Мүмкін болатын жерлерде техникалық тексерулер жүргізілуде. Біз құрылыс жұмыстары басталған Сырым, Қаратөбе аудандарына барып қайттық.
Облысқа қарасты Сырым ауданында 114 үй салынады. Бұл үшін «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінеді. Бұған дейін атқарушы билік өкілдері айтқандай суға кеткендерге салынатын үйлер үшін ешқандай бюджеттің ақшасы шығындалмайды. Ол үшін ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің қаржысы жұмсалатын болады.
Қазір Сырым, Қаратөбе аудандарында суға кеткендерге берілетін үйлердің құрылысы басталып кетті.
Сырым ауданында үйлердің іргетасын қалау жұмыстарына тап болдық. Құрылысшылар игі іске білек сыбана кірісіп кеткен. Мердігер компаниялар белгіленіп, үй салатын жерлер бөлініп беріпті.
– Біз қазір Сырым ауданы Өлеңті ауылының суға кетпейтін биік нүктесінде тұрмыз. Бұл жерді мамандар қарап тексерді. Содан кейін ғана құрылыс жұмыстарын бастадық. Қазір 14 үйдің іргетасын қалап қойдық. Ауа райы жақсы кезде құрылысты тезірек аяқтағымыз келеді. Менің компанияамда қажетті жұмысшы күші де, техника да жеткілікті, – дейді мердігер компания жетекшісі Қасымжан Дүйсенғалиев.
Жалпы, БҚО бойынша 1 497 тұрғын үйге су кірген, осының ішінде 456 үй тұруға жарамсыз деп бағаланып отыр. Бір ғана Сырым ауданының өзінде 253 үйге су кірген, 114 үй қайта салынады. Ал Қаратөбе ауданына қарасты Қоржын ауылы суға түгел кетіп қалды. Ол ауылда 90 үй салынады, 7 үйге жөндеу жүргізіледі.
– Төтенше жағдай болған бойда комиссия құрылды. Қазір комиссия аудандағы суға кеткен үйлерді бағалау жұмыстарын толығымен аяқтады. Осы комиссия шешіміне сәйкес Жымпиты ауылында 49 үй, Өлеңті ауылында 39 үй, Бұлдырты ауылында 25 үй, Көздіқара ауылында 1 үй салынады деген шешім шығарылды. Қазір сегіз мердігер компания анықталды. Құрылыс жұмыстары басталды, – деп атап өтті Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов.
Дәл осындай жұмыстар Қаратөбе ауданының Қоржын ауылында да жүріп жатыр. Нұрболат Кенжеғалиев – Қоржын ауылының тұрғыны, өзі мұғалім. Жары да мектепте сабақ береді. Нұрболат қазір туыс апасының үйінде тұрып жатыр. Себебі өзінің үйі опырылып, ортасына түскен.
– Менің үйім тұруға жарамайды. Опырылып ортасына түсті. Тіпті, ішіндегі заттарды да шығарып үлгермедік. Су кеткесін шығарғымыз келген, онымен бәрі сынып, шашылып қалыпты. Қазір туыс апайымның бір бөлмесін алып, отбасыммен сонда тұрып жатырмын. Ауылдың екінші шетінен үйлер салып жатыр. Бұйырса бітіп қалар, – дейді ауыл тұрғыны Нұрболат Кенжеғалиев.
Жалпы, облыста су тасқыны келтірген шығынды өтеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін аймақта 679 отбасыға 100 айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Ол үшін 2,4 млрд теңге жұмсалған.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы