Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласы дзюдодан рейтингілік әлем чемпионатын қабылдап жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде қор­жынға бір қола түсті. Екінші күні татамиге шыққан бес балуан да бірінші ай­налымнан аса алмады. Үшінші күнгі нәтиже де көңіл көншітпейді.
Сметов қашанғы сүйрейді?
752
оқылды

Халықаралық дзюдо федерациясы бекіткен ережеге сай, әлем чемпионаты рейтингілік ұпай бе­ретін маусымдағы ең соңғы турнир. Осы жарыста балуандар Париж ойындарына апаратын соңғы билеттерді қалтаға салмақ. Олимпиадаға жолдама мәселесін шешіп алған кейбір әлем үздіктері мұнда келген жоқ. Десе де, жер жүзі­нің мықтылары әлемдік додадан сырт қалмауға тырысқан. Қаз­ақстан командасы да Абу-Даби­ге үлкен үмітпен аттанды. Былтырғы сында жүлдесіз қалған соң, Олимпиада қарсаңында жан­­күйер көңілінен шығу бар­лығына да маңызды еді. Бірақ жарыс қарсаңында федерация үлкен даудың шетін шығарды. 

Отандық дзюдошылар негізінен жеңіл салмақтарда жүлде салады. Әсіресе, 60 келінің жауапкершілігі ауыр. Талай жыл бойы Елдос Сметов көшін сүй­реген салмақта жас әрі талантты балуандар бой көрсетті. Рейтингте­ 15-орында тұрған Нұрқанат Серік­баев та, 18 -орында тұрған Мағ­жан Шамшадин де әлем үздіктерімен иық тірес­тіріп жүр. Алайда бапкерлер әлем чемпионатына жақында жарақатынан айыққан Мағжанды емес, рейтингте әлдеқайда төмен тұрған Ел­досты әкетті. Бұл бапкерлер мен­ жанкүйерлер арасында үлкен шу­ туғызып, Шамшадиннің жат­тық­тырушысы өкпе-ренішін жас­ыр­май айтты. 

«Астанадағы жарыс басталмай тұрып, бапкерлер рейтингке қараймыз деді. Бас хатшы да, бас директор да солай деген. Қазір рейтингте Серікбаев – 15, Шамшадин – 18, Сметов 26-орында тұр. Бірақ «баяғы жартас –­ бір­ жартас» күйінде қалды. Мағ­жан тағы да әлем чемпионатынан әділетсіз шеттетіліп отыр. Елдос Смет­овке ешқандай жеке бас араздығым жоқ. Ол қазақ дзю­досын әлемге танытқан жігіт. Алайда әлемдік сынға қатысатын балуандарды әділетсіз таңдаған бас бапкер мен федерация басшыларына ренішім бар. Өте өкін­ішті. Бір адамның абыройы, ата­ғы бар деп алдына түсе беретін болсақ, басқа жігіттер не үшін дайындалып жүр? Не себепті олар күндіз-түні тер төгіп жатыр? Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыты бар кезде адам күресіп, абырой-атақ алады. Кейін басқаларға орнын бер­еді», – деді Мағжанның жеке бапкері, Қазақстанның ең­бек сіңірген жат­тық­тырушысы Қален Қалиұлы. 

Бапкердің ренішіне федерация басшылығы құлақ асқан жоқ. Олар Астанада өткен Grand Slam турнирінде қола медаль алған Сметовке сенім артатындарын мәлімдеді. Одан бөлек, рейтингте 15-орында тұрған Нұрқанат Серікбаев өнер көрсетті. 

Өкінішке қарай, әлем чемпионатында екі балуан да жүлде алған жоқ. Серікбаев Оңтүстік Кореянның мақтанышы Ли Харим­нан екінші айналымда ұт­ыл­ды. Сметов болса, ширек финалға дейін сүрінбей Вьетнам, Оң­түстік Корея және Бразилия балуандарын жең­ген. Бір­ақ ресейлік Аюб Бли­ев Елдосты жартылай финалға жібермеді. Осылайша, қола ме­дальға таласқан Сметов 21 жастағы жапондық талант Таики Накамурадан таза жең­ілді. 

Асылында, Елдосқа еш өкпе жоқ. Ол 15 жылдан бері қазақ дзюдосына адал еңбек етіп келеді. Сметов секілді екі Олимпиадаға қатысып, медаль алған қазақ балуаны жоқ. Ол дзюдода Олимпиада алтынынан басқаның бәрін алды. Иә, осы алтын да балуанға тыныштық бермей жүрген шы­ғар. Бірақ уақыт өз дегенін алатынын ұмытпау керек. Сметов 2022 жылғы әлем чем­пионатының қола жүлдесінен кейін күні кешеге дейін өзі қатысқан жарыстардан құр қайтты. Айғай-шумен аттанған Абу-Дабидегі әлем біріншілігінде де жүлдеге іліге ал­мады. 

Енді Олимпиадаға кімнің бар­атыны тағы да басы ашық күйінде қалып отыр. 

Жарыстың екінші күні татамиге шыққан қазақ балуандары те­гіс ұтылды. Астанадағы  Grand Slam турнирінде алғашқы медалін алған Бақытжан Әбду­рахимов (73 келі), жақсы күре­сімен көзге түскен Жанарыс Рахметқали (66 келі), тәжірибелі Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) пен Азия чемпионы Данияр Шамшаевтар (73 келі) бір белдесуден соң жарысты аяқтады. Ал үшінші жарыс күнінде  татамиге шыққан Эсмигуль Кую­лова үшінші айналымда сүрінді. Команда үздік­терінің бірі Абылайхан Жұба­назар денсаулық жағдайына бай­ланысты жарыстан бас тарт­қан.­ 

Әзірге Әбиба Әбужақынова жарап тұр. Дзюдодан қазақ қыз­дары арасында тұңғыш рет Grand Slam әлем чемпионаттарының жүлдесін алған ол өзінің екі жыл бұрынғы жетістігін тағы қай­талап, қола медаль жеңіп алды. 

«Әлем чемпионатына тың­ғылықты дайындалдым. Өз жері­мізде өткен Grand Slam турниріне де қатыспадым. Олим­пиадаға бір қадам қалды. Сондықтан бұл бәс­е­кенің орны ерекше.

Ал кездесулерге келер болсам, моңғол қызына өз қателігімнен ұтылдым. Азия чемпионатында да есе жіберіп едім. Бірінші ай­налымдағы түрік қызын бұрын да жеңіп жүргем, кіші финалда кез­дескен Тукче Бедермен бірінші рет белдестім. Екеуміз де солақай болғандықтан, бапкерлер оның сол қолын бұғаттауды тапсырды.

Әрине, алтын медаль алғым келді. Бірақ қоланың өзі мен үшін үлкен жетістік. Бұл турнир қар­саңында негізінен Италия, Жапония және Моңғолия спортшыларына қарсы дайындалдым», – дейді Әбиба белдесуден соң. 

Осы салмақтағы үздік­теріміздің бірі Ғалия Тынбаева екінші айналымда сүрінді. 57 келідегі Бақыт Құсақбаева да алысқа шаба алған жоқ.

Абу-Дабидегі әлем чемпионаты 107 елден келген 658 спорт­шының басын қосты. Әлемдік жарыс 23 мамырда мәреге жетеді. 

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ