Тәуелсіздік алғалы еліміз осынау бір күрделі миссияның үддесінен шығуды көздеп келеді. Нәтижесінде, кезінде бір-бірімен тікелей байланысы жоқ аймақтар арасында бүгінде тарам-тарам жол желісі орнады.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі екенін атап өткен болатын. «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», – деді Президент.
Қазір халықаралық деңгейдегі ірі жобалар арқылы еліміздегі теміржолдардың өткізу қабілетін арттыру жоспарланған. Бұл отандық жүк тасымалдау көлемін және Қытайдан Еуропаға транзитті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жол салу бойынша ірі теміржол жобасы учаскенің өткізу қабілетін бес есе, ал Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалдау жылдамдығын күніне 1,5 мың шақырымға дейін арттырады. Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалының көлемі 28,3 млн тоннадан асып, 22%-ға өскен. Дегенмен логистикалық қызметтерге сұраныстың артуы екі ел арасындағы теміржол қатынасының одан әрі дамуына жол ашады. Сондай-ақ 2023 жылдың қараша айында Алматы облысында Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталған. Ведомство бұл Алматы торабына түсетін жүктемені 40%-ға төмендетіп, жүктерді жеткізу уақытын едәуір қысқартатынын жеткізді. Ал былтыр құрылысы басталған 106 шақырымдық «Дарбаза – Мақтаарал» желісі Қытайды Орталық Азиямен және Парсы шығанағы елдерімен байланыстырады.
Оның маңыздылығын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мамандары да растап отыр. Негізінен, Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттық қатынастардың басым бөлігі теңіз жолдарымен жүзеге асырылады. Орталық сарапшыларының мәлімдеуінше, ЕО, Қытай, Үндістан және Орталық Азияның негізгі ойыншыларының экономикасы өседі, демек инвестициялар мен сауда айналымы артады деп күтілуде. Еуразия континентінің әртүрлі аймақтары арасындағы халықаралық сауда жоғарлайды деген болжам, логистикалық мүмкіндіктерді әртараптандыру арқылы жүк айналымының бір бөлігін құрлық бағыттарына бағыттауы мүмкін.
«Бұл елдер әлемдік экономиканың 40%-ын және әлем халқының 43%-ын құрайды. Пайыздық жағынан ең үлкен өсім Үндістан мен Орталық Азия экономикаларында байқалмақ. Құрлықтағы маршруттар арасында Орта дәліз Орталық Азия үшін маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2030 жылға қарай Орта дәліз бойынша жыл сайынғы тасымалдау көлемі үш есеге артып, Орталық Азия мен Кавказдың экономикалық өсуі есебінен 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін», – делінген баяндамада.
Орталық сараптамасынан еліміздегі жүк тасымалдау көлемі 2014 жылғы 487 миллиард тонна-шақырымнан 2023 жылы 621 миллиард тонна-шақырымға дейін өсіп, он жылға жуық уақыт ішінде 28%-ға артқанын көреміз. Қазақстан Орта дәліз бен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің негізгі хабы ретінде өз мүмкіндіктерін дамытуға айтарлықтай күш салуда. Мәселен, АХҚО мәліметтеріне сәйкес, соңғы 15 жылда Қазақстан көлік пен логистикаға 35 миллиард АҚШ долларын инвестициялаған. Сонымен қатар қаржы орталығы еліміздің ЖІӨ-дегі көлік пен логистиканың үлесі 2025 жылға қарай 9%-ға дейін өседі деп болжап отыр.
Үкімет қазірдің өзінде 2,5 мың шақырым жолды жөндеуге және салуға 1 трлн теңгеге жуық инвестиция бағытталатынын атап өтті. Бұл санаты бойынша «жақсы» және «қанағаттанарлық жағдайдағы» республикалық жолдардың үлесін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ 24 мың қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі де Орта Азияның көлік инфрақұрылымын едәуір жақсарту үшін қажетті инвестициялардың жалпы көлемін 18,5 млрд еуро деп бағалаған еді. Оның ішінде Қазақстанға қатысты 13 жобаның құны 5,5 млрд еуро болады деп болжаған.
Алайда АХҚО сарапшылары «елдің көлік саласының барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тек инвестициялар мен мәмілелердің реттелген тетігі ғана емес, сонымен қатар тариф белгілеуді жетілдіру, процестерді цифрландыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және белсенді халықаралық ынтымақтастық қажет», – деп мәлімдейді. Сондай-ақ күн санап артып келе жатқан жүк ағынының қажеттіліктерін өтеу үшін инфрақұрылымның өткізу қабілетін кеңейту, маркетингтік әдістерге қосымша халықаралық келісімдер керек. Орталық мамандары транзиттік жүктерді тарту саласында бәсекелестіктің жоғары екендігіне қарамастан, «Қазақстан бәсекеге қабілетті Құрлық бағытын құра алды» деп бағалайды.
Өз кезегінде бұл жайт теміржол саласындағы қаржылық жағдайға да жағымды әсер еткенін көреміз. Мәселен, жыл басында Мемлекет басшысының қабылдауы кезінде «Қазақстан темір жолының» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев соңғы үш жылда мекеменің негізгі өндірістік көрсеткіштері артқанын мәлімдеген еді. Атап айтқанда, былтыр жүк айналымы 7 пайызға артып, 270 миллиард тонна-шақырымға жеткен. Ал транзиттік тасымалдау көлемі 18 пайызға ұлғайып, 27 миллион тоннадан астқан. Нәтижесінде, компанияның кірісі өткен жылмен салыстырғанда 29,3 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгені құрады. Компания 154 миллиард теңге таза пайда тапты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп әрі компанияның рекордтық көрсеткіші саналады.
Ал биылғы көрсеткіштер әзірге көңіл көншітерлік емес. Finprom сараптама орталығының мәлімдеуінше, жылдың алғашқы тоқсанында теміржол көлігімен жүк тасымалы 96,9 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға аз. «Бірінші тоқсанда жүк айналымы 75,9 млрд тонна-шақырымға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,4%-ға қысқарған. Павлодар облысындағы жүк айналымы 10,6 млн тоннаға жетіп, ең үлкен көрсеткіш көрсетті. Одан кейінгі орында – Астана (10,5 млн тонна) және Ақтөбе облысы (8,8 млн тонна). Теміржол көлігімен жүк тасымалдаудың ең аз көлемі Түркістан облысында байқалды: 966,9 мың тонна», – делінген баяндамада. Оған көктемгі төтенше жағдайда су тасқыны орын алған аймақтарға темір жол арқылы қажетті техниканы жеткізу де әсер еткен сыңайлы. Қалай болғанда да еліміздегі теміржол инфрақұрылымы қайта жаңғыртылып, жылжымалы құрамды пайдалану тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Нәтижесінде, көліктік-логистикалық әлеует есебінен еліміздің Орталық Азиядағы рөлі артып келеді.
Кәмила ЕРКІН