Келесі аптада мемлекеттік тіл мен қазақ тарихын ұлықтайтын, түскейден теріскейге қоныс аударатындарды қолдайтын, елді лаңкестерден және педофилдерден қорғайтын, қандастардың атажұртқа оралуына дем беретін бірегей заң күшіне енеді. Жаңа заңға бірқатар жаңашылдық еніп отыр.
Көш түзелсе, елге ел қосылады
2,402
оқылды

Қоныстанушыларға жер үлестіріле ме?

Бұдан былай мемлекеттік тіл­ді және Қазақстан та­ри­хын білмейтін шетелдіктер Қа­­­зақстан азаматтығын ала ал­майды. Экстремизмге және тер­ро­ризмге қатысы бар шетелдіктер ел­ге кіргізілмейді. Қазақстанның кө­гілдір паспортына ие бол­ған­нан кейін шетелдік паспортынан құ­­тыл­маған немесе өзге елдің аза­­­­мат­тығына қоса кірген бұрын­ғы жат­жұрттық азаматтар дереу Қа­зақстан азаматтығынан айы­ры­лады.

Осы және басқа жаңа­шыл­дық­тар Мемлекет басшысы қол қой­ған «Кейбір заңнамалық акті­лер­ге халықтың көші-қоны және қыл­мыстық-атқару жүйесі сала­ла­рындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарастырылған. 

Осыған орай Ақорда заңның бас­ты жаңалықтарын атап өтті. Б­і­­ріншіден, онда қылмыстық-ат­қару жүйесі мекемелеріндегі, тер­­­геу және уақытша ұстау изо­ля­тор­ла­рындағы бейнебақылау жүйе­­­лерін бүлдіргені үшін қыл­мыс­­тық жауапкершілік белгілен­ген.

Қылмыстық жазаның бұл жа­ңа түрі Қылмыстық кодекске жа­ңа 428-1-бап ретінде енгізілді. Іш­кі істер министрінің орын­ба­сары Игорь Лепеханың түсін­діруін­ше, бұл қылмыстар жай ға­на бөтеннің мүлкін бүлдіруге ба­ғытталмаған, ол түрмелердегі бас­қаруға және тәртіпке қарсы ба­ғытталған: қылмыскерлер не­ме­се олардың ықпалымен қыз­мет­керлер бейнекамераларды не құ­қыққа қайшы іс-әрекеттерді жа­сыру немесе алда соны жасау үшін бүлдіреді. 

Мәселен, 2015-2022 жылдар ара­лығында сотталғандар – 824, 2023 жылы 562 видеокамераны қа­сақана бұзып тастаған. Енді жаңа 428-1-бапқа сәйкес, «жа­за­ны өтеудің белгіленген тәртібін, ұстау режимін бұзу мақсатында қыл­мыстық-атқару (пенитен­циар­лық) жүйесі мекемелерінде, тергеу, уақытша ұстау изолятор­ла­рында бейнебақылау жүйесін, оның компоненттерін қасақана жой­са немесе бүлдірсе» екі жылға дейін бас бостандығынан айы­ры­лады. 

Бейнебақылау жүйесін, оның жабдықтарын түрме қызметкері бүл­дірсе, екі жылдан бес жылға дейін сотталады. Егер бұл қыл­мыс­ты адамдар тобы жасаса, әр мү­шесі бестен жеті жылға дейін ер­кіндігінен айырылады. 

Заңның екінші басты бір жаңа­лығы сол, Үкімет айқы­н­да­ған өңірлерге қо­ныс аударатын адам­дар үшін шаруа немесе фер­мер қожалы­ғы­на жер учаскелерін беру көздел­ген. Ақпарат құрал­да­ры «қазақ­стан­дықтарға елдің сол­түстігінде жер таратылады» деп жазды. 

Мұның мәнісін түсін­дір­ген сенатор Советбек Ме­дебаевтың айтуынша, халқы тығыз оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік пен шығыс өңір­лерге өз еркімен қоныс ау­дару­шыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қо­жалығын жүргізу үшін жер учас­­келері конкурстан тыс тәр­тіп­пен беріледі. Бірақ бұл жер оның мен­шігіне берілмейді, тегін бол­майды. 5 жылға дейін мерзім­ге, уа­қытша, ақылы жер пайда­ла­ну – жалға алу құқығымен ұсы­­­­ны­ла­ды. 

Егер қоныс аударушы бас­тап­қы 5 жылда тұрақты тұратын же­рін ауыстырса, онда жер пайд­ала­ну құқығы тоқтатылады, жер мем­лекет меншігіне кері қай­та­рып алынады. Ал қоныстану өңі­рін­де 5 жылдан артық тұрған қо­­­­ныстанушыларға ары қарай ұзақ­мерзімді жер пайдалану шар­тын жасасуға құқық беріледі. 

Еңбек министрлігінің дере­гін­ше, шығу аймақтарына Алма­ты, Жам­был, Маңғыстау, Түркі­стан, Қы­­­­зылорда, Жетісу об­лыс­тары, Ал­ма­ты мен Шымкент қалалары кіреді.

Келу аймақтарына Солтүс­тік Қазақ­стан, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Қара­ғанды, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары кі­реді. Әйткенмен, бұ­лардың қай­­­сысында ерікті қо­ныстанушы қа­­зақстандықтарға жер берілетінін, бос жайы­лым жер­дің болуына қарай ел Үкіметі же­ке анық­тауға тиіс. 

Үшіншіден, Ақорда хабарла­ма­сында қоныс аударушыларға жә­не олардың отбасы мүшелеріне мем­лекеттік қолдау ретінде кө­шуге субсидия, тұрғын үй жалдау, ком­муналдық қызмет төлем­де­рінің шығындарына өтемақы, сон­дай-ақ экономикалық мо­биль­ділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсетілетіні жазылған.

Советбек Медебаевтың түсін­діруінше, мұндай материалдық көмек бұрыннан бар: жаңа заң тек соларға жеке сот орын­дау­шы­ларының, коллекторлардың, бас­­­­қасының бұғат қоюына тыйым салады.

«Ерікті қоныс аударған адам­дарға және олардың отбасы мү­ше­леріне бюджет қаражаты есе­бінен көшуге, баспана жалдауға жә­не коммуналдық қызметтерді тө­леуге, тұрғын үйді сатып алуға тө­ленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары ал­дындағы қарызы үшін өндіріп алу­дан қорғауға бағытталған нор­малар бекітілді. Борышкердің қан­ша қарызы болса да, оның атал­ған материалдық көмекті ер­кін пайдалануына тыйым салын­бай­ды және өзге ешқандай шек­теу­лер қойыл­май­ды», – деді се­на­тор.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау бірінші вице-ми­нист­рі Ақмәди Сарбасовтың мә­ліметінше, кейінгі жылдары елі­міздің «келу аймақтары» сана­ла­тын сегіз облысынан шетелге 170 мың адам көшіп кетті. Негі­зі­нен, Ресейге ауған. Оларға оң­түс­тік облыстардан 59 мың адам қо­ныстандырылды. Мұның сыр­тын­да жастарға арналған «Сер­пін», «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл аманаты» сияқты бағдар­ла­малар аясында сол облыстарға 20 мың жас маман барды. Нә­ти­же­сінде, шетелге көшкендердің ор­ны 46 пайызға толықты.

Табалдырықтан адал жандар аттасын

Заңның төртінші ірі жаңа­лы­ғы бойынша шетелдік­тер­ге Қазақстан азаматтығын беру­ден және кері оралған бұ­рын­­ғы отандастарға азаматтығын қал­пына келтіруден бас тартудың жаңа, қосымша негіздері енгі­зіл­ді. Жатжұрттықтар және экс-қа­зақ­стандықтар шетелде кәме­лет­ке толмағандардың жыныстық тиіс­пеушілігіне қарсы қылмыстар (педофилия) жасаса, қазақ тілін тіпті қарапайым деңгейде біл­ме­се, Қазақстан Конституциясының не­гіздерінен, Ғылым және жоға­ры білім министрлігі айқындай­тын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмаса, олар Қазақстан азаматы атана алмайды. 

«Қазақстандық» мәртебесін ие­ленгісі келетін шетелдіктер мем­­лекеттік тілден, қазақ тари­хы­нан, Ата Заңнан емтихан тапсыруы ке­рек. 

Бесіншіден, экстремистік не­месе террористік ұйымға қатысы бар­лардың, қайтадан қылмыс жа­саған рецидивистердің, ұйым­дас­қан қылмыстық топ «серке­ле­рі­нің», педофилдердің, сондай-ақ Қазақстанда ауыр, аса ауыр қыл­­мыс жасап, халықаралық шарт­­тар негізінде өз еліне ұстап бе­ру­ге жататын адамдардың Қа­зақ­­станға кіруіне тыйым салын­ды. 

Сонымен бірге шетел­дер­дің бірқатар азаматына мемлекет құшағын ашады. Олар үшін тұңғыш рет «алтын виза» инс­титуты енгізіліп отыр. Оған сәй­кес, шетелдік қалталы аза­мат­тар мен инвесторлар ел эко­но­ми­ка­сына қаржы құйса, онда Қа­зақ­стан­да тұрақты тұруға рұқсат алу құ­қығын беретін көпреттік визаға қол жеткізеді. Соның арқасында ел­дің барлық өңірінде еркін жү­ріп-тұрады, жергілікті тұрғындар пай­­даланатын игіліктердің қызы­ғын көре алады. Бұған қоса, IT ма­маны, басқа да сұранысқа ие кә­­сіп иелеріне алтын виза бері­ле­ді.

Қос азаматтықты болғызбау мақ­сатында Қазақстан азамат­ты­ғын алған экс-шетелдік кейіннен бас­қа мемлекеттің азаматтығын рас­тайтын құжаттарды пайда­лан­са, дереу Қазақстанның азамат­ты­ғын жоғалтады. Айта кетсек, қол­даныстағы заңнамада тек шет мем­лекеттің азаматтығын алғаны үшін қазақстандықтарды Қазақ­стан азаматтығынан айыру көз­дел­ген.

Ішкі істер министрлігінің де­ре­гінше, 2023 жылы шетел­діктер­ге уақытша тұруға 584 мың 588 рұ­қсат берілді. Елге кіру үшін 55 091 шақыру ресімделді, 56 427 ви­за берілді. 

Былтыр 16 028 адам Қазақстан аза­маттығынан айырылды.

Қандастарға жаңа жеңілдіктер ұсынады

ІІМ хабарлауынша, 2023 жы­лы Қазақстан азаматтығына 26,8 мыңнан астам адам қабылданды. Басым көпшілігі – қандастар: 20,5 мың­н­ан асты. Соның ішінде Өз­бекстан (13 244 немесе 64%), Қы­­тай (7 686), Түрікмен­стан (1 778), Ре­сей (1 313), Моң­ғо­лия­дан (802) кел­ген. 

Әлемнің әр еліне тарыдай ша­шы­раған қазақтардың атамекенге орала алмауына олардың қазақ еке­нін растай алмауы да кедергі. Өйт­кені жергілікті қоғамнан оқ­шау­ланбау, кемсітушілік көрмеу және басқа да себептермен құ­жат­тарында өзге ұлт көрсетілген. 

Жаңа заңға сәйкес, қандас мәр­тебесін және Қазақ­стан азаматтығын жеңілдетілген тәр­тіппен алуға үміткерлердің пас­­портында немесе ұлтын рас­тай­­тын басқа құжаттарында тиіс­ті жазба болмаған жағдайларда жүр­гізілетін «ұлтын айқындау» рәсімі жетілдірілмек.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттік бе­кі­ті­леді. Осы мәселе бойынша ше­шім­ді жергілікті әкімдіктер ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қа­рау жөніндегі комиссия құру ар­қылы қабылдайды. Әйтпесе, көр­ші Өзбекстанда, Ресейде аты да қазақ, заты да қазақ, бірақ ұл­ты «өзбек», «орыс» болып кеткен қан­дас жетерлік. 

Қандастарға тағы бір жеңіл­дік: Үкімет оларды солтүстік не шы­­ғыс өңірлерге орналасуға ша­қы­­рып, сол үшін қомақты мате­риал­­дық көмектер береді, қолдау шараларын көрсетеді. Егер аязы қат­ты, орыстілділері көп облыста бес жыл тұрмай, климаты жылы, қа­зағы қалың өңірге көшіп кетсе, мемлекеттің қаражатын қайтаруы шарт. 

Жаңа заң бойынша отағасы не отанасы ғалым болса, онда қан­дас отбасы бұл шектеуден құ­ты­лады. Ғылыми дәрежесі бар қан­дастарға мәртебе ал­ған сәттен бас­т­ап 5 жыл ішінде қо­ныс­тан­ды­ру өңірінен басқа өңір­ге мем­ле­кеттік жәрдемақыны қай­тар­май өз еркімен көшу құқы­ғы ен­гізіліп отыр.

Мемлекет бұған елімізге шет­ел­дегі қазақ ғалымдарын тарту үшін барды. Әйтпесе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің мәліметінше, тарихи Отанына оралатын қазақтардың көбінің білімі төмен, біліктілігі, мамандығы жоқ. 

2024 жылдың бірінші тоқса­нын­да 2 800 этникалық қазақ ата­жұртпен табысып, қандас мәр­тебесін алды. Жалпы, 1991 жыл­дан бері республикаға 1 мил­лион 131,1 мың этникалық қазақ орал­ды. Жыл басынан Қазақстан­ға келген қандастардың жартысы (49,6%) Қытайдан, 31,9% – Өз­бек­­станнан, 6,5% – Моңғолия­дан, 3,9% – Ресейден, 6,8% – Тү­рік­менстаннан және 1,3% басқа елдерден болды. 

Биылғы наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабі­лет­ті жастағы қандастардың үлесі 58,7%, балалар – 31,9%, зейнет­кер­лер – 9,4%. Еңбекке қабілетті жас­тағы қандастардың ішінде не­бәрі 16,9%-ы – жоғары білімді, 21,3%-ы – орта кәсіби білімді. 55,3%-ы тек мектеп қана бітірген, 6,5%-ының ешқандай білімі жоқ. 

Қорыта айтқанда, жаңа заң кө­ші-қон саясатын тиімдірек іске асы­руға, ел өңірлерінің эко­но­ми­калық және еңбек қажеттілігіне қарай көші-қон ағынын бөлуге, жұмыс күшін оңтүстіктен еңбек ре­сурстарына зәру солтүстік жә­не шығыс облыстарға қоныс­тану­ды ынталандыруға және жо­­ға­ры білікті шетелдік жұмыс кү­шін, ғалымдар мен инвес­тор­лар­д­ы республикаға тартуға ық­пал ететін болады.

Елдос СЕНБАЙ