Семей қаласының «Қарағайлы» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінші қабатынан тегін берілген орынның жалпы аумағы – 570 шаршы метр. Бұл алаңда облыс тұрғындары мен шығармашылыққа жақын жастар өз жобаларын іске асыруына мұмкіндік бар. Облыстық креативті индустрия паркінің директоры Асхат Бейсембаев парктің әлі де техникалық тұрғыда толықтырылып жатқанын айтты. «Осы жылдың 6 мамыры күні жергілікті дизайнерлердің Show room дизайнерлік – сән студиясының техникалық ашылуы өтті. 13 мамырдан бастап паркте сән салоны жұмысын бастады. Оны жүзеге асырып жатқан белгілі дизайнер, Brilliant шығармашылық мектебінің негізін қалаушы Мәдина Еділбекова. Бұл жоба әртүрлі стильде жұмыс істейтін облысымыздың дизайнерлерінің басын қосатын болады», – дейді ол.
Бүгінде креативті индустрия паркінде жүзеге асып жатқан жобаның бірі – Talqylike жобасы. Жоба қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртып, ұлттың бай мұрасын болашақ ұрпаққа ұсынады. Мұнда оқырман клубы, жазушылар клубы, қисса-дастандар клубы жұмыс істейді. Семей жастары Talqylike-тың алғашқы басқосуында Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабына талдау жасап, ұлт тарихына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер Өзбекәлі Жәнібектің тұлғалық болмысымен танысыпты.
«11 мамыр күні жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романына талдау жасалды. Осылайша, шығармашылық салаға қызығушылығы бар кез келген азаматқа мүмкіндік туып отыр. Жастар өзінің креативті жобаларын осы жерде жүзеге асыра алады. Бұдан бөлек, толыққанды дыбыс жазу студиясын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Түрлі медиконтент әзірлейтін подкаст, стэндап жасайтын алаңдарымыз бар. Таяуда «Ойсалар talks» деп аталатын подкасттың түсірілімін өткіздік. Спикерлер мен креативті индустрия өкілдері осы бағытты дамыту бойынша өз тәжірибелерін айтып, идеяларымен бөлісті», – дейді Асхат Бейсембаев.
Одан бөлек, креативті индустрия паркінің басшылығы Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетімен бірлесіп, оқу орны базасында технологиялық кластер құруды көздеп отыр. «Бүгінге дейін бірқатар жоба жүзеге асып та үлгерді. Кретивті, талантты жастарымыздың өзін өзі дамытуына, шығармашылық жұмыстарымен айналысуына, жоба әзірлеуіне мүмкіндік беретін ауқымды алаң жасаймыз деген жоспарымыз бар. Бұл біздің парктің негізгі мақсаты», – деп атап өтті креативті индустрия паркінің директоры.
Айта кетейік, Мемлекет басышысының тапсырмасынан кейін елімізде креативті жобаларды жүзеге асыру бойынша арнайы жоба әзірленген болатын. Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітті. Депутаттық корпуспен бірлесіп креативті индустрияны қолдау мәселелері бойынша бірқатар заңға өзгеріс пен түзету жобасы енгізіліп, салықтық жеңілдікте қарастырылды. Мәселен, креативті индустрия саласындағы бизнес бұдан былай КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылып, бірыңғай салықты ғана төлемек.
Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Сарапшылар салықты жеңілдету кино және телебағдарламаларды өндіруге, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді деп болжап отыр.
Абай облысында отандық дизайн өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Мәдина Еділбекова креативті индустрияның келешегі алда деген сенімде. «Осыдан 8 жыл бұрын сіңілім екеуміз өз күшімізбен дизайнерлерге арналған шағын мектеп ашқан болатынбыз. Ол кезде ақшамыз аз, әлі есімде 40 мың теңге көлемінде қаржымыз болғанына қарамастан істі бастап кеттік. Дегенмен «тәуекел түбі – желқайық» дегендей еңбек етсең ұзамай жемісін де көреді екенсің», – дейді бүгінде Brilliant шығармашылық мектебінің негізін қалап отырған кәсіпкер.
Биыл халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Мәдина Еділбекова «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауында «Креативті индустрия саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Ендігі мақсат облыстағы жас дизайнерлерді республика деңгейінде танытып қана қоймай, отандық сән үлгілерін шетелдерге де шығарып, бренд қалыптастыру қажет. «Қазір коллециялық өнімдерімізді әзірлеп жатырмыз, маусым айының соңына қарай үлкен көрсетілім ұйымдастырып, дизайнерлердің конкурсын өткіземіз. Жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар беріледі. Түрлі номианация бойынша жүлде тағайындалады. Одан бөлек, жақында қалалық деңгейде коворкинг орталығын ашпақпыз. Бизнес инкубатор жобасын жетілдіру үшін осындай жан-жақты қамадар жасап жатырмыз. Менің ойымша, жастарымыз бизнеспен айналысып, қаржылық жағынан тәуелсіз болса, мүмкіндіктері ашылса біздің қаламыз да дамиды, көркейеді. Жастардың экономикалық тұрғыда белсенділігін тиімді пайдалана білуіміз керек», – деп ой бөлісті М.Еділбекова.
Шығармашылық саласындағы жастардың пікірін тыңдап, креативті индустрия паркін аралап көрген аймақ басшысы жергілікті атқарушы билік тарапынан барлық қолдаудың болатындығын жеткізді. «Бұл жер облысымыздағы озық ойлы, жаңашыл, креативті азаматтардың басқосатын, ой-пікір алмасып, идеяларын жүзеге асыратын орынға айналуы керек. Біз барлық бастамаға қолдау білдіреміз», – деді облыс әкімі Н.Ұранхаев.
Креативті индустрия паркі өңірдің шығармашылық адамдарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, креативті экономиканы дамыту және өңірдегі инновацияларды ынталандыруға, біріктіруге арналған платформаға айналады деп күтіліп отыр.
Ұлағат БЕКБОЛАТ