Жол азабын – халық, ақшасын шетел көре бере ме?

Биыл ел өңірлерінің басым көпшілігін басқан тасқын көп­теген жолды бүлдірді. Мысалы, кеше БҚО-да қызыл суды өткізу үшін Махамбет пен Сарытоғай арасындағы автожол бұзылып, көлік қатынасы уақытша тоқтатылды.

Бұл тәжірибе сәуірден бері су басқан әр облыста қолданылды. Судың беті түпкілікті қайт­қан соң бүлінген трассаларды тегіс қалпына келтіруге тура келеді. Бірақ жолдарға қатысты басқа ірі проблема бар: оларды негізінен шетелдік компаниялар салады. Мысалы, ха­лықаралық дәліздерді салушы 30 ірі компанияның 13-і ғана қазақстандық.

Президенттің өзі көтерген мәселе

Шетелдіктер әлемдік ең озық стандарттарға сай тақтай­дай түзу, еш кінәраты жоқ тас­жол­дар салып тастаса, еш ша­ғым айтылмас еді. Баршасы қол соғып, сүйсінбес пе?! Жол­дар­дың сапасы қарапайым жүр­гі­зу­ші­лерден бастап, Президентке де ұнамай тұр. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жол­дауында жол сапасына жеке тоқталды.

– Автокөлік жолдарының құ­рылысы мәселесі шешімін та­буға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді! Тиісті жұ­мыс­тар уақытылы және сапалы жа­сал­майды. Жемқорлық белең алып тұр. Бәсеке де жоқтың қа­сы. Мұның бәрі – осы салада әб­ден тамыр жайған кемшілік­тер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қа­жет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауап­қа тартылады. Бұл мәсе­ле­ге мен баса назар аударамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда биыл тасқын шай­ған тасжолдармен бірге суға ағып кетіп жатқан алып жүк кө­лік­тері бейнеленген видеоларды әлем­дік ақпарат құралдарына дейін таратты. Яғни, қарғын су қа­зақстандық жолдардың сапа­сы сын көтермейтінін жаһанға паш етті. 

Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 5 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу міндетін қойды. Бірақ бұл былтырғы Жолдаудағы тапсырма болатын. Қызыл су бұл санды күрт өсіретіні даусыз. Осыған байланысты бір топ Мәжіліс де­путаты Үкіметтен өзекті ақпарат сұратты. Алай­да үкіметтегілер деректердің әлі нақ­тыланып жатқанын, толымды жаңа мәлі­меттер кейінірек болатынын хабарлады.

Жақсы жолдарсыз Қазақстан Жолдауда қойылған стратегиялық міндетті – көлік-логистика саласын қарқынды дамытып, Еуразия құрлығындағы басты транзит хабқа айналу, сөйтіп көлік-логистика сала­сындағы ірі мемлекет болу тапсырмасын орындай алмайды. 

Сондықтан Мемлекет басшысы жол проблемасын барлық дерлік мінберден көтеріп, қозғау салып келеді. Мысалы, 2024 жылғы 7 ақпанда өткен жаңа Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев: «Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес!» – деп атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да жолдарға қатысты жағдайға оралып соқты. Оның айтуынша, жол салу және жөндеу жұмыстары экономиканың дамуына тың серпін береді. Сондықтан республикада кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолы жаңадан салынатын не жөнделетін болады. Дегенмен бұл да тасқынға дейінгі жоспар. Бұл сан жылдың екінші жартысына қарай өзгеруі мүмкін.

«Ұлттық құрылтайда Президент жол салуға және жөндеуге бекер тоқталған жоқ. Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады? Жолымыздың түрі анау болса, қандай қарқынды экономика, қандай табысты туризм күтеміз? Халықтың әл-ау­қаты осы жолға байланысты. Облыс­аралық жолдардың сапасыздығы өңір­лердің дамуына, инвестицияның тар­ты­луы­на кедергі. Сондай-ақ жол  та­­сы­­­­ма­­­­лының қиын­­дығын себеп қылып, азық­-түлікті, бас­қасын қымбаттатады. Бұл тағы қара­пайым халықтың қалтасын қағатыны бел­­гілі. Президенттің жаңа Үкіметке артқан сенімі сол жолмен бірге шайылып кетпесін!» – дейді Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден. 

Депутаттарды бір мәселе алаңдатады: ел басшысы айтқан 12 мың шақырым жолдың биылға жоспарланғанының жобалық құжаттамалары әлдеқашан әзір­леніп, құрылысы басталып-ақ кетуі қажет еді. Көктем – жөндеу жұмыстарына ең қолайлы кезең. Бірақ «қолды мезгілінен кеш сермейтін» әдеттегі кепті кешетінге ұқ­сайды. Берілген уәдені уақытында орын­дау, халық игілігіне дер кезінде ұсыну ертеңге ысырыла берсе, өкінішті.

«Шетелдік» – сапалы деген сөз емес

Ресми статистиканың өзі Қазақстанда сапасы жоғары жолдар сол бұрынғыдай өте аз екенін аңғартады. Жақсы жағдай­­дағы жолдардың жалпы ұзындығы кейінгі 4 жыл­да небәрі 3 мың шақырымға ғана ұзарған. Соның ішінде облыстық маңыз­дағы жолдардың ішінде жақсы және қана­ғаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі біраз өңірде 60 пайызға да жетпейді. 

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, республикада жалпы пайда­ланатын автомобиль жолдарының ұзындығы жыл өткен сайын қысқарып келеді: 2020 жылы жалпы ұзындығы 95 767,8 шақырым болса, бүгінде 94 781 шақырымға дейін азайды. Соның ішінде І категориядағысы – 3 160, ІІ санаттағысы 6 088 шақырым ғана.

Бектенов Үкіметінің тұңғыш кеңей­тілген жиынында Президент елді маза­лаған тағы бір мәселені көтерді.

– Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек, – деді Қ.Тоқаев.

Және олар жұмысты жарытып жатса, бір сірә. Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана – Балқаш – Алматы» тасжолы әлі күнге жөнделіп біткен жоқ. Құрылысы сонау 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Рес­публикалық маңызы бар «Атырау – Астра­хань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Тал­дықор­ған – Өскемен» жолдарының жөн­деліп жат­қанына 5 жылдан асты. Мемлекет бас­шы­сы Үкіметке осы жұмыс­тарды 2024 жы­лы біржола аяқтауға тапсырма берді. 

Алысқа бармай-ақ астаналық облыс – Ақмола өңірінде республикалық маңызы бар «Ресей шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» автомобиль жолының учаскесін күрделі жөндеу жобасы 2021 жылы баста­лып, сол бойы тасталған. Енді Үкімет оны аяқтауға қаражат жоқ деп отыр. 

Жол учаскесінің ұзындығы 58 шақы­рымды құрайды. Оны күрделі жөндеудің бастапқы сметалық құны 13,2 миллиард теңге болған. Әйткенмен, оған респуб­ликалық бюджеттен 2021 жылы – 634 мил­лион, 2022 жылы – 975 млн теңге ғана бөлініпті. Берілген қаржыны толық игер­ген мердігер қаржылан­дыру болмаған соң жұмыс­тарды тоқтатты. 2023 жылы смета­лық құжатта­масына түзету жүргізіліп, мем­лекеттік сарап­таманың оң қорытын­дысы алынды. Қол қойылған қосымша келісімде көрсе­тілгендей, жобаның түзетілген құны 21,9 миллиард теңгеге дейін шарықтап кеткен. 

Сапалы және заманауи автожолдар ел үшін стратегиялық, орасан маңызға ие. Ол елдің экспортын арттыруға серпін береді. Экономикаға инвестициялардың тарты­луына септеседі. Үлкен жол бойындағы елді мекендер мен территорияларды өр­кен­детіп, әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға ықпал етеді. Жол құрылысы бүкіл ұлттық экономиканың драйвері саналады. Қазақ­стан бұрынғы экономикалық дағ­дарыс­­­тардың тұйығынан көбіне жол салу және онда мыңдаған жаңа жұмыс орнын құру арқылы шығып келді. 

Сарапшылардың байламынша, қазір жағдай өзгерген. Жол құрылысы жоба­ларына отандық компаниялар жіберіл­мейтін тәжірибе белең алған көрінеді. 

Сенатор Талғат Жүнісовтің айтуынша, шетелдік салушылар демпинг жасап, қазақстандық қарсыласын жығып кетеді. 

«Бұл мәселе депутат әріптестерім тара­пы­нан бірнеше рет көтерілді. Жатжұрттық мердігерлер көбіне битум, асфальт, ас­фальт­ты бетон, қиыршық тас, басқа да мате­риалдарға бағаны қасақана төмендетіп белгілеп, тендерге қатысады. Салдарынан бұл жағдайда терезесі тең бәсекелесе алма­сын, одан арзан материал таппасын біліп, отандық компаниялар конкурсқа қаты­судан бірден бас тартады. Немесе амалсыз одан да төмен баға ұсынуға мәжбүр бо­лады. Мұнысы жол сапасына теріс әсер етеді, жол құрылысы мерзімінде бітпейді. Салалық және мүдделі ведомстволар бірге отырып, алқа құрып, осы тығырықтан шығар жолды тапқаны жөн», – деді Сенат депутаты. 

Отандық компаниялар шетқақпай қалды

Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Роман Скляр еліміздегі автомобиль жолдары жобасын жүзеге асыруға отандық компаниялардың неге тартыла бермей­тінінің басты бір себебін атады. Бюджет қаражаты жетпегендіктен, ірі жобаларға негізінен халықаралық қаржы ұйым­да­рынан қарыз тартылады. Олар заем бере отырып, «оның қайтарымын қамтамасыз ету үшін» деген сылтаумен қосымша та­лап­тар қояды. Ол талабы жобаны орын­дауға шетелдік компа­нияны жұмылдыруға түрткі болады екен. 

– Республикалық жолдар желісінің жобаларына салынатын қаражаттың негізгі бөлігі – халықаралық қаржы инсти­­туттарынан алынады. Яғни, жол құрылысы және реконструкция жобаларының көбі солардың қарыз қаражатына жүзеге асы­рылады. Бұл ретте әлеуетті жеткі­­зушілерге қойылатын біліктілік талаптарын аталған қаржы ұйымдары төл ережелері бойынша өзі белгілейді. Нәтижесінде, бүгінде рес­публикалық маңыздағы жолдарда шама­мен 30 мердігер ұйым жұмыс істеп жатса, соның ішінде тек 13 компания ғана отан­дық, – деді бірінші вице-премьер.

Роман Скляр Президенттің тапсыр­масын орындау аясында Көлік министрлігі халықаралық қаржы ұйымдары (ХҚҰ) қаржыландыратын жобаларға отандық компаниялардың қатысу үлесін арттыру бойынша іс-шараларды қолға алғанын жеткізді. 

Ол қандай шаралар? Көлік министрлігі біріншіден, жол құрылысымен айна­­лысатын қазақстандық компаниялардың өкілдерін жиып, арнайы кездесу өткізіпті. Оның барысында салалық қауымдастық мамандарының қолдауымен конкурстарға қатысу шарттарын түсіндірген. 

Екіншіден, халықаралық банктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның ая­сында министрлік ХҚҰ-лардан отандық компаниялар үшін біліктілік талаптарын төмендетуді сұраған. ХҚҰ-лар өтінішті қанағаттандыра қойған жоқ, бірақ Қазақ­стан тарапының сұрауын ескеріп, квали­фикация бойынша талаптарын қайта қарау үшін сарапшы-консультанттарын жі­берген. 

Үшіншіден, ірі жобаларды жергілікті бір компания еңсере алмайтындықтан, әрі заманауи техникасы жетпейтіндіктен, екі және одан көп компанияны біріктіріп, кон­сорциумдар құру мәселесі пысық­та­лады. Сонда ғана жергілікті компаниялар талаптарға сәйкес келіп, шетелдік мер­­дігерлермен теңесе алуы мүмкін. Осы мақсатта роуд-шоулар жүргізілмек. 

Төртіншіден, шетелдік компанияларға Қазақстан да төл талабын қоюға ниетті: оларды қосалқы мердігер ретінде жер­гілікті компанияны тартуға міндеттейді. 

Бесіншіден, мемлекеттік Қазақ­­­стан­ның даму банкі мен одақтың Еуразиялық даму банкі қаражатына жүзеге асырылып жатқан «орташа жөндеу» жобаларына қа­зақ­стандық компаниялар көбірек қатысуы тиіс. Нәтижесінде, 5 мың шақы­рым жолды жөндеу арқылы жергілікті компаниялар әл-ауқат жиып, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді және болашақта ХҚИ-лар қарызына салынатын ірі жобаларға қатысуға күш-қуат жинайды.

Үкіметтің дерегінше, Президент тапсырған 12 мың шақырым автокөлік жолдарын жаңадан төсеу немесе жөндеу үшін шамамен 1 триллион теңге қаражат шығындалады. Оның бір бөлігі бюджеттен бөлінеді, үлкен бөлігі шетелден қарыз түрінде тартылады. 

Бұл жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі республикалық жолдардың үле­сін 93%-ға дейін жеткізуге тиіс. Осы қыруар қаражат жатжұрттық мерді­­гер­лермен бірге шетел аспай, негізінен ел ішінде қалса, қаншама бизнесменді байытып, оның жұмысшыларының әл-ауқатын көтерер еді. Қазақстандық өнім­дер мен материалдар сатып алынса, жап­­сарлас салалар дамитын еді. Мұның бәрі жаңа Үкіметтің пәрмен мен дәрмен таны­тып, тиімді қимылдауына тәуелді болып тұр.

Айхан ШӘРІП