Ұлттық статистика бюро­сы жария еткен мәлімет елі­міз­де демографиялық күй­зе­ліс басталғанын аңғартты жә­не бұл проблема жыл өт­кен сайын ушыға түскен. Қа­зақ елі демографиялық ты­ғырықтан қалай құтыла ала­ды?
Демография «деміге» бастады
коллаж: Елдар ҚАБА
492
оқылды

Қазақ демографиясының үштағаны

Қорқыныштысы сол, демогра­фия саласында барлық көрсеткіш құл­дырап жатыр. Ұлттық ста­тис­ти­ка бюросы сарапшыларының де­­­регінше, бұл төмендеу 2022 жы­лы басталған. Атап айтқанда, 2021 жылы Қазақстанда 446 491 сәби дүние есігін ашты. 2022 жылы бұл көр­сеткіш 403 893 бөбекті, 2023 жы­лы 388 428 баланы ғана құрады. Бұл, тіпті 2019 жылғы саннан (402 310 бала) да төмен. 

2023 жылы бала туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға шақ­қан­да 19,52 баланы құрады. 2022 жы­лы бұл көрсеткіш 20,57 болған. Мұн­да да төмендеу байқалады. Туу­дың ең жоғары деңгейі тек Маң­ғыстау (1 000 тұрғынға 26,74 ба­ла), Түркістан облысында (26,18) және Шымкентте (25,70) тіркелді.

Қазақстандық әйелдер бү­гінде кеш бала көтереді. Ұлттық ста­тистика бюросының мәлі­ме­тін­ше, 20 жасқа дейінгі қыз-келін­шек­тер былтыр 12,6 мың бала ғана б­о­санған. Нәтижесінде, бүгінде қа­зақ демографиясының ұстыны – «ордабұзар отыздағылардың» құр­­бы-құрдастары: ананың орта­ша жасы 2023 жылы 29,7 жасты құра­ды. 

Демографиялық жағдайдың биыл да оңалатын түрі жоқ. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда былтырғы 19,52 баладан 2024 жылғы қаңтар-нау­рызда 18,33 балаға дейін кеміді. Ха­лықтың табиғи өсімі 1 мың адам­ға шаққанда былтырғы бірін­ші тоқсандағы 12,41 адамнан биыл­ғы бірінші тоқсанда 11,66 адам­ға дейін күрт азайды. Елдегі өлім-жітім керісінше, 1 мың адам­ға шаққанда был­тырғы 6,65 адам­нан 2024 жыл­ғы үш айда 6,67 адам­ға дейін ұл­ғай­ды. 

Ұлттық статбюро Қазақстан тұр­ғындарының саны 20 миллион­ға жеткенін 2023 жылғы 14 қара­ша­да жариялаған болатын. Содан бері 5 айдай уақыт өтсе де, 2024 жыл­ғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ха­лық саны 20 095 963 адамды құ­рап отыр. Өсім сонша көп емес. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 513 014, ауылдықтар – 7 582 949 адам. 

Биылғы 3 айда қазақ­стан­дық­тардың қатары 62 121 адамға ғана арт­ты. Оның үлкен бөлігі – бұрын­ғы жылдары қазақ еліне қоныс ау­да­рып, биыл Қазақстан азамат­ты­ғына қол жеткізген шетелдіктер. 2024 жылғы қантар-наурызда елге тағы 7 471 шетелдік, негізінен ре­сей­ліктер көшіп келді.

Ресми статистика бойынша 2024 жылдың алғашқы үш айын­да 91,9 мың сәби дүниеге кел­ді. Өкінішке қарай, осы мерзімде 33,4 мың адам (балалар және ере­сек­тер) қайтыс болған. Сонда халықтың табиғи өсі­мі – 58,4 мың адамды құрады. Туудың ең жоғары деңгейі сол бойы тек Маңғыстау (1 000 тұрғын­ға 25,10 адам), Түркі­стан (24,71) об­лыстарында және Шым­кентте (23,57). Осы үш өңір – қазақ де­мог­рафиясының үштаға-ны болып қалды.

Әзірге күйзеліс жоқ, көрінісі бар

Демограф маман Зүлфия Елеу­ханова Қазақстанның демогра­фия­лық дағдарысқа ұшырамаға­нын айтады.

«Демографиялық кризиске ха­лық санының күрт азаюы да, сон­дай-ақ белгілі бір аумақта шек­тен тыс көп шоғырлануы да жа­та­ды. Журналистерді қызықтыра­ты­ны, қорқытатыны – біріншісі бол­­са керек. Бала туу көрсеткіші ха­лықтың табиғи өсімі деңгейінен де, өлім-жітім деңгейінен де төмен тү­сіп кетсе, демографиялық дағ­да­рыс туралы дабыл қаға бастауға бо­лады. Қарапайым тілмен айт­қан­да, өлгендер саны туғандар са­ны­нан асып кетсе, жаман. Бірақ рес­ми статистикаға сенсек, Қазақ­станда табиғи өсімнің жалпы коэф­­фициенті биыл 11,66 адамды, өлім-жітімнің жалпы коэф­фи­циен­ті – 6,6 адамды құрады. Бұл рет­те туудың жалпы коэффициенті 18,33 адамды құрап отыр. Демек, ал­дыңғы екі коэффициенттен тө­мен түскен жоқ», – деді сарапшы. 

Қайталай кетейік, Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы үш айында 91,9 мың мың сәби дүниеге келсе, 33,4 мың қазақстандық дүние салды. 

Бірақ сарапшының тұжырым­дауын­ша, Қазақстанда кейінгі жыл­дары демографиялық дамудың теріс тенденциялары байқалады, мем­лекеттің міндеті – әлемдік озық тәжірибелер негізінде теріс тренд­ті түзету, проблемаларды ең­серу. 

Демограф маман бір мәселеге назар аудартты: кейінгі жылдары некелесушілер саны азайды. Бұл да демографияға нұқсан келтіретін фактор. Процесті динамикада ба­қы­лаған орынды: АХАТ органда­ры­ның дерегінше, 2023 жылы АХАТ органдары 120,8 мың некені ғана тіркеді, неке саны 2022 жыл­мен салыстырғанда бірден 5,9% азайып кетті. 

Некелесудің жалпы коэффи­циен­ті республика бойынша енді 6,07 ғана (1 000 адамға шаққанда). Өңір­лер арасында жалғыз Астана­лық­тар көп некелескен: кэф­фи­циенті 7,46. Қалғандарында төмен. Тұрғындары үйленуден қашатын аутсайдер – Түркістан облысы: 

1 000 адамға 5,55 әзер жетті. Ажы­ра­су саны 2022 жылмен салыстыр­ған­да, 2023 жылы 9,6%-ға азайып, 40,2 мыңды құрады. Былтыр 1 000 не­кеге 333 ажырасудан келген (2022 жылы – 347).

Демографтың айтуынша, де­мог­рафиялық жағдайды оңалту үшін мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кезінде осы саладағы ахуалға тікелей немесе жанама әсер ететін көп­­теген жапсарлас, ілеспе фак­тор­­ды ескеру қажет. Мысалы, биыл көп өңірді су басып, мың­да­ған отбасы баспанасыз қалды. Олар­ды тұрғын үймен қамту мәсе­ле­сі күз бен қысқа қалдырылмай, ба­рынша тез шешілуге тиіс. Өйт­ке­ні жетімбұрыш жағалаған адам­дар бала тууды кейінге қалдырады. Ар жағында басқа кедергілер туын­дап, тосқауыл болуы мүмкін. 

Мемлекет үшін басым­дық­ты, бас­ты міндеттердің бірі – өлім-жі­тім­ді төмендету. Ме­ди­циналық сақ­тандыру жүйе­сін­дегі былықтар бұ­ған мүмкіндік бер­мей тұр. Ол жақ­та да Үкімет тәр­тіп орнатып, қордаланып, ушық­қан проблема­лар­ды шешкені жөн. 

Өңірлерде перзентханалар тап­шы, бұл мәселені Мемлекет бас­шысының өзі көтерді. Әкімдер пе­ринаталдық орталықтарды салу ісін­де шабандық тарытып отыр. Де­мографияны жақсартуға эколо­гия­лық мәселелерді шешу, көші-қон­ды ретке келтіру, атамекенге орал­ған қандастардың легін арт­ты­рып, жайластыру және басқасы сеп­теседі. 

Көршіден үйренеріміз бар

Айтпақшы, қазіргі жастар мек­теп бітіре сала, үйлі-баранды болу­ға асықпайды, негізінен, кеш үй­ле­неді, алдымен жоғарғы білім алу­ға, мамандық игеруге, жақсы жұ­мыс табуға мән береді. Нә­ти­же­сінде, алғаш некеге тұрғандардың ор­та­ша жасы ерлер үшін 27,8 жас, әйел­дер үшін 25,2 жас болды. Тір­кел­ген некелердің 82,3%-ы – мо­ноэ­т­никалық, яғни бір ұлт ара­сын­дағы жұптардың отасуы. Тек 17,7%-ы – этносаралық жұптар.

11 баланың анасы, Мәжіліс де­­­путаты Гауһар Танашеваның ай­туын­ша, елде демографиялық сая­­­­сат туралы не заң, не тұжырымдама жоқ. 

– Ал демографиялық проблема бар. 32 жыл ішінде қазақстан­дық­тар­дың басы небәрі 4 миллионға ға­на өсті, салыстырсақ, көршілес Өз­бекстанда осы кезеңде халық са­ны бірден 15 миллионға артты. Хал­қымыздың саны аз, жеріміздегі ха­лықтың тығыздығы төмен, әлем бойын­ша 184 орындамыз: террито­рия­мыздың 100 гектарына 7 адам­нан ғана келеді. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Демог­ра­фия­лық мәселелерді қалай шеше­міз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуімен, екіншіден көші-қонның жо­ғарылауымен. Табиғи өсуді қам­та­масыз ету үшін алдымен отба­сы­ларды қолдап, дүниеге келген әр­бір балаға Үкімет тарапынан жағ­­­­дай жасалуы керек, – деді Гауһар Шай­мер­денқызы.

2024 жылдың 20 ақпанында Се­нат тұтас Үкімет сағатын «Де­мог­­­рафиялық өсу – ұлттың страте­гия­лық артықшылығының негізі» та­қырыбына арнаған болатын. Оның қорытындысында сенатор­лар Үкіметке «Демография мәсе­ле­лері бойынша бөлек мемлекеттік ор­ган құру мүмкіндігін қарастыру» ту­ралы ұсыныспен шықты. Бұл бас­таманы Мәжіліс те қолдайды: олар ұқсас ұсынысты 5 жыл бұрын жолдаған. Сол кездегі Үкіметтен қолдау таппады.

Бүгінде елімізде отбасы сая­са­ты мәселелерімен айналысатын жал­ғыз ғана мемлекеттік орган бар, бұл – Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитеті. Отба­сы­лық саясат басқармасында тек 4 адам жұмыс істейді, ал өңірлерде комитет өкілдері мүлдем жоқ.

Бұл тұрғыда ізгі тәжірибе ір­­гедегі өзбек ағайында бар: демографиялық өсімнің оң ди­намикасын сақтау, ана мен ба­ла­ны қорғау, демографиялық сая­сат­ты ілгерілету және басқа да мә­­селелермен Өзбекстанда Отба­сы және қыз-келіншектер ко­ми­те­ті (Oila va xotin-qizlar qo’mitasi) ай­налысады. 

Қазақстанда ұқсас комитет ашыл­са, депутаттардың пікірінше, ол аталған салада мемлекеттік ор­ган­дар мен ұйымдардың қызметін үй­лестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиім­ді қорғауды қамтамасыз ететін, отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ететін негізгі орган болар еді.

«Қойшысы» көп сала

Депутаттарға жауабында Үкі­мет басшысы Олжас Бек­­тенов демография үшін жеке мемлекеттік орган құрудан бас тар­­татындарын хабарлады. Пре­мьер­­дің түсіндіруінше, Қазақ­стан­да демографиялық даму сала­сын­дағы  мем­лекет­­­тік сая­сат – функцио­налдық бағыттарына сәйкес түрлі орталық мемлекеттік органдардың жұ­мысына енгізілген, жіктеліп жүк­телген. Мысалы, Еңбек ми­нистр­лігі «өңірлердің демогра­фия­лық ерекшеліктерін ескере оты­рып, еңбек ресурстарының ұт­­­­­қырлығын арттырумен» айна­лысады. Ха­лық­тың саны, құрылымы, көші-қон процестері негізінде кадрларға сұ­раныстың болжамын айқын­дайды. Денсаулық сақтау министр­лігі – туу динамикасы, табиғи өсім және басқа көрсеткіш негізінде ме­дициналық инфрақұрылымды қа­лыптастырады, «Ауылдағы ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жобасын іске асырады. 

Оқу-ағарту министрлігі – бала туу көрсеткіштері мен балалар санын басшылыққа алып, «Жайлы мектеп» ұлттық жо­ба­сы арқылы сапалы білім беру үшін жағдай жасайды. Ұлттық экономика министрлігі ауылдық және қалалық аумақтардың өңір­лік даму мәселелерін үйлестіреді. Ұлттық статистика бюросының құзыретіне демография саласының статистикасын жүргізу кіреді.

– Осылайша, мемлекеттік ор­гандар өзінің салалық бағыты бойын­­ша әкімшілік, экономи­ка­лық және басқа да іс-шараларды жү­зеге асырып, демографиялық сая­саттың тұтас жүйесін қалып­тас­тырады. Бұл тәсіл осы саладағы нақ­­ты мәселелерді шешуге мүм­кіндік береді. Осы жүйеден бөліп алып, экономика саласына бай­ла­ныстырмай, жеке ведомство ашу – өз қызметі үшін негізі жоқ инс­титут­ты құруға соқтырады. Ол нақ­ты тұтынушысы мен түпкілікті нә­тижелері жоқ салалық құжат­тар­ды әзірлеумен айналысуы мүм­кін, – деп дәйектеді Олжас Бек­тенов. 

Демографтар дабыл қағуын жалғастырды: Қазақстан – халқы аз қоныстанған ел болып қалды, 1 шар­­шы шақырымға небәрі 5-6 адам­нан келеді. Салдарынан, рес­пуб­ликаға сол бұрынғыдай депо­пуля­ция қаупі төніп тұр. Оған жол бермеу үшін Үкімет іс-қимылдың үш бағытын тең қамтығаны маңыз­­ды: біріншіден, бала туу көр­сеткішінің артуына жағдай жасауы керек. Екіншіден, өлім-жітімді азайтса, құба-құп. Үшін­шісі – көші-қон ағынын арттыру, соның ішінде ата-жұртқа оралатын шетелдік қандастардың кейінгі кезде сұйылып кеткен көшін ұл­ғай­ту болмақ. 

Елдос СЕНБАЙ