Ел дамуының маңызды мә­селелері қозғалған респуб­лика­лық референдумда Ата Заңымызға енгізілген өзгеріс­тің бірі жерге байланысты болды. Онда айтылғандай, «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жа­нуар­лар дүниесі, басқа да та­биғи ресурстар халыққа тие­сілі». Сондықтан мемлекет мүд­десіне, халық игілігіне пай­даланылуға тиісті.
Жер – байлықтың анасы
985
оқылды

Осы орайда Жетісуда соңғы жыл­дары жердің жалпы жұрт үшін қыз­мет етуін жолға қою жолында нақты жұмыстар атқарылуда екенін айта кеткен жөн. Жылдар бойы қараусыз жатқан жер телімдері мемлекетке қайтарылып, қолынан іс келетін, ел ертеңіне алаңдайтын іскер жандарға берілуде. Жер игеруге де жете мән беріліп, жаңа технологиялар кеңінен қолданысқа егізілуде. Соған сай өткен жылы Жетісу облысы дәнді дақылдар түсімі бойынша елдің ал­ды­нан көрінді. Ендігі мақсат – осы биіктен төмендемеу. 

Жақында облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасының ұйым­дастыруымен Ескелді ауданындағы «Хильниченко және К» сенім серік­тестігіне қарасты қант қызылшасы егістігінің басында Алқап күні өтті. Осы жерге арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді, Көксу, Қаратал, Ақсу аудандары мен Талды­қорған қаласындағы шаруа қожа­лық­тарының жетекшілерімен кез­десіп, биылғы егістікке қатысты мә­селелерді, талқыларды, шаруа адам­дарының өтініш-тілектерін тың­дады. Диқандар аграрлық са­ланы дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, қаржылық инсти­туттардан жеңілдетілген несие алуда алдан шығатын кейбір мә­селелерді қозғады. Солардың ішінде әсіресе қағазбастылық қажытқанын айрықша атап кетті. Жергілікті әкімдік, қаржылық институт өкіл­дері және шаруашылық жетекшілері осы тақырып төңірегінде үшжақты талқылау жасап, ортақ мәселелердің шешімі жайлы өз ойларын ортаға салды.

Облыс әкімінің бірінші орын­басары Әлібек Жақанбаев облыс аумағындағы көктемгі егіс нау­қаны­ның барысы, тұқыммен, минералды тыңайтқышпен техникамен қам­тама­сыз ету деңгейі, МТС-тарды жаңарту, мемлекеттік қолдау шара­лары туралы аса ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, егіс ал­қабын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 10,5 мың гектарға, картоп 880 гектарға қысқарып, осы­лар­дың есебінен басымдыққа ие да­қыл­дардың егіс көлемі 18,1 мың гектарға ұлғайтылыпты. Қазір 274,7 мың гектарға немесе 69,8% жаздық дақылдар себілген. Шаруашылықтар 18,5 мың себу бірлігі болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылып­ты. Биыл қолданылатын элиталық тұқым үлесін 2,6%-ға жеткізу жос­пар­ланған. Былтыр облыста 350 мың тонна қант қызылшасы өңделсе, биыл бұл көрсеткішті 500 мың тон­наға жеткізу көзделіп отырған кө­рінеді. 

– Бүгінгі күні облыста 22,3 мың ауыл шаруашылығы техникасы тір­келген. Бірақ іс жүзінде олардың көп­шілігінің тозығы жеткені рас. Сон­дықтан сіздерге, шаруа қожа­лықтарына, өздеріңіздегі тіркеліп тұрған техниканың жарамсызын есептен шығаруды жеделдету керек. Биыл біз қызылша бағытында 8 сервистік-дайындау орталығын құр­дық. Сепкіштерді аудандарға тара­тып бердік. Комбайндар күзгі жиын-терімге дейін жеткізіледі. Жалпы саны 62 техника алуды жоспарлап отыр­мыз, – деген облыс әкімінің бірін­ші орынбасары су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жобаларының барысы жайлы да егжей-тегжейлі айта кетті. 

Жиынға арнайы келген аграрлық салаға қолдау көрсететін қаржылық институттардың өкілдері жеңілдік­пен несиелер беру мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары туралы жан-жақты түсіндірді. Сол сияқты жеткізуші компаниялар өздері ұсынатын тыңайтқыштар мен биологиялық қоспалардың, жаңа ауыл шаруашылығы техника­лары­ның тиімділігін, өнімділікті арт­тыру­дағы мүмкіндіктерін таныс­тырып, көрме ұйымдастырды. 

Шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, жеңіл­детілген несие алу үшін кепілдік қоюдың мән-жайы, аграрлық салада жаңа бизнес ашу мүмкіндіктері, бақ шаруашылығын, соның ішінде құлпынай өсіруді дамытуға қатысты қаржылық институттардың өкіл­деріне сұрақтар қойып, осы мәселе­лерге қатысты өз ұсыныстарын жет­кізді. 

–  Тіршіліктің негізгі көзі ет, сүт, көкөніс пен жеміс десек, соның бәрінің өнімді болуы жермен тиімді жұмыс істеуге тікелей байланысты. Мәселен, былтыр 325 мың гектар егіс алқабынан 3 914 мың тоннадай дәнді дақыл жинадық. Бұл – дәнді дақыл­дардың көлемі бойынша респуб­ликада 4-ші көрсеткіш. Яғни, жер көлемі айтарлықтай үлкен болмаса да, одан жиналған өнім көлемі жа­ғынан алғаш рет төрттіктің қатары­нан көріндік. Бұл, біріншіден, өлке­міздің топырағы құнарлы, суы мол, климаттың қолайлы екенін білдірсе, екіншіден, өздеріңіздей шаруа­лар­дың агротехнологиялық шараларды дер кезінде жүргізіп, тынбай еңбек­тенуінің нәтижесі. Былтыр жүгері өткізу жағынан біршама қиын­дық туындады. Біз биыл егістікті әр­тарап­тандыру аясында жүгері алқа­бын азайтып, есесіне бүгінгі күні табысты болып отырған қант қызыл­шасының, майлы дақылдардың, мал азығының егістік аумағын ұлғайт­тық. Өнімнің шығымы жақсы бо­луына мемлекет барынша қолдау көр­сетіп отыр. Мұндай демеу шара­ларын биыл да жалғастырамыз. Осы басқосуда көтерген қаржылай қолдау процедураларын жеңілдету туралы ұсыныстарыңызды депутаттармен бірге тиісті органдарға жеткізетін боламыз, – деді облыс әкімі. 

Биыл облыста ауыл шаруа­шылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылып, 524,8 мың гектарды құрап отыр. Соның ішінде қант қызылшасын 11,5 мың гектарға сеуіп, 500 мың тонна өнім жинау жоспарланған. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы