Ерлік – елге мұра

Астана қаласының Достық үйінде Жеңіс күніне орай «Аталардың ерлігі – жастарға үлгі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жастар, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері және басқа да қонақтар қатысты.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, жиынның мақса­ты – Ұлы Отан соғысындағы жеңістің тарихи маңызын тү­сіндіру, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау мен насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бо­йында қазақстандық патрио­тизм мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру.

Іс-шараның модераторы Астана қаласы Ішкі саясат бас­қармасы басшысының орын­басары Ләззат Құсаинова:

– Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері елі­міздің қоғамдық-саяси өмі­ріне белсенді атсалысатынын мақ­та­нышпен айта аламыз. Олар­дың адал еңбегінің арқасында елордада да, елде де ұлтаралық келісім мен толеранттылық сақ­талуда. Біз өзіміздің игі іс­­те­рімізбен қазақстан­­­­­дықтар­дың қиын-қыстау кезеңде жұ­мы­лып, ұлты мен кәсібіне қара­­мастан біртұтас әрекет ете ала­тынын көрсетеміз. Бүгінгі шара алдағы екі мереке – Отан қор­ғаушылар күні мен Жеңіс күні­не арналады, – деді.

Жиында алғашқы болып сөз алған Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы төрағасы, Қазақ­стан халқы Ассамб­лея­сының мүшесі Владимир Божко:

– Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Қазақ­станнан резервке 1 мил­лион 200 мың адам жұмылды­­­рылса, еңбек армиясы үшін 700 мыңнан астам жіберілді. Елі­­­­­мізде әскерге шақырылған­дардың ішінде 12 атқыштар, 4 атты әскер, 7 атқыштар бри­гадасы, 50 әскери батальон мен полк құрылды. 497 қазақстан­дық Кеңес Одағының Батыры атанды. Оның ішінде Бигел­динов, Павлов және Луганский екі мәрте батыр атанды. Елі­мізде орналасқан 27 мектеп май­данға 16 мың офицер да­йындады. 600 000 мың қазақ­стандық соғыста батырлықпен көз жұмды, – деді.

Сондай-ақ іс-шара аясында Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының ұйымдас­­­­тыруы­мен «Ерлікке тағзым» атты мұ­ра­ғаттық құжаттардың көр­месі өтті.

– «Екінші дүниежүзілік со­­­ғыстағы қазақстандықтардың ерлігі архив құжаттарында» кі­табы да көрмеге қойылып, дөң­гелек үстелге қатысқан қо­нақ­­тардың назарына ұсы­нылды. Бұл – архив құжат­та­­рына не­­гізделе отырып жа­­­­зыл­­ған кі­тап. Соғысқа қатыс­қан аза­маттар­дың архив­тері бізде жеке қор ретінде жиналған. Осы қор­лар­ды топтастырып, орыс және қазақ тілінде кітап етіп шығар­дық. Бүгінгі басқосуға арқау болған даңқты батырлар Са­ғадат Нұрмағамбетов, Рахым­жан Қошқарбев батыр атағын алғанда 20-дан енді асқан жас­тар еді. Олар тіпті соғысқа ба­руға жасы да толмай, «19 жас­тамын» деп өзі сұранып әскерге аттанған. Осының бәрі бүгінгі жиналысқа қатысқан жастарға үлкен тәрбие деп ойлаймын, – деді Астана қаласы Мем­ле­кет­тік архив директоры Жангелді Бимолдин.

Жиын барысында ел аза­­­маттарының Екінші дүние­­­жүзілік соғыстағы ерлік тарихы мен тылдағы еңбек майданында «Барлығы майдан үшін, бар­­­лығы жеңіс үшін» деген ұран­­мен соғыстың барлық ауырт­­палығын көтере білген қарттар, әйелдер мен балалардың қа­жырлы күресі туралы да ес­те­­лік­тер айтылды.

Назира ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ