Президенттің тікелей тапсырмасымен инклюзия – қоғамда ерекше күтімді қажет ететін адамдарға кедергісіз орта құру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр.
Таразда «Кедергісіз келешек» жобасы аясында спорт сайысы өтті
1,199
оқылды

Таразда «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Кәсіпкерлер қауымдастығы, облыс басқармалары атсалысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов фестивальдің мақсаты - балалардың спорттық өнерін насихаттау арқылы денсаулықтарын жақсарту, денешынықтыру жаттығуларымен өз бетінше шұғылдануға жағдай жасау, олардың арасындағы достықты нығайту екенін жеткізді.

«Бұл спорттық сайыс - балалар үшін жасалған қамқорлықтың бір ғана бөлігі. Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен инклюзия – қоғамда ерекше күтімді қажет ететін адамдарға кедергісіз орта құру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. «AMANAT» партиясы да Мемлекет басшысы реформаларының қоғамдық тірегі болып, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруда. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, облыста 527 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «AMANAT» партиясы және «Болашақ» қорының қолдауымен облыстағы мектептерде 8 инклюзивті кабинет мен ресурстық орталықтар ашылды», – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Спорт жарысына келген балалар алаңда бір жұдырықтай жұмылып, командалары үшін барын салды. Жамбыл ауданынан келген Арсен Күнбесұлы екі жылдан бері бочча инклюзиялық спорт түрімен шұғылданып келеді.

«Бочча паралимпиадалық спорт түріне жатады. Бұл спорт дәлдікті қажет етеді. Жалпы, біздің арамызда бочча спортымен жарыстар жиі ұйымдастырыла бермейді. Бүгін «AMANAT» партиясының қолдауымен біз үшін мереке болып отыр. Себебі біз өзіміз секілді балалармен жарысқа түсіп, мықтылықтығымызды дәлелдеп жатырмыз», – дейді жарысқа арнайы дайындалып келген Арсен Күнбесұлы.

Жалпы, фестивальға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 32 команда қатысып, «Бочча», «Біз жеңімпаз боламыз!», «Жеңіл атлетика» турлары бойынша сынға түсті. Ал жарыстың жеңімпаздары республикалық сында облыс намысын қорғайтын болады.