Сыңғыр сөздің сүлейі

Қазақ поэзиясы бағзыдан қалыптасып үл­герген, дәуірлер мен ғасырлар өтінде қарыштап дами түскен құдіретті де өмір­шең поэзия екеніне ешкімнің дауы жоқ. Іл­кіде тасқа қашалған таңбалардың өзі – інжу-­маржандай көркем дүниелер қазақ поэ­зия­сының қайнар бастауы.

Халық ауыз әдебиетіндегі, оның ішіндегі батырлар жырындағы өлең үлгілері де қазақ поэзиясының көтерілген зеңгір биігі. Қанша заман өтсе де заңғарынан түспейтін батырлар жырында заманауи әдебиеттің жаңа­ талаптарына, түрлі әдеби ағымның категорияларына жауап бере алатын көр­кем­­дік бар. 

Заман өтіп, ғасырлар ауысқан сайын әдебиеттің де өзгеріп отыратыны, өлең маз­мұны мен формасының жаңа сипатта көрініс беретіні заңды құбылыс. Қазақ поэ­­зияның динамикалық даму кезеңінде айрықша орын алатын дәуір, ол – жыраулар дәуірі. Жыраулар жырындағы ой еркіндігі, тіл еркіндігі тиісінше жыр форма­сын­ да құлаштап, кеңінен көсілетін еркін формаға айналдырды. Жыраулар поэзиясынан заманауи әдебиеттегі түрлі ағым­ның элементтерін де байқауға болады. Ал зар заман өкілдерінің сентименталистік көрінісі қа­з­ақ поэзиясын тағы бір сатыға көтерді. Сыншыл реализмді әкел­ген Абай жырлары қазақ өлеңіне үлкен рев­олюция жасады. Абайдан кейінгі заманда да поэзия үлкен өзгеріске ұшырап, Батыс әдеби­етіндегі әдебиет үлгілері қазақ топырағына да жетіп, батыстық ағымдар көрініс бере бастады. Әсіресе, Мағжан әк­ел­ген символизм, Сәкен Сейфуллин қаламынан құл­аштап туған сом дүниелер ұлттық болмыстағы айшықты ойларды жаңа сипатта дамыта түсті. 

– Күндей көркің көңілге медеу бекем, 

Сыр сандығын сезімнің бебеулетем. 

Сұңқар дейді Сәкенді самғайтұғын, 

Сұңқар деген Сәкенге теңеу ме екен?! 

Ақбоз атты құлатқан жала-керме, 

Магаданға мола іздеп бара берме! 

Сәкен деген – халқымның рухы ғой, 

Рухтарды көмбейді қара жерге. 

Аққулардың арман бар ұясында, 

Ор, Абаның зарлы ән бар қиясында. 

Маңдайына сыймап ең алты Алаштың –­­

Алты шумақ өлеңге сыясың ба?! – деп ақын Ғалым Жайлыбай Сәкен рухына өлеңмен күмбез қояды. Осы өлең жол­дарындағы Сәкен ақынның өр болмысы, тар­ жол, тайғақ кешудегi алмағайып тағ­дыры «Сыр сандықтың» түбінде жатқан естелік парағы iспеттi. 

Сәкен Сейфуллин – жаңа дәуірді ерек­ше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдеб­иетіне бұрын болмаған образдар мен тең­­­еулер, сөз оралымдарын әкелген шы­ғарма­шылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүр­дің негізін салушы болды. Өкіметтің мақ­тау­шы ұраншысына айналмай, қо­ғам­дық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық», тағы бас­қа тамаша жырлары мен «Аққудың ай­ырылуы» атты символикалық көркем поэ­ма­­сы – сол кезеңнің шынайы көркем ту­ын­дылары. 

«Көк торғын, Көкшетауды мұнар бас­қан. 

Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан. 

«Оқжетпес» етегінде бейне найза 

Адамзат жасағандай құйған тастан. 

 

Тау бүркіт, көк қаршыға көкте қалқып, 

Шарықтап шыңында ойнап шаң­қылдасқан. 

Қызықты Көкшетаудың ертегісі, 

Сілекей ағызады сырлы дастан» (Оқжетпес, Бурабай, Жұмбақтас). 

Ақын поэзиясында сөздер сөйлейді. Жаратылысына сай мінез танытады. Болмысына біткен бояуы, табиғатына тән үні де бар. Қас ақынның құдіреттілігі – сөздер сазынан симфония ойната алуында. Ұлы ақынның жасампаздығы – сөздер бояуынан тылсым картиналар тудыруға қабіл­ет­ті­л­ігінде. Ал сөздердің мінезін тани алу, түр­­лі мінезді бір-бірімен үйлестіре білу, өл­ген сөзді тірілту шын шебердің ғана­ қолы­нан келеді. 

Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже арт­саң – сындырмайтын, тең артсаң – түсі­р­­мейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қа­зақтың нағыз атан жілік азаматына, ақ­ын­­­ына айналды. Оның шығар­машылық көз­­қарасы эстетикалық сипат алып, эти­ка­­лық шеңбердің аясында болды. Қо­ғам­ның қасіреті мен қайғысын ақ қағазға тө­г­­іп, оқырманының жанын түсінді, көңі­ліне медеу болды. Шы­ғар­машылығының қай кезеңдерін алып қарасақ та, жазу­шылық шеберліктің ай­қын екені аңғар­ылады. 

Сәкен Сейфуллин – тұлғалы қай­рат­кер, өмiрдiң қалтарыстары мен бұлтар­ыстарын ақындық жүрекпен сезiнiп, аз­а­маттық көзқараспен қабыл­дады. Ұлт әде­би­етіндегi ұлт­тық иiрiммен, ұлттық поэзиямен тыныстады. Әдебиет кеңіс­тігінде қаламын құл­аштап сермеп, жазу­шылық кредосын қалыптастырды. Қалың оқырманның ықыласына бөленуі де тегін­нен-тегін емес. Себебі оның әлеуеті мен шеберлігі айқын көзге ұрып тұратын. Қазақ әдебиетінің алу­­ан жанрында қал­тықсыз қызмет еткені де­ жылдар салып мін­беге көтерілді. Жас бу­­ын­ның қадірлі аға­-ұстазына айналды. 

Ұлтымыздың өшпес алауы, сөнбес шы­р­ағындай болған Сәкен Сейфуллиннiң ғұмырнамалық дастаны – тарихтың таң­ба­лы тастарында күмбірлеп тұрары сөзсіз. 

Азамат СЕРІКҰЛЫ, 

Сәкен Сейфуллин музейінің ғылыми қызметкері