Кеше екінші оқылымда мемлекеттік сатып алу туралы заң қабылданды. Оның ерекшелігі – 2015 жылы қабылданған алдыңғы заңға қарағанда оңтайландырылғаны, яғни қарапайым бола түсті.
Жергілікті биліктің  жауапкершілігін арттырады
436
оқылды

Көп тұсы бюрократиядан арылды, сондай-ақ жер­гілікті билік өкілдері мен тендер, конкурстарды ұйымдастырушылардың жауапкершілігі артты. Бұл – бір.

Екіншіден, құрылыс жұмыстарына қатысты рей­тингтік, балдық сипатта электронды түрде автомат­­тандырылған конкурс ұйымдастырылатын болды. Ол жерде әр қатысқан кәсіпорынның тә­жірибесі қара­лады. Салық және айлық бойынша қарызда­рының жоқ­тығы, материалдық-техникалық ресурс­­тары, жергілікті жерде орналасқаны туралы ақпарат­тар тексеріледі. Солардың барлығы адамның қаты­суын­­сыз өткізіледі. Бұл коррупциялық қатер­лерді азайтуға мүмкіндік береді деп санаймын. 

Қазір, өкінішке қарай, отандық кәсіпорындардың негізгі табыс көзі осы мемлекеттік сатып алу болып отыр. Міне, аталған заң жобасында осындағы жұ­мыс­тарды, оның ішінде мектеп құрылысы болсын, жол құрылысы болсын, аурухана болсын немесе басқа да әлеуметтік салалардағы нысандар болсын, құжа­тын дайындаудан бастап пайдалануға дейінгі жұмыс­тар оңайлатылып жатыр. Бұрын арыз-шағым­­дарды Астанадағы Қаржы министрлігі қа­райтын болса, қазір оны конкурсты ұйымдас­­тыру­шыларға және жергілікті атқарушы органдарға жүкте­мек. Менің ойымша, бұл сол органдардың жауапкерші­­лігін арттыруға мүм­кіндік береді, әрі бюрократиядан құтқарады.

 Оған қоса, ауылдық жерлердегі тауар болсын, қызмет немесе жұмыс болсын, мемлекеттік сатып алу кезіндегі қаржы көлемі 3000 АЕК-тен 4000 АЕК-ке өсіп отыр. Әрі бір көзден сатып алуға мүмкіншілік бе­ріліп отыр. Сондай-ақ бір көзден тауар сатып алуды 100 айлық көрсеткішке және қызмет пен жұмыс сатып алуды 500 айлық көрсеткішке көтеруге рұқсат еті­лмек.

Бұрын конкурсқа бір ғана компания қатысса, онда конкурс өтпеген болып қайтадан ұйымдас­тырылатын еді. Ал енді жалғыз компаниямен де өткен болып есептеледі. Мұның барлығы мемле­­­кеттік қаржыны игерудегі тиімділікті арттырады деп ойлаймын. Оның сыртында қоғамдық бақылау да енгізіліп отыр. Әсіресе, құрылыс саласында мұның үлкен пайдасы болмақ. Сонымен бірге конкурс өткізу мерзімі екі есеге қысқарды. Бұрын екі ай болса, қазір максималды түрде 29 күн деп белгіленді. Міне, осындай жаңа­лықтың барлығы біріншіден кәсіпкерлерге көмек, екіншіден, жергілікті атқару­шы органдардың жауап­кершілігін арттыратынын тағы да айтқым келіп отыр.

Сондай-ақ бұл жерде EPC-contract келісімшарты енгізіліп отыр. Ол бойынша жобалау, құрылыс салу және қадағалау жұмыстары бір компанияға жүк­теледі. Оффтейк келісімшарттар да іске қосыл­мақ. Ол отандық тауар өндірушілердің өнімін мемлекеттік сатып алуда қолдануға көмек болмақ. Әрине, осының барлығы Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алда Сенатта қаралып, одан соң Мемлекет басшысы қол қояр болса, бұл заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтіп отырмыз.

Мұқаш ЕСКЕНДІР, 

Мәжіліс депутаты