Қураған жас көшетті бір аптаға жуық уақыт ішінде бастапқы қалпына келтірсе, ауруға шалдыққан жануарды кеселден айықтырған отандық өнім туралы естіп пе едіңіз?
Әсем Кенжебек, инвестициялық банкир, кәсіпкер: Әлемге әйгілі бірде-бір қазақша бренд жоқ
7,908
оқылды

Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар үшін егістіктен мол өнім алып, мал бағуда тиімді препаратқа айналған аграрлық биоқоспада мөлшері 60 пайыздан жоғары фульво қышқылы кездеседі. Бір қызығы, ел аумағында ғана емес, шетелден сұраныс артқан отандық өнімнің негізін қалаушы – қазақ қызы. Әлемдік биотехнология саласына өзгеріс әкелген алматылық кәсіпкер Әсем Кенжебек ауыл шаруашылығында қолданатын өнімдерді ғана емес, онымен қоса, адам ағзасына арналған биоқоспаларды қолданысқа енгізген. Ғылымдағы осынау айтулы жаңалықты естіген бойда кәсіпкердің өзімен кездесіп, отандық өнім, биотехнологияның дамуы мен қазір біз тұтынып отырған ет, сүт өнімдерінің сапасы туралы кеңінен әңгіме өрбіттік.

– Әсем ханым, сіз негізінен инвес­ти­ция­лық банкир әрі венчурлық инвесторсыз. Ра­сында қаржы саласы мен биотех­но­логияның арасы бір-бірінен алыс. Бұл ретте біз­де осынау бренд өнімнің авторы био­тех­нология саласына қалай бет бұрды деген сауал туындайды...

– Бұл кәсіпке келмес бұрын мен бан­кир ретінде банкте қызмет еттім. Кейі­ні­рек Гонконг қаласындағы әріптестермен бір­лесе жұмыс істеп, сол жақтан Қа­зақ­стан­ға көп инвестиция алып келу керек деп шештім. Гонконг – Азиядағы ең үлкен қар­жы орталығы саналады.  Сонымен Гон­конгтағы мамандармен жұмыс істеп жүрген уақытта тәжірибелі инвес­ти­ция­лық ортада жүрген банкирлермен кез­дес­тім. Мұнда әлемнің әр түкпірінен, соның ішін­де Жапония, Малайзия және тағы бас­қа мемлекеттен біршама жоба келіп жа­тады. Осыдан кейін мен инвес­тор­лар­дан кәсіби маман ретінде Қазақстанда қандай салаға көңіл бөлу қажет екені жай­лы пікірін сұрайтынмын. Біздің жері­міз өте бай, құнарлы болып келеді. Өз же­рімізде мал ұстауға болады. Ал мал шаруа­шылығы – біздің ата кәсібіміз. Олар негізінен ата кәсіпті ұстап тұру қажет екенін, экономикамыздың ең үл­кен драйвері – ата кәсіп екенін айтты. Дү­ниежүзі елдері тамақты бізден сатып алуы қажет. Қазақстанның экспорттық әлеу­еті не? Мұнайдан өзге тағы қандай әлеу­етіміз бар? Ұзақ ойлана келе мұның бар­лығын түсініп, іске асыру үшін бұрын­нан бар, бірақ қазір ұмытылған нәрсені ой­лап табу керек деген шешімге келдім. Шет мемлекеттердің тәжірибесін өз кө­зіммен көріп, аналитика жасау арқылы тү­сінгенім – Қазақстанда биотехнология то­лыққанды дамымаған. Біз шетелде гу­минді фульволық қышқылдың адамдарға, сон­дай-ақ зерттеу барысында оның өсім­дік пен мал шаруашылығында қол­да­ны­латыны туралы ақпаратты білдік. Алайда бұл маңызды ақпарат жөнінде Қазақ­стан­да көбі бейхабар. Қарап отырсаңыз, гу­мин­ді фульволық қышқылдардың бар­лы­ғы елімізде бар, сондықтан неге өзіміз іс­теп көрмеске деген ой  келді. Кейіннен өнім­нің формуласын шығарғымыз келді. Ба­залық принциптерді білеміз, дегенмен хи­мик-органик мамандардың көмегіне жү­гіндік. Олар жарты жыл бойы сан түрлі фор­муланы істеп көрді. Ғалымдар жаса­ған көлемі 5 литр немесе 10 литр болатын биоқоспаны алып, Алматы қаласының төңірегіндегі ауыл-ауылдарды аралап ке­тетінмін. Себебі формуланың қалай жұ­мыс істейтінін, қандай нәтиже беретінін тек­серемін. Кәсіп ашу алдында маман өні­мінің расымен пайда алып келетініне көз жеткізіп алуға тиіс. Биотехнологияға келуіме алдымен идея әсер етсе, екін­ші­ден, бұл салаға деген махаббат пен жа­­­­на­шырлық себеп болды деп ойлаймын. 

– Бүгінде сіз негізін қалаған отандық Al Karal биоқоспасының ауыл шаруашылығы үшін қандай маңызы бар? Бұл сүт пен ет өнімдерін пайдаланып отырған адам ден­саулығына кері ықпалын тигізбей ме?

– Биоқоспа адам денсаулығына еш­қан­дай кері әсерін тигізбейді. Өйткені бұл –  табиғи органикалық зат. Кейбір іс-шара­лар­ға барған уақытта адамдар «Өнім хи­мия немесе гормон емес пе?» деп сұрап жа­тады. Сол кезде мен халықтың көзінше мал­ға берілетін өнімді өзім ішіп көр­се­темін. Осыдан кейін ғана фермерлердің көзі жетеді. Ірі қара мал ұстайтын адамдар бұқаны бордақылаған уақытта жемнің интоксикациясы болуы мүмкін. Жем дұ­рыс сақталмағаннан соң көгеріп кетеді. Ал сол жемді малға бергенде, оның ішінде көп микотоксин болады. Интоксикацияға ұшы­раған мал ауырады, тәбеті де жоғалады. Одан кейін малды бордақылаған кезде ол салмақ қоспайды. Неліктен? Өйткені тәбеті жоқ малға қандай гормон қолданса да, одан ет алуы қиын. Ал біздің жем қоспа малдың ішкі құрылысын емдеп, қорек арқылы клет­каға барған токсиндерді сыртқа шығарып тастайды. Осының арқасында малдың тәбеті ашылып, денсаулығы түзеледі. Сәй­ке­сінше, мал салмақ қоса бастайды. Екін­ші­ден, үй жануарларында түрлі ауру түрі кездеседі. Мал сөйлей алмайды ғой, адамға өзінің ауруын айта алмайды. Сондықтан малға дұрыс диагноз қоя білу оңай емес. Көбіне мал іші кеуіп кеткен соң қырылып қалады. Осы уақытқа дейін бізге малдың үстінде қаптаған қотырлардың жоғалғанын, аяққа тұра алмай қалған бұзауларының ин­токсикациядан жазылғанын, тіпті іші кеуіп кеткен малын сойғалы жатқан адамдар жем қоспадан кейін оның аурудан айыққанын айтып хабарласты. Біздің өніміміз – биоқос­па ғана емес, ветеринарлық спектр. Қазір аталған биоқоспа елімізде ғана емес, әлем елдерінде қолданысқа енгізілген. Алайда Қазақстанда өндірілетін отандық өнімнің сапасы жоғары әрі бағасы қолжетімді болып шықты. Кейбір тұтынушылар биоқоспаны Ресейден, Белоруссиядан, тіпті Германиядан әкеледі. Бірақ шетелден әкелінген препарат­тардың бағасы салыстырмалы түрде елімізде өндірілетін биоқоспадан бірнеше есе қым­бат. Біз қолданып отырған шикізат Алма­тының тауларынан алынады. Леонардиттің түрі көмірге ұқсағанымен, ол жанбайды. Табиғаттағы пайдалы заттың барлығы лео­нар­диттің ішінде жиналған. 

– Отандық өнімге неліктен Al Karal деген атауды бердіңіздер? Бұл атау қандай мағына­ны береді?

– Біз өнімнің атауын маркетинг коман­да­мызбен бірге ойлап таптық. Біріншіден, био­қоспаның түсі қара. Сондықтан біз шы­ғаратын өнімнің атауында «қара» сөзі болуға тиіс деп ойладық. Онымен қоса, маркетолог­тар өнім атауы анықтамалықта және басқа да іздеу жүйелерінде алғашқы болып тұруы үшін А әріпінен басталуы керек деп кеңес берді. Сонымен командамен ақылдаса келе бас­тапқы сөзін «ал» деп қойдық. Толыққан­ды мағынасы – «ал да, қарал». «Қарал» де­ген сөзді өзіңе диагностика жаса, емдел де­­ген мағынада қолдандық. Алайда Қазақ­стан­да көбі мұсылман халық болғандықтан, кейбір адамдар биоқоспа атауын «Әл-Ка­рал» деп оқиды. Тұтынушылар осылай қа­был­­даған соң, біз де әркім өз ыңғайына қа­рай оқи берсін деп шештік. Бірі «Ал-Қа­рал» деп қазақ тілінде атаса, бірі «Әл-Карал» деп айтып жатады. Түптеп келгенде өнім атауы­ның дінмен ешқандай байланысы жоқ. 

Биоқоспадағы фульво қышқылының мөлшері – 65 пайыз

Онымен қоса, адам ағзасына арналған биоқоспаны да әзірледіңіздер. Гуминдегі ең пайдалы зат саналатын фульво қышқылы Ре­сей сияқты мемлекеттерде 20 пайыз бол­са, сіздің өніміңізде 65 пайыз мөлшерде кез­­­деседі екен. Бұл қышқыл неге әсер етеді?

– Фульво қышқылын химик-органик ма­мандар көлік құралдары  деп айтады. Бұл дегеніміз – фульво қышқылы адамның ағзасына барған соң іштегі пайдалы зат­тарды жинақтайды. Ал оны үлкен жыл­дамдықпен алып барады да клеткаға енгізеді. Одан кейін клетканы зерт­теп, оның ішінде кездесетін токсиндер, анти­биотиктің қалдықтары, уран сынды зиян­ды заттарды шығарып тастайды. «Әсем ха­ным, біз биоқоспаны ішкен соң терімізден дәрінің иісі шығады» деп айтқан тұтыну­шы­лар да кездесті. Ал мен: «Фульфо қышқылы антибиотикті шығарады деген кезде сіздер мұны толыққанды түсіне алмап едіңіздер. Ал сіз антибиотикті соңғы рет қашан қабыл­да­дыңыз?» деп сұрадым. Тұтынушы: «Үш жыл бұрын пандемия уақытында қабыл­да­дым» деп жауап берді. Көрдіңіз бе, сонда үш жыл бұрын қабылдаған антибиотиктің қал­дықтары адамның клеткасында әлі күнге дейін сақталып тұр. Ал фульво қышқылы сол антибиотиктің қалдықтарын тері арқы­лы сыртқа шығарады.

– Гуминді биоқоспаларда (Гуминовый БАД) леонардит бар. Леонардиттің өзі көбіне кен орнының жанында, үлкен үйінділерде кездеседі. Ал сіздер оны Алматы облысының тауларынан тапқан екенсіздер...

– Иә, Нарынқол – өте ескі кен орын­да­ры­ның бірі. Негізі леонардит көмірдің жо­ғарғы қабатында болады. Көбіне адамдар жо­ғарғы жағын қазып, алып тастайды. Се­бе­бі көмірді қажет ететін кәсіпкерлерге жо­­­­ғарғы бөлігінің аса қажеті жоқ. Біз не­лік­тен ескі кен орындарын іздедік деген сауал­ға жауап берейін. Мысалы, Теміртау, Қара­ған­ды секілді аймақтарда орналасқан кен орындарын қазған сайын, оны үсті-үстіне төге береді. Жерде жатқан заттың радиация­сы жоғары болып келеді, яғни жердің өзінің радиациясы болады. Біздің ескі кен орын­да­рын іздеу себебіміз де сол, мұнда радиация ұшып кетеді. Нақтырақ айтсам, жел соғып, жаң­быр жауған уақытта оның барлығы та­биғи тотығу арқылы жоғалып кетеді. Біз Ор­та­лық, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан өңір­л­ерінен, Семейден көптеген кен орнын қа­рап көрдік. Алайда барлығының дерлік радионуклидті анализ көрсеткіші жоғары бо­лып шықты. Ал радиацияның жоғары болуы – өте қауіпті. Кейіннен Нарынқол об­лы­сындағы Ойқарағай кенішінің иесі Ләз­зат ханыммен өте жақсы тіл табыстық. Мен Ләззат ханымға өзімнің қандай идея­мен келгенімді айтқан кезде, леонардитті сол кен орнынан алуымызға қарсылық та­ныт­пай, керісінше барынша қолдау таныта білді. Сол уақыттан бері екеуміз жақсы се­рік­теске айналдық. Әйелдер бір-бірін үнемі қол­дап жүруі маңызды. 

100-ге жуық адамға эксперимент жасадық

– Бүгінгі медицина және дәрі-дәрмек саудасы гуминді биоқоспаларда кездесетін лео­нардитті қаншалықты талапқа сай қол­данып келеді? Халықтың бұл өнім жөнінде сауаты қалыптасқан ба?

– Негізі, фульво қышқылын тек лео­нар­диттен ғана емес, шымтезектен де (торф) жа­сайды. Мәселен, ресейліктер көбіне фу­ль­во қышқылын шымтезектен алады. Шы­нын айтсам, шымтезектен істелген өнім­дер­дің көбіне иісі нашар болып келеді. Лео­­нардит – құнарлы, таза. Сондықтан фу­льво қышқылын леонардиттен алғымыз келді. Алғашында бізде Қазақстанда БАД шығару туралы ой болған жоқ. Осылайша, мен адамдарға арналған формула жасайық деп ғалымдарға ұсыныс білдіріп, тапсырыс бердім. Ғалымдар формуланы істеді, бірақ бас­тапқыда өнімді сынақ ретінде өзіміздің әріптестерімізге, жанұямызға ұсындық. Одан кейін достарымызға бердік, осының ар­қасында өнім көпшілік ортаға тарала бас­тады. Биосқоспаны ресми түрде жарыққа шы­ғарғанға дейін шамамен 100-ге жуық адам­ға эксперимент жасап көрдік. Өнім өз пай­дасын берген соң тұтынушылардан ал­ғыс ести бастадық. Кейін достарымыз біз­ден өнімді нарыққа шығаруымызды, тіпті өз жақындарының тарапынан да сұраныс артып жатқанын айтып хабарласты. Тағы бір маңызды жайт, өнімді шетелден әкел­ген­дер жақсы бағаға сатқанымен, мөлшері 100 мл ғана болып келеді. Ал біз препаратты тура сол бағада, бірақ бір айда екі адамға же­тетіндей мөлшерде шығардық. 

Биоэкономика – біздің келешегімізге айналады

– Леонардиттің пайдалы өнім екенін осыдан 70 жыл бұрын Кеңес Одағының ғалымдары ойлап тапқан екен. Тіпті, қазір әлем­нің дамыған елдерінде қолданысқа еніп үл­гер­ген. Өз жерімізде осынау байлықты жыл­дар бойы иеленіп жатсақ та, неліктен бұл бізге кеш жетті?

– Отандық өнімнің сапалы шығуының бір себебі – құнарлы шикізат. Екіншіден, бұл біздің ғалымдарымыздың «ноу-хауы». Био­қоспаларымыздағы фульво қышқы­лы­ның мөлшері – 65 пайыз. Қазір дүниежүзі елдерінде өндірілетін биоқоспаларда фул­ь­во қышқылы 20-30 пайыз кездеседі. Өкі­нішке қарай, елімізде үлкен аграрлық уни­вер­­ситеттер жұмыс істейді, бірақ ауыл ша­руа­­шылығы саласында мамандар тапшы. Екін­шіден, аграрлық университетте оқитын сту­денттердің 80 пайызы – медициналық уни­верситетке түсе алмаған балалар. Олар аг­рар­лық оқу орнына агроном немесе вете­ри­нар боламын деп емес, диплом үшін ба­ра­ды. Меніңше, елімізде аграрлық сала мен биоэкономика, биотехнологияның маңызы тура­лы пропаганда жоқ. Біз секілді компа­ния­лар мен кәсіпкерлер көпке үлгі болуы­мыз қажет. Осы салада өз кәсібін қорықпай бастап көруге ұмтылатын жастар көбеюі ке­рек деп ойлаймын. Жаңа өнімдер шық­сын, нарыққа келсін, себебі ол бәрімізге же­те­ді. Бүгінде біз өз өнімдерімізді экс­порт­қа шығарып отырмыз, демек биотех­но­ло­гияның әлеуеті жеткілікті. Расында Қа­зақ­стан­да жас ғалымдардың идеялары жақсы бол­ғанымен, олар идеяны бірлесе іске асы­­­ратын кәсіпкерлерді таппайды. Сон­дық­тан биотехнология саласында жүрген кей­бір ғалымдар кәсіпкер таппағандықтан шетел асып кетіп жатады. Елімізде кәсіп­керлер мен ғалымдар бірлесіп атқарған жо­­ба­лар көбейген сайын жас буынның да қы­зығушылығы артар еді. Халыққа ата кә­сіп – біздің келешегіміз екенін ұғынд­ыруы­мыз тиіс. Қазір дүниежүзінде ашаршылық белең алды. Қандай да бір экономикалық форумға бара қалсаңыз, жиында әлемдік ашаршылық туралы мәселе қозғалады. Әлем­дегі алпауыт мемлекеттер соншалықты да­мып отырса да, өздері тамақ шығармайды. Се­бебі жер жоқ. Біздің жеріміздің кеңдігі сон­ша, әлемде тоғызыншы орынды ием­де­ніп отырмыз. Тіпті, жерімізде Менделеев кес­тесіндегі біршама элемент кездеседі. Не­­ліктен осындай мүмкіндіктің бәрін іс жү­зінде пайдаланып, дүниежүзі елдері өнім­ді бізден сатып алатындай деңгейде био­тех­нология саласын дамытпасқа?! Биоэ­ко­но­ми­ка – біздің келешегімізге айналады деп ойлаймын. 

– Білуімізше, Al Karal өнімінің өсім­дік­терге арналған түрі бар. Оның құрамын қалай ой­лап таптыңыздар?

– Органикалық тыңайтқыштың базасы гу­минді фульво қышқылынан тұрады. Мұ­ны барлық препаратқа қолданамыз, бірақ фор­муласы әртүрлі. Мәселен, өсімдікке арнап жасалған өнімді адамға беруге бол­май­ды немесе жануарға арналған биоқос­па­ны адам іше алмайды. Біз тыңайтқышқа өсім­дікке қажетті микроэлементтерді қоса­мыз. 

Макдональдс ет өндірісіндегі антибиотикке байланысты нарықтан кетті

– Еліміздегі ет, сүт өнімдерінің сапасы та­қы­рыбына ойыссақ. Сұхбаттарыңыздың бірін­де қазір Қазақстанда ет, сүт өнімінің құра­мындағы антибиотикті тексеретін бірде-бір лаборатория жоқ екенін айтып қалдыңыз. Бізде мұндай зерттеумен айналысатын кадр­лар тапшы ма, әлде ғылыми тәжірибеміз жет­пей ме?

– Расында қазір адам денсаулығын тек­серуге арналған лаборатория көп. Қаланың әр бұрышында орналасқан медициналық орталыққа барып, қан тапсырып, сараптама қорытындысын ала аласыз. Кәсіп иелері ма­ман тапты, сондықтан ісін күнделікті жүр­гізіп отыр. Меніңше, ет құрамындағы ан­­­тибиотик мөлшерін анықтайтын лабо­ра­торияларды ашуға болады, дегенмен мем­лекет тарапынан ұсыныс болуға тиіс. Ұсы­ныс болса, оны жүзеге асыратын кә­сіп­­­керлер де табылады. Ет сапасын анықтайтын ла­бо­ра­­тория бізге өте қажет. Сонымен қоса, өнім­ді тексеретін лабораториялар сер­ти­фи­каттаудан өтуге тиіс. Бір кәсіпкер бұл істі қол­ға аламын десе, әрі қарай дөңгелете ала­ды. Қазақстанда мұндай лабораториялар кө­бейсе, тиісінше сапамыз өседі деп ой­лай­мын. Мәселен, мен дүкеннен ет сатып алған соң оның құрамын тексеріп көргім келді делік. Еттің бір бөлігін алып лабораторияға апа­рамын. Қазір Ресейде экспресс тесттер бар. Экспресс тест арқылы мен үй иесі ре­тін­­де еттің құрамындағы антибиотик мөл­ше­рін өз үйімде тексеріп көре аламын. Ал еттің сапасы нашар болса тұтынушы наразылық танытады, сондықтан аталған кәсіп жолында жүрген мамандар тұтыну­шы­ның сұранысына сай жұмыс істей бас­тай­ды. Егер өнімнің сапасына ешкім мән бе­ріп қарап жатпаса, кәсіпкерлер дайын мөр­ді қойып, нарықта алаңсыз жүре алады. Білесіз бе, былтыр Макдональдс компания­сы Қазақстаннан кетіп қалды. Әйгілі брен­д­тің елден кетуіне себеп – ет өндірісіндегі ан­ти­биотик еді. Бұрын олар етті Ресейден ала­тын еді, өкінішке қарай, Қазақстаннан ет құрамында антибиотик нормасы төмен өнімді таппаған. Компания қазір Ресеймен жұ­мыс істей алмайды, сондықтан Қазақ­стан­нан кетіп қалды. 

– Антибиотик демекші, мамандар етті қайнатқан кезде оны салынған химиялық дә­рі­лерден тазарту үшін бірінші қайнаған суын төгіп тастауға кеңес береді. Кейде етті алды­мен тұздап алып жатамыз, ал одан су шығады. Бұл да антибиотиктен тазартудың бір әдісі ме?

– Иә, етті тұздау өте дұрыс әдіс дер едім. Тұз ет құрамындағы токсиндерді  шығарып жі­береді. Кезінде қазақтар мұның сырын жақ­сы білген. Сапалы ет тұтыну үшін не іс­тей­міз деп сұрайтындар үшін, үйде ет ас­қан уақытта бірінші қайнаған сорпаны төгіп тас­тауға кеңес берер едім. Ал антибиотикті не үшін қолданады? Кез келген жерде са­ни­тарлық норма ережелері бар. Өкініштісі, мал ауруының асқынуына көбіне қара­пайым санитарлық нормаларды сақтамау се­беп болады. Сосын мал қырылып қал­масын деп ауырып тұрған жануарға ан­ти­биотик береді. Антибиотик ет, сүт арқылы біз­дің ағзамызға барады. Неліктен пан­де­мия уақытында көп адам қырылып қал­ды? Әр жанұяда бір жақын адам қайтыс бол­ды. Мұндай уақытта адамға анти­био­тик салса ол жұмыс істемейді. Себебі адам ағ­за­сында антибиотикке төзімділік (ре­зис­тентность) бар деген сөз. Өкінішке қа­рай, ағза антибиотик қабылдамаған­дық­тан адамның демі бітіп, көз жұмады. Тіп­ті, бүгінде антибиотикке төзімділік ба­ла­лар арасында жиі кездеседі. Мұның не­гізгі себебі  күнделікті тұтынып отырған ет, сүт өнімдерінің сапасына келіп тіреле­ді. 

– Қазір әлемде қазақстандық гумино/фульволық қоспаға деген сұраныс артқан. Гуминді қоспаларды өз елімізде өндіріп, шетелге экспорттау ойыңызда бар ма?

– Біз қазірдің өзінде шетелге экспорт жа­сап отырмыз. Олардың ішінде көр­ші­лес Өзбекстан, Қырғызстан, Дағыстан, Баш­құртстан, Татарстан, Тәжікстан сияқ­ты мемлекеттер бар. Сондай-ақ Қытаймен ара­да үш меморандум жасақталды. Бүгін­де отандық өнімге Вьетнамнан қызығу­шылық танытып отыр. Зауытымыз ашыл­ған уақытта Бразилия мен Аргентинадан, Гол­ландиядан кәсіби мамандар Қазақ­стан­ға келуді жоспарлады. Өйткені дү­ние­жүзінде биотехнологияға сұраныс мық­ты. Шетелдіктер біздің препараттарды өз өкілдері арқылы алғызып, лабора­то­рияда анализден өткізіп, нәтижесінде қа­зір отандық өнімді сатып алуға ниет та­нытып отыр.

Бірде-бір брендіміздің болмағаны өкінішті

– Әсем ханым, Алматы қаласын Орта­лық Азияның биотехнологиялық орта­лы­ғына айналдыра аламыз ба? Бұл деңгейге жету үшін мемлекет неге назар аударуға тиіс?

– Алматы қаласын Орталық Азияның био­технологиялық орталығына айнал­дыру – менің арманым. Мұндай қадамға бару үшін мемлекет тарапынан жеткілікті қолдау көрсетілуге тиіс. Гранттар бөлінуі қажет. Ең маңыздысы, мұндай гранттарды біз сияқты кәсіпкерлер арқылы беруі қа­жет. Яғни, грантты тек зерттеп қана қой­май, коммерциализация жасайтын ма­ман­дарға берілуін қадағалау маңызды. Ме­ніңше, қоғамда «биоэкономиканы өсі­реміз» деген үлкен тақырып пайда бол­уы қажет. Тағы бір айтарым, биотех­но­ло­гия саласын дамыту үшін жаңа бір зат­ты ойлап табудың қажеті жоқ. Қазір әр мем­лекеттің өзіндік үлгілері бар. АҚШ био­технологияға қалай қадам басты, ал Үн­ді­стан мен Сингапур ше? Дамыған ел­дер­дің тәжірибелерінен ең жақсы тұс­та­рын алып, біздің мемлекетке енгізу қа­жет. Онымен қоса, мемлекет журна­лис­тер­ді, медиа мамандарды шақырып, био­технологияның қоғамда кеңірек на­си­хатталуына көңіл бөлуге тиіс. Сөздің шы­­нын айтқанда, ауыл шаруашылығы – біздің драйверіміз деп сөзбен әрлеге­ні­мізбен, іс жүзінде еліміздегі нәтиже көңіл көн­шітпейді. Біз бай мемлекетте тұрамыз, адами ресурстарымыз да жеткілікті. Неліктен отыз жылда әлемге танымал бірде-бір қазақстандық бренд жоқ? Осы уақытқа дейін Қазақстаннан шыққан әй­гілі бренд туралы естіп пе едіңіз? Бүгінгі заманның жастарына мотивация қажет. Олардың өзіндік миссиялары болуға тиіс. Біздің компаниямызда жұмыс істейтін мамандардың дені – жастар. Қазір олар­дың мықтап кірісіп отырған миссиясы да сол – Қазақстаннан шыққан брендтің бас­тапқы сатысында тұрған командасы болу. Біз шығарған өнімнің негізгі қос­па­лары толыққанды отандық өнім деп айту­ға келеді. Дүниежүзінде Al Karal жайлы айтыл­ғанда, шетелдіктер Қазақстан деп еске алатындай деңгейге жеткіміз келеді. Жер шарында кішкентай ғана аумақты алып жатқан қаншама мемлекет өз бренд­терін шығарып, күллі жаһанға танытып отыр. Еліміз осынау кең аумақты иеленіп жат­са да, осы күнге дейін әлемге әйгілі бір­­­де-бір брендіміздің болмағаны өкініш­ті. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Ісіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ