Жаһан жоғары жылдамдықпен дамып келеді. Өркениет көші алға озған сайын құндылықтар да жаңару үстінде. Бұрын күлкілі, баланың ермегі секілді көрінген дүниелер бүгінде бұқаралық сипатқа айналып келеді.
Ойын ойнаған озады
613
оқылды

Цифрландыру үрдісі қарқынды жүріп, қаржы, медицина, әскери сала, білім беру салаларына және өзге де қоғамдық барлық салаға тікелей және жанама негізде жылдам кірігіп үлгерді. Бұған бір ғана мысал ретінде киберспортты атасақ болады. Бұл спорт түрінен де әлем қазір алдыңғы саптан көріну үшін барын салып, тіпті беделді алпауыт компаниялар қаржыларын құйып, демеушілік етуде. Ендеше киберспорт дегеніміз не? Ол саланың еліміздегі ахуалы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік...

Өткені мен бүгіні

Виртуалды спорт түрлерінің пайда болуының алғышарттары Интернет дәуі­рінен бұрын пайда болған деседі. Ең ал­ғаш рет киберспорттан жарыс 1972 жылы Стэнфорд университетінде өткен. Аталмыш турнирге 24 ойыншы қатысқан. 1981 жылы бизнесмен Уолтер Дэй алғаш рет американдық компьютер ойыншыларының басын қосты. 1983 жы­лы ол өз командасын жинайды. Сол ке­зде Дэйдің белсенді қатысуының арқа­сында виртуалды спорт туралы телешоу да пайда болып, жергілікті компьютерлік желі­лер киберспорттың дамуына үлкен серпін берді. Осы кезеңнен бастап ДК (дербес компьютерлер) бойынша жарыстар белсенді түрде насихаттала бастады. Бұл ойыншылар мен жанкүйерлерді бейжай қалдырған жоқ. 1999 жылы АҚШ-та әлемдегі ең алғашқы киберспорт ұйымы Evil Geniuses тіркелді. Тоқсаныншы жылдардың аяғында киберспорт компьютерлік клубтердегі әуесқой топтар ара­сын­­дағы жарыс түрінде өтіп келсе, енді кибер­спортпен кәсіби түрде айналысатын топтар құрыла бастады. Valve компаниясының 2011 жылғы бірінші Халық­аралық турнирі бұл саланы біршама жандандырды. Бейне ойын әзірлеуші­лерінің қолдауымен шағын, бірақ тұрақ­ты жа­рыс­тар лигасы құрылды. Жүл­де сомасы ша­ғын болғанымен eSports ойыншылары ақырында тұрақты кіріс алатын деңгейге жетті. Ақыры, 2018 жы­лы Халықаралық Олимпиада комитеті киберспортты рес­ми түрде мойындады. Бүгінде Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей сияқты көптеген елдер виртуалды спортты дәс­түрлі спорт түрлерімен теңестіреді. Сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар бас­қа елдері осы бағытқа бет бұруда.

Иә, электронды спорт – әлем­дегі жыл­дам дамып жатқан сала­ның бірі. Жыл сайын көбірек турнирлер өткізіліп, киберспорттың жаңа түрлері пайда болуда. Әлем чемпионаттарындағы жүлде қоры бұрынғысынан бірнеше есе өсіп, миллиондаған долларға бағаланса, үздік ойыншылар спорт пен шоу-бизнес жұлдыздары арасында да танымалдылыққа ие болып жатыр. Дәстүрлі спорт түрлері се­кіл­ді киберспортта да кәсіби ойын­­шылар, ком­ментаторлар мен та­­нымал тұлғалар пайда болды. Киберспорт аудиториясы да арта түсіп, үздік ойыншылар мен командалар арасындағы текетірес бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрермендерді баурап алды. 2020 жылғы есеп бо­йынша жалпы ойын­­ның дүниежүзі бойын­ша 400 мил­лионнан астам жан­күйері болып, олардың 201 миллионы бос уа­қытында қызығушылық танытса,­ 253 мил­лион көрермен тұрақты түрде тамашалаған. Тіпті, бұл спорт табысы жағынан кейбір дәстүрлі спорт түрлерін де басып озғанын айта кеткеніміз жөн. Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2017 жылы киберспорт нарығының айналымы 655 миллион доллар болса, 2019 жылы әлем бойынша тап­қан табысы 1,1 млрд АҚШ долларын құраған. Сонымен қатар бұрын бұл саланы салыстыр­малы түрде шағын демеуші компаниялар қолдаса, енді киберспорт үздік инвестициялық компаниялардың, ұлттық банк­тердің, телекоммуникациялық холдингтер демеушілік етуде. Олардың ішінде BMW, Honda, Nissan, Kia Motors, Nike, Puma, Adidas, Coca Cola, Pepsi, Intel, Microsoft, Adidas, Disney Marvel секілді алпауыт­тар бар. 

Елімізде киберспорт қарқынды дамуда

Әлемде бұл салада өткен алғашқы жарыстың тарихы 1972 жылы Стэнфорд университетінен бастау алса, Қазақстанда киберспорт ресми спорт түрі ретінде тек 2018 жылдың 25 маусымында танылды. Содан бері киберспорт индустриясы қарқынды дамуда. Сонымен қатар жаңа аудитория тарапынан қызығушылықтың артуы бизнестің аталмыш салаға енуіне ықпал етті. Мәселен, елдегі кибержарыс­тардың жүлдесі 2019 жылғы 17,3 миллион теңгені құраса, 2021 жылы рекордтық 127 миллион теңгеге дейін өскен. Ал 2023 жылдың он айында 173 миллион теңгеден астам қаржыға ие нарыққа ай­­­нал­ды. Қазақстан киберспорт федера­­­ция­сының мәліметінше, киберспорт жастар арасында жоғары сұранысқа ие болып келеді. Елімізде халықтың кемінде 30 па­йызын жастар құрайды, яғни 5 миллионға жуық жастар категориясына жататын азаматтар бар. Федерация мәлі­­метінше, киберспортпен белсенді айналысатын жастар саны 1 миллионнан аса­ды. Отандық виртуалды ойыншылар шетелдік аудиторияны да мойындатып үлгерді. Елде кәсіби деңгейде ойнайтын 100 мың­нан астам аккаунт тіркелсе, киберспорт саласында 3 мыңнан астам команда бар. Оны көретін аудитория саны 3 жарым миллионға жуықтайды. Іріктеу­ден өтіп, ұлттық құрамаға қабылданғандары әлем­дік жарыстарда атой салып жүр. Қазақ­стандық ойыншылар – мобильді ойындардың кез келген түрінен әлемдік додаларда фаворит. Отандық Gambit Esports тобы 2017 жылдың шілде айында Польшада өткен «PGL Major Kraków 2017» халық­аралық киберспорт жарысында жеңім­паз атанып, 500 мың доллар көле­міндегі жүлдеге ие болды. Осыдан-ақ киберспортқа қызығу­шылық жоғары екенін аңғарамыз. Бәсекелестіктің арқасында қазір көптеген мемлекет қазақ­­стандық ойыншылардан қаймығады. Оған рейтингтік турнирлер дәлел.

2017 жылдың желтоқсанында киберспортқа жанашыр жас азаматтар құрған Qazaq Cybersport Federation республикалық қоғамдық бірлестігі қыс­қа мерзімнің ішінде еліміздің басым бө­лігінде өз өкілдіктерін ашып, дүниежү­зілік киберспорт ұйымдарында мүшелікке өтіп, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінде ресми акредитациясын алды. Федерацияның бас­­ты мақсаты – қазақстандық элек­тронды спорт­тың­ әлеуе­­­тін кө­теріп, ойыншыларға жан-жақ­ты қолдау көрсету. Qazaq Cybersport Federa­tion бірлестігі елімізде онлайн және оффлайн кеңістікте турнирлер ұйымдас­ты­рып, ойын­шы­лардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді. Отандық сарап­шылардың айтуынша, Қазақстанда дарынды ойыншылар көп, тіпті өз елімізден бөлек, шетелдік танымал топтардың құ­ра­мында ойнап жүрген көрінеді. Ең үлкен жетістік 2017 жылы өткен «На мажоре» жарысында (Counter-Strike: Global Offensive әлем чемпионаты) болды. Бұл жарыста Абай «Hobbit» Хасенов, Рүстем «mou» Телепов және Дәурен «Adren» Қыстаубаев есімді жігіттер Gambit Esports ресейлік ұйымының құрамындағы әлем­нің үздік командаларын жеңіп шықты. Сонымен қатар Қазақстан ұжымы PUBG Mobile бойынша әлем чемпионатында Топ-6 командалардың қатарына кірді. Ал Даниял «XsVamp1re» Әлібаев болса, Dota-2 бойынша әлемдік ойыншылардың Топ-100-дігінің қатарына енген. Мысалы, Counter-Strike: Global Offensive дисциплинасы бо­йынша қазақстандық Avangar тобы әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіреді, қазір 7-орын­да тұр. Сондай-ақ аталған топ Германияда өткен «StarLadder Berlin Major 2019» жарысының гранд-финалында екінші орын иеленіп, 150 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде алды. Esport­searnings сайтының мә­ліметіне сенсек, қазақ­стандық ойын­­шылардың жалпы табысы 2 млн дол­ларды құ­раған, бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемде 40-орында тұр. Ал АҚШ ойыншылары 131 млн доллар табыспен көш бастап келеді. Айта кету керек, Ор­­та­лық Азия елдерінің арасында Қазақстан ойыншылары киберспорттан үздік нәтиже көрсетіп келеді. Аталған рейтингте Қырғыз елінің ойыншылары 366 мың доллар табыспен 65-орынға тұрақтаған.

Жобалап алғанда, киберспорт мәселелері 2-3 миллион жас қазақстандық­қа өте қызықты тақырып болса керек. Бұл жарыстарға қатысқан киберспортшылардың саны да пропорционалды түрде өсіп келеді. 2019 жылы 3,3 мың спортшы қатысса, 2021 жылғы қаңтар мен шілде аралығындағы кезеңде 9,6 мың қатысушыға артқан. Ұлттық турнирлерді өткізетін Pinger.Pro платформасын пайдаланушылардың жалпы саны осы уақыт ішінде он есе 13,2 мыңнан 142,5 мыңға дейін өскен. Қазақстандық турнирдегі ойынды көрудің орташа саны 1,2 мыңнан (FIFA, Clash Royale, Rainbow Six) 3 мыңға дейін (Brawl Stars) тіпті 7,2 мыңға дейін (PUBG mobile) өсті. Яғни, бұл салаға сұра­ныстың артқанын байқатады. 

«Болашақтың ойындары» халықаралық турнирі елімізде өтеді

Осы жылдың 21 ақпан мен 3 наурыз ара­лығында Ресейдің Қазан қаласында «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирі өтті. Бұл цифрлық және классикалық 21 спорт түрін біріктіретін инновациялық фиджитал болатын. Жарысқа 12-62 жас аралығындағы 2 мыңнан астам адам қатысып, 294 команда құрылды. Турнирдің жүлде қоры 10 млн АҚШ долларын құрады. Жарыстарға геймдев, киберспорт, робототехника (дрон жарысы және робот шайқастары), кеңейтілген және виртуалды шындық, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект бойынша әзірлемелер кірді. Аталған ойын­дарға 13 тәртіп бойынша 48 қазақ­стандық қатысып, ойында жоғары деңгейдегі нәтиже көрсетіп, бірнеше медаль ұтып алды. Мысалы, xGOD командасының құрамында бес қазақстандық өнер көрсетіп, финалдық ойында ресейлік LookingForOrg құрамымен кездесіп, 2:0 есебімен ұтты. Осылайша, Counter-Strike 2 ойыны мен лазертаг бойынша жеңіске жетті. Бұл жетістік xGOD ойыншыларының жоғары дайындығы мен кәсібилігінің дәлелі болды. Бұл жарыста қазақстандықтар 175 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде ұтып алды. 

Бұл жарыстың ашылуына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Мемлекет бас­шысы турнир қатысушыларына сәттілік тілеген сөзінде: «Шын мәнінде, «Болашақтың ойындары» – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Жал­пы, Қазақстанда IT секторы дамып келеді. Халықаралық деңгейде жарыстар өткіземіз. Ресей Федерациясы дер кезінде қолға алған осы бастаманы жалғастыру үшін келесі «Болашақтың ойындарын» біздің елімізде ұйымдастыруды ұсынамын», – деп маңызды ұсыныс жасады. 

Дегенмен елімізде келесі жылы өтуі тиіс «Болашақтың ойындары» халықаралық сайысы су тасқынына байланысты қаржыны үнемдеу қажеттілігінен тағы бір жылға шегерілді. Осылайша, сайыс 2026 жыл­ға ауыстырылды. Дегенмен елі­міз дайындықты әзірден бастап кетті. Жуырда Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2026 жылы Қазақстанда өтуі жоспарланған «Болашақтың ойын­­­дарын» алдын ала бағалау үшін арнайы келген Phygital International халықаралық компанияның өкілдерімен кездес­ті. Ал Phygital International халықаралық компаниясы «Болашақтың ойындары» турнирінің құқығын иеленгенін атап өткеніміз жөн.

«Қазір киберспорт федерациясымен бірлесіп 2026 жылы Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырған «Болашақ­тың ойындарына» дайындық жұмыстарын бастадық. Министрлік тарапынан Қазақ­станда осы спорттық біріншілікті ұйым­дастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады», – деді Ермек Маржықпаев.

Phygital International өкілдері EXPO халықаралық көрме орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс Арена» спорт кешені, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана Арена» стадионы және т.б қаланың басты ғимараттарын бағалады. 2026 жылғы Ойындарды өткізу мүмкіндігін жеңіп алған қала биыл 1 қазанда анықталатын болады.

Компьютер құлағында ойнаған

Жалпы, бұл спорт түріне қызығатындар саны өте көп. Олар – әр саланың мамандары. Қолдары қалт еткенде сүйікті ойынымен айналысады. Мәселен, «24kz» арнасының тілшісі Мерей Қанапия да бұл спорт түрімен тұрақты түрде айналысып келе жатқанын айтады. «Менің бұл киберспортқа қызығушы­лығым екі жыл бұрын оянды. Бүгінде тұрақты түрде ойнап келемін. Қазақ қоғамында бұл ойын түріне теріс пікірлер өте көп. Баланың ермегі, уақытты босқа өлтіру секілді көрінеді. Де­генмен де жасөспірімдер бұл ойын ар­қылы өздері­нің ойлау жүйесін дамытып, тәжірибелерін арттырады. Та­быс та тауып жатыр. Мен журналист ретінде осы тақырып бойынша хабар дайындағанда бұл саланың спортшыларымен сұхбаттасқан едім. Олар­дың сөзінше, мемлекет әлі де бұл саланың қаншалықты маңызды екенін жете түсіне бермейді. Тиісінше, қаржы­лық қолдау да аз. Соның салдарынан спортшылар халықаралық жарыстарға өздері ақша тауып баруға немесе өз беттерімен демеушілер іздеуге мәжбүр. Дегенмен Мемлекет басшысының «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирін елімізде өткізу туралы ұсынысы бұл саладағы біршама олқы­лықтарды жоюға әсерін тигізген. Президенттің осы бір сөзінен бүгінде салаға қызығушылық танытып, қолдау білдіруге ниеттілер саны артқан», – дейді ол. Ал Мұ­са Мұрат есімді сантехник те бұл саламен ертеректен бері айналысқанын айтады. 

«Киберспорт ойынын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, командалық ойын. Мысалы: DOTA 2, CS:GO, LEAGUE OF LEGENDS және т.б. ойындарда команданың бірігуі арқылы жүзеге асырылады. Екінші киберспорттың түрі бір адамның қатысуымен ғана ойналады. Мысалы: FIFA 2022 СПОРТ СИМУЛЯТОРЛАРЫ, PES ESPORTS, BATTLE ROYAL және т.б ойындар. Киберспортта жеңіске тек киберспортшының ойлау қабілеті және реакция жылдамдығы әсер етеді. Киберспорттың ең негізгі тірегі – бұл стратегиялық ой, топ ішіндегі жұмыс­ты дұрыс ұйымдастыра білу. Сондықтан жастайынан киберспортпен қызыққан балалар болашақта стратегиялық ойлауға қабілеттері өте жоғары болады. Бұл қабілеттер кейін олардың жұмысында, биз­неспен айналысқан кезде қажет болатыны сөзсіз. Бұл спорт түрінің біз білмейтін артықшылықтары өте көп. Мәселен, ки­бер­­спортшылар күніне 10 сағаттан ар­тық жаттығады. Бұл тез шешім қабылдап, логикалық қабілеттерін арттыруға септігін тигізеді», – дейді ол. 

 

ТҮЙІН:

Иә, киберспорт әлемде өте қарқынды даму үстінде. Оның дәлелі ретінде, 2022 жылғы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына киберспорт тұңғыш рет тарихта ресми түрде медальдік есепке енгізілді. Әлем бойынша киберспортты спорт түріне қосқандардың ішінде 24 мемлекет бар. Бүгінде киберспорт әлемнің көптеген елінде дамып, тіпті олимпиадалық ойындар қатарына қосылу мүмкіндігіне ие. Киберспорттың дамуы тек қана көңіл көтеру контенті емес, сонымен қатар мемлекеттің даму деңгейін де анықтайтын факторға айналды. Бір анығы, киберспорт – жас буынды өз алаңына топтастырған, жыл санап дамып келе жатқан, ком­мерциялық әлеуеті жоғары ин­­дустрия. 

DFC Intelligence жүргізген зерттеулерге сәйкес, әлем бойынша 3,1 миллиард адам онлайн ойындарды ойнайды. Яғни, әлем халқының 40 пайызын құрайды дегенді білдіреді. Ал елімізде 3,5 миллионнан астам адам киберспорт пен онлайн ойындарға қызығушылық танытады. Оның 62,1 пайызы ерлер болса, 37,9 пайызын әйелдер құрайды. Бұл дегеніміз, киберспорт жарыстарын тек көрермен ретінде тамашалайтындар ғана емес, сонымен қатар тұрақты түрде компьютер немесе консоль ойындарын ойнайтындар да есепке алғандағы көрсеткіш. Ресей, Корея, Қытай секілді мемлекеттерде киберспортсмендерді оқытып шығаратын кафедралар ашылған. Мұнда студенттерді қабылдап, ойынға машықтандырады. Біздің еліміздегі киберспорттың жұлдызы енді жанып келе жатқанға ұқсайды. Не десек те, жастарымыз жаман әдеттен бойын аулақ салып, ел имиджіне оң әсер ететін әдеттермен көзге түсіп жатса, оның несі айып?!

Наурызбек САРША