Сенімгерлікке алып, сенімді ақтамады

Мемлекеттік ұйымдарды басқару қағидатында сенімгерлік басқару түсінігі бар. Мемлекет кейде белгілі бір мемлекттік басқарудағы ұйымдарды жеке кәсіпкерлерге уақытша береді. Кейде сатып алу құқығымен береді, ал кейде уақытша басқаруға ғана береді.

Жалпы, сенімгерлік басқаруға берудегі мақсат – мемлекетке түсетін шығынды азайту. Яғни, кәсіпкер өзі басқаруға алған мекеменің шығынын өзі көтеріп, халыққа тиімді жағдай жасауы тиіс. Алайда бұл қағида көп жағдайда жұмыс істей бермейді. Мұны Батыс Қазақстан облысы Тексеру комиссиясының өкілдері айтып отыр. БҚО бойынша сенімгерлік басқаруға берілген нысандарға жүргізілген тексеріс нәтижесі көңіл көңшітпейді.

Мәселен, Орал қаласындағы №4 ем­ха­на 2017 жылы сенімгерлік басқаруға бе­рілген. Мемлекеттік мекемені 2017 жы­лы сенімгерлік басқаруға алған «Айгелов Марат Абаевич» жеке кәсіпкерлігі же­­текшісінің ешқандай медициналық білімі жоқ екендігі анықталыпты. Бірақ кезінде 2017 жылы осы емхананы сенімгерлік бас­қаруға алатын кәсіпкердің жоғары меди­циналық білімі болуы керек және осы са­ла­да тәжірибесі бар адам болуы керек деген талап болған. Бірақ жеме-жемге келгенде БҚО Денсаулық сақтау басқармасы бұл талаптарға өздері көз жұмып, медициналық білімі жоқ, бұл салада қызмет атқармаған «Айгелов Марат Абаевич» жеке кәсіпкер­­лігіне емхананы сенімгерлік басқаруға беріп жіберген. Келісімшарт 2017-2024 жылдың тамызына дейін деп жасалған. Жоғарыдағы кемшілікті облыстық тексеру комиссиясы анықтаған. Комиссия анық­тап отырған бұл жалғыз олқылық емес. 

– Біріншіден, сенімгерлік басқаруға берілетін кәсіпкерге қойылатын талаптар нақты емес. Мәселен, ол 7 жылда қанша инвестиция құю керек, нақты қандай жұмыстар жасауға міндеттелді деген секілді талаптар бұлыңғыр, екіұшты көрсетілген. Тараптардың келісімшартында нақтылық жоқ. Мәселен, электронды саудаға түскен №4 емхананы алайық. Басында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жоғары білімді медициналық білімі бар адамға береміз деп хабарлайды. Бірақ тендер қорытындысында ешқандай медициналық білімі жоқ кәсіпкерге емхананы беріп отыр. Емхананы сенімгерлік басқаруға алған азамат кейін сол емхананың бұрынғы директорын қайтадан басшылық қызметке қоя салған. Біз осы емханаға жүргізілген тексеріс нәтижесінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкердің өзіне 114,7 млн теңге сыйақы тағайындағанын анықтадық. Осыны ескере отырып, емхананы одан да мемлекет басқаруында қалдырған дұрыс еді, – дейді БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов. 

БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақовтың айтуынша, емхананы сенімгерлік басқаруға бермеген жағдайда осы 114,7 млн теңге біреудің қалтасына кет­пейтін еді. 

– Бұл ақшаны емхананың техникалық базасын жақсартуға жұмсауға болатын еді, – дейді БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.

Орал қаласындағы №4 емхана сенім­герлік басқаруға 2017 жылы 7 жылға бері­ліпті. Сенімгерлік басқарудың мерзімі осы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс. Ес­теріңізге сала кетейік, 2017 жылы БҚО Денсаулық сақтау басқармасын Қанат Тө­секбаев басқарып тұрған кездер еді. 

Жалпы, Тексеру комиссиясы сенім­герлік басқарудың басқа да талаптары орындалмай отырғанын айтады. Ең өкі­ніштісі, тараптардың келісімшарт жасау сәттері өте бұлыңғыр дейді. Мәселен, осы емхананы кәсіпкерге берерде келісімшарт­та алғашқы үш жылда емханаға қажетті ме­дициналық құралдар алынуы тиіс деп көрсетіліпті. 

Қайрат Жапақовтың айтуынша, ке­лісімшартта нақты қандай медициналық аппарат алынуы керектігі, оны қай ақшаға алу қажеттігі көрсетілмеген. Мәселен, кә­сіпкер медициналық құрылғыны сенім­герлік басқарудағы өз бюджетіне алуы тиіс пе әлде ол үшін мемлекеттің бюджеті жұм­салуы тиіс пе – осы тұстары нақты көрсе­тілмеген. 

Айналып келгенде, тексеріс кезінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған азамат 2017 жылы бюджет есебінен алын­ған қымбат медициналық құрылғыны комиссияға көрсетіп құтылған. 

– Тексеріс кезінде емхананы сенім­герлік басқаруға алған азаматтың тұтыну­шыларға қажетті жағдайды да жасамағаны анықталды. Мәселен, 2020 жылдан бері дәлізде емханаға келушілерге арналған ауызсу қойылмаған. Ал емхана қызмет­керлері мен келушілерге арналған буфет 2021 жылдан бері жұмыс істемейді. Соны­мен қатар аталған жеке кәсіпкер емхана алаңына балалар алаңын және Wi-Fі орна­ту туралы келісімшартта көрсетілген қыз­меттерді орындамаған. Ең қиыны, осы келісімшарттардың орындалуын бақылауы тиіс мекемелердің өздері осыған жүрдім-бардым қарап отыр, – деп атап өтті БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.

Тексеру комиссиясы өкілдерінің сөзінше, мұндай былықтар білім беру са­ласындағы, спорттағы сенімгерлік басқа­руға берілген нысандарда да кезде­седі. Атап айтсақ, Орал қаласындағы Шапағат мекемесі, БҚО индустриялдық колледжі және Жаңа технологиялар және сервис колледждерін сенімгерлік басқаруға ал­­ғандар қажетті талаптарды орындамай отыр­ған көрінеді. Сөз реті келгенде айта кетейік, жалпы облыста 2016-2023 жыл­дары 49 мекеме сенімгерлік басқаруға бе­ріліпті. Мұның ішінде 14 мекеме кейін са­тып алу құқығымен жекеге берілген. Сенімгерлік басқаруға берілген 19 меке­мемен жасалған келісімшарттар уақытынан бұрын тоқтатылған. Мемлекеттік мекемені сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер қар­жылық қиындықтарға байланысты мем­лекет қойған талаптарды орындай алмауы себепті келісімдер бұзылған. 

Орал қаласындағы Шапағат мекемесін алайық. Бұл мекемені сенімгерлік бас­қаруға бергенде облыстық білім басқар­масы кәсіпкер ол жерге мектеп тұрғызуы керек деген келісімшартпен берген. Элек­тронды сауда нәтижесіне сәйкес, Шапағат мекемесін «РФМШ №31» ЖШС 2021 жы­лы сенімгерлік басқаруға алады. 

Келісімшартқа сәйкес кәсіпкер бұл меке­мені жалпы білім беретін мектепке ыңғайлауы тиіс болған. Бұдан бөлек, кәсіпкер осы алаңда футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын сапалы, заманауи алаңдар салуы тиіс екен.

– Бұл жерде де келісімшарт өте бұ­лыңғыр. Кәсіпкер мұны қай кезде жасауы тиіс, футбол алаңы нақты қандай болуы керек, жарық түсіретін орындар қарас­­тырыла ма, қанша адам футбол ойнайтын алаң болуы тиіс – мұның бірі де көрсетілмей отыр. Сондықтан да біз комиссия жасалған жұмысқа нақты баға бере алмай отырмыз. Ең қызығы, осы екі қабатты ғимаратты «РФМШ №31» ЖШС қаладағы №23 мек­тепке жалға беріп қойған. Қазір ол жерде сол мектептің бастауыш сынып оқушылары оқиды. Ал жалға алу ақысын кәсіпкерге төлейді. Сонда былай қарасаңыз, БҚО Білім басқармасы алдымен мекемені сенімгерлік басқаруға кәсіпкерге береді. Кейін сол мекемені Орал қалалық білім бөлімі №23 мектептің балаларын оқыту үшін жалға алады. Мекемені жалға алу құны – 64,5 млн теңге. Енді қараңыз, мемлекет өз мекемесін өзі жеке кәсіпкерден 64 млнға жалға алып отыр. Осынша ақ­шаны кәсіпкерге төлеп оны жалға алғанша, сол мекемені сенімгерлік басқаруға бер­­мей, мемлекет меншігінде қалдырып, сол ғимаратта балаларды оқыта берсе болмай ма?! – деген ойын айтты облыстық Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов. 

Облыстық Тексеру комиссиясының өкілдері сенімгерлік басқаруға берілген барлық мекемелерде осындай қитұрқы саясаттың көп екендігін айтады. Тіпті, екіжақты көрсетілген келісімшарттарға көз жұмып отырған кәсіпкерлер де бар деседі. Бүгінде тексеру комиссиясы барлық тексеріс жұмыстарын аяқтапты. Шыға­­рылған қорытынды облыстық Прокура­тураға жолданған. Енді шешімді арнайы мемлекеттік мекемелер шығарады. 

Облыстық Тексеру комиссиясы 50 шақ­ты мекемені тексеріп шыққан. Оның бәрін тізіп жазып отыру мүмкін емес. Біз тек бір-екеуіне тоқталдық. Өкінішке қарай, мекемені сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер сенімді ақтауға асығар емес, керісінше, өз қалтасын қампайтуды көздейтіндей көрінді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы