Су тасқыны салдарынан жұмысы бәсеңдеген мұнай өндіру саласы қалпына келтірілді. Дәл қазір елімізде бірде-бір су басқан мұнай өндіру ұңғымасы жоқ. 10 мамыр күні өткен Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай деп мәлімдеді.
Мұнай саудасындағы мүмкіндік
1,700
оқылды

«Мұнай өндіру көлемінің шамалы тө­мендеуі байқалды, шамамен 500 ұң­ғыма су астында қалды. Бұл негізінен Ақ­төбе өңіріне әсер етті. Бірақ қазір   жа­са­лып жатқан барлық іс-шара өз тиім­ді­лігін көрсетті. Біз штаттық режимде жұ­мыс істеп жатырмыз», – деді ол жур­на­листерге.

Бұдан бұрын бірнеше апта бойы су ба­сып жатқан өңірлердегі мұнай ұң­ғы­маларының жұмысына да нұқсан келгені ха­барланған болатын. Атырау мен Ақтөбе об­лыстарындағы 673 ұңғымада мұнай өн­діру тоқтатылып, мұнай өндірудің жал­пы шығыны 20 мың тоннаға жуық­таған.

Ведомствоның мәліметінше, қазір қал­пына келтіру жұмыстары, атап айт­қан­да, сорғы жабдықтарымен су айдау, су шайып кеткен шұңқырларды топы­рақ­пен толтыру, ұңғымаларды герме­ти­за­циялау жұмыстары жүргізілуде.  

Биыл еліміз 90,3 млн тонна мұнай өн­­діруді жоспарлап отыр. Былтырғы көр­­сеткіш көлемі шамамен 90 млн тоннаны құрап, оның 70,5 млн тоннасы экс­портқа жіберілді. Бұл – соңғы жыл­дар­дағы ең жоғары көрсеткіш. 2022 жылы 84,2 млн тонна болған-ды. Өткен жылғы өн­дірістің жоғары көлемі Қаша­ған кені­шін­дегі рекордтық нәти­жемен бай­ла­ныс­ты. Республика­дағы үш ірі мұнай кен ор­нындағы өн­діріс көле­міне шақсақ, был­тыр Теңіз кенішінен 28 893 мың тон­на мұнай (тәулігіне 632 мың бар­рель) өн­дірілсе, Қашағаннан 18,8 млн тонна (тәу­лігіне 408 мың бар­рель), Қа­рашы­ға­нақ­тан 10,9 млн тонна (тәу­лігіне 234 мың баррель) өнім өн­дірілген. Қал­ғаны өзге кен орындары­ның үле­сінде.

Тәуелсіздік жылдарында мұнай-газ саласы елімізде әлеуметтік-эконо­ми­калық реформалар жүргізудің негізгі тетігі болды. 1991 жылы шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру республикадағы барлық өндірістік өнеркәсіп көлемінің 2,5%-ын құраған болса, 20 жыл өткен соң 2011 жылы ол көрсеткіш 53,8%-ға жет­кен еді. Мұнай мен газдан түскен қаржы мемлекет бюджетінің 2/3 бөлігін толтырып, ЖІӨ-нің 1/3-ке жуық көле­мін қамтамасыз етті. Егер «қара алтын­­­нан» алынған мол қаржының есебіне үңіл­сеңіз, тек 2013 жылдың өзінде Қазақстан экпорттаған өнім саудасы 55,2 млрд дол­ларды (68,1 млн тонна мұнай) құрапты. Ал дәл сол жылы ішкі нарықта сатылған мұнайдан түскен кіріс 3,7 млрд доллар болған. Яғни, 2013 жылы мұнай сатудан түскен ақшаның жалпы көлемі 58,9 млрд доллар немесе 9,1 трлн теңгеге жеткен. Дәл сол жылы еліміздегі мұнай өндіруші компаниялардан жалпы салық түрінде түскен 3,4 трлн теңге Ұлттық қорға ауда­рылыпты.

Сөз жоқ, Қазақстан экономикасының дамуы шикі мұнайды өндіру және сатудан түскен табыстың есебінен қам­­­та­­­масыз етіліп келді. Оның ішінде мем­лекет бюджетін толықтыруда да «қара алтынан» түскен түсімнің маңызы зор. Экономикалық зерттеулер институ­­­тының жетекші сарапшысы Дәулет Жам­­­байбеков еліміз шикізатқа тәуелді болмауға қанша тырысса да, ол бүгінгі күнге дейін әлі де сақталып келе жат­­­қанын айтады. 

«Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, шикізатқа деген тәуелділіктен біртіндеп кету жоғары қай­­­та бөлу салаларын дамыту есебінен қам­­­тамасыз етілетін болады. Осы жылы жал­­­­­­пы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 400-ден астам жобаны іске қосу жоспар­­­ланған. Кемінде 10 жоба эконо­­миканың басым салаларында жоғары қайта бөлу кластерлерін құруға бағытталған. Осы жобаларды іске асыру шеңберінде метал­­­­­­дарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, мұнай химиясы мен уран өнеркә­­­сібін дамыту көзделеді», – дейді сарапшы.

«Қара алтын» қоры қанша?

Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі мұнай қоры 4,4 млрд тоннаны құрайды. Келешекте Теңіз және Қашаған кен орындарында өндірістерді кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде жылдық мұнай өндіру 100 млн тоннаға жетеді деп күтіліп отыр.

Сарапшылар шикі мұнай өндірудің қазіргі қарқынын ескере келгенде «мұ­­­найға арқасүйеу дәурені» 44 жылдың айналасында аяқталады деп болжайды. «Жоғарыдағы көрсеткіштерге қарап, уақытты тиімді пайдалану қажеттілігі туын­дайтынын байқауға болады. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, нор­мативтік қорды дайындау керек. Бұл – жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын игеруді аяқтау жөніндегі өз міндеттемелерін орындауына қатысты мәселелер», – дейді Дәулет Жамбай­­­беков. 

Десе де, ұлан-байтақ қазақ дала­­­сы­­ның жер қойнауында жатқан «қара ал­тынның» баланстық қоры жайында мәлі­­­меттер де әрқилы. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі келтірген дерек бойынша, Қазақстанның баланстық қо­ры бірнеше миллиард тоннаға жетеді. Оның ішінде нақтыланған әрі бағаланған санаттар (А+B+C1) бойынша елдің геологиялық қорлары 11,4 млрд тоннаға, ал алынатын қор мөлшері 2,9 млрд тонна­­ға тең. Мұндағы болжамды мұнай қорының негізгі көлемі Атырау мен Ақтөбе облыстарының аумағанда шо­­­ғыр­­­ланған. Мәселен, Атырау облысын­дағы А+B+C1 санаттары бо­­йынша гео­логиялық қорлар 6,2 млрд тоннаға, ал С2 санаты бойынша геологиялық қорлар 2,8 млрд тоннаға тең. Ақтөбе облысында А+B+C1 санаттары бойынша геология­­­лық қорлар 1,2 млрд тоннаны, С2 санаты бойынша геологиялық көрсеткіштер 852,1 млн тоннаны құрайды. 

Дәл қазіргі сәтте мұнайды өндіру көлемі жөнінен де Атырау облысы көш бастап тұр. Былтыр елімізде өндірілген мұнай көлемінің 58,6%-ы аталған аймақ­­­тың үлесінде. Екінші орында Маңғыстау облысы (18,5%), үшінші орында Батыс Қазақстан облысы (13,65%) тұр. Олардан кейін Ақтөбе – 5,1%, Қызылорда – 4,1%, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыс­­­тары 0,05% келеді.

Бұған дейін Энергетика вице-ми­­­нистрі Асхат Хасенов 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылар көмірсу­­­тектердің жаңа кенорындарын табу үшін Қазақстанда 80-нен астам барлау ұңғы­­­маларын бұрғылайтынын айтқан бо­­­ла­­­тын. «Қызылорда облысының кенорын­­­дарында мұнай өндірудің жыл сайынғы құлдырауын ескере отырып, биыл мұнай мен газға перспективалы құрылымдарды анықтау мақсатында тереңдігі 5,5 мың метр Торғай-палеозой учаскесінде терең іздестіру ұңғымасын бұрғылау басталады. Сондай-ақ 2024 жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Абай теңіз құрылымында іздеу ұңғымасы бұрғы­­­ланады», – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Каратон учаскесінде (karaton Operating, тереңдігі – 5,5 мың метр), Адай блогында (Ocean Petroleum, тереңдігі – 6,9 мың метр), Мақсат құры­­­лымында («АЛМЭКС ПЛЮС Фирмасы», тереңдігі – 6,2 мың метр), Сай-Өтес учаскесінде (SINOPEC филиалы, терең­­­дігі – 5,25 мың метр) терең ұңғымаларды бұрғылауды бастау мәселелері пысық­­­талуда. Геологиялық барлауға бөлінетін қаражат көлемі де артқан. Мысалға, был­­тырғы инвестициялар сомасы 152,4 млрд теңгені құраған, бұл 2022 жыл­мен салыстырғанда 12%-ға артық. Жал­пы, бұл көрсеткішті жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін жеткізу күтілуде.

Әртарапты экспорт

Әйтсе де, өндіріп алған жерасты бай­лығын өткізу де үлкен мәселе. Соңғы жыл­дардағы геосаяси ахуалдар мен мем­лекеттер арасындағы шиеленістер тасы­мал бағыттарына да өзгеріс енгізіп жа­тыр. Жалпы, Қазақстанның мұнай экс­портының көп бөлігі – тәулігіне 1,5 млн баррель Ресей жері арқылы тартылған құбырмен жөнелтіледі. Бұрын одақ кезінде республикамызда өндіріл­ген бар­лық шикімұнай Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы жіберілетін де, ары қарай сату мәселесін Мәскеу өзі ше­шетін. 2001 жылы жалпы ұзындығы 1 500 шақырымнан (450 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді) асатын Каспий құбыры консорциумын (КҚК) іске қосып, барлық проблема шешіл­гендей болған. Бұл құбыр – қазақ мұна­йын Қара теңіздің жағалауындағы Ново­российск портына жеткізетін жалғыз жол. 

Алайда ол бағыттың тиімділігі де ұзақ­­қа бармайтындай. Батыстың санк­ция қыспағында қалған солтүстіктегі көршіміз КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жиі шектей бастаған. Соған қарамастан, елімізде өндірілетін мұнай экспорты үшін ең тартымды бағыттың бірі осы екені анық. Себебі шамамен алғанда қазақстандық мұнай экспортының 80%-ы осы құбырмен айдалады. 

Одан бөлек, Ресейдің жерін басып, Беларусь, Польша арқылы Германиямен байланыстыратын «Дружба» құбыры бар. Биыл біздің ел осы құбыр арқылы Германияға 1,2 млн тонна мұнай (2023 жылы – 993 мың тонна) жеткізбек. Келешектегі жоспар бұл көлемді 2 млн тоннаға арттыру деп жоспарланған. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, бұл бағыттың да тәуекелі жетерлік. 

Үшінші жол – «қара алтынды» Каспий теңізі арқылы жөнелту. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мұнайды Транскаспий дәлізі­мен (Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия мен Еуропа елдеріне апаратын дәліз) экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. 

2023 жылы наурызда Қазақстанның мұнайы алғаш рет теңіз арқылы Әзер­байжанға қарай тиеліп кетті. Был­тырғы жылдың соңында Ақтау портынан экс­портқа шығарылған өнім көлемі 1 057 мың тоннаға жетті. Жауапты ми­нистрлік Транскаспий теңіз мұнайын тасымал­дауды жылына 7 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндік барын мәлім­деген. Бірақ бұл балама жолдың қуатын арттыру үшін де бірқатар жұмыс істелуі қажет. Ең алдымен, жылына 7 млн тон­на­ға жету үшін мұнай тасымалдайтын заманауи танкерлер керек. Оған қоса, Атыраудан (Теңіз бен Қашағанның мұнайы) Каспий теңізіндегі Құрық пор­тына дейін мұнай құбырын салу жос­парда тұр. Сонымен бірге министрлік Каспий түбінде мұнай құбырын салу мүмкіндігін зерттемек.

Дегенмен мұның барлығы – бола­шақтың жоспары. Аталған жобалар аяқ­талғанға дейін дәстүрлі бағыт – Ресей жеріндегі құбырларды тиімді пайда­ла­нуға тура келмек.

Бауыржан БАЗАР