Биыл Екінші жаһандық соғыс­тың аяқталып, фашистік Герма­ния­ның жеңіліс тапқанына 79 жыл то­лады. Жыл өткен сайын осынау қан­құйлы қырғынның басталу се­бебі мен салдары жайында жаңаша сипат беріліп, тың деректер шы­ға бастады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мемлекет және қоғам қайраткері: Қазақ – батырлығын дәлелдеген халық
7,694
оқылды

Соғыстың шындығы мен Советтер Одағы құра­мын­да ерлік көрсеткен халықтар өкілдеріне деген көзқарастың да әрқилы болғаны бүгінде айтылып, жазылып жатыр. Осы орайда майдандағы қазақ азаматтарының еленбей қалған ерлік істерін мұра­ғат материалдары негізінде жұртшылыққа жариялап жүрген бел­гілі публицист, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедті сұхбатқа шақыруды жөн көрген едік.

– Мұхтар Абрарұлы, сіз Ресейдің Орта­лық мұрағатында жатқан деректерді сөй­летіп, бірнеше мақала жаздыңыз. Қа­зақ­стандықтардың, оның ішінде қазақ­тар­дың со­ғысты тоқтатып, жеңісті жақын­датуға қос­қан үлесіне шынайы баға берілді ме?

– Ол сұраққа жауап бермес бұрын сізге мы­наны айтайын. Біз кейде өзімізге өзі­міз сауал қоямыз. «Осы біздің қазақ қан­дай халық?» Сонда басымызға хал­қы­мыз­дың неше түрлі сипаты келеді. Соның ішін­де ең бірінші ойға оралатыны – «қа­зақ – батыр халық» деген сөз. Шын­ды­ғын­да, территориясына бес Франция не­месе он Ұлыбритания сыйып кететін, әлем­де жер көлемі жөнінен 9-орында тұр­ған мемлекетті тек батыр халық ұстап тұра ал­са керек. Қазақ халқының батыр­лық қа­­­­сиетінің жаңа заманда көзге түс­кен кезі – Ұлы Отан соғысы деп сипат­талған соғыс бол­ды. Бұл ІІ Дүниежүзілік соғысқа сол кез­дегі 70-ке жуық мемле­кеттің өкілдері қа­тысты. Жершары хал­қының 80 пайы­зын қамтыған Екінші жаһан­дық соғыста қазақ халқының ба­тыр­­лығының даңқы бү­кіл әлемге жайыл­­ды. Сол кезде Совет Ода­ғының бас басылымы «Правда» газе­тінде орыс­тың атақты жазушысы Илья Эренбург былай деп жазған. Сөзбе сөз келтірейін: «Один фриц мне сказал: «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бе­­­жали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – казахи». Бұл – 1942 жылы 18 қа­­зан­да жарияланған мақала. Ал енді бұл со­­ғыста шығын өте көп болды. Сонда қа­зақ хал­қы­ның батырлығын көрсеткен аза­­­мат­тардың барлығы бірдей батыр ата­ғын ала алған жоқ. Мысалы, Төлеуғали Әбді­­беков деген қазақ 397 немістің көзін жой­ған. Бір – өзі. Асқан мерген адам бо­лып­ты. Соғыста мергендердің өлтірген адам­дары кітапшасында жазылып, ко­ман­­дирлері қол қойып бекітіп оты­ратын бол­ған. Ол кісінің ерлігі жайында сол 1942 жыл­дың өзінде «Комсомольская правда», «Крас­­но­армейская» газеттерінде мақала­лар жарияланған. Сол секілді Ыбырайым Сүлейменов 268 немістің көзін жойған. 

Ыбырайым Сүлейменов – 1943 жылы Не­вель қаласын жаудан азат ету шайқа­сын­да ерекше көзге түскен адам. Изоча стансасында «Ступенчатая высота» деп аталатын жотада қазақтың аяулы батыр қызы Мәншүк Мәметова екеуі немістерге қарсы кескілескен шайқаста қатар соғыс­қан. Ыбырайым Мәншүкке оқ тиіп, қаза тапқанда Мәншүктің денесін жауға таста­маймын деген шешіммен қасында қалып, екі қазақ сол жерде өлген. Мерген туралы де­ректер нақты болуы үшін біз 2019 жыл­дың 14 қазанында Ресей Федерациясы Қорғаныс минис­трлігінің Орталық әске­ри мұрағатына сұрау салып, Ы.Сүлейме­нов­ке қатысты барлық кұжаттарды ал­дырған едік. Немістер оны сыртынан «да­­ла мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сес­кенген. Тіпті, Сүлейменовті атып түсір­ген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған. Сөйткен батыр ұлға советтік билік батыр атағын қимай, бір жыл өткенде барып «Ленин» орденін ғана береді. Ал соғыстың алғашқы ке­зеңін­де миллиондаған совет әскері бе­кер­ден-бекер тұтқынға түсіп, бекерден-бекер шейіт болып кетті. Тұтас армиялар, бірнеше миллионнан астам адам я шейіт болды, я концлагерьге түсті. Ал қазақтың батыр ұлдары бір ғана Төлеу­ғали мен Ыбырайымның өзі қаншама жаудың көзін құртты. Міне, қазақ қандай халық дегенде, қазақ – батыр халық, ба­тыр­лы­ғын дәлелдеп өткен халық дейті­німіз – осы. Қазақтың батырлығының шыр­қау шыңы – Рейхстагтың төбесіне тігіл­ген Ту болды. Оны бірінші болып тік­кен де қазақ. 

– Берлинді алардағы дайындық, ша­буыл­дың қалай өткені жайында да қазір жаңа деректер айтылып жатыр. Біздің қо­ғам шынайы ақпаратқа қол жеткізе алды ма?

– Барлық шынайы мәлімет толы­ғымен ашыла қойған жоқ деп ойлаймын. Өйткені тарихты әр мемлекет өзінше жазады. Ол үшін сол уақыттағы саяси қаты­­настарды, еларалық байланыстарды толық білмей, әр деректі жүйелеп алмай нақты картинаны осылай деп сипаттау қиындау. Десек те, 1945 жылдың сәуір айында соғыс өзінің шешуші сәтіне келіп жеткен болатын. 16 сәуірде атақты «Берлин операциясы» басталады. Осы жерде мына бір детальды айта кетейін. Ол операция басталар алдында Берлин­нің тағдыры шешіліп қойған еді. Үлкен үш­тіктің кездесуінде Германияның екіге бө­лініп, бір жағы Советке, екінші жағы Америка одақтастары жағына қарайтыны бе­кітілді. АҚШ президенті Ф.Рузвельт пен Ұлыбритания басшысы У.Черчил­льдің бір-біріне жазған құпия хаттарынан оны қалай алудың стратегиялық жос­пары да даяр болғанын білеміз. Берлинді үш жақтан қоршап, шығынсыз да алудың мүмкіндігі болған. Онда кісі өлімі бір­неше есе аз болатын еді. Берлинге батыс жағынан Лейпциг қаласын алғаннан кейін Одақтастар әскері келеді. Одақтас­тар әскерін басқарған бас қолбасшы, генерал Дуайт Эйзенхауэр деген әскери қайраткер, кейін ол АҚШ-тың Прези­денті болды. Совет одағы жағынан үш бірдей майдан жылжып келе жатыр. Ма­ршал Г.Жуков басқаратын «Бірінші Бе­ларусь майданы», «Бірінші Украин май­даны», оны маршал И.Конев басқара­ды, «Екінші Беларусь майданын» маршал К.Рокоссовский басқарған. Рокоссов­ский Берлиннің солтүстік жағынан, Конев оңтүстігінен, тура шығыс жақ қасқа маңдайдан Жуковтың қолы келген. Сол кезде америкалықтардың да Берлин­ді алуға мүмкіндігі болған. Бірақ Дуайт Эйзенхауэр есептеп көреді, кем дегенде 100 мың әскерден айырылу қаупі бар. Ол – демократиялы елдің қолбасшысы. Ер­тең елге барғанда АҚШ Конгресінің ал­дында сұрауы бар, «100 мың әскерді қайда жібердің?» десе, Америка халқына не деп жауап берем?! Бұл өте ауыр шығын екен, мен бұған бара алмаймын» дейді. Ал совет­тер жағы қайткен күнде де Берлинді біз алдық деген атақты алу үшін, шабуыл­ды бастап жібереді. Кейін белгілі болған деректерге қарасақ, небәрі 23 күнге созылған осы операцияда Кеңес әскерінің шығыны қайтыс болғандарды, жаралан­ғандарын қоса есептегенде, 361 367 адамға жеткен. Қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Төрт жыл бойғы сұра­пыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын!» – деген ашына, ашу­лана сөйлеуінің астарында осындай сыр бар. 

Осы жерде тағы бір қателік кеткен. Егер жоғарыда айтылған үш үлкен май­данды жауып жіберіп, үш жағынан қоршаса, Берлин операциясы жеңілдеу өткен болар еді. Бірақ Рокоссовскийдің ұлты – поляк. Мәскеу билігі «Берлинді поляк алды» деген сөзді айтқызбау үшін оның әскерін Калининград жағындағы майданға қалдырады. Негізі, сол кезде Калининградтағы соғысты кейінге қал­дыра тұруға да болатын еді, өйткені жау әскері ол жерде онсыз да қоршауда жатыр ғой. Сөйтіп, ұлты орыс екі маршалдың әскерін ғана Берлинге кіргізген. 

Берлиннің шығыс жағында 50-60 шақырымдай жерде неміс тарапынан берік қорғаныс жасалған «Зеелов биік­тігі» деген болған. Совет әскеріне сол биіктікті бағындыру керек. Ол жерді миллионға жуық немістің әскері қорғап тұр. Совет әскері – 2,5 млн адам. Осы биіктікті алу кезінде ресми деректе 30 мың, бейресми деректерде 80 мыңнан астам адам қырылған. Кейде Жуковты «генерал-мясник» деп атайтыны сондық­тан. Ақыры, үлкен әскер шығынымен Совет әскері Берлинге кіреді. Сәуірдің 28, 29, 30-шы күндері Берлиннің көшесінде, ғимараттар ішінде кескілес­кен қанды шайқас жүріп жатты. Ең соңғы 1 мың мұздай қаруланған, әбден тәжірибесі мол СС-тің жауынгерлері мен офицерлерінен тұратын топ Рейхстагқа келіп қорғанады. Рейхстаг деген не? Рейхстаг деген – соғысқа дейін Герма­нияның парламенті отырған жер. Былай­ша айтқан кезде, сол елдің заң шыға­ратын, елді басқаратын үлкен мемле­кет­тің органы, символы. 29 сәуірде штабта өткен жиналыста былай деп тапсырма беріледі. «Ертең Рейхстаг алынады. Рейхстагқа кім бірінші болып ту тігеді, соларды біз батыр атағына ұсы­намыз». Сондықтан кім Рейхстагты алып, соның төбесіне туды тігеді. Сол жеңістің нүк­те­сін қойған болып есептеледі. Ту жө­нінде біздің халқымызда да керемет сөздер бар. Туды бағалап, қасиет тұтқан. «Ту көтеру», «Бір тудың астына жиналу», «Ту алу», «туы жығылмады» деген сөздер сондай ұғымды береді. Түркі халықтары жауынгер халық болғаннан кейін Туға ерекше құрметпен қараған. 

Сонда Рейхстаг ғимаратын әртүрлі командирлер, бірнеше полк қоршап тұр ғой. Барлық командирдің дәмесі бар. Сол кезде Плеходанов деген полковник бол­ған, екінші жерде Зинченконың полкы жатыр. 30 күні таңертең Рейхстагқа ша­буыл басталады. Қабырғасы қалың ғима­рат, ішіндегі неміс әскері өліспей беріс­пеуге бекінгендер. Енді мына қызықты қараңыз. 29 күні түнде басшылық Ра­қым­жанды партия қатарына қабылдап, парт­билетін тапсырады. Енді туды коммунист тігу керек қой. Алдында әкесі репрессияға ілінгенін сылтау қылып партияға өткіз­беген. Ертеңіне өзі са­бырлы, салмақты, со­ғыста талай сыннан өткен барлаушы Рақымжанға туды тап­сырады. Сонда қы­зыл туды гимнас­тер­касының ішкі жағына салып, жер бауыр­лап алға жылжиды ғой. 

– Сіз «Жаужүрек. Рейхстагқа ту тік­кен кім?» атты мақалаңызда Рейхстагқа ту күн­дізгі сағат 14.25-те тігілген деп жазасыз. Ал Рақымжан Қошқарбаевтың «Жеңіс жа­лауы» кітабында кешкі 18.30 деп көр­сетіліпті. Нақты уақыт қайсы? 

– Рақымжан ағамыздың «Жеңіс жа­лауы» 1978 жылы жарық көрді, ол кезде қа­зіргідей емес, советтік цензура­ның кү­шейіп тұрған уақыты. Мен қазір сізге Жеңіс туының нақпа нақ тігілген уа­қы­тын құжаттармен дәлелдеп көрсе­темін. Мұ­ның бәрін кезінде «Ресей Феде­рация­сы Қорғаныс министрлігінің Орта­лық ар­хиві» федералды мемлекеттік мекеме­сі­нен алдырдым.

«Гиммлер үйі» ғимаратынан Рейхс­таг­қа дейінгі арада 360 метр жер ашық алаң бар – Кёнигсплац алаңы деп ата­лады. Сол ашық алаңды кесіп өту керек, қарудың бар­лық түрінен оқ қарша борап тұр. Ра­қым­жан аға өзінің кітабында «осы жерде мен 7 сағатта жүріп өттім, кешкі сағат 6.30-да ту тігілді» деп жазған. Шын­ды­ғын­да, Рақымжан ағаға осылай деп жаз­дырған. Әскери цензура өзгертіп қосуы да мүмкін.

Ту 30 сәуір күні сағат 14.25-те тігілген. Оны бірінші болып тіккен – Рақымжан Қош­қарбаев пен Григорий Булатов. 

Бірінші құжат. Рақымжан Қошқар­баевтың взводы 674 атқыштар полкінің құрамында болды, полктің командирі – Плеходанов. Сол Плеходанов Жеңіс туы тігілген оқиғаның ізі суымай-ақ алғашқы баянатты береді. Онда былай делінген, сөзбе сөз келтірейін: «Коман­дир взвода разведки 1 сб л-нт КОШКОР­БАЕВ и раз­ведчик взвода полковой разведки кр-ц БУЛАТОВ в 14.30 водру­зили знамя над Ре­йх­стагом. В 14.40 1 и 2 сб полностью вош­ли в Рейхстаг, очищая нижний этаж и подвальные помещения» (РФ ҚМОМ, 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175-беттер.

Екінші құжат. Соғыс кезінде әрбір ди­визияның «Журнал боевых действий» дейтін арнайы журналы болған. Оған еш­кім өзгеріс енгізе алмайды. Сол саға­тын­­да болған оқиға ғана көрсетіледі. Міне, «Журнал боевых действияда» бы­лай деп жа­зылған. «Лейтенант КОШКАР­БАЕВ и разведчик 674 сп БУЛАТОВ первыми подползли с полковым красным знаменем и в 14.25 30.4.45 водрузили его на площадки лест­ницы главного цен­тра­ль­ного входа в Рейхстаг с западной сто­роны. Только с нас­туп­лением су­мерков 30.4.45 в здание Рейхстага с юж­ной и цен­тральной части ворвались 674 сп; с се­верной 1/756 сп», – делінген (Сон­да, 1390 қор. 1-тізім, 1-іс, 22-23 беттер).

Көрдіңіз бе? Екі құжаттағы уақыт айырмашылығы – 5-ақ минут. Біреуінде –14.30, екіншісінде 14.25 деп көрсетілген. Енді үшінші құжатқа келейік. Әрбір ди­ви­зияның «исторический формуляр» де­гені болады, сол құжатта не деген? Енді сол генерал-майор В.Шатилов басқарған 150-атқыштар дивизиясының тарихи фор­мулярына назар аударып көрейік. Онда: «В 13.00 30.4.45 г. артиллерия, ми­нометы и РС открыли уничтожающий огонь по противнику. Артобработка про­дол­жалась в течение 30 минут. В 13.30 начал­ся штурм противника. ...В 14.25 30.4.45 г. лейтенант КОШКАРБАЕВ и раз­ведчик БУЛАТОВ 674 сп по-плас­тунски подползли к центральной части здания и на лестнице главного входа пос­­­тавили красный флаг... В 18.00 30.4.45 г. был пов­торен штурм Рейхстага... Рота Сьянова первая ворвалась в сев. часть Рейхстага, а бойцы 1 и 2 (батальона) 674 сп с цен­тра­льной и южной стороны», – делінген (Сон­да, 1390-қор, 1-тізім, 22-іс, 192-193 бет­тер). Міне, үшінші құжатта нақпа-нақ 14.25-те деп көрсетіліп тұр.

Енді осы оқиғаны бас штабтағы Г.Жуковқа баяндайды. Сөйтіп, Жуков 30 сәуір күні №6 бұйрыққа қол қояды. Онда былай делінген: «Генерал-полковник Кузнецовтың 3-Екпінді армиясының әс­кер­лері шабуылды өрістете отырып, жау қарсылығын еңсеріп, Рейхстаг ғимаратын басып алды. Бүгін 30.4.45 жылы сағат 14.25-те онда Кеңес туын көтерді. Рейхстаг ғимараты мен оның алаңы үшін шайқаста генерал-майор Переверткиннің 79-ат­қыштар корпусы мен оның құрамындағы полковник Не­го­даның 171-атқыштар дивизиясы және генерал-майор Шати­ловтың 150-ат­қыштар дивизиясы ерекше көзге түсті» деген жолдар бар. Дәл осы бұй­рықтың 4-тармағында тудың біржола­та тігілгенін нақтылай түсетін: «Біздің кеңестік туымыз Берлин қаласының ортасындағы Рейхстаг ғимаратында желбіреп тұр», – деген жолдар болды.

– Бірақ шындық ұзақ жыл бойы бұр­маланып айтылды, мектеп оқулық­тарын­да Рейхсатгқа ту тіккендер деп Егоров пен Кан­тарияны көрсетіп келді.

– Бұл – ресми билік жылдар бойы сана­ға сіңіріп келген жалған тұжырым. Ал шындығында, Рақымжан мен Булатовтан кейін кешке қарай тағы 4-5 ту тігіледі. Кейін жеткендер бәрі апарған жалаушаларын қадай берген ғой. Біреуі терезеге, біреуі 2-қабатқа дегендей. Сол кезде Зинченко дейтін Плеходановтың жанындағы көрші атқыштар полкінде тағы бір пысық, пысықай командир бо­ла­ды. Туды бірінші болып тігу «жары­сынан» әріптесі Плеходановтан қалып қойған айлакер Зинченко қулыққа бас­қан. Ол Жеңіс туы ол арнайы бекітілген, бөлек ту дегенді ойлап шығарады да штабтан әскери кеңес бекіткен №5 армия туын алдырып, оны ғимараттың төбесіне тігуді бұйырады. Ол туды ұлы орыс хал­қының өкілі және жоғарғы бас қолбасшы И.Сталин грузин ғой, грузин халқының өкілі тіксе, бұл керемет Совет халқының достығының бір куәсі, керемет көрініс болады деп есептейді. Сөйтеді де, жер­төледе демалып жатқан Егоров пен Кан­тария деген екі адамды алып шығады. Сөйтіп, Егоров пен Кантария 1 мамырдан 2-не қараған түнде Рейхстаг әбден алы­нып, жаудың бәрі жайратылып, тыныш­тық орнаған кезде ғана жұрттың көз алдында камераға түсіріліп тіккен. Өзі­ңіз ойлаңызшы, соғыс жүріп жатқан кезде камерамен түсіру қайдан іске ассын?

Даңқты маршал, Кеңес Одағының Батыры атағын 4 мәрте иеленген Г.Жуков соғыстан кейін өзінің атақты «Воспо­минания и размышления» атты кітабын жазады. Осы кітаптың екі нұсқасы болған. Алғашқысы 1969 жылы жарық көреді. Сонда былай деп жазады: «30 сәуір күні сағат 15 шамасында менің ко­мандалық пунктіме командарм Кузнецов телефон шалып, – Рейхстагта – Қызыл ту. Ура, жолдас маршал! – деген қуа­нышты хабар жеткізді» (Воспомина­ния и размышления, М., 1969, 655-бет). Мұны біз тудың түс кезінде тігілгенін дәлел­дейтін бесінші құжатқа жатқы­замыз. Алайда уақыт өте келе, маршал­дың өзіне пікірін өзгертуге мәжбүр еткен, ресми дерекпен сәйкес келмей қалады ғой. Мына менің қолымдағы кейінгі 1974 жылғы басылымы. Мұнда ол оқиға: «21 сағат 50 минутта сержант М.Егоров пен кіші сержант М.Кантария армияның Әскери Кеңесі тапсырған Жеңіс туын Рейхстагтың бас күмбезіне тікті. Рейхс­тагты алуға бағытталған тарихи ша­буылды өзі бақылап тұрған 3-Екпінді армияның қолбасшысы В.Кузнецов дереу менің командалық пунктіме теле­фон шалып: «Рейхстагта – Қызыл ту! Ура, жолдас маршал!» деген қуанышты хабарды жеткізді», – болып өзгертілді. Мінеки, осының барлығы қитұрқы саясаттың кесірінен болған дүние. Ста­линге жағыну үшін, ұлы орыс халқын кө­тере дәріптеу мақсатында бұрмалан­ған, қолдан жасалған тарих. Қошқарбаев – қазақ, Булатовтың түбі – татар. Екеуі де баяғы «Алтын Орданың» ұрпағы. Екеуі Жеңіс туын тігеді. Штабта отыр­ғандар мұндайды қалай қисын. Бұл Ұлы орыс халқының соғысы, сол ұлылар­дың жеңісі болуы керек деп ойластырған. Бүгінгі Ресейдің тарихшылары Рейхс­тагқа ту 14.25-те тігілгенін ақыры мо­йын­дады, ақиқат кешіксе де ақыры жет­ті. Ал мына құжаттар мен жаңа сізге келтіріп отырған құжаттар олардың қо­лын­­да болмаған. Мұның барлығы «сек­рет­ный архив» деп бұрыштама соғылған құпия жерде жат­қан. Бұл құжаттар тек 2005 жылы жарыққа шыға бастады. 

– Сіз Рақымжан Қошқарбаевтың көзін көрдіңіз ғой. Қандай кісі еді? 

– Мен ол кісімен алғаш 1984 жылы таныстым. Оған себепкер болған кісі – менің аяулы ұстазым, академик Манаш Қозыбаев. Ол кезде Қазақ совет энцикло­педиясында қызмет істеймін, бас ре­дактор – Манаш ағамыз. Энциклопедия ұжымы 1984 жылы қазақ және орыс тілдерінде әзірленген төрт томдық «Қазақ ССР» қысқаша энцикло­педия­сына қызу дайындық үстінде болатын. Энцикло­педияға Кеңес Одағының батыры атағын 2 мәрте алғандар және А.Матросов пен Н.Гас­теллоның ерлігін қайталаған қазақ­стандықтар ғана кіруі тиіс деген нұсқау, шектеу болды. Ол кезде Гастеллодан бұ­рын ондай ерлік жасаған Бақтыораз Бей­сек­баев деген қазақ екенін білмейтін­біз. Архив жабық жатыр. Ол кейін белгілі болды. 

Манаш Қозыбаев докторлық диссер­тациясын Ұлы Отан соғысындағы Қазақ­стан тақырыбында қорғаған адам ғой. Осылайша, ол кісі Орталық Комитет бас­­шылығын «республиканың Ұлы жеңіске қосқан үлесін биіктетеді» деген дә­лелмен сендіріп, 1-томға «Рейхстагқа ту тіккен» критерийімен Рақымжан Қошқарбаевты кіргізу жөнінде рұқсат алды. Димаш Ахметұлы Рақымжан аға­мызды біледі, сол кісі рұқсатын бер­ген болу керек. Ал Манаш аға Рақымжан ағамен жақсы дос болған. Мені Рақым­жан ағаға «мақала жазып әкел» деп жұм­сады. Солай батыр ағамен алғаш таныс­тым. Кейін де бірнеше мәрте жолығып, әңгімесін тыңдаудың сәті түсті.

Қазақта «Өсер елдің баласы бірін-бірі ба­тыр дейді» деген жақсы сөз бар. Ра­қымжан Қошқарбаевты қазаққа бірінші танытқан адам – Бауыржан Момышұлы. Ол кісі 1958 жылы сол кезде қатардағы журналист, кейін үлкен мемлекет қай­раткері болған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы деңгейіне дейін көтерілген Кәкімжан Қазыбаев ағамызға тапсырма береді. «Сендер мені батыр, батыр дейсіңдер ғой, нағыз батыр Рейх­стаг­қа ту тіккен адам. Ол – Рақымжан Қош­қарбаев деген қазақ. Сен сол туралы жаз» дейді. Сонда «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген мақаланы ең алғаш жазған адам – Кәкімжан Қазыбаев ағамыз. Кәкімжан Қазыбаев ағамыздан кейін де қазақтың көптеген қаламгерлері жазу­шылары Рақымжан Қошқарбаевқа өлең арнады. Ән арнады. Толып жатқан ма­қалалар шықты. Солардың ішінде мен 70-80-жылдардағы қазақ журналис­тика­сының ақтаңгері, ақмылтығы Жанболат Аупбаевтың осы Рақымжан ағамыз ту­ралы жазған мақалаларының циклін ерекше атар едім. 

– Батыр атағын бермеген қиянатқа ол кісі қалай қарады?

– Рақымжан ағамыз – өзінің ерлігін соғысқа алғаш кірген сәтінде дәлелдеген жан. Р.Қошқарбаев майданға аралас­қанда соғыс Польша жерінде жүріп жатқан. Соғыс тарихына «Висло-Одер операциясы деген атпен енген шайқаста Рақымжан взвод командирі ретінде алғашқы ерлігін көрсетеді. Лейтенант Қошқарбаев жаудың траншеясына бірінші болып секіріп, қолма-қол ұрысқа кіріседі. Гранатасымен дереу жау пуле­метшісінің көзін жояды да немістің өз пулеметімен өздеріне оқ жаудырады. Осы ерлігін көзімен көрген полк коман­дирі А.Плеходанов Рақым­жанды бірден бірінші дәрежелі марапатқа ұсынған. Соғыс кезінде наградалардың бірнеше түрі болған. Солардың ішінде ең абы­ройлы марапаттың бірі – «Орден Отечественной войны І степени» дейтін үлкен марапат болған. Міне, сол алғашқы марапатын Рейхстагқа дейін Рақымжан алады. Оның сол кездегі наградной листі сақтаулы. Онда Рақымжанның жоғарыда айтқан ерлігі жазылып, дивизия коман­дирі В.Шатиловтың қолы қойыл­ған. Сон­дықтан бұл кісінің батырлығы соғыстың әр кезеңінде қылаң беріп отырған.

Ол адамзаттың арыстаны дейтіндей өте бір келісті, көркем кісі еді. Жасы келсе де шашы қап-қара, қайраты, ба­тырлығы сыртқы келбетінен-ақ көрі­нетіндей сұлу адам. Әзіл-қалжыңды жақсы көретін та­маша азамат. Абай атамыздың інісі Оспан өлгенде айтатыны бар ғой. «Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан ты­ғылмай...» деп ке­летін. Рақымжан аға да солай Жайнаған туын жықпай өткен жан болды.

Жалпы, қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық. «Алтын жұлдыз» Ыбы­райымға ғана емес, есімі аңызға айналған батыр Бауыржан Момыш­ұлына, Рейхс­тагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты партизан Қасым Қайсеновке де бұйыр­мады. Соғыста ең даңқы шыққан қаһар­ман қазақ Бауыржан Момышұлының өзіне ресми билік Батыр атағын қимады. Бірақ қазақ халқы өзінің батыр ұлдарын ардақ тұтты, хан көтеріп құрметтеді.

Соғыс аяқталған кезде 98 қазақ батыр атағын алған. Совет Одағының Батыры атағын алған. Соның ішінде басқа рес­публикалардан алғандарды қосып есеп­тегенде 103 қазақ батыр атағын алады. Ал шынтуайтқа келетін болсақ, Ұлы Отан соғысы кезінде 118 қазақ батыр атағына ұсынылып, жаңағы айтылған 103-тен басқа, олардың ешқайсысына батыр атағы берілмеген. Солардың ішінде Рақымжан Қошқарбаев бар. Қаншама азаматтың ерен еңбегі еленбей, бағаланбай кетті. Тек қана Талғат Бигел­динов ағамыз екі мәрте Ба­тыр атағын иеленді. Одан басқа екі мәр­те батыр атағына ұсынылған алты қа­зақ болды, көрсеткен ерліктері лайық болып тұрса да бермеді. Ол алты адамның бірі – біздің даңқты қолбасшымыз, Қазақ­станның тұңғыш Қорғаныс ми­нист­рі Сағадат Нұр­­ма­ғамбетов. Қазақ ба­тыр халық деген сөзімнің дәлелі осындай. 

Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери адамдарға, күштік құрылымдардың офицерлеріне берілетін 3 дәрежелі «Айбын» орденіне ба­тырлардың атын бергізуді бекітті. Бірін­шісіне – генерал Сағадат Нұрма­ғам­бетовтің атын, екіншісіне – пол­ков­ник, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлының атын, үшіншісіне Рейхстагқа ту тіккен, Ту ұстаушы батыр Рақымжан Қош­­қарбаевтың атын бер­гізді. Бұл – та­ри­хи шындықтың қайтып оралуы. Шын­дық­тың салтанат құруы деп біле­мін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Бауыржан БАЗАР