеді екен. Біздің мемлекетіміздің сот жүйесіне осы екеуінің қайсысы лайық­­ты екенін ұзақ уақыт талқыладық. Ақы­рында еліміздің сот жүйесіне кон­ти­нен­тальдық үлгі лайықты деп тоқталдық. Осы­лайша, алқабилер сотына байланысты заң жобасын дайындау, оны өз дәргейіне жет­кізіп, талқылап, бекіту алты жылға со­зылды. 

Осы тұста айта кетейін, Жоғарғы Сот­тың Төрағасы ретінде Қайрат Әбді­ра­за­қ­ұлы­ның табандылығының, үлкен беде­лі­нің арқасында біздің елде Алқабилер со­ты туралы заңдар басқа мемлекеттермен са­лыстырып айтқанда, қысқа мерзімде дайын болды. Жан-жақты әбден пысық­тау­дан өткен соң 2006 жылдың екінші жар­тысында Парламентте қаралып, қа­был­данды. Бұл заң 2007 жылдың бірінші қаң­тарынан бастап күшіне енді. Еліміздің сот жүйесінде алқабилерді қатыстырып қыл­мыстық істерді қарау осылайша бас­тал­ған еді. Ең бірінші қылмыстық іс алқа­би­лердің қатысуымен Солтүстік Қазақ­стан облыстық сотында қаралғаны әлі есім­де. 

Қайрат Мәми Жоғарғы Сотқа Төраға бол­ған жылдары еліміздің сот жүйесіне ора­сан еңбек сіңірді. Соттарға ең қажеті жақ­сы да жайлы жұмыс орны ғой. Ескір­ген сот ғимараттарына күрделі жөндеу жа­­­сатып, әбден тозығы жеткендеріне жаңа ғимараттар салғызды. Материалдық-техникалық тұрғыдан ең үздік заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтап берді. Осылайша, судьялардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша мүмкіндік туғызды. Олар­дың еш нәрсеге мұқтаж болмауы үшін соттарға әркез үлкен көмек, қам­қор­лық жасауды үнемі өзі қадағалап отырды. Су­дьялардың әлеуметтік жағдайларын жақ­сартуға әрдайым көп күшін жұмсады. Әсі­ресе, зейнетке шыққан судьяларды еш­қашан назардан тыс қалдырмайтын.

Шамамен 2004-2005 жылдары Жо­ғарғы Сотқа ұзақ уақыт ең­бегі сіңген Кеңес Жалмұхамбетов, Сәтбек Ду­латбеков ағаларымыз, Тиышты Тоғым­бе­това апамыз бастаған біраз судья зей­нет­керлік жасқа жеткен еді. Ол кезде зей­­­­неткерлік жасқа жеткен судьялар қа­зір­гідей құрметті отставкіге шықпайтын. Қа­тардағы жай зейнеткердің зейнета­қы­сын алып, сонымен шектелетін. Сот жүйе­­­­­сінде ұзақ жыл жұмыс істеген ағалар мен апаларымыз, қателеспесем, сол жыл­да­ры сегіз-тоғыз мың теңге көлемінде ға­на зейнетақы алатын еді.

 Жоғарғы Соттағы еңбекақыны және бас­қа да шығындарды үнемдеу арқылы бұл судьяларға олардың біржылдық мөл­ше­рінде алатын еңбекақысына тең келе­тін қор жинап, қолдарына ұстатып, зей­нет­керлікке салтанатты түрде шығарғанда Қайрекеңе Жоғарғы Сот ұжымы ерекше риза болған еді. 

Сонымен қатар Қайрат Әбдіразақұлы өзі Төраға болып тұрғанда жасы жеткен бұл ағаларымыз бен апаларымызды бір­ден зейнеткерлікке жіберген жоқ. Оларды жас судьяларға жол көрсететін, мол тәжі­ри­бесімен бөлісетін ақылман ағалар ре­тін­де тағы да екі жыл Жоғарғы Сотта қыз­­­­­мет істеуге қалдырды. Мұндай қам­қор­лық ол кісілерді қайта жігерлендіріп, олар сот ісі­не елеулі үлесін қосты. Осын­дай құрмет олар­ды ерекше қуанышқа бөленгені әлі күнге дейін көпшіліктің жадында. Біраз жыл­дан кейін судьялар құрметті отставкіге шы­ғарда екі жылдық еңбекақысын ала­тын заңның қабылдануына өзі ұйытқы бо­лып, заңдастырып берген еді.

Осы тұста тағы бір игі істі айта кет­пек­шімін. Қайрат Мәми Жоғарғы Сот және жергілікті соттардағы судья­лар­дың еңбекақысын көтеруге күш-жігерін ая­май жұмсап, оны бірте-бірте жүзеге асыр­ды. Судья – олда адам баласы, кейде пен­дешілікке салынып, оғаш басады, қа­теліктер жібереді. Қайрат Әбдіразақұлы осын­дай судьяларды жазаға тартқанда ко­миссия мүшелерін адам тағдырын ше­шуге байыппен қарауға, қателеспеуге ша­қыратын. Ол кісінің аузынан ешқа­шан­да: «Ол судьяны міндетті түрде жаза­лау керек немесе жұмыстан шығарыңдар» деген сөздер шықпайтын.

Қайрекең Жоғарғы Соттағы жасы ұл­ғайып, сол кезде зейнеткерлікке жеткен ж­ә­не жетіп қалған судьяларды судья ре­тінде ғана емес, әрдайым ақылшы аға, апа ретінде үлкен құрметпен қарайтын. Бұл Қайрат Әбдіразақұлының қарапайым, кішіпейіл екенін көрсететін. Сол үшін де Жо­ғарғы Соттың да, жергілікті соттың су­дьялары да Қайрат Әбдіразақұлын әлі күнге дейін құрмет тұтады, қадірлейді. Әр кезде жақын жанашырындай сезініп жүреді. 

Бірде Жоғарғы Соттың отставкідегі судьясы 80 жасты алқымдап қал­ған Кеңес Жексембекұлы ағамызбен кез­десіп қалғанымда ол кісі Қайрат Әбдіра­за­құлының соттарға жасап жатқан жақ­сы­лығын айтып, көзіне жас алып риза­шы­лығын білдірген еді. 

Қайрат Мәмиді тек еліміздің судья­лары емес, қазақтың бар болмысын бойы­на сіңірген, ұлтжанды азамат ретінде бүкіл қа­зақ халқы құрметтейді, ерен тұлға ретін­де таниды. Ол кісінің адамгершілігі, аза­мат­тық тұлғасы туралы айтқан, елімізге бел­гілі ақын-жазушылардың, мәдениет, өнер саңлақтарының, қоғам қайраткер­лері­нің жүрекжарды пікірі де көп. Енді өзім куә болған бір жағдайды айтайын. 

Бірде жұмыстан шығып келе жатсам, Жо­ғарғы Сотқа Роза Бағланова апамыз жал­ғыз өзі баспалдақпен көтеріліп келе жа­тыр екен. Роза апамызды көре салы­сы­мен жанына келіп амандасып, қолын алып «Кімге келе жатырсыз, апа?» – де­дім. Роза апамыз:

 – Қайратжаныма келе жатырмын. Әділ­дікті сүйетін жүрегінен айналайын! Жа­сай берсін, халқымның қанаты болып, – деп өзінің туған баласына келе жатқандай мейір­лене сөйлеп еді. Мен ол кісіні қолы­нан демеп, Қайрат Әбдіразақұлының қа­был­дау бөлмесіне дейін апарып, кіргізіп жіберген едім.

Бүгінде Қайрат Әбдіразақұлы құрметті ос­тавкіде, отбасының қасында. Өзіміз үйлену тойларының куәсі болған, сүйікті жа­ры Мақпал екеуі немерелерінің жа­нын­да, адал еңбегінің зейнетін көріп, бей­марал тіршілік кешуде. Ақылды ата-ана өзі шыққан биігіне риза бола отырып, енді өзімнен озған ұрпақ тәрбиелеп өсір­сем деп армандайды. Бүгінде өзі таудай әке болған Қайрат Әбдіразақұлы пара­сат­ты ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты АТА, алдияр АҚСАҚАЛ. Өзінің әке туралы ой-толғанысында Қайрекең: «Балаға, не­мере­ге деген махаббатты еш нәрсеге – қызметке, дүниеге ауыстыруға болмайды. Артыңа қанша байлық тастап кетсең де, ол ұрпағыңа өмірлік азық болмайды. Олар үшін таусылмайтын азық – білім, содан кейін­гісі – әке туралы жақсы сөз, жақсы атақ. Халқымыздың «Жақсы әкенің абы­рой-атағы балаға қырық жылға азық» де­ген. Міне, осылар ғана балаға, немереге таусылмас ризық болады. Осы тұрғыдан қарағанда, мен өте баймын» деп жазыпты. Аса ұлағатты сөз!

Адамның көңілін табу, ақылмен ғана ке­леді. Ақылы сабырлылығымен ұштас­қан, иманы жүрегіне ұялаған адам – ол әр­қашан да қарапайым. Ешқашан шал­қай­майды, өзін басқа адамнан жоғары ұста­майды, досын құрмет тұтады, жан дү­ниесі бай, рухы күшті келеді, адамға жа­ны ашып тұрады. Ондай адам қандай жоғары қызметте жүрсе де, ешқашанда мінезі өзгермейді, сол қарапайым күйінде қа­лады. Күнде кездеспесең де, анда-санда кез­десіп, әңгімелесе қалсаң жаның жай тауып, жадырап қаласың. 

Осындай құдай берген асыл қасиет­терінің арқасында қазыналы жүрегі иман­ға толы Қайрат Мәми үш мәрте Жоғарғы Сот­тың Төрағасы, Қазақстан Республи­ка­сы­ның Бас Прокуроры, еліміздің Пар­ла­менті Сенатының Төрағасы, Консти­ту­ция­лық Кеңестің Төрағасы лауазымдарын үлкен абыроймен атқарды. Зейнетке шығардан бұрын Конституциялық Сот­тың сәулет-көркі келіскен ғимаратын ерек­ше талғаммен салдыртты. Жаңадан құ­рылатын Конституциялық Соттың құры­лымын, атқаратын функционалдық қызметін, кадрлық-штаттық кестесін бе­кіт­тіріп, тап-тұйнақтай етіп дайындап бер­ді. Бұл – Қайрат Мәмидің Отан ал­дында атқарған адал еңбегінің тағы бір ерен көрі­нісі. Бүгінде еліміздегі сот би­лі­гінің төрелігіне жақсы жағдайда жұмыс істеп жат­қан Конституциялық Сотқа зор мүм­кіндік жасап берген Қайрат Әдіра­зақұлы­ның ерен еңбегін олар да ерекше құрмет­теп, ардақтауда. 

Қайрекең зейнетке шықса да бойын­да­ғы терең білімін, ақыл-парасатын ендігі кезекте жас ұрпақтың кемелденуіне беріп жүр. Бүгінде қазақтың әл- Фараби атын­дағы Ұлттық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы. Қажырлы да қайратты күш-жігерін өзі түлеп ұшқан универси­тет­тегі студенттердің оқу-біліміне, тәлім-тәр­биесіне ерекше ынта-ықыласпен жұм­сауда. Еңбегі жанып, жасына жас қо­сыла берсін!

Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ,

Жоғарғы Соттың

отставкідегі судьясы