Былтыр Қарағанды облысында 422 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, 55 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 700 шақырымнан астам жол жөнделді. Партияның Қарағанды облысындағы сайлауалды уәделерінің жүзеге асырылу барысы «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында талқыланды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр өңірдегі ауылдық жерлерде жаңадан 2777 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі құрылып, 985 грант пен шағын несие берілді.
«Биыл 1,7 мың ШОБ жобасын қаржыландыру, 49 мыңнан астам жұмыс орнын құру, жұмыс істеп тұрған ШОБ кәсіпорындарының санын 95,2 мыңға дейін ұлғайту, жұмыспен қамтылған адамдар санын 222,7 мың адамға дейін жеткізу міндеті қойылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында 7 ұйым ашу және жұмыс істеп тұрған жеке ұйымдарды 1379 орынға дейін кеңейту есебінен балаларды қамту көрсеткіші ұлғайтылды. Сонымен қатар, «Жер аманаты» жобасы аясында өңірде 540 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды», – деді ол.
Сонымен қатар, партиялықтар бірқатар проблемалық мәселелерді талқылады. Мәселен, Қарқаралы ауданының Талды ауылында және Бұқар жырау ауданының Атамекен ауылында мектеп құрылысы аяқталмай жатыр. Екі білім беру мекемесі де былтыр ашылуы тиіс еді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, бұған мердігерлердің жауапсыздығы себеп болып отыр.
Проблемалық нысандарда партиялық бақылау бекеттері (ПББ) жұмыс істейді. Олардың көмегімен құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін және жұмыстың уақытылы жүргізілуін қадағалауға болады. «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтың айтуынша, өңірде 44 ПББ жұмыс істеп тұр.
Былтыр аталған бекеттер жүйелі жұмыс істеп, соның нәтижесінде: Приозерск қаласында кәріз-тазарту құрылысы жаңартылды, Абай қаласында жалға берілетін 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталды, Севан ауылында логистикалық орталық ашылды, Теміртау қаласында Жастар үйі жөнделді және тағы басқа жұмыстар атқарылды.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, партиялық бақылау бекеттері құрылысшылар мен мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалап қана қоймай, қажет болған жағдайда түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға және процесті жеделдетуге тиіс.
«Кез келген әлеуметтік нысан, мейлі ол аурухана, мектеп немесе Мәдениет үйі болсын, партияның жіті бақылауында. Себебі аталған нысандар тұрғындар үшін аса маңызды. Қоғамдағы жағдайға бей-жай қарай алмайтын барша азаматты ПББ жұмысына атсалысуға шақырамыз. Нысанда қандай да бір олқылық барын байқап қалған адам бірден видеоға түсіріп, партияға жолдай алады», – деді ол.
Павел Казанцев партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асырып жатқан мәслихат депутаттарының дербес жауапкершілігі мәселесіне жеке тоқталды. Яғни, сайлауалды бағдарламаның тармақтары бұған дейін әр халық қалаулысына жеке-жеке бекітілген еді. Тиісінше, депутат олардың орындалуына дербес жауапты болады.
«Облыстық мәслихат депутаттары – партия фракциясының мүшелері сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан нысандарға барынша жиі рейд жүргізіп, депутаттық сауалдар жолдап, мемлекеттік органдармен және мердігер ұйымдармен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Бұл қадам партияның сайлауалды бағдарламасын уақытылы орындауға мүмкіндік береді. Депутаттардың міндеті – белсенділік танытпай жатқан мемлекеттік органдарға қозғау салу», – деді ПБК төрағасы.
Өз кезегінде, Комитет мүшесі Арман Евниев сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын қадағалаудың дәстүрлі әдісінен бөлек, заманауи құралдарды да іске қосу маңызды екенін айтып, жобалық басқарудың ақпараттық жүйесін қолдануды ұсынды. Бұл қадам проблемалық нысандарды 24/7 режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар, өңір әкімдігімен бірлесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тұрақты жұмыс істейтін жедел штаб құру қажет деген ойдамын. Штаб отырысы аптасына бір рет өтуі керек. Мектеп, емхана салу, ауыл шаруашылығын дамыту болсын, әр бағыттың барлық қатысушыны қамтитын күнтізбелік желілік кестесі болуға тиіс», – деді ол.
Бұған қоса, Комитет мүшелері сайлауалды бағдарламаның жекелеген тармақтарының орындалмағаны және дұрыс бақылау жүргізілмегені үшін кейбір лауазымды тұлғаларды «сөгіс» түрінде партиялық жауапкершілікке тарту туралы қаулы етті. Олар арасында Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов, Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов, Бұқар жырау ауданының әкімі Аблай Сұлтанғали, Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов, «Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ басқарма басшысы Мұрат Мағзин, «Қарқаралы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ бөлім басшысы Талғат Омаров, «Бұқар жырау ауданы құрылыс бөлімі» ММ бөлім басшысы Болат Аринов, «Абай ауданының құрылыс бөлімі» ММ бөлім басшысы Бахтияр Мурсалов бар.
Сондай-ақ, Қарағанды облыстық Партиялық бақылау комиссиясына партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасының пункттеріне жауапты облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарының партиялық жауапкершілігі мәселесін қарау тапсырылды.
Айта кетейік, Партиялық бақылау комитетінің осындай көшпелі отырыстары барлық өңірде өткізіледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.