Олардың арасында 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді жаһандық геосаясатта өз орны бар құрылымдар да бар. Әсіресе, ШЫҰ-ның жөні бөлек. Шілденің басында Астанада осы ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді. Ал осы аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдердің сыртқы саясат ведомстволары жетекшілерімен кездесу өткізді.
Мемлекеттің сыртқы саясатында Президенттің меймандарды қабылдауы, түрлі құжатқа қол қоюы, әртүрлі плафтормада кездесулердің өтіп тұруы, қалыпты құбылыс. Өйткені ХХІ ғасыр томаға-тұйық өмір кешетін, қақпаны жауып алатын заман емес. Қазақтың «бармасаң, келмесең – жат боласың...» дейтін ұлағаты тура мағынасында өмір шындығына айналған дәуір бұл. Оның үстіне,
отыз жыл бұрын америкалық ойшыл Сэмюель Хантингтон айтқан өркениеттер мен көзқарастар арасындағы шиеленіс тереңдеп бара жатқанға ұқсайды. Кез келген ұлт пен мемлекетке төнетін қауіп-қатер де аз емес. 1945 жылдан кейін орныққан халықаралық құқықтық нормалардың орындалуына қатысты да күмән көп. Жаһандағы барлық мемлекеттің мүддесін қорғауға, қажет кезінде әділдік орнатуға тиіс БҰҰ-ның да қауқарсыз болатын тұстары жиі байқалады. «Жаһандық оңтүстік» дейтін саяси термин бұрынғыға қарағанда жиі айтылатын болды. Бір қарағанда Батыс үстемдігіне қарсы саяси-экономикалық блоктар құрыла бастағанға немесе сондай құбылыстардың алғышарттары қалыптасып келе жатқанға ұқсайды. Әркім қатардан қалғысы келмейді. Ал көштен қалмау үшін алыс-беріс, барыс-келіс үзілмеуі керек. Қазақстан сыртқы саясатының астарында да осы үрдістен қалмау, елдің ұпайын түгендеу мақсаты тұрса керек. ШЫҰ сияқты ірі ұйымдарда белсенділік танытатынымыз да содан.
Негізі, ШЫҰ – ірі ұйым. Жер көлемі жағынан бұл ұйымға тең келер құрылым жоқ. Әлемдегі аумағы ең ірі 10 мемлекеттің төртеуі – Ресей, Қытай, Үндістан және Қазақстан осы ұйымға мүше. Халық саны жағынан алдына қара салмайды. Мұны Президент Қ.Тоқаев та айтты. «Қазірдің өзінде біздің ұйымға Еуразия құрлығындағы он мемлекет мүше. Бұл елдерде жер шары халқының жартысына жуығы тұрады, сондай-ақ әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы мемлекеттерге тиесілі. Қазақстан ШЫҰ-ның төрағасы ретінде Ұйымның әлеуетін одан әрі арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды», – деді Мемлекет басшысы. Әрі ұйым әлеуеті артып келе жатқанын да атап өтті. Президенттің айтуынша, ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда, 100-ден астам іс-шара өткен. Ұйым мүшелері экология, киберқауіпсіздік, климаттың өзгеруі, тұрақты даму, энергетика, көлік және мәдениет тәрізді түрлі бағытта тізе қоса жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Қазақстанның бастамасымен 2024 жыл ұйым аясында Экология жылы болып жарияланған. Одан бөлек, «Киелі орындар» жобасы жүргізіліп жатыр. Дегенмен ШЫҰ-ның негізгі басымдығы аймақтағы қауіпсіздікті сақтау, ескірткі, қару-жарақ пен адам саудасына тосқауыл қою, терроризммен және экстремизммен күрес екенін ешкім назардан тыс қалдырған жоқ. Қазақстан үшін бұл бағыттар өте маңызды.
ШЫҰ жиындарында бұрын терроризм мен экстремизге қарсы күрес тақырыбы ұдайы көтерілетін. Соңғы жылдары Қ.Тоқаевтың бұл қатарға сепаратизмді де қосқаны байқалады. Бұл құбылыстарды Қазақстан Президенті «үш зұлым күш» деп те атады. «Қазақстан осы бағыттағы ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі. Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісілген және нақты шаралардың айқын дәлелі. Бұл халықаралық қатынастардың жаһандық архитектурасындағы ұстанымды нығайту, ШЫҰ-ның әлемдегі беделі мен рөлін арттыру тұрғысынан да маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Әрине, терроризм мен экстремизмнен төнетін қауіп аз емес. Оны жаһан елдері жақсы біледі. Бірақ соңғы жылдары сепаратизм қаупі де артып бара жатыр. Сепаратистік пиғылдағы күштерді астыртын демейтін «ойыншылардың» бар екеніне әлемнің өзге аймақтары түгілі, посткеңестік кеңістікте де куә болып жүрміз. 2008 жылы Гүржістанда болған оқиғалардың, 2014 жылдан бері Украинада жалғасып жатқан қақтығыстардың қайнары сепаратистік күштерді қолдау саясатына барып тірелетіні жасырын емес. Қазақстан квази мемлекеттік сеператистік құрылымдарды мойындамайтынын ашық мәлімдеген. Екі жыл бұрын Санкт-Петербордағы халықаралық экономикалық форумда Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің бірқатар алпауыттары қолдап отырған Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның мойындамайтынын, сондықтан Донбасс пен Луганскідегі құрылымдарға да осы ұстаныммен қарайтынын атап өткені бар. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерімен кездесуде терроризм және экстремизммен қатар сепаратизмді де атауы «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңданың» үлгісіндей көрінеді бізге. Өйткені ШЫҰ-ға мүше елдердің арасындағы ірі мемлекеттердің жаһанда өз орны мен ықпалы бар. Қазір олардан қауіптенетіндер де аз емес. Бірақ Қазақстан ірі мемлекеттердің барлығымен тең құқылы серіктестік орнатуға мүдделі. Геосаяси шиеленістерде қандай да бір блокқа қосылғанды құп көрмейді. Сәйкесінше, осы ұстанымға өзгелердің түсіністікпен қарғанын қалайды. Президент сөзінен осындай емеуірін байқадық. Дипломатия тілі болса керек.
Айтпақшы, ШЫҰ Сыртқы істер министрлерімен кездесуде Қ.Тоқаев Ауғанстанға назар аударудың маңызды екенін айтты. «Ауғанстандағы жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл елде гуманитарлық дағдарыстың алдын алу және ұзақмерзімді тұрақтылыққа жағдай жасау үшін күш біріктіру жұмыстарын жалғастырған жөн. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдау – өте өзекті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бәлкім қоғамда «Ауғанстанға назар аударудың қажеті қанша?» дейтін сауал қоятындар да кездесер. Рас, бір қарағанда Ауғанстан Қазақстанмен шекараласпайтын, «өз қазанында өзі қайнап жатқандай» көрінетін мемлекет. Алайда Ауғанстан ежелден Орталық Азияда өзіндік орны бар аймақ. Ондаған жыл бойы соғыстан көз ашпаған елде тыныштықтың орнауына тұтас аймақ елдері, соның ішінде Қазақстан да мүдделі. Біз қазір көлік-логистикалық бағыттарымызды диверсификациялауға ұмтылып жатырмыз. Өнімдерді санаулы ғана бағыт арқылы алыс шетелдерге шығара алмайтынымызға көзіміз жетті. Сондықтан Ресеймен қатар Қытай, Әзербайжан, Иран бағытындағы көлік дәліздерін пайдалануға ұмтыламыз. Орталық Азия елдерінен Ауғанстанға, әрі қарай Пәкістанның Үнді мұхитындағы порттарына жетуге мүдделіміз. Ал бұл істе Ауғанстанның тұрақты болуы маңызды рөл ойнайды. Әрі Ауғанстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көбімен шекараласады және деюре ұйымда бақылаушы мәртебесі бар. Сондықтан бұл елде тұрақтылық болғаны ұйымға мүше мемлекеттің барлығына тиімді. Алдымен экономикалық, соның ішінде көлік-транзиттік бағыт тұрғысынан пайдалы. Екіншіден, Ауғанстан терроризм мен экстремизнің Орталық Азияда қайта өршуіне қолайлы жағдай қалыптасқан ел. Дін атын жамылған террористер Орталық Азияға да, Ресейге де, тіпті Қытай мен Үндістан, Пәкістан, Иранға да қауіпті. Әсіресе, Таяу Шығыста АҚШ бастаған коалиция күштерінің соққысына ұшырап, қарулы топтарының көп бөлігін Африка құрлығына жылыстатуға мәжбүр болған ДАИШ ұйымының бір қанаты Ауғанстанда орнығуға тырысып жатыр. ДАИШ-тың «Хорасан уәлаяты» немесе ISIS-K деп аталатын қанаты Ауғанстанда «Талибан» қозғалысына қарсы әрекет етіп жүр. Түпкі мақсаты – Кабулды басып алу, сөйтіп халифат құру. 2018 жылы «Талибан» осынау топтың Ауғанстандағы күштеріне қарсы ұрыс жүргізіп, біршама әлсіреткен. АҚШ күштері де осынау содырларға біраз соққы берді. Бірақ топ толық жойылған жоқ. 2021 жылы «Талибан» Ауғанстан билігіне қол жеткізген соң да бұл топ Кабулде бірнеше рет жарылыс ұйымдастырған. Иранда да теракт жасады. 2024 жылдың қаңтарында Иранда генерал Касем Сүлейманиді еске алуға арналған іс-шара кезінде жарылыс жасап, салдарынан 103 адам өліп, 140-тан астамы жараланды. Ал 22 наурызда Мәскеудегі «Крокус Стит Холл» сауда-ойын сауық кешеніне шабуыл жасады. Салдарынан 130-дан астам адам мерт болды. Көптеген халықаралық сарапшы «Хорасан уәлаяты» тобы Ресейді, АҚШ-ты, Қытайды, Иранды жау санайтынын мәлімдеген. Ал соңғы кездердегі оқиғалар желісіне қарасақ, осынау террористік топ «Талибан» қозғалысымен қандай да бір қарым-қатынас орнатқан мемлекеттерге тіс қайрайтыны байқалады. БҰҰ-ның 2023 жылғы есебінде «Хорасан уәлаяты» тобының қарулы жасақтарындағы адам саны 4 мыңнан 6 мыңға дейін жетуі мүмкін екені айтылған. Әрі Ауғанстанның 13 аймағында тірек пункттері мен «Ұйқыдағы ұяшықтар» желісі бар деседі. Яғни, «Талибан» қозғалысы билікке келгелі тынышталғандай көрінетін Ауғанстанда іс жүзінде бейбітшілік орнай қойған жоқ. Ол елдің аймағынан экстремизм идеясын «экспорттаушылар» Орталық Азия мен Қазақстанға ағылуға қарсы емес. Одан бөлек, Ауғанстандағы жағдай күрт шиеленіссе біз жаққа қарай босқындар ағылуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан басшысы Ауғанстан мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Астанадағы кездесуде де ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерін бұл елдегі жағдай туралы құлаққағыс етуінің сыры осында деп білеміз.
Қорыта айтқанда, Қазақстан өзінің экономикалық мүддесін қорғау үшін, геосаяси шиеленістер кезінде елге төнуі мүмкін түрлі сын-қатерден сақтанудың барлық амал-айласын жасап жатыр. Дипломатиялық маневрлардың, көпвекторлы саясаттың ұтымды тұсы – осы. Халықаралық құқықтық нормалардың сақталуы қаншалықты маңызды екеніне серіктестерінің назарын аударудан жалыққан емес. Таразының бір басына қауіпсіздікті, келесі басына экономикалық қарым-қатынастарды тарта отырып әрекет жасап келеміз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері басшыларының шілдеде өтетін саммиті де, осы аптада болған сыртқы істер министрлерінің кездесуі де осы мүдде тұрғысынан маңызды. Әйтпесе, жаһанда түрлі атаумен талай жиын өткен, алда да бола береді.
Амангелді ҚҰРМЕТ