Көп тұсы бюрократиядан арылды, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері мен тендер, конкурстарды ұйымдастырушылардың жауапкершілігі артты. Бұл – бір.
Екіншіден, құрылыс жұмыстарына қатысты рейтингтік, балдық сипатта электронды түрде автоматтандырылған конкурс ұйымдастырылатын болды. Ол жерде әр қатысқан кәсіпорынның тәжірибесі қаралады. Салық және айлық бойынша қарыздарының жоқтығы, материалдық-техникалық ресурстары, жергілікті жерде орналасқаны туралы ақпараттар тексеріледі. Солардың барлығы адамның қатысуынсыз өткізіледі. Бұл коррупциялық қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді деп санаймын.
Қазір, өкінішке қарай, отандық кәсіпорындардың негізгі табыс көзі осы мемлекеттік сатып алу болып отыр. Міне, аталған заң жобасында осындағы жұмыстарды, оның ішінде мектеп құрылысы болсын, жол құрылысы болсын, аурухана болсын немесе басқа да әлеуметтік салалардағы нысандар болсын, құжатын дайындаудан бастап пайдалануға дейінгі жұмыстар оңайлатылып жатыр. Бұрын арыз-шағымдарды Астанадағы Қаржы министрлігі қарайтын болса, қазір оны конкурсты ұйымдастырушыларға және жергілікті атқарушы органдарға жүктемек. Менің ойымша, бұл сол органдардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, әрі бюрократиядан құтқарады.
Оған қоса, ауылдық жерлердегі тауар болсын, қызмет немесе жұмыс болсын, мемлекеттік сатып алу кезіндегі қаржы көлемі 3000 АЕК-тен 4000 АЕК-ке өсіп отыр. Әрі бір көзден сатып алуға мүмкіншілік беріліп отыр. Сондай-ақ бір көзден тауар сатып алуды 100 айлық көрсеткішке және қызмет пен жұмыс сатып алуды 500 айлық көрсеткішке көтеруге рұқсат етілмек.
Бұрын конкурсқа бір ғана компания қатысса, онда конкурс өтпеген болып қайтадан ұйымдастырылатын еді. Ал енді жалғыз компаниямен де өткен болып есептеледі. Мұның барлығы мемлекеттік қаржыны игерудегі тиімділікті арттырады деп ойлаймын. Оның сыртында қоғамдық бақылау да енгізіліп отыр. Әсіресе, құрылыс саласында мұның үлкен пайдасы болмақ. Сонымен бірге конкурс өткізу мерзімі екі есеге қысқарды. Бұрын екі ай болса, қазір максималды түрде 29 күн деп белгіленді. Міне, осындай жаңалықтың барлығы біріншіден кәсіпкерлерге көмек, екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыратынын тағы да айтқым келіп отыр.
Сондай-ақ бұл жерде EPC-contract келісімшарты енгізіліп отыр. Ол бойынша жобалау, құрылыс салу және қадағалау жұмыстары бір компанияға жүктеледі. Оффтейк келісімшарттар да іске қосылмақ. Ол отандық тауар өндірушілердің өнімін мемлекеттік сатып алуда қолдануға көмек болмақ. Әрине, осының барлығы Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алда Сенатта қаралып, одан соң Мемлекет басшысы қол қояр болса, бұл заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтіп отырмыз.
Мұқаш ЕСКЕНДІР,
Мәжіліс депутаты