BBC News сайтында адамның миы соңғы жүз мың жылда қалай өзгергені туралы зерттеу мақаласы жарияланды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz адам миының өзгеру себептері туралы теорияларды түсіндіреді.
Ғылыми зерттеулер бойынша біздің «үлкен миымыз» адамды басқа жануарлардан ерекшелендіреді деп саналады. Біздің ойлау және инновациялық қабілетіміз өнерлі болуға, дөңгелекті ойлап табуға, тіпті Айға қонуға, жасанды интеллект жүйелерін жасауға мүмкіндік берді.
Әрине, өлшемі бірдей басқа жануарлармен салыстырғанда, біздің миымыз өте үлкен. Адамға ұқсас шимпанзелермен салыстырғанда адам миы соңғы алты миллион жыл ішінде төрт есеге жуық өсті. Дегенмен зерттеулер мидың көлемін ұлғайту тенденциясы Хомо сапиенсте кері бағытта өзгере бастағанын көрсетуде. Адамның арғы тегімен салыстырғанда бүгінгі адамның миы соңғы 100 000 жыл ішінде кішірейген.
2023 жылы жүргізген зерттеуінде Нью-Йорктегі Америкалық табиғи тарих мұражайының палеоантропологы және құрметті кураторы Ян Таттерсолл уақыт өте келе ежелгі гомининдердің миының көлемін салыстырған. Ол мидың жылдам кеңеюі әр түрлі гоминдік түрлерде және Азия, Еуропа және Африкада байқалғанын көрсетті. Уақыт өте келе миы өскен түрлерге австралопитектер, гомо эректус, хомо хайдельбергенсис және хомо неандерталенсис жатқызылған.
Қазіргі ерлер мен әйелдердің бас сүйектері соңғы мұз дәуірінде өмір сүрген хомо сапиенстердің бас сүйектерінен орта есеппен 12,7%-ға кішірек.
«Бізде өте ерекше пішінді бас сүйектер бар, сондықтан ертедегі адамдарды тану өте оңай, ал ең алғашқы адамдардың миы өте үлкен болған», – дейді Таттерсолл.
Таттерсоллдың жаңалығы басқа ғалымдардың жаңалықтарымен де үндеседі. Мысалы, 1934 жылы Иллинойс штатындағы Чикаго университетінде жұмыс істейтін неміс тегі ғалымы Герхардт фон Бонин былай деп жазды: «[адам миының] кішіреюінің нақты белгілері бар, ол Еуропада соңғы 10 000 немесе 20 000 жылда болғаны байқалады».
Сонымен, бұл таңғаларлық құлдырауды қалай түсіндіре аламыз? Таттерсолл ми көлемінің төмендеуі шамамен 100 000 жыл бұрын басталғанын болжайды, бұл адамдар ойлаудың интуитивті стилінен «символдық ақпаратты өңдеу» деп атайтын нәрсеге немесе абстрактілі түрде ойлауға көшкен уақыт кезеңіне сәйкес келеді. Кішігірім және жақсы ұйымдастырылған милар күрделі есептеулерді орындауға қабілетті болғандықтан, метаболикалық тұрғыдан көп энергия қажет ететін қымбатырақ үлкен ми қажетсіз болды.
«Бұл адамдар мағыналы геометриялық бейнелері бар символдық артефактілер мен гравюраларды жасай бастаған уақыт болды», – дейді Таттарсолл.
Басқаша айтқанда, шағын көлемдегі милар күрделі есептеулерді орындауға қабілетті болған сайын, метаболикалық тұрғыдан қымбаттырақ үлкен ми қажетсіз болған. Жаратушының құрған заңдылығы осылай болғанға ұқсайды. Қазіргі адамдардың ойлауы басқаша. Біз айналамыздағы әлемді абстрактілі таңбалардың сөздік қорына айналдырамыз және осы әлемді түсіну сол белгілерді қайта жинаймыз.
Ал басқа ғалымдар мидың кішіреюін тіл мен ойлау емес, климаттың өзгеруімен байланыстырады. Калифорниялық табиғи тарих мұражайының когнитивті ғалымы Джефф Морган Стибел тіл мен ойлау қабілетінің дамуы емес, климаттың өзгеруі мидың кішірек болуын түсіндіре алады деп санайды. 2023 жылы жүргізген зерттеуінде ол соңғы 50 000 жылдағы 298 хомо сапиенстің бас сүйегіне талдау жасаған. Ол адам миының шамамен соңғы 17 000 жыл бойы – соңғы мұз дәуірінің соңынан бері кішірейгенін анықтады. Ол климат деректеріне мұқият қараған кезде, ми өлшемдерінің кішіреюі климаттың жылыну кезеңдерімен байланысты екенін анықтаған.
Стибел: «Біз климат неғұрлым жылы болса, адамдарда мидың көлемі кішірек болатынын көрдік, ал климат неғұрлым салқын болса, соғұрлым ми үлкен болады», – дейді.
Кішкентай ми адамдарға тез салқындауға мүмкіндік береді. Ыстық климаттағы адамдар жылу жоғалтуды барынша арттыру үшін сымбатты және бойы биік болғаны белгілі. Біздің миымыз да осындай жолмен дамыған болуы мүмкін.
«Бүгін, егер күн ыстық болса, біз футболка киіп, бассейнге секіре аламыз немесе кондиционерді қоса аламыз, бірақ 15 000 жыл бұрын бұл опциялар бізге қол жетімді емес еді», – дейді Стибел.
«Ми – барлық органдардың ең үлкен энергетикалық тұтынушысы. Өйткені оның салмағы біздің дене салмағымыздың шамамен 2%-ын ғана құрағанымен, ми демалып тұрған кезінде метаболикалық энергияның 20% -дан астамын тұтынады. Сонымен, егер ми энергия мен жылуды үлкен тұтынушы болса, онда ол климатқа бейімделуі тиіс. Біздің теориямыз кішігірім милар жылуды жақсырақ таратады, сонымен қатар жылуды аз шығарады».
Бұл жаңалық қазіргі жылдам жылынып келе жатқан ғаламшар біздің миымызды одан әрі кішірейтуі мүмкін екенін көрсетеді.
Осылайша әртүрлі теориялардың дұрыстығын ғалымдар әлі де зерттеу үстінде. Қазіргі адамдар ежелгі адамдардан қаншалықты ақылды? Егер ми кішірейсе, бұл адам интеллектісі үшін нені білдіреді? Бұл жерде үш түрлі теория шығады: бірінші, кішірек ми бізді ақылдырақ етеді; екінші, кіші ми адамды ақымақ жасайды; үшінші, мидың көлемі интеллектке мүлдем әсер етпейді.
Мына видеода әзіл түрінде ерлер мен әйелдердің миының айырмашылығы 11% екені көрсетіледі:
Қазіргі адамдардың миының өлшемі де бірдей емес екені рас. Ерлердің миы әйелдердікінен шамамен 11%-ға үлкенірек, өйткені олардың денесі үлкен. Дегенмен зерттеулер әйелдер мен ерлердің когнитивті қабілеттерінің бірдей, ұқсас екенін көрсетті.
Ғалымдар болса біздің миымыздың көлемінің айтарлықтай кішірейіп жатқаны адам интеллектісінің өсуі тоқтады немесе азайып барады деген логикалық қорытындыға әкелетіні айтуда. Бүгінгі адам баласы ойлауды, есептеулерді жеңілдететін құралдар мен технологиялар жасады. Ақпаратты компьютерлерде сақтаймыз, есептеулерді орындау үшін машиналарды пайдаланамыз. Мүмкін сондықтан біздің миымыз да кішірейіп, интеллектуалды ойлау қабілетіміз төмендеп жатыр. Бұны салыстырмалы түрде тексеру үшін де адамзат өркениетіне ондаған мың жыл қажет болатын шығар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.