Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік секторды дамытудың басым бағыттарын айқындай отырып, нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін күшті базалық жоғары оқу орнын анықтау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.
Былтыр екі елдің Премьер-Министрлері орынбасарлары, Ғылым және жоғары білім, ӨР Жоғары және орта арнаулы білім министрлерінің орынбасарлары, KazNARU мен «ТИАШМИИ» ҒЗУ ректорлары кездесіп, KazNARU базасында филиал ашу мәселесін жан-жақты талқылаған болатын. Нәтижесінде, KazNARU базасында филиал ашу жөніндегі Жол картасы қабылданып, ӨР Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрліктері бірауыздан келісімге келген. Сонымен қатар екі елдің ЖОО арасындағы 2028 жылға дейін ғылым-білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен Шартқа қол қойылды.
«Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ғылыми зерттеу университетінің тарихы 1923 жылдан басталады. Оқу орны алғашқыда Түркістан мемлекеттік университетінің базасында, 1929 жылы Орталық Азия мақта-ирригациялық политехникалық институты болып құрылған.
Еске сала кетейік, жақында KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор ҚР Ақылбек Күрішбаев пен «ТИАШМИИ» ҒЗУ Ректоры Баходир Мирзаев Алматыда кездесіп, Су Хабының негізгі оқу аудиториялары мен ғылыми зертханаларының жұмысымен танысып шықты. Сонымен бірге тараптар филиалдың ашылуына қатысты инфрақұрылымды дамыту; қаржыландыру көздерін қарастыру; оқу процесін жетілдіру үшін заманауи оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету; су ресурстарын басқару, суды пайдалану, мелиорация және жерді рекультивациялау саласында бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу сынды бірқатар мәселені талқылады.
Ғалымдар жаңа филиалдың ашылуы су шаруашылығына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды күшейту арқылы Өзбекстан мен Қазақстанның су ресурстарын ұтымды пайдалану, АӨК саласында инновациялық технологияларды әзірлеу, цифрлық экономикаға көшу жағдайында ауыл шаруашылығын жаңа «цифрлық» деңгейге көтеруді жеделдету, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін нығайту салаларына тың серпін береді деп баға беріп отыр.
Қазір өзара жасалған келісімшарт бойынша университеттің «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 1-курс студенттері Ташкентте «Ирригация және гидротехникалық құрылыстар» факультетінде білімін жалғастыруды бастап кетті.
Б.ҚАБАЙ