Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз, бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деген болатын. Осы орайда спорттық-бұқаралық іс-шараның ұйымдастырылуы ел абыройын асқақтатар спорт саласын дамытуға, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салауатты ұрпақ қалыптастырудың тағы бір алғышарты болмақ.
Шараның ашылу салтанатында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев іс-шараның өтуіне қолдау білдірген Туризм және спорт министрлігіне, Астана әкімдігіне алғыс білдірді, «Қазақ спорты жасасын. Жеңістеріміз көп болсын!» деп тілек айтты.
Туризм және спорт министрлігінің жанынан құрылған қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы мен жазғы Олимпиада және Паралимпиялық ойындарға дайындық штабының төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, іс-шараның мақсаты – спортты насихаттау, бұқаралық спортты дамыту.
– Париж Олимпиадасының басталуына 70 күн, Париж паралимпиадасының басталуына 102 күн, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 111 күн қалды. Шынын айтсақ, кейде Олимпиада және Паралимпиада спортшыларын жанкүйерлердің қолдауы аз болып жатады. Сондықтан осындай мереке ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шара еліміз спортының дамуына өз үлесін қосады деп білеміз, – деді ол.
Сонымен қатар Елсияр Қанағатов биыл Президент жарлығымен құрылған Штаб жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету екенін айтты.
– Қазір Штаб Париж қаласында өтетін 2024 жылғы XXХIII жазғы Олимпиада, XVII Паралимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларды даярлауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарып жатыр. Дайындық жұмысына барлық жағдай жасалған. Спортшыларымыз өздерінің кестесі бойынша оқу-жаттығу жұмыстарында жүр. Қазір жарыстарға қатысып, жоспарланған жолдамаларды алу маңызды. Паралимпиада бойынша 7 спорт түрінен 12 жолдамамыз бар. Әлі де жолдама алатын жарыстар бар. Мамыр-маусым аралығында спорттың 5 түрі бойынша 16 лицензия жеңіп алсақ деген мақсатымыз бар.
Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында спорттың 22 түрінен өтеді. Қазақстан атынан Паралимпиадаға 38 спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар спорттың 9 түрінен өнер көрсетеді. Ал Олимпиада ойындарына 51 жолдамамыз бар. Алда халықаралық және республикалық жарыстардан 30-ға жуық жолдама алуды жоспарлап отырмыз, – деді Елсияр Қанағатов.
Спорттық-бұқаралық іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары арасында түрлі спорттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Спорттың денсаулыққа пайдасы, Олимпиада және Паралимпиада ойындарының еліміздің халықаралық аренадағы абройын асқақтатудағы рөлі мен маңызы туралы айтылып, спортшыларымыздың, чемпиондарымыздың жетістіктері мен жеңістері туралы кеңінен насихатталды.
Астана қаласы Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының баспасөз қызметінің басшысы Құралай Әшімханова:
– «Әлем қозғалыста. Олимпиада ойындары мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бірлікте» спорттық-бұқаралық іс-шара аясында паралимпиадалық комитет атынан паралимпиада ойындарына 100 күн қалғанын хабарлаймыз. Шара барысында қонақтарымыз арасында екі ойын ойнатып жатырмыз. Арнайы сыйлықтарымыз бар. Бұл ойындар арқылы параспортшылардың еңбегін насихаттағымыз келеді.
Астана бойынша дайындық қызу жүріп жатыр. Париж Паралимпиадасының жолдамасына Астана қаласынан 5 параспортшы әлі таласып жатыр. Парадзюдодан шешуші ұпай үлестірілетін жарыс Тбилисиде ұйымдастырылып, маусым айында толық рейтинг жарияланады. Дәл қазіргі сәтте Ақмарал Науатбек әлемдік рейтингте 1-орын, Ерғали Шамей 3-орында, Бауыржан Арыстанбек 6-орында тұр. Паратеннистен де Алтынай Ержанқызының мүмкіндігі бар. Ал паражүзуден Токио Олимпиадасының қатысушысы Сиязбек Далиев нормативті орындағанымен, әлі толық шешім шықпады, – деді.
Сондай-ақ жиын барысында еліміз спортының жай-күйі, спортшылардың, паралимпиадашылардың жағдай, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Раушан Қойшыбаева үлкен жарыстың алдында өтіп жатқан іс-шараны ұйымдастырушыларға және жиынға қатысушыларға алғыс білдіріп, байрақты бәсекеде Қазақстанның абройының асқақ болуын тіледі.
– Паралимпиада спортына 2010 жылы келдім. 6 жылда жақсы дайындалып, 2016 жылы Рио-де-Жайейрода өткен жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып, көк туымды көтеріп келген болатынмын. Бұл жетістікке жеткенім – тек өзімнің ғана еңбегім емес, жеке бапкерім Денис Орловтың да еңбегі. Отбасым мен жақындарымның қолдауы. Халқымның жанашыр, жанкүйерлігі сол жарысқа жігерлендіріп, шынықтырып жеткізді. Сол кезде Ақордада олимпиадашылар мен паралимпиадашылар дөңгелек үстелде басымыз қосылып, кездескен болатынбыз. Осы үрдіс 2016 жылдан бастап сақталып келе жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев және Үкімет жылдар бойы бізді қолдап келеді. Астана қаласындағы паралимпиадалық жаттығу орталықтары секілді орталықтар еліміздің ірі-ірі қалаларында ашылса, керемет болар еді. Республикамыздың әр аймағында, ауылдарда спорт мектептері ашылса... Алдағы жарысқа дайындығымыз жақсы өтіп жатыр. Барлықтарыңызға жеңіс тілеймін, – деді Раушан Қойшыбаева.
Ал Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ