«Қыс шанаңды жаз сайла» дейді халқымыз. Ел Үкіметі қысқа әзірлікті жазға жеткізбей бастап кетті. Өйткені республикадағы жылыту жүйелерінің жағдайы мәз емес. Жыл өткен сайын ескіре түскен жылу көздерінде технологиялық ақау жиілеп, қыс ішінде тұрғындарды әбігерге салатын болған. Осыған байланысты Үкімет басшысы министрлер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», – деп ескертті О.Бектенов.
Премьер мысалға келтірген төрт нысандағы жұмыс расымен де созбаққа салынған. Мысалға, Ақтаудағы МАЭК-ның №2 энергетикалық блогындағы жөндеу жұмысы қаңтарда аяқталуы тиіс болған, мерзімі мамырға ысырылды.
«Топар» ГРЭС-індегі қазандыққа да күрделі жөндеу 2023 жылдың 31 желтоқсанда бітуі тиіс еді, маусымға қалып отыр. Кентаудағы №8,11 қазандықтар да былтырғы қарашада аяқталуы керек болған. Степногорскі қаласының қазандық агрегатының ағымдық жөндеу жұмысы да келесі айға қалған.
Осы кемшіліктерді қатаң түрде ескерткен Үкімет басшысы отырыста Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен өңір әкімдіктеріне барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Қазірден бастап коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жинақтап алу керек.
Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айының басындағы қатты аязда Екібастұз, Балқаш, Степногорск, Ақтау, Теміртау, Көкшетау, Риддер қалаларында коммуналдық шаруашылық қызметтерінен ақау шығып, жылу, су құбырлары кезегімен жарылған-ды. Қақаған аязда тұрғындарды жылусыз қалдырған оқиғадан кейін сол кездегі Үкімет Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетовті қызметінен босатқан. Алайда орынбасар орнынан кеткенімен, жылу жүйесіндегі проблема өз күшінде қалды. Бүгінгі күні Қазақстанда 37 ЖЭО жұмыс істеп тұрғанымен, оның 19-ы апатты жағдайда.
Дегенмен жылу көздерін сапалы әрі уақытылы жөндеу үшін Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Премьер-Министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. Сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталмақ. Ендігі міндет – жергілікті жерлердегі жұмысқа күшейтілген бақылау жасау. «Жөндеу жұмыстарында қауіптер бар. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын», – деген Олжас Бектенов бұл жұмысқа бақылау жүргізуді тікелей өзі қадағалайтынын байқатты.
Шынында да, биылғы қыс Бектенов басқаратын министрлер кабинеті үшін кезекті сынаққа айналғалы тұр. Жылу маусымына дайындықты арнайы Үкімет отырысында пысықтап алған Олжас Абайұлы, тексерісті бастап кетті. 15 мамырда Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласының №2 аудандық қазандығына арнайы барып жай-күйімен танысты.
Бүгінде қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Биылғы жоспарланған жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін көрсеткішті 41%-ға дейін төмендетуі тиіс. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған 4 қазандықтың екеуін (№1,№2) жөндеуге резервтен 816 млн теңге бөлінді. Одан бөлек, қаланың жылу және электр энергиясына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ЖЭО салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құрайтын болады.
Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары бірқатар облыстың әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Ресми дерекке сәйкес, еліміздегі жалпы ұзындығы 13 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерінің орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың шақырымын ауыстыру қажет. Әсіресе, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында жылу желілерінің тозу көрсеткіші жоғары. Үкіметтің алдында 2030 жылға қарай тозған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Биыл жылумен жабдықтау желілерінің 221 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр.
Осы мәселелерді ескере келе, Үкімет энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізген «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. «Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуға тиіс. Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен әкімдіктерге қуат көздеріндегі, жылу және электр желілеріндегі жағдайға мұқият талдау жүргізіп, қосымша жөндеу жұмыстарының көлемін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте республикалық, жергілікті бюджеттерден және инвестициялық бағдарламалар аясында қаржыландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет», – деп тапсырма берді О.Бектенов.
Жалпы, биыл бекітілген кестеге сәйкес, электр стансаларында 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі сәтте 2 энергоблокта, 12 қазандықта және 2 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бауыржан БАЗАР