Тағылымы мол туынды

Қолыма «Ақсақ кемпір» деп аталатын кітап түсті. Аты ерекше кітап Астана қаласында 2020 жылы жарық көрген екен. Авторы – Сайпеден Сидағалиев. Бүгінгі сөз осы кітаптан алынған оқиғаларға қатысты болмақ...

Қазіргі Атырау облысындағы (бұ­рынғы Гурьев) сонау Қызылқоға қойнауындағы Қарабау ауылы – талайға жылы ұя, құтты қоныс болған атамекеннің суы бал, шөбі мол еді. Жылдардың ғана емес, ғасырлардың сырын жасырған жазық далаға сән берген Жарыпшыққан өзегінің жағалауындағы қарапайым кішкене ауыл асқан ажарлы көрінетін. Шығысында Есентемірлер, түстігінде Шеркештер, батысында Беріш пен Ысық ұрпақтары жағалай орналасқан бұл маңның өзінің ішіне бүккен сыры жетерлік болар. Сонау ХVIII ғасырдың екінші жартысынан бастау алған тарих деректерінде Қаратоқайдан тараған Беріш Бекбаулының немелтайы Барлыбай артынан бірнеше батыр мен шешен ерген атақты Есболаймен бір туған адам. Барлыбайдай көпті көр­­ген атадан тараған ақылман Есен, Көтіке, Арыстандар бүкіл елге қамқор болған жандар. Ерлік жасап, шайқасқа шықпағанымен, Есен ата жастайынан адамгершілік пен имандылықты өз өміріне ту етіп, елдің сөзін айта алған. Бұрын­ғыдан жеткен естеліктер бойынша, Есен атаның Оразалы, Текебай, Мекебай, Қара­­­­бала, Еркебай атты 5 ұлы мен 2 қызы болыпты. 

Қарабала өмірге келген 1850 жылы қыс қатты болып, мал қырылып, ел қатты күйзеліпті. Қарабала 5-6 жасқа келгеннен бастап әкесінің айтуымен, оқуға тартылып, ауыл молдасынан сауатын ашуға мешітке барады. Білімге құштар бала әке үмітіне сай болып өсті. Өзі бойы ұзындау, арықша келген, көп сөйлемейтін, тік мінезді, өжет жан болған екен. Кішкентай кезінен бастап қолтығынан Құран кітабын тастамайтын бірбеткей бала білімін шыңдау үшін Башқұртстан елінің Уфа қаласындағы Ғалия медресінде білім алған Қарабала қиындығына қарамастан, Меккеге барып, қажы атанады. Көкірегіне ұялаған білімнің нұрын көпке шашып, жас болса да, елдің қызметіне араласып, халықтың көзін ашып, сауаттандыруды мақсат етті. Қарекең елдік мәселелерге араласып, дәстүрлі көрісу мейрамын өз шаңырағында барлық туған-туысқан, ауыл тұрғындарымен атап өтетін. Ол күні үйде Наурыз көже асылып, көрісудің соңы ән мен жырға ұласып, кішігірім тойға айналатын. Қарабала жылдар өте келе өзінің халыққа бауырмалдығымен, елдің ақылқосарына, тірегіне айналды. Жасы кішілер құрметпен «Көке», «Атеке» деп атайтын. Қарабаладан үш ұл – Қабдырахман, Ғабдолкәрім, Нұрман (шын аты – Нұрмұхамбет) және Жәміш пен Балқия атты екі қыз өмірге келген. 

Қабдырахман кішкентайынан алғыр болып өсіп, әкесінен діни сауат алып, мұсылманшылықтың ақ жолына түсті. Бес уақыт намазын қаза қылмай жүрген Қабдырахман Қызылқоға бойынан Меккеге жолға шыққалы жатқан діндарлармен бірге, әкесін алып ұлы жолға шығады. Кез келген мұсылманның арманы – Меккеге тәу етіп, аман-есен елге оралған Қабдырахманға риза болған әкесі Алланың үйі – мешітті басқаруды тапсырады. 1911 жылы әкесі Қарабаланың құда түсуімен, ата-анасынан алған тәлім-тәрбие көргендігін бірден байқатып, ибалықтың үлгісін көрсеткен Тиын Ескендірқызына үйленген. 

1918 жылы елде Қазан төңкерісі жалғасып жатты. Қызыл империяның қолдан жасалған қырғыны басталып, коммунистік идеология адамдарды бір-бі­ріне қарсы қоюды бастады. Көптеген жан бір-біріне жала жауып, арыз жазып, «Халық жауы» деген ұғым пайда болды. Өкінішке қарай, бұл сұмдық нәубет Қарабала әулетін де айналып өтпеді. Балаларға білім беріп жүрген Қабдырахман «Халық жауы» деп қуғындалып, айдауға кетеді. Осы кездерде анасы-Нұрхаш ауыр кеселден көз жұмып, әкесі Қарабала қартайған шағында жалғыз қалады. Сол бір зұлматты кездерде отбасының бар ауыртпашылығы 4 баланың анасы, әулеттің келіні – Тиынға түседі. Кітаптың ендігі бөлімдері сол замандардағы кез келген отбасында және қазақ әйелінің басынан өткен қиындықтарды суреттейді деуге болады. Қабдырахман мен Тиын анадан Зүбайда, Сүлеймен, Зайлағи, Сағира (Сақыш) есімді ұл-қыздары өрбиді.

Ана деген асыл ұғымға лайық болған қазақ әйелдерінің бірі – Тиын Іскендірқызы. Қарабауды қоныс еткен кезінде батыр әрі би атанған Беріш Қаратоқайдан тараған Есеннің 5 ұлының бірі – Қарабала қажының келіні, жастайынан имандылықты ту етіп, сонау Меккеге барған Қабдырахманның сүйген жары, білім алу түгілі тамақ тауып, қарапайым күн кешу қиын болған кездерде халқының сауатын ашып, нағыз мұғалім атанған Сүлеймен мен Маңғыстауға белгілі педагог, «Халық ағарту ісінің үздігі» Сақыш Қарабалинаның анасы – Тиын Ескендірқызы.

Өн бойында үлкенге ізет, кішіге мейі­рім, жарына деген сүйіспеншілік тұнған Тиынның тағдыры адам төзгісіз болды. Қайынатасы Қарабаланың аманатымен оны Қарабауда мәңгілік мекеніне орналастырып, бала-шағасымен әркімнің босағасына көшіп-қонып тамақ асырап, ашаршылық пен қуғын-сүргінді бастан кешіріп, ұстауда жүрген сүйгені Қабдырахманды күтуден жалықпады. Жастайы­нан келін болып түскен әулетінің абыройы мен өнегелі жолын қадірлеп, тағ­дыр­дың талай тауқыметіне дес бермеген Тиын ананың өмір жолы ерлікке пара-пар, көпке үлгі боларлық. 

Әке тәрбиесінен жастай қалып, анасының айтуымен, Қаракөлдегі «Қызыл үй» мектебінде оқып, небір қиыншылық пен жоқшылық көрсе де, білімге деген құштарлығымен өз мақсатына жетіп, мұ­­ғалім болған Сүлеймен Қабдырахманұлы кейін отбасының асыраушысы мен тірегіне айналады. 

Қарабалин Сүлеймен Қабдырахманұлы 1921 жылы Қызылқоға өңіріндегі Қарабау елді мекенінде дүниеге келген. Жастық шағында қызыл империяның елге көрсеткен озбырлығын көріп өседі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ сауат ашу қосымша сабағына өз еркімен араласып, бар білгенін үйреткен Сүлеймен 1941 жылдың күзінде қазіргі Жылыой ауданындағы М. Лермонтов атындағы Қосшағыл орта мектебіне оқытушы болып орналасады. Жиырма бір жасында мектеп басшысы болған ол мектептің сан салалы жұмысын меңгере жүріп, мол тәжірибе жинақтайды. 50-жылдары қайнаған жаңа өндіріс ошағы – Қаратон кәсіпшілігіндегі орта мектепке директор болған Сүлеймен Қабдырахманұлы Атырау облысы Жы­лыой аудандық ағарту ісін дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1991 жылы Қамыскөлдің көшесіне, 1996 жылы Құлсары қаласының №15 жоғары сатылы жалпы орта білім беретін мектебіне аты берілді.

Сүлеймен Қабдырахманұлы әйелі Ақзирамен төрт ұл, бес қыз тәрбиелеп, олардан тараған ұрпақтың барлығы да білімді, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген білікті мамандық иелері.

Мақаламыздың басты кейіпкері Са­қыш Қарабалина 1931 жылы бұрынғы Гурьев облысы Қызылқоға ауданында өмірге келген. Бүгінде өңірге белгілі педагог, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім, Қазақ КСР-і «Халық ағарту ісінің үздігі», 1953 жылы Қазақ педогогикалық институтын бітірді. Әр жылдары мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, балабақша меңгерушісі, мектептің директоры және 1973-1986 жылдары Жаңаөзен қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. Ұстаздық қызметінде талай шәкірттің үмітіне шам жағып, болашағына жол көрсете білді. 

Сақыш Қабдырахманқызының өмірлік жолдасы Рахмет Өтесінов – 1927 жы­лы Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Қарабау жерінде дүниеге келген белгілі мұнайшы, жазушы, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мұнайшысы, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. 1951 жылы Мәскеудегі мұнай институтын бітіреді. Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде мастер, цех бастығы, бас инженер, директоры, Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің өнді­ріс-көлік бөлі­мінің меңгерушісі бол­ған. Қандыағаш аймақтық өндірістік партия комитетінің хатшысы, «Маңғыс­тау мұнайбарлау» тресінің партком хат­шысы және «Өзен мұнай өндіру» бас­­қармасының тұңғыш бастығы қызметін абыроймен атқарды. 

1960 жылдары Маңғыстаудың мұнай саласы елдің басты назарында тұрды. Ба­тыс Қазақстан өлкелік партия ко­мите­тінің өнеркәсіп бөліміне басшылық ету Рахмет Өтесіновке жүктеліп, ол 1964 жылдың шілде айында Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының директоры болып тағайындалады. Бас-аяғы бес жылдың ішінде жоспарланған жұмыстар бітіп, бұрын кез­деспеген 20 пайыздық парафині бар қою мұнайды жер бетіне шығару, тасымалдау әдістері табылып, өнім көлемі 9 миллион тоннаға жеткізілді. Ал бас бағ­­дар­­­­­лама бойынша кеніштің берері 20 миллион тонна болды. Алайда осы мақсатты жүзеге асыруға жан салып жүр­ген Рахмет Өтесінов 1969 жылы көлік апа­тына ұшырап, арбаға байланады. Бірақ рухы мықты жан денсаулығының нашарлығына қарамастан, бірнеше кітап жазып, елі­­­­не қызметін жалғастыра берді. Майталман мұ­найшының же­тістіктері мен жеңістері, халқына еткен еңбегінде сүйікті зайыбы Сақыштың көп үлесі бар.

Рахмет Өтесінов – «Ожившая река», «Айтылмаған ән», «Алыптың ашы­луы», «Даладағы алау», «Песчаная ко­са», «Пасмурные дни», «Жолдар мен жолдастар», «Соңғы аялдама» кітаптарының авторы. Саналы ғұмырында мұнай саласында қызмет еткен Рахмет Өтесінов­тың еңбегі елеусіз қалмады, ол КСРО-ның «Құрмет белгісі» ордені, КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, «КСРО-ның Құрметті мұнайшысы», «Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген мұнайшысы» құрметті атағын алған. Сондай-ақ «Қазақстан мұнайына сіңірген еңбегі үшін» медалін иеленіп, ҚР жоғарғы мемлекеттік марапаты «Құрмет» орденімен, ҚР «Ерен Еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталған. Жаңаөзен қаласында орталық спорт кешеніне және көшеге Рахмет Өтесіновтың аты беріліп, қаланың ортасындағы алаңға оның мүсіні орнатылды. 

42 жыл бойы арбаға таңылған өмірлік жолдасының жанына жара түсірмей, қамқор болған Сақыш ананы нағыз қазақ әйелінің үлгісі деуге болады. Ұл өсіріп, қыз ұзатқан асыл ана – сондай-ақ еңбектен қол үзбеген жан. Балалары Әбдірхан, Қадырхан, қыздары Қазила мен Қализа әкесінің жолымен жүріп, өмірлерін еліміздің мұнай өндірісін дамытуға ба­ғыш­тады. Тіршіліктің сан тараулы тартыстарында шыдамдылықпен алға жүріп, тағдырына мойынсына білген қайсар жар, аяулы ананың еңбегі еш кеткен жоқ, бүгінде бір әулеттің ақылшысы, тірегі болса, білім саласындағы қызметі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» деген құрметті атақтың, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік марапаттың иегері атанды. Қоғамдық шаралардан тыс қалмай, саясатқа араласып, облыс­тық, қалалық кеңес­тердің депутаты болды.

Ұзақбай Қарабалин 1947 жылдың 14 қазанында Атырау облысы Жылыой ауданы Қосшағыл кентінде өмірге келген. Ұзақ жылдар бойы мұнай саласында қыз­мет еткен. 1970 жылы И. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын, аспирантурасын тәмамда­ған. Еңбек жолын 1973 жылы «Қазмұнайгазбарлау» басқармасы Оңтүс­тік Ембі мұнай-газ барлау экспедициясының ұң­ғымалар бұрғылаудың инженер-технологі ретінде бастаған. Жас­тайы­нан еңбекке шың­далған ол қатардағы қызметтерді ат­қара жүріп, өз бі­лімінің нәтижесінде жоғары лауазым­дарға көтерілді. Энергетика және отын ресурстары министрлігінің мұнай және газ бас басқармасының бастығы, Энергетика және отын ресурс­тары министрінің, Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары, «Қазақойл» ҰМК бірінші вице-президенті, «ҚазТрансГаз» ЖАҚ президенті, Энергетика және минаралды ресурстар вице-министрі, «Қаз­Мұнай­Газ» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті, «Маңғыстау мұнайгаз» АҚ бас директоры, Қазақ мұнай және газ институтының президенті, мұнай және газ министрі қызметтерін абыроймен ат­қарған. Ғылым қайраткері, «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлі академияның академигі, техника ғы­лымдарының докторы Ұзақбай Сүлейменұлы бірнеше кітаптың, он шақты өнертапқыштық жаңалықтың патенттердің авторы, «Отан», үшінші дәрежелі «Барыс» , «Құрмет» ордендерімен, «ҚР-ның құрметті жер қойнауын барлаушысы» атағымен, сондай-ақ еліміздегі ең мәртебелі марапаттардың бірі – «Еңбек Ерінің» иегері. Ұзақбай Сүлейменұлы – мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы. Бұл марапаттардың барлығын Ұзақбай Сүлейменұлы бірден алған жоқ. Ол маман ретінде мұнай-газ инженерлік жұмыстардан бастап, жоғары лауазым­дарға жылдар көшінде қол жеткізді. 

Сақыш апа анасының неге «Ақсақ кемпір» атанғанын көпке дейін түсінбейтін. Оның сырын апасы Зүбайда ашып берген еді. Тиын ана келін болып түскен жылдары үйлеріне Қызылқоға өңірінің әр ауылынан қонақ көп келетін. Сондай-ақ мешітке Қабдырахманнан білім алуға келетін оқушылар да үйге келіп, дәм татып кететін. Соның бәріне үлгеруге тырысып жанталасып жүрген аяғы ауыр жас келін ат байлайтын желінің қазығына сүрініп, құлап қалады. Жамбастан алған жарақаты сол кезде ет қызуымен білін­­­бегені­мен, жылдар өте келе қатты ауы­ра­тын. Аяғын қаратайын десе, келін болып, ауылдағы жалғыз емші қайынағасынан ұялады, өз төркініне барып қаралуға жер шалғай. Мұның соңы уақыт өте келе аяғын сылтып басуға әкеп соқтырды. Со­дан бері Тиын ана ел ішінде «Ақсақ кемпір» атанып кетіпті. Кітаптың атауының себебі де осы. Бүгінде біздің арамызда жүрген абзал жанның өз айтары бар, көрсетер үлгі-өнегесі мол, қандай да бір мақ­таулар мен мерейді өсірер марапаттардың қай-қайсысына да лайықты деп есептеймін. Мен жан дүниесін ашуға тырысқан, жүрек сырын білуге ұмтылған Сақыш ана – мақтануды білмейтін, өзі туралы көсіліп көп айта бермейтін, қайсар мінезді, ойындағысын тіке айтқанды құп көретін, білімді ұстаз, білікті маман, мейірімді ана, адал дос, біртуар тұлға. 

Айзада АККАЙСИЕВА,

«КазЭнерджи» ассоциациясы 

энергетикалық әйелдер клубының 

төрайымы, э.ғ.д., 

Ұлттық инженерлік Академиясының академигі