Аспанасты еліне әлі жолыңыз түспесе, бұл жазбам сіздің кәдеңізге жарасын онда. Қытайды расында әлем ішіндегі бөлек әлем болып тіршілік кешіп жатқан таңғажайып мемлекет деп тануға болады екен.
Нағыз «илеу» – Қытайда
Таяуда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің бір топ журналисі Аспанасты елінде өткен семинарға барып қайттық. Көрші елге табанымыз тиген сәтте-ақ көзімізге ең алғаш шалынғаны – мұнда скутер тізгіндегендер көп, жай ғана көп емес, ө-ө-ө-өте көп! Себебі түп-түсінікті: арзан, жылдам, экологияға зиянсыз әрі қолайлы. Стандарт скутерді 1-2 мың юаньға (60-100 мың теңге) сатып алуға болады. Көшеде скутерлер мен велосипедтерге арналған жолақ қашан көрсең де лық толы. Рөлде әйелдер де, егде кісілер де, жасөспірімдер де, қымбат костюм киген ерлер де бар, енді бірі отбасын түгелімен осы екі доңғалақты көлікке қондырып алған. Қарсыдан соққан жел рөлді ұстаған қолын қарып тастамас үшін скутеріне «күрте» кигізіп қойғандар да жетерлік. Қолың да, кеудең де күртенің ішінде тұрады, рахат! Покемонның, қоянның, мысықтың суреті бар «күрте киген» скутерлер бір жағынан қаланың сәнін де ашады.
Бірден назарыңды аударатын тағы бір көрініс – үсті-үстіне жыпырлай салынған көпқабатты үйлердің көптігі. Әдетте Астанада біздің жақтырмай «құмырсқаның илеуі» дейтін үйлеріміз ешқандай да илеу емесіне Қытайға барғанда көзіміз жетті. Терезелері сығылыса орналасқан 40-50 қабаттық үйлердің ішінде шамамен қанша пәтер барын елестетудің өзі қорқыныштылау. Қытайда 18-19 шаршы метрлік пәтерлер – ең өтімді нұсқа. 37-40 шаршы метр бұл нарықта кең пәтер болып есептеледі. Жер үнемдеу үшін көбіне ванна емес, душ орнатады. Ал әйдік асүйді мүлдем армандамай-ақ қойыңыз, мұнда ас бөлмесіне көп дегенде 5 шаршы метрді ғана бөледі, онда да терезесі болса қуана беріңіз, кей пәтерлерде тамақ пісіретін пеш қана сыятын қараңғы қуыс асүй ретінде қарастырылады.
Сарышаян – дәмді деликатес
Тамақ демекші, Қытайға барған туристер жауабын білуге ұмтылатын сұрақтың бірі – «Олар шынымен сарышаянмен қоректене ме?». Қытайлардың күнделікті асы– қоңыз, жылан мен бақа-шаян дейтін аңыздар ешқандай да ақиқат болмай шықты. Оларды мұнда мейрамханалар мен түнгі базарларда көбіне деликатес түрінде ұсынады. Жеуге арналған жәндіктерді – жібек құрты, шегіртке, сарышаян, бамбук құрттары, қырықаяқтарды арнайы фермаларда өсіреді.
Әріптесім екеуіміз Бейжіңдегі Қиянмен базарына осы атышулы ас-ауқаттың дәмін көру үшін арнайылап бардық. Ығы-жығы адамдардың арасымен қысылып-қымтырылып жүріп, қуырылған жәндіктер сататын орынды да таптық. Әлгі жерде көзден гөрі бүкіл ақпаратты мұрын жеткізіп қойды: өмірімізде құртты қуырғанда қандай иіс шығатынын сезіп көрмеген танауымыз тосын иістердің мұншалықты көптігіне біразға дейін үйрене алмады. Құдды бір сәл қаттырақ тыныстап қойсаң, әнеу бір табада шыжғырылып жатқан шегіртке ұшып келіп, деміңмен бірге мұрныңа кіріп кететіндей. «Сақтықта қорлық жоқ» деп тұмшаланып алдық.
Жаңа орынға көзіміз де, мұрнымыз да үйренген соң жайлап бағасын сұрауға көштік. Қуырылған ара дернәсілдерінің 150 грамы 90 юань (шамамен 6 000 теңге) тұрады екен. Сатушы жігіттің айтуынша, дәмі балға қуырылған кедр жаңғағына ұқсайды. Ал өрмекші мен сарышаянның кәуаптары 25-35 юаньға сатылып жатыр, біздіңше 1 500-2 000 теңге. Араның дәмін татуға бармаған батылдық сарышаянға келгенде қайдан табылсын?! Тағы да сатушы жігіттен сұрадық. «Қытырлақ болып піскен сарышаяндар тұп-тура шемішке сияқты», – деді ол да көп ойланбай. Шамасы, біз сияқты туристерге түсіндірем деп теңеулерді қатырып тұрып үйреніп алса керек.
Табаның жанындағы шыны қорапта құжынаған сарышаян өзінің талқаны таусылған сәтін күтіп жүр. Айтпақшы, оларды қуырарда уын алмайды, өйткені жоғары температураның әсерінен уы өз қасиетін жоғалтады екен.
Жалпы, Қытайдағы әр қалада, тіпті кіп-кішкентай ауылдың өзінде өзінің төл ауқаты бар. Мұнда нағыз тамақ культі қалыптасқан. Тамақтануды жақсы көретіндерді «чихо» деп атайды, олар жаңа тағамның дәмін көру үшін ел ішінде сапарлап жүреді.
Үй жануарын онлайн да бағуға болады
Қытайлар көбіне үйінде тамақ әзірлегеннен гөрі, дайын тамаққа мобильді қосымшалар арқылы тапсырыс бергенді құп көреді. Мұнда онлайн шоппинг бен жеткізу қызметі мықты дамығаны сонша, карантин кезінде тамақты арнайы роботтар үйді-үйге жеткізіпті.
Жанымыздағы аудармашы қыз Южинь Лидің айтуынша, интернет-саудада адаммен қарым-қатынас болмайды деп қауіптену Қытайда орынсыз. Мәселен, жергілікті танымал саудагерлердің бірі Лян Цяньцзюань жаңғағын видеотрансляция арқылы жарнамалап сатады. Бүкіл округтен жиналған тау-тау жаңғақтың жанында отырып ол оның дәмін айтады, көрерменнің жаңғақ қабығының түсі, ядросындағы майлары туралы сұрақтарына сабырмен жауап береді, сондай-ақ жаңғақты қанша көлемде жеу пайдалы екенін, қайда сақтау қажет екенін баяндайды, көтерме сауда жасайтындарға жеңілдіктерін ұсынады. Күн сайын оған жүздеген, кейде тіпті мың шақты тапсырыс түседі. Жаңғақ салынған пакеттерді таңертең жүк көліктерімен поштаға, ал бір тәулік ішінде тұтынушылардың үйіне жеткізеді.
Қытайдағы интернет қолданушылардың 65 пайызы желідегі тікелей эфирлерді қалт етпей бағып отырады. Видео-сауданың түр-түрі бар: бір видеода балықшы тоғанда балық аулап отырып, соны саудаға шығарады. Енді бір жерде қытайлық отбасы камера алдында лотостың тамырын саудалап отырады. Тағы бір қызығы, соңғы кездері мұнда үй жануарын немесе құсын онлайн өсіру де сәнге айналып келеді екен. Белгілі бір ақыға фермер әлгі құсыңызға күтім жасап, ара-тұра соның жұмыртқаларын сізге жіберіп тұрады. Южинь Лидің сөзінше, мегаполис тұрғындарының көпшілігі ең қарапайым деген азық-түліктің қалай өсірілетінін немесе өндірілетінін білмейді. Олар азық-түлікті тек дүкендегі қаптамасымен ғана көргендіктен, жаңағыдай трансляцияларға юаньдарын шашуға аямайды. Халықтың бір кездері ауылда тұрып, кейін қалаға көшіп келген енді бір бөлігі ауыл өнімін сағынғандықтан аграрияны осындай әдіспен қолдауға тырысады.
Биші әжелер қарттыққа берілмейді
«Жақсы тамақтан, жылы киін – сонда ұзақ жасайсың» дейді қытай мақалы. Жалпы, жергілікті халықтың саулыққа баса мән беретіні күнделікті өмір салтынан-ақ көрініп тұр: мұндағы қарт кісілер теледидар алдында уақытын өткізбейді. Оларды көбіне саябақтарда, ашық алаңқайларда кездестіресің. Таң ата салысымен, сағат алтылар шамасында саябақтардың әр бұрышында топ-топ әже флешмоб жасап, көңілді музыкаға би билейді. 79 жастағы Сян Сюи есімді әжей аптасына екі рет құрбыларымен бірге Бейжің саябағында жиналады. Оның айтуынша, би – тегін дәрі. Биші әжейлер кешке күн ұясына батқаннан кейін де ашық алаңқайларда белсене жаттығып жүреді.
Бізді тағы бір таңғалдырғаны – қытай халқы да ерте тұрған адамның бір ырысы артық боларына сенеді. Әдетте біздің елде таңғы 8-де ашық тұрған кафе таппай қиналсаң, бұл жақтағы дүкендер мен дәмханалар есігін 6-да айқара ашады. Көшеде де бұл уақытта көліктер қозғалысы жанданып, қарбалас басталып кетеді. Ерте тұрып, тіршіліктің зырылдауық доңғалағына күн шықпай тұрып жабысып үлгермесең, 1 жарым миллиардтың ішінде жұтылып кетерін әр қытай кішкентайынан ұғып өсетіндей.
Қытай бізге өзге әлемге ұқсамайтын өз алдына бөлек әлем секілді көрінді. Олар басқалардың дүниесіне де мұқтаж емес: өздерінің ұлттық асын жейді, өз елінің ішінде қыдырады, өз музыкасын тыңдайды, өз фильмдерін көреді, интернетте де тек қытай сайттарын пайдаланады, шет тілдерін онша білмейді. Тек әр тұста менмұндалаған «Макдональдс» қана Қытайды жаһанмен болар-болмас байланыстырып тұрған сияқты. Өзін-өзі қай тұрғыдан да толық қамтамасыз еткен адам ғана емес, мемлекет те сыртқа сыйлы болары рас екен ғой.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ,
Астана – Бейжің – Астана