Жақында Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін мо­лайту мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады.
Аманжол Әлтай, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Қазақ тұлпарының даңқы асқақтайды
6,116
оқылды

Заң жобасын әзір­леуде бастамашы топтың басы-қасында болған Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтайға қазақы асылтұқымды жылқы шаруашылығының бүгін­гі жай-күйі және отандық ат спортын дамыту мәселелері төңі­регінде бірнеше сауалымызды қойған едік.

– Аманжол Дүйсенбайұлы, сіздердің баста­маларыңызбен, Мәжіліс «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне спорт­тық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­басын мақұлдады. Заң жобасының қолда­ныс­тағы заңнан айырмашылығы қандай?

– Қазіргі қолданыстағы заң аясында мем­лекеттік қолдау шаралары тек өнім, ет, сүт ба­ғытындағы жылқы өндірісіне ғана көрсетіледі. Осыған байланысты Парламент депутат­та­ры­ның бастамашылдығымен қолданыстағы заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, заң жобасын дайын­дадық. Басты мақсат – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағы­тындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және асыл­тұқымдық қасиеттерін жақсарту, арттыру. Нақ­тылай айтқанда, заң жобасында «Асыл­тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Респуб­ликасының заңдарында «асыл­тұқымды жануар» және «тұқым стан­дарты» ұғымдары өзгертілмек. Соған сәйкес, асылтұқымды малдың фенотиптік және өнімдік көрсет­­­кіштерімен қатар жыл­қылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзім­ділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттері тұқым стандартына жатқызылатын болады. Сонымен қатар заң жобасы арқылы байырғы бабалардан жалғасып, кешегі ғалымдарымыздың отандық асылтұқымды жылқыларды сақтау, қорғау, кө­бейту бағытындағы көпжылдық еңбегін ақтап, жалғастыратын боламыз. 

Әсіресе, 70 жылға созылған ғылыми зерт­теудің нәтижесінде шығарылған маман­дан­дырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолда­нылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халық­тың ұлттық қазынасы Қостанай жылқысын сақ­тап қалудың маңызы зор. Елімізде 1969 жы­лы 44 мыңнан астам Қостанай жылқысы тір­келген болса, яғни ол сол кездегі барлық асыл­тұқымды жылқының жалпы санының 9,7 па­­­­­­­­­йы­­зына тең болатын. Қазір бұл асыл­тұ­қымды жылқының ресми тіркелген саны 278-тен аспайды. Ал Адай жылқысының ресми саны – 1 300 ғана. 

Асылтұқымды жылқы өсіру, оны қорғау, мем­лекеттік қолдау шаралары 2014 жылдан бас­тап тоқтатылғаннан кейін, Қостанай жыл­қы­сының саны күрт азайып кеткен. Сондықтан заң жобасын мақұлдау арқылы аталған тұқымды молайтуға бағытталған іс-шараларды субси­дия­лау көзделген. Сондай-ақ оның асылтұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізуге және асылтұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағыттағы асыл­тұқымды айғырларын сатып алуға, отан­дық бұқаралық ат спортын дамытуға ықпал етеді. Яғни, асылтұқымды орталықтардың шетел­дік селекциялық-спорттық бағыттағы асылтұқымды айғырды сатып алуына, асыл­тұқымды аналық мал басымен селекциялық асыл­тұқымдық жұмыс жүргізуге және де оларды ұстау бойынша шығындарды өтеуге субсидия төленетін болады.

– Жалпы ерекшелеп айтқанда, қазақ жыл­қысына қандай қасиеттер тән? 

– Төрт түліктің төресі саналатын қазақ тұл­пары – халқымыздың өр намысының, асқақ рухы­ның белгісі. Еліміздің ата тарихы осы тұл­пар тағдырымен қатар өрілген небір қиын ке­зеңдерде ата-бабаларымыз елдің сыртын жау­дан, ішін даудан осы ат арқасында, тұл­пардың белінде жүріп қорғаған. Кешегі тарихи тұлға­ларымызды айтқан кезде олардың міндетті түр­­де кісінеген тұлпары қатар аталады. Мысалы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Нар­­қы­зылы, Абылайханның Алшаңбозы, Наурыз­байдың Ақауызы, Ағыбай батырдың Ағлағы, Ақансерінің Құлагері деген секілді тарихи тұл­­ғаларымыздың кісінеген тұлпары біздің төл та­рихымызда ерекше орын алады.

Осы қазақ тұлпарларының ішінде бүгінде реестрге кіргені – Қостанай жылқысы. Сонау 1951 жылы реестрге еніп, содан бергі аралықта жылдар бойы жүргізген селекциялық жұ­мыстардың нәтижесінде Қостанай жылқысы халық­аралық деңгейде өте мықты жылқы тұ­қымдарының қатарына қосылды. Өкінішке қа­­рай, кейінгі жылдары осы Қостанай жылқы­сына мән берілмегендіктен, заңнамалық тұр­ғыда қорғалмағандықтан, олардың қабілеттілігі, төзімділігі, жүйріктігі деген секілді қасиеттеріне мемлекет тарапынан қамқорлық көрсете алма­ғандықтың кесірінен Қостанай жылқысы бү­гін­де құрып кетудің алдында тұр. Егер біз Қос­танай жылқысын заңмен қорғайтын болсақ, тек осы жылқы ғана емес, алдағы уақытта реестрге кіретін Адай жылқысы, үлкен селекциялық зерттеу жұмыстарының нәтиже­сінде өзінің сапасын көрсететін басқа да жылқы тұқымдары мемлекеттік деңгейде қорғалып, қамқорлық көрсететін болады. 

Мінеки, осындай себептермен біз заң жо­басын дайындадық. Сондықтан осы заң жоба­сының маңызды, яғни қазақ тұлпарын сақтау, отандық жүйрік жылқы тұқымын өр­кендету, оны дамыту – біздің бүгінгі күндегі маңызды мақ­саттарымыздың бірі. 

– Заң жобасында қазақтың ат спортын да­мытуға арналған нақты қандай мәселелер кө­терілді?

– Бұл заң жобасын әзірлеу барысында қан­шама зерделеу жұмыстары қолға алынып, қан­шама басқосу болды. Мәселе жан-жақты талданып, асылтұқымды спорттық жылқының жағдайын жасаймыз деп өзге жануарлардың тағдырына балта шауып алмаймыз ба деген мәселелер барынша талқыланды.

Осы жұмыстардың нәтижесінде ат спорт түрлерін, атап айтсақ жамбы ату, теңге ілу, ау­дарыспақ, бәйге, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін халыққа насихаттауға, оны дамытуға мүмкіндік көбейеді. 

Өздеріңізге белгілі, кеше ғана Қабірхандай мұхиттың арғы жағынан алып келген жүйрі­гіміздің Дубайдың төрінде өткен халықаралық деңгейдегі бәйгеде бірнеше рет топ жарып, озып келуі еліміздің еңсесін көтерді, намысын асқақ­татты. Қабірханның оза шабуын бүкіл жұрт болып тіледік. Осындай тұл­парлар алдағы уақытта отандық төл селекция­мыздың нәти­жесінде алынған тұлпарларымызға да бұйырсын дегім келеді. Алдағы уақытта тек шетелден сатып алған тұлпарлармен ғана емес, өзіміздің отандық селекциядан туған тұлпар­ларымыз әлемдік аламандарда, әлемдік бәй­гелерде «жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар» шы­ғып, топтан озуға жазсын дегім келеді. 

Егер біз Қостанай жылқысын әрі қарай дамытып, жан-жақты мән беріп, өркендететін болсақ, әрине осы Қостанай жылқысының ішінен де ертең халықаралық деңгейде елдің намысын қорғайтын мықты тұлпарлар шыға­­тыны сөзсіз. Сондықтан да қазақ баласы аттан түспесін, тұлпардың белінде жүріп, ел мен жер­дің тағдырын ойлауға жазсын деп тілеймін.

Ертеңімізге елеңдей қарап, жылқы шаруа­шылығын дамытуға, оның ішінде мініс және мініс-жегін бағытындағы отандық жылқы се­лек­­циясын дамытуға үлкен күшпен білек тү­ріп кірісетін болсақ, көптеген нәтижеге қол жет­кізуге болады. Ғалымдарымыздың, жылқы шаруа­шылығы саласындағы майталман маман­дарымыздың іс-тәжірибесін жан-жақты пай­далана отырып әлі де терең зерттеп, зерделей отырып жылқы шаруашылығы саласын дамыт­сақ ертеңгі күні қазақ тұлпарының да халық­ара­лық деңгейде даңқының асқақтауына мүм­кіндік туарына сенемін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ