«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» шәкірт үшін мектеппен қоштасу – қимастық сезімге толы ең бір албырт шақ. Мектеп бітіруші түлектер дәстүрлі соңғы қоңырау соғылғаннан кейін мектеп бітіру кешін асыға күтетіні бар.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биылғы оқу жылын 3,8 миллионнан астам оқушы аяқтайды екен. Оның 186 мыңы 11 сынып бітіретін түлектер. Олар мектеп бітіру кешін бұрынғыдай «ас та төк» сән-салтанатпен тойламайды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ескертуінше, түлектер соңғы қоңырауды ысырап жасамай, даңғаза қылмай өткізуі керек. Ведомство өкілдері соңғы қоңыраудың бірыңғай сынып сағаты форматына ауыстырылу себебін елдегі су тасқыны жағдайына байланысты деп түсіндірді. Яғни, бұрынғыдай кортеж, мейрамхана, сәнді көйлек секілді ысырапқа жол берілмеуі тиіс.
– Биылғы жылдың түлектері аталған іс-шараны жоғары мәдени деңгейде, еш ысырапсыз, даңғазаға жол бермей, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндіктеріне сенімдімін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз. Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік Білім басқармаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін, – деді министр.
Соған сәйкес, түлектер үшін 25 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара аясында соңғы қоңырау соғылатын болады. Ал республикамыздың барлық мектебінде 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өтеді.
– Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс, – деді министр Ғани Бейсембаев.
Ал бірінші вице-министр Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағатын өткізу – бұл бүгінгі таңда жоғары білімді ұлтты қалыптастыру үшін, ең алдымен, бізде білім культі болуы керек екенін үндейтін Мемлекет басшысының негізгі идеясының жалғасы.
– 1-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі барлық білім беру ұйымдары үшін оқу жылының аяқталуы қорытынды есеппен қатар жүруі қисынды. Педагогтермен және ата-аналармен бірлесіп бала, жалпы сынып қандай жетістікке жетті, соны қорытындылау, – деп атап өтті ол.
Дегенмен Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, түлектердің соңғы қоңырау форматын таңдау мүмкіндігі бар. Бірақ мектеп бітіру кештерін міндетті түрде білім мекемесінің қабырғасында немесе ауласында өткізу, іс-шараға түлектердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым өткізілуін қатаң бақылау басты назарда болады.
Мектеп бітіру кешінің форматы қандай болу керек?
Министрліктің бұл талабы әдеттегідей әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жаңалықты бірі қолдап жатса, енді бірі қарсылық танытып, жарыса шуласып жатыр. Мәселен, қолдаушы тарап, «Университетке қайта-қайта түсуге, бірнеше диплом алуға болады. Бірақ мектепте бір-ақ рет оқып, бір-ақ рет бітіресің. Аттестат алып жаңа өмірге қанат қағар сәт – әрбір түлек үшін балалық шақпен қоштасу, ең бір қимас сәт» десе, қарсы тарап түрлі қауіпсіздік шарасы мен қаражат мәселесін жарыса жазып, кейбірі соңғы қоңырау кеңестік кезеңнен қалған дәстүр дейді. Әрине, түлектер үшін мектеп бітіру кешінің сән-салтанатты болғаны қызық.
– Он бір жыл бойы бірге оқыған, бір партада отырған сыныптастарыңмен қоштасу оңай емес. Әр бала арман қуып әр қалаға, әр салаға кетеді. Сондықтан түлектердің есінде қалатындай мектеп бітіру кеші өткізілгені дұрыс деп ойлаймын. Тек барлығы ата-анамыз бен ұстаздардың бақылауында болса... Салтанатты кештің болғаны дұрыс еді, – дейді 11-сынып оқушысы Азат Қасымұлы.
Тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбек кеңестік кезеңнен қалғанның бәрін мансұқтай беруге болмайтынын айтты.
– Мектеп бітіру, мектеппен қоштасу түлектер үшін нағыз албырт шақ. Есею, ғашық болу, қимастық секілді мөп-мөлдір сезімдері алаулайтын алғашқы сәттер. Бұрынғыдай таң шапағын қарсы алу, қосылып ән салу, қол ұстасып, шыр көбелек айнала билеу – бәрі-бәрі есте қалар, ұмытылмас естелік сыйлайтын мезеттер. Сондықтан даңғаза-дарақылыққа, бәсекелестікке жол бермей, дәстүрлі форматта атап өткен жөн. Ал жастар арасында кортеж мініп, жарыса түнгі тыныштықты бұзуға, қымбат көйлектер киіп, ата-ананың қалтасына салмақ салуға келіспеймін. Бұл кейін пайда болды, – деді ұстаз.
Ал Астана қаласы Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінің директоры Марс Сапарұлының айтуынша, мектеп бітіру кеші түлектер үшін білім бәсекесіне бастар интеллектуалды кеш тұрғысында ұйымдастырылғаны дұрыс.
– Мектеп бітіру оқушының рефлексия беруімен аяқталуы керек деп ойлаймыз. Ал енді форматы: мұғалім, оқушы және ата-ана арасында «Ашық хат», «Брифинг», «Тренингтер», «Сұхбат», «Подкаст» түрінде өткізуге болады. Бұл рәсімдер әр тұлғаның өзіндік қабілетін ескере отырып, түлектерді жас математиктер, робототехниктер, шығармашыл оқушылар секілді топтарға бөліп, ішкі уәжін қолдайтындай шаралар түрінде болуы керек, – деді Марс Аблезов.
Яғни, мектеп бітіру кешін атап өтудің жұп-жұмыр форматын қалыптастыру оқушы үшін де, ата-ана, ұстаз үшін де керек. Өмірдің ең бір алаңсыз, ең бір бақытты сәттерінің куәсі болған алтын ұя – мектеп кім-кімге болса да ыстық. Шетелдерде де мектеп бітіру кешін тойлаудың өзіндік дәстүрі бар. Мәселен, Швецияда оқушылар өз мектебінің алдында шерулетіп, міндетті түрде ән шырқайды. Кейін олардың ата-аналары әрқайсына «бой жету» аттестаты мен балалық шағындағы суреттерін тарту етеді. Ал Жапонияда оқу жылы наурызда аяқталады. Түлектер ән шырқап, халықтық билер билеп, айрықша хореографиялық шеру өткізеді. Жігіттер іскерлік костюм, ал қыздар кимоно киеді. Израильдік мектеп бітіру салтанаты да ерекше. Көбіне оқушылар өздерінің ата-аналарына арнап сахналық көрініс әзірлейді. Театрландырылған қойылым қойып, концерт, мюзикл және тағы басқа да мерекелік шаралар ұйымдастырады. Жалпы білім беру саласының мамандары мен педагогтер, ата-ана және оқушылар бір-біріне алғыс айтып, қимастықпен қоштасатын креативті форматта мектеп бітіру кешінің бағдарламасын жасауға болады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ