Өйткені Нұрқанат Серікбаев пен Мағжан Шамшадин де оңай шағылар жаңғақ емесін дәлелдеп жүр. Десе де, бұл шайқастың нәтижесі Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатынан кейін белгілі болмақ. Ал оған дейін 10-12 мамыр күндері елордадағы «Үлкен дулыға» бәсекесі күтіп тұр. Бәйге алдында ел мақтанышымен сұхбаттастық.
– Төрткүл дүние көз тігетін додаға 2,5 ай уақыт қалды. Елдос Сметов Олимпиадаға дайын ба?
– Баға берер болсам, толық дайынмын деп ойлаймын. Физикалық, психологиялық тұрғыда өзіме көңілім толады. Ал техника жағынан енді-енді қалыпқа келе бастадым. Меніңше, психология тұрғысынан Олимпиада аурасы қысып, мысы баспайды. Өйткені бұл менің үшінші олимпиадалық циклім. 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатыса алмай қалдым. Рио мен Токио Олимпиадасында татамиде өнер көрсетіп, жүлдегерлер мінберіне көтерілдім. Алтынның оң жағынан да, сол жағынан да қарап көрдім. Енді чемпион тұғырына шығатын бір ғана баспалдақ қалды. Адам алдына мақсат қойып, қандай да бір қиындыққа мойымай, шыдам танытса жеңіске жетпей қоймайды. Менің спорттағы түйгенім – осы. Алдымнан кезіккен сәтсіздікті жігерлендіру ретінде қабылдап, оған мойымай, күресе түстім. «Қандай да бір нәрсені қатты жақсы көрсең, сонымен сыналасың» деп жатады. Мен спортты, соның ішінде Олимпиада ойындарын сүйемін. Еліміздің атын шығарсам, Әнұранын әуелетсем деймін. Қазақтан шыққан дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атансам деген бала күнгі арманым бар. Елордадағы бәсеке алдында оқу-жаттығу жиындары Жақсылық Үшкемпіров ғимаратында өтіп жатыр. Көзі тірі кезінде Жақсылық атамыз тілек айтып, Рио мен Токио Олимпиадасына аттанарда батасын беріп, «артымнан ізімді басқан, Олимпиада чемпионын көрсем» деп тілегін айтқан еді. Сол сөзі әлі санамда жаңғырып тұр. Дзюдодағы мансабымды аяқтамай, спортта ұстап тұрған бірден бір дүние – атамыздың арманы. Менің де қалауым осы. Сондықтан артқа шегінер жөнім жоқ. Түбіне жетпей қоймаймын деп уәде бергенмін. Бұйырса, Олимпиаданың алтынын аламын деген ниетім бар. Тыңғылықты дайындық үстіндемін. Жалпы, ересектер құрамасы сапында жүргеніме 15 жыл уақыт болды. Иә, біршама жарақат кедергісін келтірді. Олимпиадамен қатар еліміздегі Grand Slam додасына да дайындалып жатырмын. Бұған дейін 2015 жылы Астанада әлем чемпионы атанып едім. 9 жылдан кейін қайта елорда төрінде күресемін. Сәтін салса, рейтинг ұпайын алып, ел үмітін ақтауға барымды саламын.
– Сонда жарақатыңыздан толық жазылдыңыз ба? Азия чемпионаты алдында «белдесуге 70-80%-ға дайынмын» дегенсіз.
– Ташкент қаласында Әлем біріншілігінде белдескенімде иығымдағы жарақатпен күрестім. Көп уақыт бойы мазалап жүрген жарақат. Мұны сезінетін де, түсінетін де өзім. Сондықтан халық алдына шығып, «иығымдағы жарақатқа байланысты ұтылдым» деп жар салып айта алмаймыз. Көптеген жарысқа дайынмын деп барамын, бірақ екі-үш белдесуден кейін шабуыл жасайтын кезде жарақатым күресуге мұрша бермейді. Қазір толыққанды жазылдым деп ойлаймын. Жарақатым аса қатты мазаламайды. Әрине, микрожарақаттар бар. Татами төрінде ел намысы үшін күрескеніңде микрожарақатты ұмытасың. Не боларын алда көреміз. Бастысы, қандай жағдайда да жаттығу жасаймын. Үйде болсам, күніне бір рет, оқу-жаттығу жиыны кезінде екі рет жаттығамыз.
– Ал сіздің «Олимпиада алтынын алсам» дейтін арман жолында басқа дзюдошы «жанып» кетпей ме?
– Спорт бәсекесінде «інім бар, ағам бар, жол беру керек» деген жоқ. Біріншіден, кім мықты, сол додаға қатысуы керек. Екіншіден, мен лайық емес болсам, дайын емес болсам, өзім-ақ бас тартамын. Егер мүмкіндігім бар екенін сезінсем, соңына дейін күресемін. Қазір мүмкіндігім бар екенін сезінгеннен, әлі күнге спорт саласында жүрмін. Артымнан өсіп келе жатқан інілеріме сәттілік тілеймін, соңына дейін күресіп, мықты екенін дәлелдесін. Күні ертең Астанадағы жарыс, одан кейін Әлем біріншілігі күтіп тұр. Сонда топ жарып тұрса, менен бір бас жоғары екенін дәлелдеп тұрса, онда ешқандай реніш жоқ. Өз басым қолдау көрсетемін, қолымнан келген көмегімді аямаймын. Психологиялық, техникалық тұрғыда да, жаттығу барысында да оларға білгенімді үйретемін. Бәсекеге келсек, құрамада жүргенім оларға зиянын тигізбейді. Пайдам тимесе, зияным тимейді. Әлемдік додаларды көрген соң, тәжірибеммен бөлісемін. Ағалық көмегімді аямаймын.
– Алдағы БАӘ-де өтетін Әлем біріншілігіне жолыңыз түсе ме?
– Наурыз айында Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі Grand Slam-да топ жарды. Күні кеше Мағжан Шамшадин Душанбедегі Grand Slam-да күміс жүлдегер атанды. Алда Астанадағы Grand Slam бар. Бұйырса, осы турнир қорытындысы бойынша әлем чемпионатына баратын дзюдошы анықталады деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, бәсеке жоғары. Бәсеке арқылы ғана биік тұғырдан көріне аламыз.
– Сіздіңше, 60 келі салмақта үздік төртікке кіретін балуандар кім?
– Бірден айтайын, қарсыласымды ыңғайсыз не оң жамбасқа келетін деп бөлмеймін. Дайындыққа ғана мән беремін. Бабымда болсам, ешкімге дес бермесімді білемін. Жеребе қалай түсетіні, кім қарсылас болатыны маңызды емес. Тонуста болып, татами үстінде мүдірмей өнер көрсетуім маңызды. Қалғанына бас ауыртпаймын. Екі Олимпиадада жиған тәжірибем бойынша, адам қаншалық тыңғылықты дайын болады, соншалық жемісін жейді. Соған анық көзім жетті. Өйткені Токио олимпиадасына жеребе ауыр түсті. Бірінші белдесуде түрік балуаны, екіншісінде корей балуаны, ақтық айқасқа жолдама алуы үшін Такатомен шықтым. Төрт фаворит бір топқа түсіп қалдық. Сол сияқты кімнің бағы жанады, бабы шауып тұрады сол жеңіске жетеді. Өйткені Такатомен белдесуімде «әттең-ай» дейтін жерім қалған жоқ, барымды салдым. Олимпиада алтынын алуға үш мүмкіндігім болды. Мүмкіндігімді уыстан шығарып алдым. Ал уыстан шықпайтын мүмкіндікті жіберіп қойдым. Осы салмақтағы мықтыларға келсек, жапон Рюдзю Нагаяма, француз Лука Мхеидзе, испан Франсиско Гарригос, Тайбэй балуаны Янг Юнвэй көш бастап тұр. Алдағы додаларда бәріне сәттілік тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Астанада дзюдодан өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында Елдос Сметов қола медаль жеңіп алды.