Есеп-қисапқа алынған малдың азаюына біріншіден, қыстағы Арқадағы жұт пен көктемде 17 облыстың басым көпшілігін жапқан тасқын су әсер етіпті. Екіншіден, ұрлық-қарлық та тыйылмай тұр. Үшіншіден, аймақтардың қатты «қосып жазғаны» анықталды. Осыған орай Үкімет барлық малды жаппай қайта санап шығады. Бұл науқанға дайындық жүріп жатыр.
Сиыр саны 1990 жылдағыдан кеміді
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша құстың саны 46 миллион 407,3 мың басты құрады. 2023 жылғы ұқсас кезеңде 46 миллион 154,8 мың болған.
Қой мен ешкі саны 26 миллион 500 мыңға дейін құлдырады. Салыстырып қарасақ, 2023 жылғы 1 мамырда олар 27 миллион 616,3 мың бас болған. Яғни, бір жыл ішінде ұсақ мал 1 миллион 116,3 мыңға азайды.
Әрине мал сойылмай тұрмайды. Дегенмен союға тапсырылған барлық мал мен құстың саны сонша өскен жоқ: 2023 жылғы төрт айда тірідей салмақта союға өткізілген малдың жалпы салмағы 596,8 мың тонна болса, 2024 жылғы төрт айда 605,9 мың тоннаны құрады. Айырмашылық 9 мың тоннадан сәл асады. Ал бұл есепке қой мен ешкі ғана емес, ірі қара мал да кіретінін ескеру қажет.
Сонымен қатар сиыр саны да кеміп кетті: 2023 жылғы 1 мамырда 9 миллион 864,6 мың ірі қара болса, 2024 жылғы 1 мамырда 9 миллион 698,5 мыңы ғана қалды. Дәлірек айтқанда, 166 мың басқа азайды.
Егер еліміз егемендік алған 1990 жылы Қазақстанда Зеңгі баба түліктерінің саны 9,7 миллион басты құрағанын ескерсек, содан бері еселеп өспек түгіл, сол көрсеткішке жету мұң болып тұр.
Бұл ретте тоқыраулы тоқсаныншы жылдары фермерлер мемлекеттен қуатты қолдау таппағанын ұмытпаған жөн. Ал бүгінде, 2023 жыл қорытындысында ел бюджетінен ауыл шаруашылығын қолдауға – жарты триллион теңге, соның ішінде мал шаруашылығына – 115,9 миллиард теңге субсидия бөлінген. Бұдан бөлек, Үкімет резервінен былтыр шұғыл түрде және қосымша 60 миллиард теңге алынып, диқандар мен мал өсірушілер арасында таратылды.
Айтқандай, Ұлттық статбюро сарапшылары сиырлардың бұзаулау көрсеткіші де жылдан жылға құлдырап бара жатқанына назар аудартты: 2023 жылы 2 340 175 бұзау туса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 226 546 бұзауды ғана құрады. Әрбір 100 сиырға шаққанда бұзаулау көрсеткіші былтырғы 54-тен биыл 50-ге дейін кеміді.
Керісінше, мемлекеттен қолдау көре қоймайтын жылқы шаруашылығы азды-көпті өсім көрсетті. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жылқы саны 4 миллион 624,3 мыңға жетті. Былтырғы ұқсас мерзімде 4 млн 594,7 мың болған-тын.
Ресми статистика бойынша биыл бірінші тоқсанда көптеген төрт түлік түрінің өлім-жітімі артып кетті. Атап айтқанда, 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, қырылған ешкі саны 3,3 есе, жылқы – 2,4 есе, ірі қара мал – 38,3%, шошқа – 32,6% көп болды. Жыл басынан бері 114 түйе өлген. Жалпы, биылғы тасқын салдарынан суға қарық болған малдың саны әрі қарай нақтыланып жатыр. Олай болса, қырылған мал саны тағы өсуі мүмкін. Оның бәрі келер жылғы санақ қорытындысында анықталып қалар.
Мал ұрлығы үшін жаза қатайтылды
Мал саны өршіп тұрған мал ұрлығы кесірінен де кеміді. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов халықпен кездесулерде ауылдықтардың осыған жиі шағымданатынын айтады.
– Қазір Қазақстанда 6,5 мыңға жуық ауыл бар, ал ауылдың негізгі күнкөрісі – мал. Сондықтан халықтың әл-ауқаты мен күнкөріс деңгейін көтеру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылы 52 миллиард теңге бөлінді, 2024 жылы тағы 100 миллиард теңге бағытталып жатыр. Биылғы ақшаның 50 пайызы мал өсіруге жұмсалады. Былтыр мысалы, бөлінген 52 миллиард теңгенің 90 пайызына ауыл тұрғындары мал алған. Бірақ сол мал ұры-қарыға жем болады. Бүгінде мал ұрлығы тоқтамай тұр, – деді депутат.
Ол бұрынғы Парламенттің мал ұрлығы үшін жазаны қатайтқанын еске салды. Қылмыстық кодекске 2019 жылғы 27 желтоқсанда енгізілген заңнамалық түзетулерге сәйкес, кодекс «Мал ұрлау» атты жаңа 188-1-баппен толықтырылды. 2020 жылы күшіне енген бұл бап бойынша мал ұрлаушылардың мүлкі тәркіленіп, 3 мың АЕК-ке (2024 жылы 11 миллион теңгеге) дейін айыппұл салынады. Жоғарғы жаза – 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.
Егер мал ұрлығын алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса немесе көп көлемде мал ұрласа, олардың мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге сотталады. Алайда ұрлықшылардың абақтыдан ауылға тез оралатыны анықталды.
«Мал ұрлығымен ұсталғандар кінәсін мойнына алса, ең төменгі жазамен үш жылға сотталып кетіп, 1,5 жылдан кейін жақсы тәртібіне байланысты босап келеді. Біразы басқа кәсіп таппай, мал ұрлауды әрі қарай жалғастыра береді. Мен бір фактіні айтайын. Былтыр 8,5 мың бас малды ұрлаған 59 топ мүшесі ұсталыпты. 1 мың 477 малдың 1 мың 111-і жайылымнан ұрлап әкетілген. Кәнігі ұрылар ұстатпай жүреді. Бірінші рет ұсталса, тез шығады. Сондықтан жазаны күшейткен жөн», – деді Мәжіліс депутаты.
Әділет министрі Азамат Есқараев Қылмыстық кодекстің жаңа жазасы – 188-1-баптың қабылданғанына 4 жылдай болғанын еске салды.
«Соған қарамастан, мал ұрлығы мәселесі елдегі өте күрделі проблемаға айналды. Жазаны күшейту, күшейтпеу жайын пысықтап, талдау керек. Жан-жақты талдап барып шешім қабылдауымыз керек. Оны заң аясында қарап жатырмыз», – деді министр.
Оның байламынша, Парламентте «Кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Депутаттар қаласа, мал ұрлығы үшін жазаны қатайтуды соның аясында жүзеге асыруға болады. Әзірге, ондай өзгеріс қарастырылмаған екен.
Малы бар үйді санақшы аралайды
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2020 жылы заңнамалық түзетулер күшіне еніп, жаза қатайтылғалы мал ұрлығы төмендеп келе жатқанын айтты. Әйткенмен, бәрібір саны көп болып тұр.
– Мысалы, былтырғы жылы мал ұрлығы фактілерінің саны 16%-ға кеміді. Егер 2022 жылы мұндай 1 800 факті тіркелсе, 2023 жылы – 1 470 болды. Мұндай қылмыстардың 58%-ы ашылады. Демек, мал ұрлығын жасағандардың әрбір екіншісі ғана ұсталады. Соған қарамастан, бұл жоғарғы көрсеткіш саналады. Өйткені мал негізінен далада қараусыз, жылқышы-бақташысыз жайылып жүреді. Ауыл ішінде болмаса, айдалада ұрланса, куәгер табу қиын. Мұның сыртында мал иелері полицияға кеш жүгінеді, алдымен өз бетінше табуға тырысады. Басқа проблемалары толып жатыр, – деді И.Лепеха.
Жалпы, сарапшылардың пікірінше, мал ұрлығы үшін жазаны қатайта беруге болмайды. Мысалы, абайсызда адам өлтірген қылмыскерлерге 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мал ұрлығында, егер қылмыс қылмыстық топ құру арқылы жасалса, жоғарғы жаза он екі жылға дейін ұлғаяды.
Полиция қатары жемқорлардан, жалақорлардан толық тазартылмай тұрғанда, кінәсіз адамдардың да нақақтан айыпталып кетуі мүмкін екенін қаперден шығармаған абзал. Ондайда жазықсыздардың жазасын ауырлату дұрыс болар ма екен?
Сондықтан құқық қорғау органдары қолданыстағы жаза аясында қылмыстар санын азайтуға тырысады.
«Қылмыстардың төмендеу тенденциясы жалғасты ғой. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мал ұрлығы тағы 30% азайды. Мысалы, биыл қылмыстардың ашылу көрсеткішін 70 пайызға жеткізе алдық. Сондай-ақ саралау белгілері енгізілді, мал ұрлығы түрлі құрамға ажыратылды, әрқайсысы үшін өз жазасы бекітілді. Сол себепті менің ойымша, қолданыстағы санкциялар жеткілікті. Ендігі екпін түсірілуге тиіс жайт – қылмыс жасағандардың жазадан құтылып кетуіне жол бермеу, жауапкершіліктен бұлтартпау, шын мәнінде ашылған қылмыстардың үлесін арттыру», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Ол қорасында мал ұстайтын ауылдықтарға, ауылда жайылым алып, жергілікті тұрғындарды жалдап, «қашықтан» мал өсіретін қалалықтарға және фермерлерге үндеу жасады: мал қараусыз қалмауы керек. Оларды GPS трекерлермен жабдықтау қажет. Қораларды, базаларды видеобақылау жүйесімен, сигнализациямен жабдықтаған жөн. Мал басын сақтандыруға болады. Осы және басқасы – халықаралық тәжірибеде бар және сынақтан өткен тәсілдер. Әйтеуір, әр адам мен ауыл шаруашылығы өндіруші алдындағы төрт түлік малын сақтау үшін оны ұйымдасқан түрде, мал кезегімен бағу, малшы жалдау, таңбалау, сырға тағу және басқа да шараларды қабылдауы керек.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының төрағасы Мақсат Тұрлыбаев ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлер және шаруа, фермер қожалықтары мал санын қосып жазатын айтады. Бұған ауыл кәсіпкерлерінің мемлекеттен көбірек субсидия, қолдау алу схемаларын жүзеге асыратын қулығы ықпал ететін болса керек. Жергілікті атқарушы билік те өзіне сеніп тапсырылған өңірдің көрсеткіштерін қолдан көркейтуден кетәрі емес.
Салдарынан өңірлердегі әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабындағы және мал шаруашылығы бойынша ақпараттық жүйелердегі деректер бір-бірімен сәйкес келмейді. Кей жерде көрсеткіштер екі есе артығымен көрсетіліп кеткен.
«Шынында, аграрлық саладағы ақпарат пен статистиканың сенімділігіне, дәйектілігіне қатысты сұрақтар көп. Біз былтыр арнайы жұмыс тобын құрып, жеке қосалқы шаруашылықтарды тексеріп шықтық. Тексеру қорытындысында, ірі қара мал санының орта есеппен 20 пайызға дейін ауытқығанын анықтадық. Тексеру қорытындысында әкімдіктер есепке алу кітабына өзгерістер енгізіп жатыр», – деген Мақсат Тұрлыбаев мемлекеттік органдардағы базалардың дәйектілігін, сапасын арттыру шаралары қабылданатынын айтты.
Қазақстанда шын мәнінде қанша мал қалғанын нақты білу үшін мемлекет жалпыреспубликалық санақ жүргізбек. Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында «Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын» өткізу туралы шешім қабылданды. Оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оған дейін, 2024 жылғы 12-29 тамыз аралығында «Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы» жүргізіледі деп жоспарланды. Бұл сынақ-санақ 20 өңірде пилоттық 54 елді мекенде өткізіледі.
Пилоттық және негізгі санақ барысында қолында мал ұстайтын ауылдықтар мен қалалықтар, ауыл шаруашылығы өндірушілері sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде өзі сауалнамадан өте алады. Одан өтпегендерді дәстүрлі түрде, планшет пен қағаз сауалнамаларды арқалаған санақшылар аралайды.
Айхан ШӘРІП