Атырау қаласын жағалай қосымша қапшықтар төселіп жатыр.
Атырау облысындағы су тасқыны: өңірдегі қазіргі ахуал қандай?
Фото: ТЖМ
1,703
оқылды

Атырау облысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Жайық өзеніндегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Махамбет ауданының Талдыкөл ауылына апаратын автожол арқылы су жүруіне байланысты жергілікті тұрғындарды алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. 

«121 адам, оның ішінде 41 бала жүзу құралдарының көмегімен ауылдан кетті. 26 ауыл тұрғыны Атырау қаласының эвакопункттеріне жеткізіліп, орналастырылды. 90-нан астам адам туыстарының үйлеріне барды. Талдыкөл ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басу фактісі тіркелген жоқ», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Айта кетейік, бүгін таңертең Атырау облысына ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов келді. Барлық жұмыс оның жеке бақылауымен жүргізілді. 

Сондай-ақ қазіргі уақытта құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен Махамбет ауданының Жалғансай ауылы айналасындағы үйінді қорғаныш білігінің жанында тасқын суды сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атырау қаласын жағалай қосымша қапшықтар төселіп жатыр. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өңірге Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Шымкент қаласынан құтқарушылар топтары және ҚР ТЖМ 52 859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері келген болатын. 

«ТЖМ тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) ұсынымдарына сәйкес әрекет етуді және қажет болған жағдайда қауіпсіз орындарға эвакуациялауды сұрайды. Қажет болған жағдайда 112 телефонына хабарласыңыздар», - деді Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.