«Мұнай өндіру көлемінің шамалы төмендеуі байқалды, шамамен 500 ұңғыма су астында қалды. Бұл негізінен Ақтөбе өңіріне әсер етті. Бірақ қазір жасалып жатқан барлық іс-шара өз тиімділігін көрсетті. Біз штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз», – деді ол журналистерге.
Бұдан бұрын бірнеше апта бойы су басып жатқан өңірлердегі мұнай ұңғымаларының жұмысына да нұқсан келгені хабарланған болатын. Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы 673 ұңғымада мұнай өндіру тоқтатылып, мұнай өндірудің жалпы шығыны 20 мың тоннаға жуықтаған.
Ведомствоның мәліметінше, қазір қалпына келтіру жұмыстары, атап айтқанда, сорғы жабдықтарымен су айдау, су шайып кеткен шұңқырларды топырақпен толтыру, ұңғымаларды герметизациялау жұмыстары жүргізілуде.
Биыл еліміз 90,3 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Былтырғы көрсеткіш көлемі шамамен 90 млн тоннаны құрап, оның 70,5 млн тоннасы экспортқа жіберілді. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. 2022 жылы 84,2 млн тонна болған-ды. Өткен жылғы өндірістің жоғары көлемі Қашаған кенішіндегі рекордтық нәтижемен байланысты. Республикадағы үш ірі мұнай кен орнындағы өндіріс көлеміне шақсақ, былтыр Теңіз кенішінен 28 893 мың тонна мұнай (тәулігіне 632 мың баррель) өндірілсе, Қашағаннан 18,8 млн тонна (тәулігіне 408 мың баррель), Қарашығанақтан 10,9 млн тонна (тәулігіне 234 мың баррель) өнім өндірілген. Қалғаны өзге кен орындарының үлесінде.
Тәуелсіздік жылдарында мұнай-газ саласы елімізде әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізудің негізгі тетігі болды. 1991 жылы шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру республикадағы барлық өндірістік өнеркәсіп көлемінің 2,5%-ын құраған болса, 20 жыл өткен соң 2011 жылы ол көрсеткіш 53,8%-ға жеткен еді. Мұнай мен газдан түскен қаржы мемлекет бюджетінің 2/3 бөлігін толтырып, ЖІӨ-нің 1/3-ке жуық көлемін қамтамасыз етті. Егер «қара алтыннан» алынған мол қаржының есебіне үңілсеңіз, тек 2013 жылдың өзінде Қазақстан экпорттаған өнім саудасы 55,2 млрд долларды (68,1 млн тонна мұнай) құрапты. Ал дәл сол жылы ішкі нарықта сатылған мұнайдан түскен кіріс 3,7 млрд доллар болған. Яғни, 2013 жылы мұнай сатудан түскен ақшаның жалпы көлемі 58,9 млрд доллар немесе 9,1 трлн теңгеге жеткен. Дәл сол жылы еліміздегі мұнай өндіруші компаниялардан жалпы салық түрінде түскен 3,4 трлн теңге Ұлттық қорға аударылыпты.
Сөз жоқ, Қазақстан экономикасының дамуы шикі мұнайды өндіру және сатудан түскен табыстың есебінен қамтамасыз етіліп келді. Оның ішінде мемлекет бюджетін толықтыруда да «қара алтынан» түскен түсімнің маңызы зор. Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Дәулет Жамбайбеков еліміз шикізатқа тәуелді болмауға қанша тырысса да, ол бүгінгі күнге дейін әлі де сақталып келе жатқанын айтады.
«Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, шикізатқа деген тәуелділіктен біртіндеп кету жоғары қайта бөлу салаларын дамыту есебінен қамтамасыз етілетін болады. Осы жылы жалпы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 400-ден астам жобаны іске қосу жоспарланған. Кемінде 10 жоба экономиканың басым салаларында жоғары қайта бөлу кластерлерін құруға бағытталған. Осы жобаларды іске асыру шеңберінде металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, мұнай химиясы мен уран өнеркәсібін дамыту көзделеді», – дейді сарапшы.
«Қара алтын» қоры қанша?
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі мұнай қоры 4,4 млрд тоннаны құрайды. Келешекте Теңіз және Қашаған кен орындарында өндірістерді кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде жылдық мұнай өндіру 100 млн тоннаға жетеді деп күтіліп отыр.
Сарапшылар шикі мұнай өндірудің қазіргі қарқынын ескере келгенде «мұнайға арқасүйеу дәурені» 44 жылдың айналасында аяқталады деп болжайды. «Жоғарыдағы көрсеткіштерге қарап, уақытты тиімді пайдалану қажеттілігі туындайтынын байқауға болады. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, нормативтік қорды дайындау керек. Бұл – жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын игеруді аяқтау жөніндегі өз міндеттемелерін орындауына қатысты мәселелер», – дейді Дәулет Жамбайбеков.
Десе де, ұлан-байтақ қазақ даласының жер қойнауында жатқан «қара алтынның» баланстық қоры жайында мәліметтер де әрқилы. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі келтірген дерек бойынша, Қазақстанның баланстық қоры бірнеше миллиард тоннаға жетеді. Оның ішінде нақтыланған әрі бағаланған санаттар (А+B+C1) бойынша елдің геологиялық қорлары 11,4 млрд тоннаға, ал алынатын қор мөлшері 2,9 млрд тоннаға тең. Мұндағы болжамды мұнай қорының негізгі көлемі Атырау мен Ақтөбе облыстарының аумағанда шоғырланған. Мәселен, Атырау облысындағы А+B+C1 санаттары бойынша геологиялық қорлар 6,2 млрд тоннаға, ал С2 санаты бойынша геологиялық қорлар 2,8 млрд тоннаға тең. Ақтөбе облысында А+B+C1 санаттары бойынша геологиялық қорлар 1,2 млрд тоннаны, С2 санаты бойынша геологиялық көрсеткіштер 852,1 млн тоннаны құрайды.
Дәл қазіргі сәтте мұнайды өндіру көлемі жөнінен де Атырау облысы көш бастап тұр. Былтыр елімізде өндірілген мұнай көлемінің 58,6%-ы аталған аймақтың үлесінде. Екінші орында Маңғыстау облысы (18,5%), үшінші орында Батыс Қазақстан облысы (13,65%) тұр. Олардан кейін Ақтөбе – 5,1%, Қызылорда – 4,1%, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары 0,05% келеді.
Бұған дейін Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектердің жаңа кенорындарын табу үшін Қазақстанда 80-нен астам барлау ұңғымаларын бұрғылайтынын айтқан болатын. «Қызылорда облысының кенорындарында мұнай өндірудің жыл сайынғы құлдырауын ескере отырып, биыл мұнай мен газға перспективалы құрылымдарды анықтау мақсатында тереңдігі 5,5 мың метр Торғай-палеозой учаскесінде терең іздестіру ұңғымасын бұрғылау басталады. Сондай-ақ 2024 жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Абай теңіз құрылымында іздеу ұңғымасы бұрғыланады», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Каратон учаскесінде (karaton Operating, тереңдігі – 5,5 мың метр), Адай блогында (Ocean Petroleum, тереңдігі – 6,9 мың метр), Мақсат құрылымында («АЛМЭКС ПЛЮС Фирмасы», тереңдігі – 6,2 мың метр), Сай-Өтес учаскесінде (SINOPEC филиалы, тереңдігі – 5,25 мың метр) терең ұңғымаларды бұрғылауды бастау мәселелері пысықталуда. Геологиялық барлауға бөлінетін қаражат көлемі де артқан. Мысалға, былтырғы инвестициялар сомасы 152,4 млрд теңгені құраған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Жалпы, бұл көрсеткішті жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін жеткізу күтілуде.
Әртарапты экспорт
Әйтсе де, өндіріп алған жерасты байлығын өткізу де үлкен мәселе. Соңғы жылдардағы геосаяси ахуалдар мен мемлекеттер арасындағы шиеленістер тасымал бағыттарына да өзгеріс енгізіп жатыр. Жалпы, Қазақстанның мұнай экспортының көп бөлігі – тәулігіне 1,5 млн баррель Ресей жері арқылы тартылған құбырмен жөнелтіледі. Бұрын одақ кезінде республикамызда өндірілген барлық шикімұнай Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы жіберілетін де, ары қарай сату мәселесін Мәскеу өзі шешетін. 2001 жылы жалпы ұзындығы 1 500 шақырымнан (450 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді) асатын Каспий құбыры консорциумын (КҚК) іске қосып, барлық проблема шешілгендей болған. Бұл құбыр – қазақ мұнайын Қара теңіздің жағалауындағы Новороссийск портына жеткізетін жалғыз жол.
Алайда ол бағыттың тиімділігі де ұзаққа бармайтындай. Батыстың санкция қыспағында қалған солтүстіктегі көршіміз КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жиі шектей бастаған. Соған қарамастан, елімізде өндірілетін мұнай экспорты үшін ең тартымды бағыттың бірі осы екені анық. Себебі шамамен алғанда қазақстандық мұнай экспортының 80%-ы осы құбырмен айдалады.
Одан бөлек, Ресейдің жерін басып, Беларусь, Польша арқылы Германиямен байланыстыратын «Дружба» құбыры бар. Биыл біздің ел осы құбыр арқылы Германияға 1,2 млн тонна мұнай (2023 жылы – 993 мың тонна) жеткізбек. Келешектегі жоспар бұл көлемді 2 млн тоннаға арттыру деп жоспарланған. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, бұл бағыттың да тәуекелі жетерлік.
Үшінші жол – «қара алтынды» Каспий теңізі арқылы жөнелту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мұнайды Транскаспий дәлізімен (Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия мен Еуропа елдеріне апаратын дәліз) экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.
2023 жылы наурызда Қазақстанның мұнайы алғаш рет теңіз арқылы Әзербайжанға қарай тиеліп кетті. Былтырғы жылдың соңында Ақтау портынан экспортқа шығарылған өнім көлемі 1 057 мың тоннаға жетті. Жауапты министрлік Транскаспий теңіз мұнайын тасымалдауды жылына 7 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндік барын мәлімдеген. Бірақ бұл балама жолдың қуатын арттыру үшін де бірқатар жұмыс істелуі қажет. Ең алдымен, жылына 7 млн тоннаға жету үшін мұнай тасымалдайтын заманауи танкерлер керек. Оған қоса, Атыраудан (Теңіз бен Қашағанның мұнайы) Каспий теңізіндегі Құрық портына дейін мұнай құбырын салу жоспарда тұр. Сонымен бірге министрлік Каспий түбінде мұнай құбырын салу мүмкіндігін зерттемек.
Дегенмен мұның барлығы – болашақтың жоспары. Аталған жобалар аяқталғанға дейін дәстүрлі бағыт – Ресей жеріндегі құбырларды тиімді пайдалануға тура келмек.
Бауыржан БАЗАР