Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев журналдарға қатысты пікірлер орынды және ғалымдарымыз үшін шетелдік басылымдарға материал жариялау оңай емес екенін айтып, әйтсе де, жалпы ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керегін алға тартты.
«Ғылым жан-жақты зерттелген қадамды талап етеді. Сондықтан PhD-ді қорғауға арналған критерийлерді төмендетуге болмайды. Болон жүйесіне көшер алдында мұндай олқылықтың болғанын білеміз. Сол кезеңде кандидаттар мен докторлардың көбейіп кеткенін және олардың қалай қорғағанын көрдік. Сол кезге қайта оралмау үшін PhD-ді өз деңгейінде ұстап отыруымыз қажет. Жеңіл жолмен қорғаған он PhD-ден гөрі бір-екі нағыз ғалымды тәрбиелеп шықсақ, елдің ғылымына да, экономикасына да көбірек пайдалы болатыны анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ал бүгінде докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық оқу курсын меңгеріп, бірақ докторлық диссертациясын қорғай алмай жүрген докторанттар саны артып барады. Қорғау кезеңінен қорқып, бірқатары тіптен оқудан шығып кетіп жатыр. Көбіне кедергі – ғылыми басылымдарға, әсіресе, Scopus базасына енген журналдарға мақала жариялау. Өкінішке қарай, Ұлттық статистикасы бюросы оқуға қабылданған және оқуын бітірген докторанттарды ғана тізімдейді, ал қорғап-қорғамағаны жайлы мәлімет жоқ. Әйтсе де, Сенатта көтерілген мәселенің барын ғалымдардың көбі растайды. Мәселен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология институтының «Арнайы педагогика» мамандығында 2-курс докторанты Досжан Тоқтарұлы қазір ғылыми мақала жариялау әр докторант үшін айтарлықтай қиындық тудыратын мәселе болып отырғанын айтады.
– PhD дәрежесін алу үшін қойылған талаптарға сәйкес, ККСОН тiзiмiне енетін журналға 3 мақала, халықаралық конференция материалдарына 3 мақала және Scopus базасына кiретiн журналға 1 мақала жариялауымыз керек. Менiң зерттеу салам – «Арнайы педагогика» бойынша елiмiзде ККСОН базасына енетін нақты журнал жоқ. Сол себепті жалпы педагогика бойынша ККСОН базасына енетін басылымдарға мақала жариялауға тиіспіз. Ал ККСОН базасына енген педагогика бағыты бойынша журналдар да және олардың сериялары да өте аз. Сәйкесінше, онда мақала беретін зерттеушілер көп, ұзын-сонар кезек. Сондықтан мақала шығаратын кезде қиындыққа тап боламыз. Сондай-ақ докторант ККСОН базасына енетін журналға мақаласын жариялап, кейін ол журнал базадан шығып қалса, онда басқа журналға қайта мақала жариялауға тиіспіз. Мұнда уақыт жоғалтамыз әрі психологиялық күйзеліс тудырады. Зерттеушінің ККСОН журналына мақаласы жарияланса, ол журнал базадан шығып қалса да докторанттың мақаласы ККСОН журналына енген мақалалар тiзiмiнде сақталуы керек деп санаймын. Scopus базасына енетін журналға мақала бергеннен гөрі Ғылым министрлігінің Бақылау комитетінің тiзiмiне енетін журналдар санын, олардың серияларын көбейту керек. Scopus базасына енетін журналға мақала шығару – басқа адамдардың табыс көзіне айналып бара жатқаны және оған мақаланы өзі жазатын докторанттар саны аз екені ақиқат. Scopus журналына мақала шығару талабының орнына ККСОН базасына енетін журналдар санын көбейте отырып, олардың төлемақысын көтерген дұрыс болар еді. Шетелдік журналдарға берген ақшаны еліміздің журналдарына төлегеніміз игі. PhD дәрежесін қорғауды жеңiлдету керек. Ғылыми кеңестерді көбейтсе, қорғауға қойылатын талаптарды жеңілдетсе, яғни ғылыми басылымдар санын көбейте отырып, Scopus журналына мақала жариялау талабын алып тастаса, көптеген PhD дәрежесіне қол жеткізе алмай жүрген зерттеуші үшін оң шешім болар еді, – дейді зерттеуші.
Академиялық жазу институты қажет
Докторанттар шетелдік басылымдарға мақала жариялау кезінде қиындықтарға тап болатыны себебінен осындай шаруамен айналысатын агенттіктерге жүгініп жатады. Алайда олардың қызмет көрсету құны қымбат. Елімізде Scopus базасына енетін халықаралық ғылыми журналдарға мақала дайындау және жариялауға көмектесу қызметінің ақысы 5 мың мен 7 мың АҚШ долларының арасын қамтиды. Әрі 1,5-2 жыл уақытты қажет етеді.
Елімізде осы бағытта жұмыс істейтін ұйымның бірі – SciPubl INDEX-KZ. Аталмыш компания редакторы, The Journal of Behavioural Sciences (Cambridge University Press) журналының халықаралық рецензенті Ләззат Смаилхан докторанттардың шетелдік беделді журналдарға мақала жариялай алмауының себебін былай түсіндіреді.
– Шын мәнінде, шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялаудың қиын болатын себебі – академиялық жазу дағдысын Қазақстандағы тек бірқатар ЖОО-да, оның өзінде қысқа курспен ғана үйретеді. Ал бұл сапалы жарияланымға қол жеткізу үшін, сондай-ақ ресейлік және украиналық біркүндік компаниялар арқылы қате жарияланымнан аулақ болу үшін аса қажет. Ғылыми жобаның нәтижесі бойынша сапалы ғылыми мақала жазуға қажетті академиялық жазу өнерінің өзіндік қыр-сыры, қиындығы бар. Бұл дағдыны бір күн немесе бір айда меңгеру мүмкін емес.
2010 жылдың наурыз айында Қазақстан Болон білім беру жүйесіне көшті. Бұл – шетелде ғалым ретінде танылудың ерекше мүмкіндігі. Көптеген жас докторант өте сапалы зерттеулер жазады, бірақ, әдетте әр пәндік саланың өзіндік жазу стилі, жарияланым ережелері болады және жас докторантқа академиялық жазуды білместен ғылыми жарияланымдар жүйесіндегі жаңалықтарға бейімделу қиынға соғады. Осыған байланысты қорғау алдында күрделі мәселелер туындайды. Болон жүйесі – жоғары білімді демократияландырудың бір түрі. Оның жағымсыз жақтарынан гөрі жақсылығы көп. Ғылым дамуы керек, Қазақстан халықаралық рейтингте 93-орыннан кем дегенде 60-орынға көтерілуі тиіс. Бұл – әр университеттің және әр ғалымның жеке еңбегі. Білім берудегі жаңа трендтерді белгілеу керек, әлемнің үздік университеттерінің ғалымдарымен серіктесе алуымыз шарт. Ол үшін үздік басылымдарда мақала жариялау қажет. Мұндай ғылыми жарияланымдар шетелдік зертханалармен ынтымақтастыққа үлкен мүмкіндік ашады, зерттеудің жаңа әдістерін, жаңа ғылыми тәжірибелерді түсінуге, ғалымның сапалы ғылыми мақаласы арқылы әлемге танылуына, халықаралық ғылыми аренаға шығуға және өзінің ғылыми имиджін арттыруға көмектеседі. Докторанттар үшін бұл білім және ғылыми тәжірибемен алмасу үшін академиялық ұтқырлыққа қатысудың үлкен мүмкіндігі.
Бірақ біздің білім беру жүйесінде сапалы зерттеу жазу механизмін, Academic Writing мәселелерін түсіну мүмкін емес. Қысқа мерзімді пәндер болашақ ғалымдарға толық ақпарат бере алмайды. Шетелде жас докторанттар бір орында тұрмайды, олар бұл салада ұдайы даму үстінде жүреді, өйткені Academic Writing ғылым статусын алудағы негізгі шарттардың бірі.
Өкінішке қарай, бізде Academic Writing деңгейі өте төмен. Академиялық жазу саласындағы үздік кадрлардың ұстасы ретінде жеке академиялық жазу институтын ашу қажет және академиялық жазу бойынша дәріскерлерді шақыру, толыққанды оқу курстарын өткізу немесе Academic Writing пәнін бакалавриаттың бірінші курсынан бастап міндетті пәнге енгізу қажет. Академиялық жазу мектебінің болмауы докторанттардың сауатсыздығын тудырады және оларға Scopus ғалымдарының материалдарын түсінуде үлкен қиындық туғызады, оларға академиялық жазудың мәнін түсіну қиын, зерттеудің өзі туралы айтпағанда, ғылыми диссертациясының атауын дұрыс құрылымдай алмай жатады. Сол себепті Білім министрлігі Қазақстан ғалымдары үшін академиялық жазу институтын ашу қажеттігі туралы мәселені назарға алады деп үміттенемін, – дейді сарапшы.
Бізде институционалдық бақылау кеңесі жоқ
Джордж Вашингтон университетінен ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан қауымдастырылған профессор Қарлыға Мысаева докторанттарға институционалдық қолдау болуы қажет екенін айтады.
– Қазақстандық PhD дәрежесін алушыларға қойылатын талаптарды ғылыми әлеуеті жоғары елдердің бірі АҚШ-тағы PhD докторантурада оқумен салыстыра қарастырып көрейік. Ең алдымен оқу уақыты мен ұзақтығы: Қазақстанда PhD бағдарламалары 3 жылға есептелген, ал АҚШ-тағы PhD бағдарламалары әдетте 4 жылдан 7 жылға дейін немесе одан да көп уақытқа созылады. Бірақ АҚШ-та орташа алғанда докторанттардың басым бөлігі 5 жыл көлемінде аяқтауға тырысады. Бұл елде докторант алғашқы екі оқу жылында тек ғылыми зерттеу теориялары мен өзі таңдаған тақырыбына қатысты әдебиетке, ғылыми еңбектерге шолу жасаумен айналысады. Ғылыми зерттеу тақырыбына қатысты әдебиеттермен толығымен танысып, өзіне қажетті материалдар жинақтайды. Содан кейін диссертация тақырыбына сай таңдалған ғылыми зерттеу теориясы мен зерттеу әдістеріне сәйкес сандық немесе сапалық зерттеу жүргізу үшін университеттің Институционалдық бақылау кеңесінен (Institutional Review Board, IRB) рұқсат алуы керек. Оған бір айдан үш айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бұл – негізінен ғылыми зерттеу тақырыбының жаңашылдығын, зерттеу әдістері мен сұрақтарының тақырыпқа сәйкестігін және зерттеу объектісінің дұрыс таңдалуын толығымен тексеретін этикалық кеңес. Докторант IRB рұқсатын алғаннан кейін ғана зерттеу жүргізу құқығына ие болады. Өкінішке қарай, біздің елде IRB секілді ғылыми зерттеуді этикалық тұрғыдан қарастыратын кеңес барлық жоғары оқу орнында бірдей жұмыс істей бермейді. Сонымен қатар докторант ғылыми зерттеуін жүргізгенде барлығының ашық, шынайы және сапалы жүргізілуіне ерекше мән береді. Мәселен, сауалнама немесе сұхбат жүргізілген болса, оған қойылатын талаптарды толығымен орындауы шарт. Көп жағдайда АҚШ-та докторант зерттеуді үшінші курстан бастайды және тек зерттеуге бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан докторанттар оқуының төртінші жылында ғылыми теорияны зерттеу нәтижесімен байланыстыра диссертациясын жаза бастайды. Жалпы алғанда, бес жылда докторанттың диссертациясы толығымен жазылып аяқталуы мүмкін. Отбасылық, қаржылық немесе денсаулығына байланысты мәселелерге қатысты одан да ұзақ уақытқа созылады. Уақыттың тым ұзаққа созылуы көп жағдайда ғылымға қызығушылықты жоғалтуға немесе ғылымнан жалығуға әкелуі мүмкін деген ұғым да бар. Десек те, біздің елмен салыстырғанда, АҚШ-та докторанттарға уақыт жағынан шектеу жоқ. Ең бастысы, ғылыми зерттеу жұмысының, яғни диссертациясының сапалы жазылуы жоғары маңызға ие. Қазақстанда докторантурада үш жыл оқу жеткілікті ме? Егер қазіргідей Scopus базасындағы журналға материал жариялау деген талап сақталса, жеткіліксіз. Себебі Scopus базасына енетін ғылыми журналға бір материалды жазуға және шығаруға кем дегенде бір жыл уақыт жұмсалады. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми зерттеу еңбегінің апробациясы тек Scopus базасындағы журналға материал шығаруға негізделсін деген талап қалдырылатын болса, оқу ұзақтығы тағы бір жылға созылуы керек. АҚШ-та мұндай талап жоқ. Бірақ докторанттар өздері жасаған ғылыми зерттеу жұмысын ғылыми конференцияларға жиі ұсынады, сол жерде талқыға салады. Ал диссертациясын аяқтағаннан кейін міндетті түрде сол бойынша мақала немесе кітап ретінде ғылыми жетекшімен бірігіп жариялайды. Сонымен қатар біздің докторанттарда қалыптаспаған бір әдет – уақытты басқара білу. Атқаратын іс көп, оны жасауға берілген уақыт небәрі үш жыл. Бұл біздің заманымыздың мантрасы болса керек. Жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін уақытты дұрыс пайдалануды үйрену қажет. Докторанттар нақты уақыт кестесімен жұмыс істеген кезде ғана сәттілікке қол жеткізе алатынын түсінуге тиіс. Олардың есінде сақталуы тиіс нәрсе ғылымға қойылатын талап өте жоғары. Сондықтан докторанттар зерттеудің сапасына мұқият назар аударуы маңызды. Институционалдық қолдау болуы қажет. Докторанттардың халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуы, зерттеу тақырыбының нәтижесі бойынша ғылыми жарияланымдары олардың диссертацияны қорғауына ғана емес, олардың академиялық ортаға қосылуына мүмкіндік беруі керек. Бізде көп жағдайда диссертацияның сапасына емес, докторанттың Scopus базасындағы журналға баса назар аударылып кеткен сияқты. Сондықтан біздегі соңғы жылдары қорғалған докторлық диссертациялар мазмұнына талдау жасау қажет. Яғни, біздің жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін бір Scopus базасындағы мақаламен бағалау осы саладағы назар аударылатын басты мәселенің бірі, – деп атап өтті Қарлыға Нақысбекқызы.
Елімізде әртүрлі салада өзекті әрі ғылыми дәреже алуға әбден лайық зерттеулермен айналысып жүрген жас ғалым көп. Алайда ғылыми мақала жариялау мәселесі көбіне қолбайлау болып тұр. Ал Сенатта нағыз ғылымға талап жоғары болуы керектігі айтылды. Ғалымға да, ғылымға да қолайлы шешім қандай?!
Айдана НҰРМҰХАН