Мал азайып барады маңайдағы

Қазақстанда мал басы кеми бастады. Мұның да өзіндік себебі болғанмен, әу бастағы санақта да олқылық бар екені анықталды.

Есеп-қисапқа алынған малдың азаюына біріншіден, қыстағы Ар­қадағы жұт пен көк­­­­темде 17 облыстың басым көпшілігін жапқан тасқын су әсер етіпті. Екін­шіден, ұрлық-қарлық та тыйылмай тұр.  Үшіншіден, аймақтардың қатты «қосып жазғаны» анық­тал­ды. Осыған орай Үкімет барлық малды жаппай қайта санап шығады. Бұл науқанға дайын­дық жүріп жатыр.

Сиыр саны 1990 жылдағыдан кеміді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жыл­ғы 1 мамырдағы жағдай бойынша құстың саны 46 мил­лион 407,3 мың басты құрады. 2023 жылғы ұқсас кезеңде 46 мил­лион 154,8 мың болған.

Қой мен ешкі саны 26 миллион 500 мыңға дейін құл­ды­рады. Салыстырып қарасақ, 2023 жылғы 1 мамырда олар 27 миллион 616,3 мың бас болған. Яғни, бір жыл ішін­­де ұсақ мал 1 миллион 116,3 мыңға азайды.

Әрине мал сойылмай тұрмайды. Дегенмен союға тап­сырыл­ған барлық мал мен құстың саны сонша өскен жоқ: 2023 жылғы төрт айда тірідей салмақта союға өт­кі­зіл­­ген мал­дың жалпы салмағы 596,8 мың тонна болса, 2024 жыл­ғы төрт айда 605,9 мың тоннаны құрады. Айыр­ма­шылық 9 мың тоннадан сәл асады. Ал бұл есепке қой мен ешкі ғана емес, ірі қара мал да кіретінін ескеру қажет. 

Сонымен қатар сиыр саны да кеміп кетті: 2023 жылғы 1 ма­­мырда 9 мил­лион 864,6 мың ірі қара болса, 2024 жыл­ғы 1 мамырда 9 миллион 698,5 мыңы ғана қалды. Дәлірек айт­­қанда, 166 мың басқа азайды.

Егер еліміз егемендік алған 1990 жы­лы Қазақстанда Зеңгі баба түлік­­терінің саны 9,7 миллион басты құрағанын ес­­керсек, содан бері еселеп өспек түгіл, сол көрсет­кішке жету мұң болып тұр. 

Бұл ретте тоқыраулы тоқсаныншы жылдары фермерлер мемлекеттен қуатты қолдау таппағанын ұмытпаған жөн. Ал бүгінде, 2023 жыл қорытындысында ел бюдже­тінен ауыл шаруашылығын қол­дауға – жарты триллион теңге, соның ішінде мал шаруашылығына – 115,9 мил­лиард теңге субсидия бөлінген. Бұдан бөлек, Үкімет резервінен былтыр шұғыл түрде және қосымша 60 миллиард теңге алынып, диқандар мен мал өсірушілер арасында таратылды. 

Айтқандай, Ұлттық статбюро сарап­шылары сиырлардың бұзаулау көрсеткіші де жылдан жылға құлдырап бара жат­қанына назар аудартты: 2023 жылы 2 340 175 бұзау туса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 226 546 бұзауды ғана құрады. Әрбір 100 сиырға шаққанда бұзаулау көрсеткіші былтырғы 54-тен биыл 50-ге дейін кеміді.

Керісінше, мемлекеттен қолдау көре қоймайтын жылқы шаруашылығы азды-көпті өсім көрсетті. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жылқы саны 4 миллион 624,3 мыңға жетті. Былтырғы ұқсас мер­зімде 4 млн 594,7 мың болған-тын.

Ресми статистика бойынша биыл бірінші тоқсанда көптеген төрт түлік түрінің өлім-жітімі артып кетті. Атап айтқанда, 2023 жылдың бірінші тоқса­нымен салыстырғанда, қырылған ешкі саны 3,3 есе, жылқы – 2,4 есе, ірі қара мал – 38,3%, шошқа – 32,6% көп болды. Жыл басынан бері 114 түйе өлген. Жалпы, биылғы тасқын салдарынан суға қарық болған малдың саны әрі қарай нақ­тыланып жатыр. Олай болса, қырылған мал саны тағы өсуі мүмкін. Оның бәрі келер жылғы санақ қорытындысында анықталып қалар.

Мал ұрлығы үшін жаза қатайтылды

Мал саны өршіп тұрған мал ұрлығы кесірінен де кеміді. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов халықпен кездесулерде ауылдықтардың осыған жиі шағым­дана­тынын айтады. 

– Қазір Қазақстанда 6,5 мыңға жуық ауыл бар, ал ауылдың негізгі күнкөрісі – мал. Сондықтан халықтың әл-ауқаты мен күнкөріс деңгейін көтеру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылы 52 миллиард теңге бөлінді, 2024 жылы тағы 100 миллиард теңге ба­ғытталып жатыр. Биылғы ақшаның 50 пайызы мал өсіруге жұмсалады. Был­тыр мысалы, бөлінген 52 миллиард тең­­генің 90 пайызына ауыл тұрғындары мал алған. Бірақ сол мал ұры-қарыға жем болады. Бүгінде мал ұрлығы тоқтамай тұр, – деді депутат. 

Ол бұрынғы Парламенттің мал ұрлы­ғы үшін жазаны қатайтқанын еске салды. Қылмыстық кодекске 2019 жылғы 27 жел­тоқсанда енгізілген заңнамалық түзету­лерге сәйкес, кодекс «Мал ұрлау» атты жаңа 188-1-баппен толықтырылды. 2020 жылы күшіне енген бұл бап бойынша мал ұрлаушылардың мүлкі тәркіленіп, 3 мың АЕК-ке (2024 жылы 11 миллион теңгеге) дейін айыппұл салынады. Жоғарғы жаза – 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

Егер мал ұрлығын алдын ала сөз бай­ласу арқылы адамдар тобы жасаса немесе көп көлемде мал ұрласа, олардың мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге сотталады. Алайда ұрлықшы­лардың абақтыдан ауылға тез оралатыны анықталды.

«Мал ұрлығымен ұсталғандар кінәсін мойнына алса, ең төменгі жазамен үш жылға сотталып кетіп, 1,5 жылдан кейін жақсы тәртібіне байланысты босап келеді. Біразы басқа кәсіп таппай, мал ұрлауды әрі қарай жалғастыра береді. Мен бір фактіні айтайын. Былтыр 8,5 мың бас малды ұрлаған 59 топ мүшесі ұста­лыпты. 1 мың 477 малдың 1 мың 111-і жайы­лымнан ұрлап әкетілген. Кәнігі ұрылар ұстатпай жүреді. Бірінші рет ұсталса, тез шығады. Сондықтан жазаны күшейткен жөн», – деді Мәжіліс де­путаты. 

Әділет министрі Азамат Есқараев Қылмыстық кодекстің жаңа жазасы – 188-1-баптың қабылданғанына 4 жылдай болғанын еске салды. 

«Соған қарамастан, мал ұрлығы мә­селесі елдегі өте күрделі проблемаға ай­налды. Жазаны күшейту, күшейтпеу жа­йын пысықтап, талдау керек. Жан-жақты талдап барып шешім қабылдауы­мыз керек. Оны заң аясында қарап жатыр­­­мыз», – деді министр. 

Оның байламынша, Парламентте «Кейбір заңнамалық актілерге Қыл­­­мыс­­тық, Қылмыстық-процестік және Қыл­­­мыстық-атқару кодекстерін оңтай­лан­­­дыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­­­тырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Депутаттар қала­са, мал ұрлығы үшін жазаны қатай­туды со­­ның аясында жүзеге асыруға бола­ды. Әзірге, ондай өзгеріс қа­рас­­­тырылмаған екен. 

Малы бар үйді санақшы аралайды

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2020 жылы заңнамалық түзетулер күшіне еніп, жаза қатайтылғалы мал ұрлығы төмендеп келе жатқанын айтты. Әйткенмен, бәрібір саны көп болып тұр.

– Мысалы, былтырғы жылы мал ұр­л­ы­ғы фактілерінің саны 16%-ға кеміді. Егер 2022 жылы мұндай 1 800 факті тір­­келсе, 2023 жылы – 1 470 болды. Мұ­ндай қылмыстардың 58%-ы ашылады. Демек, мал ұрлығын жасағандардың әр­бір екін­­шісі ғана ұсталады. Соған қара­­мастан, бұл жоғарғы көрсеткіш саналады. Өйт­­кені мал негізінен далада қараусыз, жылқышы-бақташысыз жайы­лып жүре­­ді. Ауыл ішінде болмаса, айда­­­лада ұр­­­ланса, куәгер табу қиын. Мұның сыр­­тын­­­да мал иелері полицияға кеш жү­­­гінеді, алдымен өз бетінше табуға ты­­­рысады. Басқа проб­­лемалары толып жатыр, – деді И.Лепеха. 

Жалпы, сарапшылардың пікірінше, мал ұрлығы үшін жазаны қатайта беруге болмайды. Мысалы, абайсызда адам өлтірген қылмыскерлерге 5 жыл бас бос­тандығынан айыру жазасы көзделген. Мал ұрлығында, егер қылмыс қылмыстық топ құру арқылы жасалса, жоғарғы жаза он екі жылға дейін ұлғаяды. 

Полиция қатары жемқорлардан, жа­лақорлардан толық тазартылмай тұр­­ған­да, кінәсіз адамдардың да нақақтан айып­талып кетуі мүмкін екенін қаперден шығармаған абзал. Ондайда жазық­сыздардың жазасын ауырлату дұрыс бо­лар ма екен?

Сондықтан құқық қорғау органдары қолданыстағы жаза аясында қылмыстар санын азайтуға тырысады.

«Қылмыстардың төмендеу тенден­­циясы жалғасты ғой. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мал ұрлығы тағы 30% азайды. Мысалы, биыл қылмыс­­­тардың ашылу көрсеткішін 70 пайызға жеткізе алдық. Сондай-ақ саралау белгі­­лері енгізілді, мал ұрлығы түрлі құрамға ажыратылды, әрқайсысы үшін өз жаза­сы бекітілді. Сол себепті менің ойы­м­ша, қолданыстағы санкциялар жеткілікті. Ендігі екпін түсірілуге тиіс жайт – қыл­мыс жасағандардың жазадан құтылып кетуіне жол бермеу, жауап­кершіліктен бұлтартпау, шын мәнінде ашылған қылмыстардың үлесін арттыру», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Ол қорасында мал ұстайтын ауыл­­­дық­тарға, ауылда жайылым алып, жер­гілікті тұрғындарды жалдап, «қа­шықтан» мал өсіретін қалалықтарға және фермер­­лерге үндеу жасады: мал қараусыз қал­­­мауы керек. Оларды GPS трекер­лермен жаб­­­дықтау қажет. Қора­ларды, базаларды видеобақылау жүйе­­сімен, сигнали­зация­­­мен жабдық­таған жөн. Мал басын сақ­­­тандыруға болады. Осы және басқасы – халықара­лық тә­жірибеде бар және сы­нақ­тан өткен тә­сілдер. Әйтеуір, әр адам мен ауыл шаруашы­­­лығы өндіруші ал­­­дындағы төрт түлік малын сақтау үшін оны ұйым­дасқан түрде, мал кезегімен бағу, малшы жалдау, таңбалау, сырға тағу және басқа да шараларды қабылдауы керек. 

Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­­­малар агенттігінің Ұлттық ста­­тис­тика бю­­­­ро­сының төрағасы Мақсат Тұр­лыбаев ауыл шаруашылығы кәсіп­орын­дары, дара кәсіпкерлер және шаруа, фермер қожа­­­лықтары мал санын қосып жазатын айта­­­ды. Бұған ауыл кәсіп­­кер­лерінің мемле­­­кеттен көбірек субси­дия, қолдау алу схе­­­­маларын жүзеге асы­ратын қулығы ықпал ететін болса керек. Жер­гілікті ат­қарушы билік те өзіне сеніп тап­сы­­рылған өңірдің көр­сеткіштерін қолдан көр­кей­туден кетәрі емес. 

Салдарынан өңірлердегі әр шаруашы­­лық бойынша есепке алу кітабындағы және мал шаруашылығы бойынша ақ­­­параттық жүйелердегі деректер бір-бі­рімен сәйкес келмейді. Кей жерде көр­­сеткіштер екі есе артығымен көрсетіліп кеткен. 

«Шынында, аграрлық саладағы ақ­парат пен статистиканың сенімділігіне, дәйектілігіне қатысты сұрақтар көп. Біз былтыр арнайы жұмыс тобын құрып, жеке қосалқы шаруашылықтарды тек­­­серіп шықтық. Тексеру қоры­тын­ды­сында, ірі қара мал санының орта есеппен 20 па­йызға дейін ауытқығанын анық­тадық. Тексеру қорытындысында әкім­­діктер есепке алу кітабына өзгерістер енгізіп жа­тыр», – деген Мақсат Тұрлыбаев мемлекеттік органдардағы базалардың дәйектілігін, сапасын арттыру шаралары қабылданатынын айтты. 

Қазақстанда шын мәнінде қанша мал қалғанын нақты білу үшін мемле­кет жалпыреспубликалық санақ жүргіз­­бек. Мемлекет басшысының өкіміне сәй­кес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қа­­­­­­зан ара­лы­ғында «Қазақстан Республи­­ка­сының ұлт­тық ауыл шаруашылығы са­­­­­­­на­­­­­­ғын» өт­кізу туралы шешім қабыл­дан­­ды. Оған дайындық жұмыстары жүр­­­­гізіліп жатыр. 

Оған дейін, 2024 жылғы 12-29 тамыз аралығында «Пилоттық ауыл шаруа­шылығы санағы» жүргізіледі деп жоспар­ланды. Бұл сынақ-санақ 20 өңірде пилот­тық 54 елді мекенде өткізіледі. 

Пилоттық және негізгі санақ ба­­­ры­­сында қолында мал ұстайтын ауыл­дықтар мен қалалықтар, ауыл шаруа­шылығы өн­дірушілері sanaq.gov.kz сай­тында он­лайн режимде өзі сауал­­на­ма­д­ан өте ала­ды. Одан өтпегендерді дәстүрлі түрде, план­­шет пен қағаз сауал­­на­маларды арқа­лаған санақшылар ара­лайды.

Айхан ШӘРІП