Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экоерікті студенттері қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосуда.
ЕҰУ экоеріктілері елорда тұрғындарына көшет сыйлады
1,189
оқылды

ЖОО белсенділері «Жапырақ жүрек – жас маман» акциясына бастамашы болып, елордалықтарға көшет сыйлады.

Бүгін ЕҰУ эко-еріктілері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алматы ауданының тұрғындарына 400 көшетті тегін таратты. Астаналықтар өздерінің тұрғын алабына қарағаш, терек, бөртегүл тәрізді ағаштарды отырғыза алады.

«Елордалықтарға көшет сыйлау акциясын біз «Жапырақ жүрек – жас маман» деп атадық. Мұндағы негізгі мақсат – жастардың өз еліне, қаласына, өз қоғамының өркендеуіне үлес қосу. Көшеттерді алған қала тұрғындары оларды өздері тұратын ауданға отырғызып, сол арқылы экологиямызды жақсартады деп сенеміз», – деді ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ләззат Нұрқатова.

ЕҰУ студенті Бектемір Кеңестай көлік және энергетика факультетінде білім алуда. Ол жастар экологиялық акцияларға белсене қатысып, қаланы көркейтуге үлес қосуы тиіс деп есептейді.

«Экология әр адамнан басталады. Бұл – біз тыныс алатын ауа, біз ішетін су және жейтін тамақ. Мұны күнде ойдан шығармаған жөн», – дейді ЕҰУ студенті.

ЕҰУ студенті Лаура Дәулетова да акцияға атсалысты. «Таза табиғатты сақтау біздің өмір салтымызға тікелей әсер етеді, сонымен қатар бұл әркімнің өз Отаны алдындағы борышы және жақсы өмір сүруінің кепілі», – деді ол.

Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» акциясы барысында ЕҰУ студенттері, оқытушылары және басқа да қызметкерлері Астана қаласына 10 мыңға жуық көшет отырғызып, қалалық және университет көлеміндегі сенбіліктерге қатысты.