Олар – қоғамдық мониторинг енгізу, шағын және орта бизнес субъектілерінен мемлекеттік сатып алу тетігін қарастыру, рәсімдердің мерзімін қысқарту, бір көзден алу тәсілі арқылы процесті жетілдіру, жергілікті компанияларды қолдау, әлеуетті өнім берушілердің рейтингін енгізу, «тұрақты мемлекеттік сатып алуды» енгізу, нәтижелерге шағымдануды жеңілдету және тағы басқалар.
Енді бүгін өткен екінші оқылымда осы мәселенің барлығы қамтылғанына көз жетіп, заң жобасы Сенатқа жіберілді. Жаңа жоба бойынша жұмыстың басым бөлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталды. Ол үшін адами факторды жою қажет. Сондықтан заңға рейтингтік-балдық жүйені қолданатын конкурс сияқты әдіс енгізілді, онда конкурс жеңімпазы конкурстық комиссияның қатысуынсыз веб-портал арқылы автоматты түрде анықталады. Бүгінде бұл әдіс құрылыс, жобалау және техникалық қадағалау саласындағы сатып алуларда қолданылады. Жеңімпаз жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылығы, құқықтық қабілеттілігі, лицензиясы, салық берешегінің бар-жоғы сынды критерийлер негізінде анықталады. Жеткізушілер туралы осындай деректің барлығы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар, яғни жүйе оны өзі оқып, үздік жеткізушіні өзі анықтай алатындай дәрежеде цифрланған.
Тағы бір бағыт – отандық бизнесті қолдау. Яки, оны Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін дәрежеде жүзеге асыру. Сатып алу шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында жүретін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін (уәкілетті орган бекіткен тәртіпте және көлемде) енгізу ұсынылып отыр.
Мемлекеттік сатып алу мерзімін қысқарту туралы үшінші тармақ та қазақстандықтардың өміріне әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені жаңа заң жобасы әлеуметтік бағытқа ие. Бұған дейінгі ұзақ рәсімдер тұрғын үй және тұрғын емес нысандардың құрылысын баяулатып келген еді. Енді жаңа заңда мемлекеттік сатып алу мерзімі екі айдан бір айға дейін қысқармақ. Сондай-ақ бұған дейін сатып алу нәтижелеріне шағымдану үшін комиссия құру қажет болса, алдағы уақытта шағымдарды қарауды, егер бар болса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өзі жүзеге асырады.
Ал жосықсыз жеткізушілер міндеттемелерін мерзімінде орындамаса және жұмыс сапасы нашар болар болса, әуелі кемшіліктерді түзеуге мүмкіндік беріледі де, онда да болмаса жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізіледі. Ондай жағдайда олардан келісімшарт сомасының 15%-ына дейін өсімпұл өндіріп алынып, тапсырыс беруші шартты мерзімінен бұрын бұзуға құқық берілмек. Осылайша, жұмыс барысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында және депутаттардың ұсыныстары ескеріле отырып, заң жобасы жаңа нормалармен толықтырылды.
Руслан ҚОЖАСБАЕВ,
заң жобасын әзірлеу жөніндегі
жұмыс тобының жетекшісі,
Мәжіліс депутаты