«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның жаңа редакциясы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев баяндама жасады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен депутаттар заңда атқарушы органмен бірлесіп, отандық жеткізушілерді қолдау және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру шарттарын белгіледі. Өзгерістердің бірі – нысанды салу және пайдалануға беру бойынша кешенді жұмыстарды қамтитын – EPC келісімшарттарын енгізу. Сондай-ақ бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізі ретінде отандық тауар өндірушілермен жасалған офтейк-келісімшарттарын анықтау ұсынылады.
«Екінші оқылымға дайындық барысында мемлекеттік сатып алу бойынша шағымдану рәсімдері, өнім берушілердің жауапкершілігі, сондай-ақ бір көзден сатып алу тәсіліне қатысты қағидалар нақтыланды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету мақсатымен шағымды ұйымдастырушы қарайды. Оның шешіміне әкімшілік іс жүргізу аясында шағым түсіру мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тоқтатпайды», – деді Руслан Қожасбаев.
Депутат жеткізушілердің мерзімін өткізіп алғаны және сапасыз жұмыс істегені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатымен оларды жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу, айыппұл өндіру, сондай-ақ тұтынушыларға осындай жеткізушілермен шартты мерзімінен бұрын бұзу мүмкіндігін беру ұсынылып отырғанын айтты. Сонымен қатар бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдаған мемлекеттік орган басшысының (тапсырыс берушінің) дербес жауапкершілігі белгіленеді. Мұнда «баға – сатып алынатын тауардың, жұмыстың, қызметтің сапасы» қағидасы жұмыс істейтін болады. Ал ауыл әкімдіктерінің тиімділігі мен дербестігін арттыру үшін бір көзден алу тәсілімен біртекті тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алудың шекті мөлшері 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа да өзгерістер қамтылған. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды ілеспе түзетулерімен қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов қабылданған құжатта Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндет ескерілгенін, бірақ мұнымен тоқтап қалмау қажеттігін атап өтті.
«Жақында Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданғанын білесіздер. Енді тиісті комитет мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалардың Жарлық нормаларына сәйкестігін тексеруі қажет. Бұл мемлекеттік сатып алу саласына да қатысты. Ең алдымен, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезіндегі «сары беттер» (жеке меншікті қолдау) қағидаттарын сақтауға және басқа да салалық заңнамалық актілерге қатысы бар. Болашақта бизнес қатыса алатын және қатысуға тиіс салаларға мемлекеттің араласуын азайтуымыз керек. Жалпы жұмысты Президент Жарлығы аясында жалғастырып, қажет болған жағдайда депутаттар тиісті заң жобаларын қабылдауға бастамашылық етуі қажет», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс отырысы барысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева түзетулерге заң қабылданған күннен бастап алты ай өткен соң мопедтерді мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ «А», «В», «С» санаты бар жүргізушілерге «А1» санатындағы куәліктерді (мопедтерді басқару үшін) автоматты түрде беру енгізілгенін айтты. Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Олардың жұмысын реттеу лицензиялау рәсімі арқылы жүргізіледі. Қозғалтқышы бар велосипед ұғымы да нақтыланып, жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарларда жүруге тыйым салынады. Ең жоғары жылдамдықпен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдық ұғымы да енгізіледі.
«Көлік құралының габариттері мен салмағына қатысты жолдардағы бұзушылықтарды цифрлық жүйелер арқылы автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгереді. Жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі мен көлік жүргізушілерін оқытуға бірқатар қосымша талап енгізіледі. Заңды жетілдіріп, мазмұнын толықтыру үшін осы және басқа да ұсыныстар қамтылды», – деді Екатерина Смышляева.
Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев баяндады. Жұмыс тобының жетекшісі Мақсат Толықбаев кешен Қазақстан және Қырғызстан мемлекеттерінің шекаралас аумақтарындағы «Қарасу – автожол» (Қазақстан) және «Ақ-тілек – автожол» (Қырғызстан) өткізу пункттерінің жанындағы Қазақстан және Қырғызстан бөліктерінен тұратынын атап өтті.
«Келісім екі мемлекет арасындағы сауда-логистика саласында бизнес жүргізу шарттарын жақсартады және екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Келісім 25 жыл мерзімге жасалады және автоматты түрде бес жылға ұзартылады», – деді М.Толықбаев.
Сонымен қатар палата комитеттері Жоғарғы аудиторлық палата мен Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің жобаларын, сондай-ақ бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында зияткерлік меншік, тауарлардың шығарылған елін анықтау мәселелері бойынша және ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін жою мәселелері туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік пойыздарды дамыту жөніндегі Қазақстан-Қытай үкіметаралық келісімдерін ратификациялау және Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары да Мәжіліске енгізілді.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 16 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында балалардың құқықтарының қорғалу жаын, соның ішінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтарды көтерді. Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған оқиға қоғамда үлкен шу туғызып, соңы сотқа ұласып, жуырда кінәлілер бас бостандығынан айырылған болатын. Сол сияқты Бас прокуратура 2023 жылы тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтаған. Оларда санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары қауіпсіздік талаптарына сай емес. Елімізде мұндай мысалдар жетерлік. Сондықтан да ондай орындарды ескертусіз тексеріп, талапты сақтамағандарға нақты шара қолдану керек. Балалардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән берген жөн.
«Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы елімізде 848 лагерь жұмыс істеген. Оның ішінде 118 – мемлекеттік, 100 – жеке, 630 – палаткадағы лагерлер. Ендеше балалардың жазғы демалысына қатысты келеңсіздердің алдын алу үшін тез арада келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Біріншіден, су баспаған өңірлердің әкімдіктері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балаларына жазғы сауықтыру орталықтарынан орын бөлуді қарастырғаны жөн. Екінші, еліміздегі бүкіл жазғы балалар лагерлері, сауықтыру орталықтары мен демалыс орындары қауіпсіздігі, тазалығы, өрт және санитариялық-гигиеналық жағдайы, демалатын орындары, туристік маршруттарының қауіпсіздігі, құтқару құралдары мен жабдықтарының болуы бойынша толықтай тексеруден өткізілуі қажет. Үшінші, жазғы балалар сауықтыру орталықтары психолог мамандармен, суға шомылушылардың қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаушылармен қамтамасыз етілуі керек. Төртіншіден, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде әлеуметтік, эмоционалдық, ментальдық, тілдік, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделге тиіс», – деді ол.
Фракция депутаттары көтерген келесі мәселелер бизнеске көрсетіліп жатқан қысым туралы болды. 8 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» маңызды Жарлыққа қол қойған еді. Қазақстандық кәсіпкерлер көптен күткен бұл құжатты «AMANAT» партиясы толықтай қолдайды. Қадағалаудан тыс монополия, ресурстарға қол жеткізудегі алалаушылық, бәсекелестіктің әділетсіз әдістері – өткен күннің еншісінде қалуға тиіс! Бизнеске кез келген негізсіз қысымды тоқтатып, әлі де болса кездесетін көптеген әкімшілік кедергілерді жою қажет. «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасы соған бағытталған.
«Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың тар аядағы ведомстволық мүдделерін күйттеуге арнап құрылған квазимемлекеттік кәсіпорындар бизнестің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Ал олардың «үрілген» кадрлық штатын ұстап тұруға қомақты бюджет қаражаты жұмсалуда. Сондықтан да квазимемлекеттік сектор үшін жасалған жасанды артықшылықтарды алып тастау керек. Жыл сайын мемлекеттік сатып алуларда олардың үлесі артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 6 триллион 600 миллиард теңге қаражатты құраған мемлекеттік сатып алулардың ішінде бір көзден алу тәсілімен сатып алу үлесі 1,6 триллион теңгені немесе жалпы көлемнің 25 пайызын құрады. Бұл дегеніміз – нарықтық экономика жағдайында біз әлі де болса бәсекелестік ортадан жырып, адал бизнесті шеттетіп ат төбеліндей басшылар тобының шешімімен триллиондаған теңге мемлекет қаржысын үлестіріп отырмыз деген сөз. «AMANAT» фракциясы бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Енді бұған тоқтау салынбақ. Жыл соңына дейін Мәжіліс депутаттарының қатысуымен мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру жағдайлары қысқартылатын болады», – деді депутат Болатбек Нәжіметдинұлы.
Сондай-ақ ол қазақстандық бизнестің мүддесі үшін квазимемлекеттік сектордың қорғаныс саласындағы тапсырыстарды сатып алу тәсілдерін қайта қарауды ұсынды. Өйткені құрамына ұлттық компаниялардың 60 пайызы кіретін «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары тиісінше ашық емес және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталмаған. Қазақстанға «Бәйтерек», «Даму» және т.б. даму институттарынан ірі бизнеске несие бөлу бойынша ашық және болжамды саясат қажет. Ең бастысы, БЖЗҚ мен Ұлттық қор қаражатын басқару тиімді болуы керек және қаржылық шығынсыз абсолютті тиімді инвестицияларға ғана салынуы керек.
«Экономиканы ырықтандырусыз Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мүмкін емес. Өкінішке қарай, біз мұны қазірдің өзінде экономикамыздың көптеген саласында байқап отырмыз. Осыған орай, біз басым көпшілікке ие фракция ретінде Үкіметтен Президент Жарлығының белгіленген мерзімде сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді сұраймыз. Өйткені Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру туралы дер кезінде қабылдаған шешімі бізден экономиканың сапалы әлеуетін арттыруға әділ де түсінікті көзқарасты талап етеді», – деді ол.
Сол сияқты келесі депутат Ерлан Саиров та Бас прокурор Берік Асыловқа, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховқа жолдаған сауалында бизнес өкілдерінің қылмыс орбитасына тартылу жайын қозғады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланылмайынша, бизнеске қарсы қылмыстық іс қозғауға тыйым салынсын», – деген болатын. Әйтсе де, Қаржылық мониторинг агенттігі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бола тұра, Қазақстанның балық шаруашылығына қарсы шабуыл жасап жатыр», – деген ол осыған қатысты бірнеше мысал келтірді. Мәселен, 2023 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарында балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Ал ол зауыттың барлығы өнімді экспортқа шығарып отырған кәсіпорындар. Яғни, бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отыр.
«Осынау еліміздің жалпы ішкі өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған кәсіпорындарға Қаржылық мониторинг агенттігі салық төлеуден жалтырды деген екіұдай айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған тоғыз зауыттың бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыттар жұмысын тоқтатқан. Агенттіктің бұл әрекетінің кесірінен олар мүлдем жабылуы да ықтимал. Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі мен еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысы төленбей, ал зауыттардың өздеріне шетелден өнімді уақытында жеткізбегені үшін штрафтық санкциялар салыну қаупі төніп тұр. «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал!», – дейді депутат.
Осы ретте «AMANAT» фракциясы Бас прокуратурадан Қаржы мониторингі агенттігінің балық зауыттарын тексерудегі заңдылығын анықтауды және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуді сұрайды. Ал ҚМА ашқан қылмыстық істерге тез арада қажетті құқықтық баға беріліп, заң аясында тоқтатылуға тиіс. Құқық қорғау органдары экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруден тыйылуы керек. Бас прокуратураның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарына берген отандық бизнеске күш көрсетуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамасыз етуі маңызды. Қазақстанның экспортын қалыптастыратын экономика саласын тұқыртпай, керісінше дамыту қажет.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ