Мәжіліс депутаттары 3 сәуірде «Мемлекеттік сатып алулар туралы» жаңа заң жобасын бірінші оқылымда талқылаған кезде көптеген мәселені көтеріп, құжатты жетілдіре түсуге қатысты ұсы­ныстар берді.
Заң жобасы әлеуметтік бағытқа ие
531
оқылды

Олар – қоғамдық мониторинг енгізу, шағын және орта бизнес субъектілерінен мемлекеттік сатып алу тетігін қарастыру, рәсімдердің мерзімін қысқарту, бір көзден алу тәсілі арқылы процесті жетілдіру, жер­гілікті компанияларды қолдау, әлеуетті өнім беру­шілердің рейтингін енгізу, «тұ­рақты мемлекеттік са­тып алуды» енгізу, нәтижелерге шағымдануды жеңілдету және тағы басқалар.

Енді бүгін өткен екінші оқылымда осы мәселенің барлығы қамтылғанына көз жетіп, заң жобасы Сенатқа жіберілді. Жаңа жоба бойынша жұмыстың басым бөлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталды. Ол үшін адами факторды жою қажет. Сондықтан заңға рейтингтік-балдық жүйені қолданатын конкурс сияқты әдіс енгізілді, онда конкурс жеңімпазы конкурстық комиссияның қатысуынсыз веб-портал арқылы автоматты түрде анықталады. Бүгінде бұл әдіс құ­рылыс, жобалау және техникалық қадағалау сала­сындағы сатып алуларда қолданылады. Жеңімпаз жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылығы, құқық­­тық қабілеттілігі, лицензиясы, салық берешегінің бар-жоғы сынды критерийлер негізінде анықталады. Жеткізушілер туралы осындай деректің барлығы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар, яғни жүйе оны өзі оқып, үздік жеткізушіні өзі анықтай алатындай дәрежеде цифрланған.

Тағы бір бағыт – отандық бизнесті қолдау. Яки, оны Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін дәрежеде жүзеге асыру. Сатып алу шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында жүретін тауарлардың, жұмыстардың, көр­сетілетін қызметтердің тізбесін (уәкілетті орган бе­кіт­­кен тәртіпте және көлемде) енгізу ұсынылып отыр.

Мемлекеттік сатып алу мерзімін қысқарту туралы үшінші тармақ та қазақстандықтардың өміріне әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені жаңа заң жобасы әлеу­меттік бағытқа ие. Бұған дейінгі ұзақ рәсімдер тұрғын үй және тұрғын емес нысандардың құрылысын баяу­латып келген еді. Енді жаңа заңда мемлекеттік сатып алу мерзімі екі айдан бір айға дейін қысқармақ. Сон­дай-ақ бұған дейін сатып алу нәтижелеріне шағым­дану үшін комиссия құру қажет болса, алдағы уақытта шағымдарды қарауды, егер бар болса, мем­лекеттік са­тып алуды ұйым­дастырушының өзі жүзеге асы­рады.

Ал жосықсыз жеткізушілер міндеттемелерін мер­­­зімінде орындамаса және жұмыс сапасы нашар болар болса, әуелі кемшіліктерді түзеуге мүмкіндік беріледі де, онда да болмаса жосықсыз қатысушылар тізі­­­­лі­міне енгізіледі. Ондай жағдайда олардан ке­лісімшарт сомасының 15%-ына дейін өсімпұл өндіріп алынып, тапсырыс беруші шартты мерзі­мінен бұрын бұзуға құқық берілмек. Осылайша, жұмыс барысында Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау мақ­сатында және депутаттардың ұсыныс­тары еске­­­ріле отырып, заң жобасы жаңа нормалармен толық­тырылды.

Руслан ҚОЖАСБАЕВ,

заң жобасын әзірлеу жөніндегі

жұмыс тобының жетекшісі,

Мәжіліс депутаты