Ол қабылданатын заңдардың құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарын болжай алуға қабілетті ме – осы жайында аз-кем сараптап көрген едік.
1 трлн доллардан аса инвестиция салынбақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландырудың стратегиялық маңызын атап өтіп, жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы IT салада озық ел болу мақсатын қойды. Президент бастамасы бірқатар нақты үкіметтік бағдарламада жалғасын тапты. ЖИ саласын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы оны енгізудің қазіргі жағдайы мен бағыттарын егжей-тегжейлі сипаттайды. Әзірлеушілердің ойынша, осы тұжырымдаманы іске асыру 2025 жылға қарай суперкомпьютердің іске қосылуына және 2029 жылға қарай ЖИ технологияларын пайдалана отырып көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 20%-ға дейін өседі деп күтіледі. Бұл мақсаттар мемлекеттік қызметтің басқа салаларын цифрландыруға бағытталған күш-жігермен тікелей байланысты.
Парламенттік қызметті цифрландыруға бизнес-процестердің реинжинирингі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен ары қарай интеграциялаумен, E-Parlament бірыңғай платформасын құруға бағытталған ҚР ПІБ Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы мамандары қызметі ЖИ-ді енгізу бойынша жалпыұлттық стратегиямен үйлеседі.
Жақында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Президент ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономика мен өмір салтын тез өзгертіп жатқанына тоқталып, Қазақстанның технологиялық және ғылыми-инновациялық егемендігін нығайту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ЖІӨ-нің 7%-на дейін қамтамасыз етеді, ал 2027 жылға қарай ЖИ жаһандық нарығын капиталдандыру 400 млрд доллардан асады. Бұл перспективалар ЖИ дамытудағы әлем елдері күш-жігерінің маңызын көрсетеді.
Жаһандтық трендтен үйренеріміз көп
Заңнамалық қызметте ЖИ-ді қолдану – жаһандық тренд. Мәселен, Бразилияда толығымен ЖИ әзірлеген заң қабылданды, бұл оның заң шығарудағы рөлі туралы кең пікірталас тудырды. Бұл мысалдар ЖИ деректердің үлкен көлемін және қолданыстағы заңнаманы қысқа мерзімде талдай отырып, заң шығару процесінде күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді, бұл мұндай технологияларды жаһандық деңгейде құқықтық жүйелерге біріктірудің өзектілігі мен маңызын тағы бір рет көрсетті. Алайда заң шығару процесінде озық цифрлық технологиялар мен ЖИ құралдарын пайдалану заң шығарушы органның классикалық міндеттерімен қатар жүруі керек екенін атап өткен жөн.
Парламент үш негізгі функцияны орындайды: өкілдік, бақылау және заң шығарушы. Қазір цифрлық күш-жігер негізінен өкілдік функцияны дамытуға, атап айтқанда, көшпелі кездесулер арқылы Парламенттің халықпен өзара іс-қимылын құруға, азаматтарды қабылдауды цифрландыруға және Парламенттің интернет-ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы бизнес-процестерді жетілдіруге, сондай-ақ бейнеконференциялық байланыс орнату мақсатында онлайн платформаларды пайдалануға бағытталған.
Бұл ретте ЖИ-ді заң шығару процесіне енгізу дәстүрлі жұмыс әдістерін түбегейлі өзгерте алатын айтарлықтай әлеуетке ие. ЖИ-дің толыққанды интеграциясы заңнамалық қызметтің сапасы мен тиімділігін жақсартып қана қоймай, сонымен қатар депутаттарға бюрократиялық жүктемені едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл заң шығарушыларға заңнаманы дамытудың стратегиялық аспектілеріне назар аударуға және қоғамдағы тез өзгеретін сын қатерлерге тез, тиімдірек жауап беруге жол ашады.
Сонымен қатар ЖИ заң жобаларын, терең негізделген және сенімді деректерді әзірлеуді қамтамасыз ете отырып, деректерге талдау жүргізу барысында Парламенттің ұстанымын едәуір нығайта алады. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы шеңберінде заңнамалық процестің сапасы мен тиімділігін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз.
Жетекші Батыс елдерінің заң шығарушы органдары үшін практикалық нұсқаулыққа айналған «Ақылды парламенттер. Деректерге негізделген демократия» атты кітапта қазіргі уақытта заң шығару процесіне ЖИ технологиясын енгізудің 31 құралы әзірленгені көрсетілген. Парламентаризм институты олардың үшеуін зерттеумен белсенді айналысады.
Біріншісі – ЖИ-ді құқықтық сараптама үшін қолдану. ЖИ алгоритмдері деректердің үлкен көлемін талдайды, заң жобаларындағы қайшылықтарды анықтайды, оларды қолданыстағы заңнамамен және халықаралық стандарттармен салыстырады. Бұл заң жобаларын әзірлеудің сапасын арттырады және заңдарды сараптауға жұмсалатын бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдей отырып, заңды қателіктердің алдын алуға көмектеседі. Мысалы, 2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі НҚА жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптау жүргізу үшін ҚҚС-сыз 2,4 млрд теңге, ал «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ 1,5 млрд теңге бөлді.
Екіншісі – деректерді талдау негізінде құқықтық сала үшін болжамдар әзірлеу. Үлкен деректер мен аналитикалық құралдарды пайдалану белгілі бір заңның қабылдануының ықтимал салдары, оның экономикаға, әлеуметтік салаға және азаматтардың өміріне әсері туралы құнды болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл депутаттарға неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Үшіншісі – заңнамалық мәтіндерді құру процесін автоматтандыру. Заманауи технологиялар заң жобаларының мәтіндерін әзірлеу кезінде қол еңбегін және «адами факторды» азайтуға көмектеседі.
Автоматтандырылған жүйелер заң жобаларын құрылымдайды, олардың заң техникасының стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етеді және заң жобаларын дайындау процесін жеделдететін және олардың сапасын арттыратын барлық қажетті заң элементін қамтиды.
Заң шығару процесіне «ескі» көзқарастың тиімсіздігінің жарқын мысалы ретінде Су кодексінің жобасымен жұмысты келтіруге болады, оның бастапқы талдауы 70-ке жуық тұжырымдамалық ескертуді, заңға тәуелді актілерді пысықтаудың жоқ екенін және қолданыстағы конституциялық нормаларға қайшы келетінін анықтады.
Су кодексінің жобасы уәкілетті органдардың функцияларын нақты ажыратуды қамтамасыз етпейді және су шаруашылығын реформалау үшін инвестициялар тартудың қазіргі заманғы тетіктерін қоспағанда, ескірген тәсілдерге сүйенеді және Конституцияның талаптарын ескермеген. Кодекстің ойластырылмаған құрылымы және Су және Экологиялық кодекстер арасындағы нормалардың қайталануы су ресурстарын тиімді басқаруға кедергі келтіре отырып, құқықтық белгісіздікті күшейтеді. Бұл ретте Су кодексін әзірлеу екі жылға созылғанын еске саламыз.
Киберқауіпсіздік мәселесін де ұмытпаған жөн
Қазір Парламентаризм институтында заң шығару процесіне ЖИ-ді енгізу бағыттары мен құралдарына қатысты нақты көзқарас қалыптасқан.
Тұжырымдамалық деңгейде заң шығару процесіне ЖИ-ді енгізу келесі элементтерді қарастыруы керек: тиісті стратегияны әзірлеу, басымдықтарды белгілеу, оқыту, енгізу процесінің өзі, басқару.
Заң шығару процесіне ЖИ-ді толыққанды енгізу үшін бірыңғай оператор құру қажеттілігі бар. Бұл оператор ЖИ құралдарын әзірлейді, тиімді енгізеді және құқықтың әрбір саласы бойынша оқытуды жүзеге асырады. Қазір институт қажетті ресурстарға ие және осындай оператор ретінде қызмет көрсетуге дайын. Аталған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау биылға жоспарланған.
Дегенмен цифрлық технологияларды кеңінен енгізумен байланысты белгілі бір тәуекел бар. Киберқауіпсіздік мәселелері ерекше назар аударуға тұрарлық. Мемлекеттік жүйелерге техникалық қолжетімділік елдің де, азаматтардың да қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Қазақстан метадеректерді сақтауға қатысты тұжырымдамалық шешім қабылдауы қажет. Деректерді физикалық серверлерге орналастыру айтарлықтай қаржыландыруды қажет етеді, ал бұлтты сақтау жеткілікті сенімді болмауы мүмкін.
«Қадағалау» және «Төрелік» сияқты мемлекеттік ақпараттық жүйелерге ЖИ-дің шектеулі қолжетімділігімен, сондай-ақ ақпаратты тиімді өңдеу үшін ЖИ мүмкіндіктерін шектейтін тіл өрісінің дамымаған/тарлығымен байланысты техникалық тәуекелдер де бар.
Қазіргі жағдайды ескере отырып, қысқамерзімді перспективада тез енгізуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған тұжырымдамалық шешімдер қабылдау арқылы «жылдам жеңістер» стратегиясына назар аудару маңызды.
ЖИ заңнамалық процесті өзгертуге, жұмыстың дәлдігін едәуір жақсартуға және заң жобаларын әзірлеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. ЖИ-ді пайдалану сонымен қатар елдің құқықтық жүйесіне заңнамалық бастамалардың жоғары сапасы мен негізділігін қамтамасыз ете отырып, өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік береді.
Қазір Парламент пен МТҚБ мамандары бұл мүмкіндіктерді белсенді талдауда және бағалау жұмыстарын іске асыруда.
Шолпан САЙМОВА,
ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы
Парламентаризм институтының
Жария заңнама орталығының басшысы,
PhD докторы