Үлкен нарық – экономиканың алға жылжуына, өндірістің өркен­деуі­не негізгі фактор. Ал Қазақстан үшін оған қол жеткізудің бірден-бір амалы халықаралық көлік дәліздерін құру екені сөзсіз.
Транзит ел әлеуетін арттырады
1,548
оқылды

Тәуелсіздік ал­ғалы еліміз осынау бір күрделі миссияның үддесінен шығуды көздеп ке­леді. Нәтижесінде, кезінде бір-бірімен тікелей байланысы жоқ ай­мақтар арасында бүгінде тарам-тарам жол желісі орнады.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қа­зақ­­­станның экономикалық бағдары» ат­ты Жолдауында көлік-логистика са­­ла­сының әлеуетін толық пайдалану стра­тегиялық маңызы бар міндеттің бірі екенін атап өткен болатын. «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қа­лыптасып жатыр. Қытайдан Еуро­паға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты бай­­ланыстыратын жаһандық жолай­рық­та орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы эко­но­ми­ка­мызды алға бастайтын басты күштің бі­ріне айналуға тиіс», – деді Пре­зи­дент.

Қазір халықаралық деңгейдегі ірі жобалар арқылы еліміздегі темір­жолдардың өткізу қабілетін арттыру жоспарланған. Бұл отандық жүк тасы­малдау көлемін және Қытайдан Еуро­­паға транзитті ұлғайтуға мүм­­кіндік береді. Мәселен, «Достық – Мойын­­ты» учаскесінде екінші жол салу бойынша ірі теміржол жобасы учаске­­­нің өткізу қабілетін бес есе, ал Қытай мен Еуропа арасындағы та­сымалдау жылдамдығын күніне 1,5 мың шақы­­рымға дейін арттырады. Көлік ми­­нистр­­­­­лігінің мәлімдеуінше, 2023 жылы Қазақстан мен Қытай ара­­сында­­­­­ғы теміржолмен жүк тасы­малы­­ның көлемі 28,3 млн тон­надан асып, 22%-ға өскен. Дегенмен лог­истика­­лық қызметтерге сұра­ныстың артуы екі ел арасындағы теміржол қа­­­тына­сының одан әрі дамуына жол ашады. Сондай-ақ 2023 жылдың қара­ша айында Алматы облысында Алма­­ты стансасын айналып өтетін темір­­­жол желісінің құрылысы бас­­­тал­­­­­ған. Ведомство бұл Алматы то­ра­бына тү­­се­­тін жүктемені 40%-ға төмендетіп, жүктерді жеткізу уақы­тын едәуір қыс­қар­­­татынын жеткізді. Ал былтыр құрылысы басталған 106 шақырымдық «Дарбаза – Мақтаарал» желісі Қытай­ды Орталық Азиямен және Парсы шы­­ға­­­­нағы елдерімен байланыс­­­тырады. 

Оның маңыздылығын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ма­мандары да растап отыр. Негізінен, Азия мен Еуропа арасын­дағы сауда-саттық қатынастардың басым бөлігі теңіз жолдарымен жү­­зеге асырылады. Орталық сарап­­­шыларының мәлімдеуінше, ЕО, Қытай, Үндістан және Орталық Азияның негізгі ойыншыларының экономикасы өседі, демек инвес­­­тициялар мен сауда айналымы артады деп күтілуде. Еуразия конти­нентінің әртүрлі аймақтары ара­сындағы халықаралық сауда жо­ғарлайды деген болжам, логисти­ка­лық мүм­­кіндіктерді әртарап­тандыру ар­қылы жүк айналымының бір бө­лігін құр­лық бағыттарына бағыт­тауы мүмкін.

«Бұл елдер әлемдік экономи­ка­ның 40%-ын және әлем халқының 43%-ын құрайды. Пайыздық жағы­нан ең үлкен өсім Үндістан мен Орталық Азия экономикаларында байқалмақ. Құрлықтағы маршруттар арасында Орта дәліз Орталық Азия үшін ма­ңызды рөл атқарады. Дү­­ниежүзілік банктің болжамынша, 2030 жылға қарай Орта дәліз бо­йынша жыл са­йынғы тасымалдау көлемі үш есеге артып, Орталық Азия мен Кавказдың экономикалық өсуі есебінен 11 мил­лион тоннаға жетуі мүмкін», – де­лінген баян­дамада. 

Орталық сараптамасынан елі­­­міздегі жүк тасымалдау көлемі 2014 жы­л­ғы 487 миллиард тонна-шақы­рымнан 2023 жылы 621 мил­лиард тонна-шақырымға дейін өсіп, он жылға жуық уақыт ішінде 28%-ға артқанын көреміз. Қазақстан Орта дәліз бен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі­нің негізгі хабы ретінде өз мүмкін­діктерін дамытуға айтарлықтай күш салуда. Мәселен, АХҚО мәлімет­теріне сәйкес, соңғы 15 жылда Қазақ­стан көлік пен логистикаға 35 мил­лиард АҚШ долларын инвестиция­лаған. Сонымен қатар қаржы орта­лығы еліміздің ЖІӨ-дегі көлік пен логистиканың үлесі 2025 жылға қа­рай 9%-ға дейін өседі деп болжап отыр.

Үкімет қазірдің өзінде 2,5 мың шақырым жолды жөндеуге және салуға 1 трлн теңгеге жуық инвес­тиция бағытталатынын атап өтті. Бұл санаты бойынша «жақсы» және «қа­нағаттанарлық жағдайдағы» респуб­ликалық жолдардың үлесін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ 24 мың қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі де Орта Азияның көлік инфра­құрылымын едәуір жақсарту үшін қажетті инвестициялардың жалпы көлемін 18,5 млрд еуро деп бағалаған еді. Оның ішінде Қазақстанға қа­тысты 13 жобаның құны 5,5 млрд еуро болады деп болжаған.

Алайда АХҚО сарапшылары «ел­дің көлік саласының барлық қа­жет­тіліктерін қанағаттандыру үшін тек инвестициялар мен мәмілелердің реттелген тетігі ғана емес, сонымен қатар тариф белгілеуді жетілдіру, про­цестерді цифрландыру, мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік және белсенді халықаралық ынтымақ­тас­тық қа­жет», – деп мәлімдейді. Сон­дай-ақ күн санап артып келе жат­қан жүк ағы­­­­­­­нының қажетті­лік­терін өтеу үшін ин­­­­­фрақұрылымның өткізу қабі­летін кеңейту, маркетингтік әдістерге қо­­сымша халықаралық келісімдер ке­рек. Орталық маман­дары транзит­тік жүктерді тарту са­ласында бәсеке­­лестіктің жоғары екен­дігіне қарамас­тан, «Қазақстан бәсекеге қабілетті Құрлық бағытын құра алды» деп бағалайды. 

Өз кезегінде бұл жайт теміржол саласындағы қаржылық жағдайға да жа­ғымды әсер еткенін көреміз. Мә­селен, жыл басында Мемлекет бас­шы­сының қабылдауы кезінде «Қа­зақ­стан темір жолының» бас­қар­ма төрағасы Нұрлан Сауранбаев соңғы үш жылда меке­менің негізгі өнді­рістік көрсеткіштері артқанын мә­лімдеген еді. Атап айтқанда, был­тыр жүк айналымы 7 пайызға артып, 270 мил­лиард тонна-ша­қы­рымға жеткен. Ал транзиттік тасы­малдау көлемі 18 па­­йызға ұлғайып, 27 мил­лион тоннадан астқан. Нә­тижесінде, компанияның кірісі өт­кен жылмен салыстырғанда 29,3 па­йызға өсіп, 1,9 триллион тең­ге­­­­ні құ­­­ра­ды. Ком­пания 154 мил­лиард теңге таза пайда тапты. Бұл 2022 жыл­­­­­­­мен салыс­тыр­ғанда төрт есе көп әрі ком­панияның рекордтық көр­сет­кіші саналады.

Ал биылғы көрсеткіштер әзірге көңіл көншітерлік емес. Finprom са­раптама орталығының мәлім­деуін­ше, жылдың алғашқы тоқса­нында теміржол көлігімен жүк тасы­малы 96,9 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға аз. «Бірінші тоқсанда жүк айна­лымы 75,9 млрд тонна-шақырымға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­­тырғанда 7,4%-ға қысқарған. Павло­дар облысындағы жүк айна­лымы 10,6 млн тоннаға жетіп, ең үл­кен көрсеткіш көрсетті. Одан ке­йінгі орында – Астана (10,5 млн тонна) және Ақтөбе облысы (8,8 млн тонна). Теміржол көлігімен жүк тасы­малдаудың ең аз көлемі Түр­кістан облысында байқалды: 966,9 мың тонна», – делінген баян­­дамада. Оған көктемгі төтенше жағдайда су тас­қыны орын алған аймақтарға темір жол арқылы қажетті техниканы жет­кізу де әсер еткен сыңайлы. Қа­лай болғанда да еліміздегі теміржол ин­фрақұрылымы қайта жаңғыр­тылып, жылжымалы құрамды пайда­­лану тиімділігін арттыру бойынша шара­лар қабыл­дануда. Нәтижесінде, кө­ліктік-логистикалық әлеует есебі­­нен еліміздің Орталық Азиядағы рөлі артып келеді.

Кәмила ЕРКІН