Шын мәнінде, «кітап дәрігері» деген мамандық жоқ, құжаттарды қалпына келтіруші-консерватор, түптеуші мамандар бар. Ескі, жыртылған құжат, кітапты қалпына келтіріп, оларға екінші өмір сыйлаған соң осылай аталып кеткен. Елімізде кітаптарды сақтау және қалпына келтіру мәселелері 1997 жылы қазан айында өткен кітапханалар мен архивтердің жазба мұраларын сақтау жөніндегі Бірінші қазақстандық конференция жұмысынан кейін басталған. Бірақ оған дейін Ұлттық кітапханада құжаттарға қалпына келтіру және түптеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұрағат дереккөздеріне сүйенсек, түптеу шеберханасы 1935 жылы құрылған. Қазір кітапты қалпына келтіру орталықтары барлық елде бар. Мысалы, Түркиядағы қалпына келтіру орталығы Рами кітапханасында «Шипахана» деп аталады.
Көненің көзіндей кітаптарды емдеп, ішіндегі құнды жазбаларды бүгінге дейін қаз-қалпында сақтауға үлес қосып жүрген реставрация саласында 15 жылға жуық тәжірибесі бар, Ұлттық кітапхананың консервациялау, реставрациялау және түптеу қызметінің басшысы Аида Шоманова ескірген кітаптарды емдеу алдында диагноз қойылатынын айтты.
«Кітаптарды қалпына келтіру үшін, ең алдымен диагноз қоямыз, біз оны «құжаттың не кітаптың жай-күйін бағалау» деп айтамыз. Кітапта мынадай зақымданулар бар: биологиялық – зең басқан, физико-химиялық – қышқылдығын анықтау, дақтары бар, бүлінген, механикалық – кітап беттері жыртылған, мұқаба қаптамасынын блогы ажыраған. Осы жағдайлардың барлығын анықтағаннан кейін қалпына келтіру әдістерін таңдап, жұмысқа кірісеміз. Ең ұзақ және қиын әрекеттердің бірі – цементтелген, яғни қатты жабысып қалған құжатты ажырату, скотчты алу және де бүлінген құжаттарды қалпына келтіру. Өйткені ол процестерді орындау үшін химик мамандары қажет. Кітапты қалпына келтіруші мамандар әр кітапхана, архив, мұражайларда болу керек. Өкінішке қарай, біздің елімізде ондай бөлімдер санаулы. Мысалы, Қазақстанда кітапханалар арасында қалпына келтіру бөлімі Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында бар», – деді А.Шоманова.
Маманның айтуынша, кітап дәрігерінің негізгі міндеті – зақымдалған, ескірген кітаптарды қалпына келтіру. Кітапты қалпына келтіру оны мұқият зерттеуден басталады. Кей жағдайда кітапты толығымен, я болмаса жартылай бұзу керек болады. Әсіресе, кітаптың мұқабасын жаңаға ауыстыру мәселесіне өте мұқият қарау керек. Мұндай шешім мұқабаны сақтау мүмкіндігі болмағанда және мұқабаның тарихи және көркемдік құндылығы болмаған жағдайда қабылданады. Егер кітапқа жаңа мұқаба қаптау қажеттігі туралы шешім қабылданса, ол кітаптың жарыққа шыққан дәуіріне сай болуына мұқият көңіл бөлінеді. Кітап дәрігері Аида Шоманова футуристік басылым жартылай былғары, яғни француздық мұқабада, ал XVIII ғасырдың кітабы модерн стиліндегі мұқабада оғаш көрінетінін естен шығармау керек екенін тілге тиек етті.
«Сыртындағы сақтауға мүмкін болған элементтерін қайта жабыстыру – «элементтерін сақтау әдісі» деп аталады. Бұл кітаптың алғашқы кейпін барынша сақтау, сыртындағы ақпараттарды жоғалтып алмау мақсатында жасалады. Парақтары зақымдануына байланысты бірнеше операцияларды қажет етуі мүмкін. Мысалы, түбі темір тоғынмен бекітілсе, уақыт өте келе ол шіріп, парақтарға да зиянын келтіреді. Оларды тазалап тастап, орнын жапон қағазымен бекітіп, жіппен тігіледі. Парақтар сарғайып, сына бастаған жағдайда оларды жуып, қатайтатын құраммен өңдеген дұрыс. Парақтарының жартысы жетіспеуі, шеттері қайырылып қалған болуы, форзац ауыстыруды қажет етуі мүмкін, осының барлығы – біздің қызметкерлердің күнделікті атқаратын жұмысы. Қалпына келтіруші маман кітаптың әрбір парағына мұқият көңіл бөліп, көне жәдігерлерді сақтау жұмысына атсалысады. Бұл – өте қызықты және шыдамдылықты талап ететін аса жауапты іс. Қалпына келтірудегі классикалық әдістер болғанымен, әр кітап зақымдалғанына байланысты өзіне ғана сай тиісті тәсілдермен қалпына келтіріледі. Құнды мұрамызды сирек кітаптармен қолжазбаларды тек қолмен қалпына келтіреміз, оларды қалпына келтіріп жатқанда ешқандай үлкен құрал-жабдық қолданбаймыз», – деді ол.
Аида Шоманованың айтуынша, қазір атқарылып жатқан жұмыстар көп болғанымен, мүмкіндік аз, материалдық техникалық база жоқтың қасы. Егер кітаптарды «емдемес» бұрын зерттеу жүргізу керек болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, зерттеу орталықтарына барып ескірген еңбектерге диагноз қойылады. Кітаптарды қалпына келтіру үшін қолданылатын қағаздың бірнеше түрі бар. Соның ішінде жапондық жібек пен мақта талшықты микалентті қағаз ең берік түрі болып табылады. Ол жұқа, серпімді, жоғары механикалық беріктікке ие.
Кітапты емдеу үшін микробиолог, химик, реставратор, түптеуші мамандары жұмыс істейді. Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінде 10 қызметкер бар. Бір кітапты қалпына келтіру жұмыстары зақымдауына байланысты айлап жүргізіледі. Жоспар бойынша, Ұлттық кітапханаға жалпы кордан және сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан жылына 3 мыңға жуық құжаттар келіп түседі. Оның ішінде жалғыз данадағы кітаптар, сұранысқа жоғары кітаптар, сирек кітаптар мен қолжазбалар, ноталар, үлкен форматтағы құжаттар карталар және газеттер бар.
Сирек қорда 40 мыңға жуық құжат бар. Олар – күріш, папирус қағазында жазылған, толығымен терімен қапталған, мұқабасы ағаштан жасалған түрлі кітаптар. Ұлттық кітапхананың Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметкері Нұрдәулет Ескендір бұл ретте шетел мамандарымен тәжірибе алмасатынын айтты.
«Қазір «кітап дәрігері» атанған мамандар Иран, Түркия және ТМД елдерімен тәжірибе алмасып жүр. Жыл сайын Мәскеу қаласындағы мамандармен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып отырады. Бұл біздің құнды деп табылатын көнекөз еңбектерімізді сақтап қалуға, тарихымызды ұрпаққа сол қалпында жеткізуге оң ықпалын тигізеді. Шыны керек, кітапты емдеу ісі туралы көп адам біле бермейді. Десе де, қазір әлеуметтік желілерде, мерзімді басылым беттерінде насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Қалпына келтіруші – білімін үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет ететін мамандық. Өйткені ғылым мен техниканың дамуы да көз ілеспейтін шапшаңдықпен алға жылжып барады. Күн санап сан түрлі қалпына келтіруге арналған құрал-жабдықтар, желімнің түрлері, қағаз үлгілері мен амал тәсілдер жаңартылуда. «Кітап дәрігерлерінің» де еңбегі нәтижесінде талай тарихи құжаттың, мәдени құндылықтарымыздың болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жетері сөзсіз.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ