Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің су деңгейі қазір 10 метрден асып кетті. 22 мамыр күнгі мәлімет бойынша, су деңгейі 10 метр 23 сантиметрге жетті. Осылайша, Махамбет ауданындағы су көлемі қауіпті деңгейден 1 метр 73 сантиметрге дейін асып кетті. Атырау қаласындағы су деңгейі 5 метр 82 сантиметрді көрсетіп, тасқын су көлемі қауіпті деңгейден асты.
Махамбет ауданы бойынша Сарытоғай, Махамбет, Ақтоғай, Талдыкөл, Сарайшық ауылдары судың қоршауында қалып отыр. Тасқын су кірме жолды бұзып, ауылға байланыссыз қалу қаупі төнгендіктен, Махамбет ауданының жедел штабы Талдыкөл ауылының тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Қазір Талдыкөлдің 224 тұрғыны Атырау қаласындағы арнайы жасақталған эвакопунктте жатыр. Оның ішінде 147 бала бар.
Махамбет аудандық жедел штабының мәліметінше, Талдыкөл ауылындағы тұрғындар ерікті түрде көшірілуде. Тұрғындарды эвакуациялауға 25 орындық 4 автобус, 12 орны бар 2 ГАЗель автокөлігі мен 30 қызметкер тартылған.
«Бейбарыс ауылдық округіндегі Талдыкөл ауылында 221 үй, 1 215 тұрғын бар. Кешке дейін ауылдың 140 тұрғыны Атырау қаласына жеткізіліп, APEC жоғары колледжіндегі эвакуация пунктіне орналастырылды. Оның ішінде 29 ер, 50 әйел, 3 мүмкіндігі шектеулі жан, 2 жүкті ана, 16 жасқа дейінгі 52 жасөспірім мен 1 жасқа толмаған 4 сәби бар», – деп хабарлады аудандық жедел штабтан.
Ал ауылдың ер-азаматтары ауылды тасқын судан қорғауда. Талдыкөлдегі тасқын суға қарсы жұмысқа төтенше жағдайлар саласының 107 қызметкері, 28 әскери қызметші жұмылдырылған. Арнайы 9 техника бар.
Сарайшық ауылында зират қорымы тасқын судың астында қалды. Қарқыны қатты өр суы зираттарды қорғау үшін салынған бөгеттерді жарып кетті. Әскерилер, Төтенше жағдайлар департаменті мамандары, одан қалды ауыл тұрғындары жұмыла жүріп, екі күн бойына зират бойына жанама бөгет соққанымен, су бәрібір зираттарды шайып кетті.
Кілкіген судың ортасында қалған Сарайшықтың алдында қазір ауылды тасқыннан қорғау міндеті тұр. Әр 200 метр сайын кезекшілер бөгеттерді тәулік бойы бақылауда. Су жарған жерлерді әзірге кезекшілердің дереу хабар беріп, әрекет етуінің арқасында ғана тоқтату мүмкін болып отыр.
Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиеваның хабарлауынша, кезекшілер арнайы бөлінген 8 сектор бойынша жұмыс атқаруда.
«Сарайшық ауылында тасқыннан қорғану мақсатында салынған бөгеттің жалпы ұзындығы 13,6 шақырымды құрайды. Қазір әр 200 метр сайын кезекшілік қойылды. Кезекшілер 4 сағат сайын ауысып, жағалау тәулік бойы бақыланып отыр», – деді Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиева.
Еске сала кетелік, Сарайшық ауылында 13,6 шақырым бөгет салынды. Оның ішінде бөгеттің 5,4 шақырымы қайта жаңартылды. 8,2 шақырым бөгет жаңадан салынды.
Тасқынмен күреске қазір Сарайшықтың өзінде ауыл тұрғындарын қоспағанда, 200 сарбаз, 14 ТЖД мамандары жұмылдырылды.
Жалпы, Махамбет ауданы бойынша, қауіпті аймақтарда 40 бекетте тәулік бойы кезекшілік атқарылып жатыр.
Әзірге Махамбет ауданында елді мекендер суға кете қоймағанымен, шаруашылық орындары зардап шегіп жатыр. Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабының мәліметіне сәйкес, күн өткен сайын белең алған өр суының тасуынан Махамбет ауданы бойынша 66 егін шаруашылығы алқабы мен 27 мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтар зардап шекті.
«Сонымен қатар 1 өндірістік жылыжай құрылысы, 1 жылыжай, 1 ешкі сүтін өндіретін зауыт, 1 балық өсіру зауытының құрылысы және 4 демалыс орны су астында қалды.
Зардап шегу қаупі бар аймақта егін шаруашылығымен айналысатын 7, мал шаруашылығымен айналысатын 19 шаруа қожалығы бар. Суға кеткен шаруа қожалықтарындағы мал басы толықтай алдын ала бекітілген қауіпсіз аймақтарға көшірілді.
Ал егіні суға кетіп зардап шеккен егін шаруашылығы иелерінің шығыны толықтай өтеледі. Өр суының қарқыны саябырлаған соң арнайы комиссия құрылып, акт жасалып, есебі жүргізіледі», – деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Тасқын судан зардап шеккен қожалықтардың бірі – 20 жылға жуық тарихы бар Атыраудағы «Дастан» қожалығы.
12 түрлі бау-бақша өнімдерін ерте шығарып, жергілікті тұрғындарды экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп отырған «Дастан» шаруа қожалығының 7 гектар егілген ерте пісетін егін алқабы суға кетті.
«Әрине, үлкен көлемдегі судың келе жатқанын білдік. Бірақ су тура мынадай ағыспен келеді деп күтпедік. Көп күшіміз бақты қорғауға кетіп қалды. Шаруашылыққа қарасты бақ 12 мамыр күні суға кетті. Одан кейін жолды қорғауға жұмыс істедік. Бірақ ағыс тікелей соғып, дамбыны бұзып кетті. Амандық болса, егін шығады деп сенеміз. Бұл жерден бөлек, қырда 120 гектар болатын егін алқабымыз бар», – деді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов.
«Дастан» шаруа қожалығы 19 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысуда. Шаруашылық бүгінде 125 гектар аумақта көкөніс, бау-бақша өнімдерін өсіріп жатыр. Үлкен жылыжайы бар. Бұдан бөлек, қожалық мал шаруашылығымен, құс өсірумен де айналысуда.
Қазір Атырауда тасқыннан зардап шеккен аудандарда шаруа қожалықтарына өтемақы төлеу бойынша комиссия құрылуда.
Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапановтың айтуынша, қазір 4 787 гектар егілген егін алқабының 85 гектары су астында қалған.
«Облыс бойынша биыл 10 825 гектар егін егу жоспарланды. Тасқын аумақтарында орналасқан алқаптардың 85 гектар егілген егін су астында қалып отыр. Сонымен бірге көктемгі дала жұмысын жүргізуге арнайы дайындалған жердің 4000 гектарын су басты. Ауыл шаруашылығы министрлігі зардап шеккен өңірлерге өтемақы төлеу жөнінде қағида жариялаған болатын. Осыған байланысты шаруашылығы тасқыннан зардап шеккен аудандарда комиссия құрылуда. Өтініштер қабылданып, шығын өтелетін болады. Атырау қаласы аумағында тасқыннан зардап шеккен шаруашылық нысандарының қатарында алма бақтар, егістік алқаптары бар», – деді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапанов.
Тасқын судан Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласындағы шаруа қожалықтарының бірқатары зардап шекті. Атырау облысы бойынша 500 гектардан астам егін алқабы қауіпті аймақта тұр, ол аумақтар қоршалып, бөгет орнатылған. Бір ғана Махамбет ауданында тасқын қаупі бар аймақтарда егін шаруашылықпен айналысатын 7 шаруашылық, мал шаруашылығымен айналысатын 19 шаруа қожалығы бар.
22 мамыр күнгі ахуал бойынша, су тасқыны салдарынан Атырау қаласында 9 мал шаруашылығымен айналысатын қожалық суға кетті. Атап айтқанда, Сарыөзек каналы аумағындағы 4 шаруа қожалығы және Соколок каналы бойында орналасқан 5 қожалықтың жерлерін су басты. Бұл шаруашылықтардың 1 590 гектар мал жайылым жері суда қалды. Дегенмен мал шығыны болған жоқ.
Қазір жерін су басу қаупі бар шаруа қожалықтарға қалалық әкімдік тарапынан көмек көрсетілуде.
«Соның ішінде Қайыршақты ауылдық округіндегі «Тойлыбаев» және Алмалы ауылдық округінен Жайық өзені бойында орналасқан «Ынтымақ» шаруа қожалықтарына шаруашылық жеріне бөгет соғу жұмыстары жүргізілді. Соколок каналы бойында орналасқан «Нұртаза» шаруа қожалығының суда қалған 2 техникасы, жылқы, түйе малдарын су басқан аумақтан шығарылып, Талғайраң жайылымына жіберілді, 100 бас сиыр малын сол шаруашылық жерінде өзі ұстап отыр. Осы шаруашылыққа жанар-жағармаймен көмек көрсетілуде.
Қайыршақты ауылдық округінде су басу қаупі бар «Ақбұлақ» шаруа қожалығының бордақылауға қойылған малын сақтап қалу мақсатында шаруашылық жеріне жергілікті әкімдік ұйымдастыруымен күрек, қапшық, жанар-жағармаймен, малға қажетті жем-шөппен және сарбаздармен көмек көрсетілуде», – деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин.
Айта кету керек, Атырау қаласы аумағында егін шаруашылығымен айналысатын 14 шаруа қожалығының 735,17 гектар жер учаскелерін су басқан.
Осы егістік алқаптарда егілген 14 гектар жоңышқа, 1 000 түп жеміс-ағаш, 2 070 түп басқа ағаш, 2 шағын жылыжай, киіз үй, құрал-жабдықтар, 25 рулон мал азығы су астында қалып отыр.
Тасқын қаупі Атырауда эпидемиологиялық ахуалды да нашарлатуы мүмкін. Осы мақсатта Атырау қаласының өзінде тасқын болған жағдайда 94 медициналық бригада қызмет көрсетуге дайындалып отыр.
Атырау қаласында су тасқыны бола қалған жағдайда эвакуациялық пункттерде тұрғындарға қызмет көрсететін медициналық бригада ұйымдары бекітілді.
Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев хабарлады.
«Атырау қаласында қазір 94 эвакопункт дайын тұр. Бұл эвакопункттің барлығында медициналық кезекші бригадасы құрылды. Бұдан бөлек, инфекциялық ауруханада қосымша стационарлық 200-ден астам резервтік орын дайындалды. Қажет болған жағдайда модульдік аурухананы жүмылдырамыз. Сондай-ақ тасқынға байланысты ахуал қиындайтын болса, Атырауға 100-ден астам дәрігерді тарту жөнінде шешім қабылданды», – деді спикер.
Облыста 52 жедел жәрдем көлігі бар, оның 30-ы қалада және 22-сі аудандар бойынша бөлінген. Одан бөлек, басқа медициналық ұйымдар арасында науқастарды тасымалдау үшін резервтік 11 көлік қарастырылды.
Қазір қала бойынша 26 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істеуде, қажеттілік туындаған жағдайда қосымша 4 бригада қарастырылған.
Тасқын су қаупі сейілер емес. Қазір Атырау қаласында, Махамбет ауданында тасқынға қарсы күреске және Жылыой ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметі, Ұлттық гвардия, Ішкі істер министрлігі, мемлекеттік органдар қызметтерін қоса алғанда 5 000-ға жуық адам жұмылып отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметінше, судың көптігі мен қатты желдің салдарынан «Соколок» каналы бойындағы бөгет бұзылған.
«Соколок» каналы – Атырау қаласына бағытталған үлкен су нөпірін Жайық өзені арқылы реттеудің негізгі элементтерінің бірі. Осыған байланысты канал бойындағы алғашқы қорғаныс нысанына қосымша қаланы тасқын сулардан қорғауға арналған екінші қорғаныс нысаны салынғанын атап өткеніміз жөн. Екінші қорғаныс бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша нығайту жұмыстары жүргізілді. Бөгеттің биіктігі Балтық биіктік жүйесінің деңгейіне сәйкес ұлғайтылды. Бұл учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Қазір жағдайдың өзгеруіне байланысты қажетті шешімдер алу үшін қосымша техникалар жіберілді», – дейді Атырау облыстық жедел штабы.