Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыста атты әскер дивизияларының маңыздылығы ерекше болған екен. Германия әскерилері атты әскерге қарсы арнайы тактикалар да ұйымдастырған.
Сонымен, 1941 жылы фашистік Германия КСРО-ға шабуыл бастаған соң майданға аттанған талай боздақпен бірге жылқылар да от кешіпті.Майдан даласына азық-түлік, жылы киім-кешек, қару-жарақтың түр-түрі мыңдаған эшелонға тиеліп, үздіксіз жіберіліп жатты. Осындай эшелонның бірқатарында майданға қарай жалын жел тараған талай жылқы қазақ даласынан аттанған. Мұндай тарихты біреу білсе, біреу білмейді. Ең қызығы, қазір селекциялық ғылым әлемнің түкпір-түкпірінде бойында Адай жылқысының қаны бар талай сәйгүліктің жүргенін анықтаған. Бұл Адай жылқысы сол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласына барып, сол далада жүріп Германияның асылтұқымды жылқылар санатына енгізілді, осы арқылы әлемге тараған деген болжам бар. Адай жылқысының асылтұқымдылар санатына енгізілуіндегі бір мән, қыл құйрықтының бұл түрі аса шыдамды әрі шөлге төзімді болып келеді екен. Сондықтан кезінде неміс ғалымдары жылқының бұл түрін өзге жылқылармен будандастырып, өзгеше жылқы түрлерін қалыптастыра бастаған.
1941 жылы соғыс басталған шақта Кеңес Одағының қарулы күштері шөлге төзімді, мініске берік, күші мығым жылқы түрін одақтас республикалардан арнайы жинаған. Сол заманда Маңғыстаудың кең даласында асау жылқыларға құрық салу дүрбелеңі басталған. Алдымен Гурьевке айдап, одан әрі лек-легімен вагондармен майданға аттандырған. Азаматынан бір, жылқысынан екі айырылған қалың ел соғыстың бітуін тағатсыздана күтіп, қолдан келгенше көмегін аямаған. Тіпті, кейбіреулер баптап баққан жүйрігі мен талай бәйгеден озған тұлпарларын арнайы ұстап әкеліп вагондарға өз қолымен тиеп жіберген.
Алғашқыда Маңғыстаудан майданға айдалған 480 бас жылқы болғаны тіркелген деректер мұрағаттардан табылған. Кейінгі зерттеулер бойынша қазақ даласынан барлығы 3 мыңға жуық қылқұйрық майдан даласында түрлі жұмысқа жіберілген. Бұл әзірге бізге белгілі дерек қана. Болжам бойынша қазақтар майданға 100 мыңдай жылқы жіберген екен. Олардың арасында ерекшелігімен көзге түсіп, мадақ-марапатқа ие болғандары бар ма? Соғыста нешеуі оққа ұшып, нешеуі аман-сау қалды. Одан кейінгі тағдырлары қандай болды? Өкінішке қарай, мұндай ақпарат бізге жетпеді. Тек генерал Д. Городовиков мінген Адай жылқысы майдангердің абыройын асқақтатқаны туралы айтылады. Қазақ даласынан келген бір топ жылқы генерал Д.Городовиковтың қарамағындағы әскери құрылымдарға жіберіледі. Бас білетін тұғырлы түліктер міністен бөлек түрлі жұмысқа жегіледі. Ауыр зеңбіректерді сүйреп, әскери қимылдарды жылдам атқаруға тартылады. Күші мен шыдамдылығы жағынан өзге қылқұйрықтыларға ұқсамайтын бұл жылқылар тобы қазақ даласынан келгенін білген генерал қазақ халқына ризашылық білдіріп, өз атынан және күллі қызыл армия атынан алғыс айтқан хат жолдайды.
Қазақтың арда батыры Бауыржан Момышұлының да майдан даласында «Сұркөжек» есімді ақбоз аты болғаны белгілі. Ол туралы өз аузынан айтылған естеліктері де жетерлік.
«Мен адымдай басып, шеткері тұрған ақбозға жақындап, зер салдым. Орташа ғана тығыршықтай ат. Құйрық-жалы сұйықтау, қоян жақ, бөкен қабақ, құйма тұяқ. Арқасында ер қаққан оймақтай ақ дағы бар. «Япырым-ай, атқа ат ұқсай береді екен-ау» деп тұрмын ішімнен. Сонау бір жылы тайға мініп жарысып жүрген кезімде бүкіл Қаратау атырабында аңыз болып кеткен Сұркөжек. Сол Сұркөжек те дәл осындай шағын ғана елеусіз жылқы болатын. Аттың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қойдым. Ақбоз маған қарап оқыранды», – деп жазды батыр өз естелігінде.
Ол уақытта әскердегі әр жылқының рөлі әскери бөлімнің тактикасына, шаруашылық жағдайына және шайқас өткен жердің географиясына байланысты болды. Жылқыларды пайдалануда Германия мен КСРО бірдей қолданды. Қазіргі деректерге сәйкес, 1941 мен 1945 жылдары екі жақ 6 миллионнан астам жылқыны соғыс тәсілдерінде пайдаланған деген ақпар бар. Бұл туралы ресейлік зерттеуші Николай Бобров «Лошади во Второй мировой войне» атты еңбегінде жазған.
Бірінші дүниежүзілік соғыспен салыстырғанда атты әскерлердің саны айтарлықтай қысқарғанымен, көлік ретінде түрлі міндетті орындап отырған. Соғыс басталған шақта Кеңес армиясында шамамен 120 мың жылқысы бар 30-ға жуық атты әскер дивизиясы болған екен. Кейін қатары біртіндеп сиреп отырған. Себебі жылқыны баптап күтуден бөлек арнайы жылқы бағушы әскерлер тобы мен қатты суықта арнайы қоралар қажет болған. Мұндай қатал әрі ауыр жағдайға жылқы түлігі көбіне шыдас бермейді. Дегенмен кейбір деректерге сүйенсек, 1930-1942 жылдар аралығында Германияның атты әскерінің саны 35 мыңнан 100 мыңға дейін өссе, Кеңестер Одағында атты армияның ұзын саны 120 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтылған екен, – деп жазды өзінің зерттеуінде Беларусь мемлекеттік университетінің профессоры А. Козленко.
«Жылқылар әсіресе көктем мен күзде қара жолдарда көлік жүре алмайтын кезде сенімді көлік болды. Дегенмен жылқыларды күнделікті жемдеу мен күтуге байланысты қиындықтар туындаған. Атты әскерлер өзгелерден тысқары жерлерде болды. Себебі аттарды азықтандыру үшін шөбі мол жер қажет. Тек шөпте жайылған жануарлар жұмысқа жарамай қалған. Дегенмен талай жалды жануардың майдан даласындағы ауыр жағдайды жеңілдетуге орасан зор ықпалы болғаны белгілі», – дейді А.Козленко өз еңбегінде.
Тағы бір деректерде Сталинградтағы фашист жауынгерлері өздерінің сыртынан қоршаған кеңес армиясы қоршауын бұзып өте алмай аштыққа ұшырайды. Сол кезде өздерінің мініске әкелген және түрлі жұмысқа жегілген жылқыларын шетінен қырып жей бастайды. Осылайша, қаланы азат еткен сәтте Кеңес әскері тау болып үйілген жылқы тұяқтары мен ат әбзелдерін көріп жаға ұстаған. Мәлімет бойынша, Германияның 6-армиясы Сталинград түбінде 6 мыңнан астам атты тулағымен қосып жеп қойған.
Соғысқа қатысқан жауынгерлер мен иттерге тіпті техника түрлері мен аттарға қатысты көптеген мақала, ән, өлеңдер жазылып, фильмдер де экранға шықты. Тіпті, ескерткіштер де жетерлік. Осыдан біраз жыл бұрын Мәскеудегі «Жеңіс» саябағы аумағында «Соғыс жолында» атты моңғол жылқысын еске алуға арналған ескерткіш пайда болды. Деректер бойынша 1943 жылдан бастап соғысқа сонау моңғол елінен де жылқылар тартылған. Моңғол зерттеушілерінің айтуынша, 1945 жылға дейін майданға одақтас ел ретінде көмекке 500 мың жылқы жөнелтіліпті. Ескерткіш кешен осы бір ерекше жағдайды есте сақтау мақсатында қоладан құйылған екен. «1942-1944 жылдарда майдан даласында болған барлық ірі шабуылға кеңестік атты әскер бөлімдері сәтті қатысқан. 1941 жылдың 22 маусымында Қызыл Армия құрамындағы жылқы саны 526,4 мың болса, 1 қыркүйекте әскерде тұяқтылардың 1,324 мыңы ғана қалды» деп жазды сол кезде «Правда» басылымы. Бұған қарап жылқы түлігінің соғыс даласында өте көп мөлшерде шығын болғанын байқаймыз. 2004 жылы Лондонда соғыста жоғалған жануарларға арналған ескерткіш мемориалды кешені ашылған. Мемориал адам ұрыстарында қызмет еткен және қаза тапқан барлық жануарды еске алуға арналған. Қазір ескерткіш кешен өзге де көптеген жануардың мүсіндерімен толығуда. Мұнда «Оларда таңдау болған жоқ...» деген жазу ғана бар.
Бердібек ҚАБАЙ