Су саласында кадр тапшы ма, қадір тапшы ма?

Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде қуаңшылық болып, Жамбыл облысының алты ауданында төтенше жағдай жарияланса, биыл еліміздің батыс және солтүстік өңірлерін қарғын су алды.

Он облысқа топан су жайылды. Елімізде су тасқыны қаупі әлі де сақталып отыр. Тасқыннан бүлінген үйлердің шығыны келесі аптада белгілі болмақ. Қазіргі ақпаратқа сәйкес, елімізде 13 мыңға жуық үйді су басқан. Ал Ақтөбе облысында 2 елді мекен әлі көлік қатынасынсыз отыр. Үш өңірде індеттен қырылған мал көмілген 10 жерді су басқан болатын. Қазір тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шараларды жүргізіп жатыр. Президент су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеуінде: «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайды қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет», – деді. Мемлекет басшысы атап өткен су шаруашылығы мамандарының тапшылығы бүгінде өзектілігін көрсетті.

Былтырғы қыркүйекте ғана құрылған Су ре­сурстары және ирригация министрлігіне үл­кен жүк артылып отыр. Министрлік жасақ­та­ла салысымен Қазақстанда 2023–2029 жылдарға ар­налған су ресурстарын басқару жүйесін да­мы­ту тұжырымдамасын әзірлеуге кірісіп кетті. Ол жерде де білікті мамандардың тапшы екені ай­тылған. Құжатта су шаруашылығы бойынша жы­лына бар болғаны 200 маман жоғары оқу ор­нын бітіретіні, 100 түлек орта техникалық білім алып шығатыны, сонда түлектердің 22 пайы­зы ғана мамандығы бойынша жұмысқа ор­наласатыны көрсетілген. Бұған да сарап­шылар көптеген жоғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары және суды пайдалану» бойын­ша жүргізілетінін, бірақ мұндай маңызды са­лаға «гидромелиорация», «өзен құрылыстары мен су электр стансаларының гидротехникалық құры­лысы», «суару жұмыстарын механи­ка­лан­дыру», «су шаруашылығындағы экономика», «гид­ро­геология және инженерлік геология», «су­мен жабдықтау және су бұру» және «жердегі гид­рология» сияқты мамандар қажеттігі кө­теріл­ген екен.

Кеңес заманынан да кері кеттік пе?

Тұжырымдамада су шаруа­шылығы саласын бітірген инженерлердің дайындығы 1990 жылдардағы мамандарға қарағанда әлсіз екені айтылған. Көптеген жо­ғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары жә­не суды пайдалану» бойынша жүргізіледі. Кеңес дәуірінде гидрология мамандығына не­бәрі 25 адам қабылданса, арасынан 12-15 адам бітіріп шыққанын, бұл ел игілігіне жеткілікті болғанын және барлық түлек жұмысқа орна­лас­қанын айтады. Олар көбіне «Қазгидромет» гид­рометеорологиялық қызметінде немесе «Қаз­гипроводхоз» ғылыми институтында жұ­мыс істеген.

Бүгінде бұл екі мекеменің штаты бір­не­ше есе қысқартылғанын айта кеткен жөн. Кеңес заманында Қазақ­станда су сала­­сының мамандары көбіне Жамбыл гидро­­мелиоративтік-құрылыс инсти­тутын (ЖГМҚИ) және оның Қызыл­­­ордадағы филиалын оқып, тә­­мамдаған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, институт инженер мамандарды дайын­­даған, оқу орнындағы оқытушылар құрамында жоғары білікті мамандар болған. Сонымен қатар бұл институттың қуатты зертханалық базасы және ғы­лыми инфрақұрылымы болған. Бүгінде сарапшылар кеңестік жүйеде оқыған мұғалімдердің зейнеткерлікке шық­­қанын, ал жаңадан келген мұға­­­лімнің көп жағдайда практикалық тәжі­­рибесі жоқ екенін және жергілікті жерде жұмыс бола бермейтінін айтады. 

Су ресурстарын басқару жүйесін да­мыту тұжырымдамасында мемлекет су шаруашылығын «кадрлармен қамта­масыз ету» бойынша бірнеше қадамды атап көрсетеді. «Су шаруашылығының имид­жін жақсартуды» жоспарлап, жалақыны көтеру шараларын қолға алуды жоспарлап отырғаны да көр­­сетілген. Кадр даярлай­­­тын базалық оқу орны ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті (ТарӨУ) таңдалды. Иә, су мамандары дегенде есімізге Кеңес Одағы кезіндегі Тараз қаласындағы Гидромеларативтік–құрылыс институ­тының даңқы түседі. Еліміздегі ең алғаш су шаруашылығы мамандарын даярлап, кадрмен қамта­масыз еткен осы білім ордасы болатын. Жуырда Пре­зидент Тараздағы гидроме­лиоративтік-құрылыс инсти­тутын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім шы­ғарды. Сондай-ақ су саласындағы ма­мандарды даярлау бойынша базалық ЖОО-ны анықтауды тапсырды. Біз осы ретте, кезіндегі Жамбыл гидро­мели­оративтік-құрылыс институтының тү­легі, М.Х.Ду­лати атындағы Тараз өңірлік универ­­­ситетінің қауым­дастырылған профессоры, Тараз қалалық маслиха­тының депутаты Кенжеғали Шилібектен аталған мәсе­ледегі ойын білуге ты­­рыстық. Оның ай­­­туынша, Президенттің Тараздағы гидро­­­мелиоративтік-құрылыс инсти­тутын қайта қалпына келтіру жөніндегі ше­шімі – дұрыс шешім әрі батыл қадам.

«Суды тиімді пайдалану және бас­­қару, реттеу стратегиялық маңызды. Бұл елі­міздің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Су саласындағы қор­даланған мәселелерді шешуге бағыт­талған маман­­дарды қалыптастыру үшін базалық жо­­ғары оқу орны болып та­былатын Дулати университетінен бұ­рынғы Жамбыл гидро­­мелиоративтік–құрылыс инсти­тутын бөліп, қалпына келтіру ұтымды шешім. Институттың оқу ғимараттары, жатақ­­ханалары, су саласына бейімделген зерт­­­ханалары, спорт кешендері қаржы көздерін үнем­­­деуге мүмкіндік береді. Тараз қала­­сында орналасқан Қазақ су шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инсти­тутымен арадағы ынтымақтастық оң әсерін тигізеді. Шыны керек, бұрынғы одаққа танымал болған Жамбыл гид­­­роме­лиоративтік-құрылыс институ­тын қалпына келтіруде Үкіметтің қолдауы керек. Білікті ма­­мандардың жасы ұл­­­ғайған, білікті су мамандары жан-жақта шашырап жүр. Су мамандары қазір 10 жо­­­ғары оқу орын­дарында даярланады, сондағы ға­лымдарды жаңа оқу орнына шоғыр­ландырып, студенттерді тек база­лық оқу орнында бір жерден оқытуды жүзеге асыруды қолға алу керек. Сала­­дағы ға­­лымдардың әлеуметтік жағдайын жа­сап, жоғары жалақы тағайындау қажет. Барлық жоғары оқу орнында су сала­­­сында студенттер контингенті аз екені мәлім. Су бағы­тындағы білім беру бағдар­­ламаларын кез келген жоғары оқу орындарында аша беруді тоқтату керек. Керісінше, респуб­ликадағы су бағы­тындағы білім беру бағ­дарламаларын тек бір жерде, яғни жаңа­дан құрылатын оқу орнында жүзеге асыру тиімді болмақ. Мемлекет тарапына білім гранттарын көптеп бөлу мәселені толық шешпейді. Су тасқыны мамандардың жетіспей­тіндігін көрсетті. Сондықтан 17 аймақ басшылары, жылына мақсатты грант­тармен 10 талапкерді жіберу керек, оларға қосымша шәкіртақы тағайындау қажет. Бұл даярланатын кадрлардың са­пасына, профессор-оқытушылар құра­мының әлеуетін арттыруға оң өзгерістер әкеледі. Су бағытында оқитын студент­терге ерекше статус беріп, олардың шә­кіртақысын көтеру және жалақысы жо­ғары жұмыспен қамтамасыз ету қа­жет. Сонда ғана мемлекет тарапынан беріліп отырған білім гранттарын толық игеруге мүмкіндік болады. Сонда ғана біз бұрынғы гидро институттың беделін қайта әкеле аламыз», – дейді ол. 

Кенжеғали Шилібек сонымен қатар су саласына мамандар дайындаудағы кейбір мәселелерге тоқталды. 

«Су саласына мамандар дайын­даудағы жоғары оқу орынның өкілі ретінде кадр тапшылығына келер бол­сам, біріншіден, су шаруашы­лығындағы білім беру бағ­дарламаларына сұраныс аз. Мем­лекеттік тапсырыс, облыс әкімі бөлген білім беру гранттары жыл сайын иге­рілмеуде. Мысалға, 2022–2023 оқу жы­лында 6В086 «Су ре­сурстары және суды пайдалану» білім беру тобына жалпы 328 орын бөлінді, оның 90-ы қысқартылған білім беру бойынша, яғни колледж бітіру­шілеріне, «Серпін» бағдарламасы бо­йынша 10, ма­гистра­тураға 70, «Гидро­техникалық құрылыс және су ресуртсарын басқару» білім беру бағдарламасына 20 орын берілді. Өкінішке қарай, рес­публика бойынша бұл орындардың 30 пайызы ғана игерілді. Бүгінде Дулати уни­верситетінде су ресурстары бағытында 107 студент білім алуда. Өткен оқу жылында екі сала бойынша 43 бітіруші диплом алып шықты. Оқуды аяқтаған соң, түлектердің 80% өз мамандығы бо­йынша «Қазсушар» филиалдарына, бассейндік инспек­цияларға жұмысқа орналасады, алайда ондағы айлық жала­қыға ұзақ уақыт тұрақтамай басқа салаға ауысуда. Себебі еңбекақысы өте төмен, мысалға жаңадан жұмысқа кірген жоғары білімді су саласы маманының айлығы – 95-120 мың теңге аралығында ауытқиды. Бұл еліміз бойын­ша орташа еңбекақы – 350 мың теңгемен салыс­тырғанда, 3-3,5 есе төмен. Тағы бір жағы мамандық мәр­тебесінің төмендігі.

Шыны керек, мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Алайда ол мамандардың оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды міндеттеуге назар аудару­лары әлі де болса жеткіліксіз. Осы жағын қолға алу қажет», – дейді профессор. 

«Техникалық мамандарды дайындауда біраз құндылықты жоғалттық»

Жуырда өткен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су саласының маман­дықтары мәселелері бойынша бірлескен кеңесінде жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкіл­дері қатысып, су мамандарын даярлау тақырыбы қозғалған еді. Онда «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары және су қауіпсіздігі» секілді су саласының ма­мандықтары қосылғаны айтылып, биыл­дан бастап қазақстандық студенттер атал­ған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алатыны жария болған еді. «Біз үшін су саласы мамандығын тартымды ету маңызды. 2024 жылдың басынан бері су шаруашылығы қызметкерлерінің ең­бекақысы орта есеппен 22 пайызға өсті. Бұған Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың арқа­сында қол жетті. Сонымен қатар отандық су саласының кадрлық әлеуетін арттыру үшін министрлік су шаруа­шылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр», – деген еді сонда Нұр­жан Нұржігітов.

Бүгінде елімізде 10 оқу орны су саласының мамандарын даярлайды. Ал қазір су мамандықтары бойынша 2 500-ге жуық студент оқиды. Дегенмен студент­терге нағыз маман иесі болуы үшін де көптеген жұмыс кезегін күтіп тұрған се­кілді. Бұл ойды Кенжеғали Шилібек те қостайды. 

«Тәуелсіздік алғанға дейін бізде ұлт­тық білім, ұлттық тәрбие беру жүйесі кеңестік сипатта қалыптасты деуге болады. Менің ойымша, мұның басты себебі батыстық білім беру жүйесі – «Бо­лон» үдерісін қол­данысқа енгізгеніміз болды. Еуропа елде­рінің ортақ білім беру жүйесіне ену мақсатында Орталық Азия елдерінен бірінші болып, Қазақстан «Болон» үдерісіне 2010 жылы енді. «Болон» үдерісіне ене отырып, отандық білімнің бәсекелестікке қабі­лет­тілігін арттыру, үш сатылы жо­ғары білімді енгізу, академиялық кре­диттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау, сту­денттер мен оқыту­шы­лардың мо­­­биль­­ділігін кеңейту көзделді. Бұл жүйе отан­­дық білім жүйесін еуропалық озық тәжірибелер мен ғылы­ми жаңа­­лықтарды батыл енгізу арқылы халықаралық үлгіде дамытуға мүмкіндік берді. Таяқтың екі ұшы бар дегендей біз, техникалық ма­мандарды дайындауда біраз құн­­дылықты жоғалттық. Болашақ инже­­­нерлер білуге тиіс қажетті инже­нерлік-техникалық пәндер оқу үдері­­сінен алынып тасталды, не болмаса мазмұны өзгеріп, сағаттары қысқар­тылды. Білімді бағалау жүйесі өзгертілді. Нәтижесінде, көпшілік студент үшін оқу орын­­дарындағы негізгі мәселе сапалы білім алу емес, жоғары балл жинау, мамандық игеру емес, диплом алу болып кеткені жасырын емес. Оның үстіне бұл маман­дықтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең төменгі шекті балл ал­ғандардың мемлекеттік грантқа түсуінің әсері де жоқ емес. Сонымен қатар жастар су саласына қызықпайды. Өйткені бұл саладағы мамандардың қоғамдағы мәр­тебесі төмен. Айлық жалақысы аз. Жоғарыда айтқандай, су бағытында оқи­тын сту­денттерге ерекше статус беріп, олардың шәкіртақысын екі-үш есеге дейін көтеру және соңғы курсты дуалды оқытуға көшіріп, мекемеде айлық жа­лақымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағ­дарламаласына су саласының түлек­терін тартуымыз керек. Мамандардың әлеу­меттік қамтамасыз етуді кепіл­дендіру, біліктіліктерін жүйелі арттыру, жалақы­ны көтеру, сала еңбеккерлерін насихаттау ар­­­­қылы ғана су маман­дарының мәртебе­­сін жақсарта ала­мыз», – дейді ол.

Кадрға қажеттілік 800 адамға дейін артады

Сарапшылар гидромелерация ма­мандығын «ең қажетсіз мамандық» деп атап көрсеткен екен. Мұның бір себебі бұл мамандыққа сұраныстың азаюы, оқыту кезінде практикалық тәжірибенің жоқтығы мен жергілікті жерде жұмыс бола бермейтіні. Мамандар инженер-мелио­ратор топырақтың құнарын жақ­сартуға және шаруашылықты ұйым­дастыруға жауапты жан екенін айтады. Оның жұмыс ауқымы кең, жауапкершілігі де орасан. Ол жер суландыру техни­каларын, топырақтың қоректену режі­мін дұрыс пайдалануды, ауылша­руа­шылық дақылдарынан тұрақты және мол өнім алудың тиімді жолдарын ұсына алатын, канал, тоған, су қоймалары мен бөген­дердің техникалық қауіпсіздігін болжай білетін, гидрологиялық қолай­сыз жағ­дайларын жақсарта отырып, жер қорын өте тиімді түрде пайдалану әдіс­терін меңгерген маман. Алайда біздің шаруа қожалықтары мұндай маман иесін қажет етпейді. Осыдан келіп әркім өз әрекетімен жерді пайда­лануда. Нәти­жесінде, жер сортаңданып, тұзданып, тозып, эколо­гиялық мәселелер туындап жатыр.

Иә, бізге саладағы проблемалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта, «Гидротехникалық құрылыс және құ­рылымдар», «Су ресурстарын басқару», «Гидромелиорация», «Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «Гидрогеология және инженерлік гео­­­логия», «Су шаруашылығының эко­­­но­­микасы», «Су дипломатиясы», «Ме­­лиоративтік жұмыстарды механика­лан­­дыру», «Гидроэнергетика» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау аясын кеңейтуіміз керек. Себебі болжам бойынша,  2029 жыл­ға қарай кадр­­­ға қажетті­лік 800 адамға дейін ар­тады, ал оларды даярлау үшін 350-ге жуық педагогика маманы қажет болады екен. Оның ішінде 170 маманның ғылыми дәрежесі болуы керек. Мұнша мандарды аз уақыттың ішінде даярлай алу да оңайға соқпасы анық. Дегенмен Үкімет қолынан келгенін жасап бағуда. Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігінің мәліметі бойынша, су шаруа­шылығы саласына кадр даярлауға жыл сайын 400-ден астам орын бөлінеді, ал жаңа тұжырымдамада грант санын арт­тыру қарастырылған. Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің баспасөз қызметі бүгінеде су мамандарын даярлауда еліміздің төрт макроөңірі таңдалғанын, онда эко­­­номика салалары бойынша, оның ішін­­­де су саласының болашақ маман­дарын даяр­лайтын тірек кол­­ледж­дер құрыла­ты­нын айтады. Айта кетейік, бүгінде еліміздің бес колледжі су сала­­­сының ма­мандарын даярлайды. И.Әбді­­­кәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техни­­­калық жоғары колледжі, Мақта­арал аграрлық колледжі, Түлкібас агр­обизнес және туризм кол­леджі, Үш­қо­ңыр су шаруашылығы кол­леджі және Манап Өтебаев атындағы жаңа техно­логиялар жоғары колледжінде гидро­геология саласының 300-ге жуық бола­­шақ маман­дары оқиды және олардың 90%-ы мем­­лекеттік білім беру тапсырысы бо­йынша білім алады.

Сонымен қатар 2024-2025 жылдары «Сумен жабдықтау және су бұру жүйе­лерінің тазарту құрылыстарын пайда­­лану», «Гидротехникалық мелио­рация» және «Гидротехникалық құрылыс» және тағы басқа мамандық бойынша техни­­калық және кәсіптік білім беруде мем­лекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ жуырда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Француз даму агенттігінің (AFD) өкілдерімен кездесіп, су саласындағы ынтымақтастық мүм­кіндіктерін талқылаған еді. Агенттік өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция президенті Эммануэль Макронмен жақында өткен кездесуінен кейін қос тарап су секторын қоса алғанда, түрлі бағыттағы ынты­­мақ­тастықты белсенді түрде нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Қонақтар 100-ге жуық елде жұмыс істейтін AFD бірлескен жобалар бойынша техникалық сарап­­тама, несие түрінде ұзақ мерзімді қар­­жыландыру және техникалық-эконо­­микалық негіз­деме дайындауға гранттар беруге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ Француз даму агенттігінің өкілдері Астана қала­сында қазақстандық филиал ашуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Сол жиында Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрлігі отандық су саласының мамандарын оқыту және біліктілігін арттыру үшін француз ма­мандарын тартуға қызығу­­шылық танытып отырғанын, сондай-ақ франциялық сарапшыларды елдің су шаруашылығы объектілерінің ағымдағы жай-күйі туралы дерек жинайтын ахуал­­дық ақпараттық орталықтың жұмысына тарту мәселесін де қарауды ұсынды. 

 

ТҮЙІН:

2023 жылы аграрлық және су салалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын игеру көлемі небәрі 59%-ды құраған. Мәселен, былтыр «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана келіп түсіп, мемлекеттік гранттардың 70%-ы игерілмей қалыпты. Ғылым және жоғары білім министрлігі қазір 10 ЖОО су ресурстары саласында кадр дайындап жатқанын айтады. Көпшілігі «Су шаруашылығы» және «Су ресурстары» мамандығы бойынша оқиды, ал инженер мамандар тек М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқытылады. Жалпы, елімізде су мамандарын негізінен Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ-Неміс университеті даярлайды. Соңғы кездері басқа да жоғары оқу орындарында су бағытында білім беру бағдарламаларын ашып, болашақ су мамандарын даярлауда. Енді осы бағытта жұмыстар өз нәтижесін береді деп сенеміз. Алаңсыз жүргенде саламыз мамансыз қалмасын.

Наурызбек САРША